БИЛIКТIҢ АУЫСУЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ АУЫСУЫ МА?
БИЛIКТIҢ АУЫСУЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ АУЫСУЫ МА?
Билiк үшiн ғана емес, ел сенiмi үшiн де күрес
2004 жылғы Мәжiлiс сайлауында «Ақ жол» партиясы жұмылған жұдырықтай еңбек еттi. Соның нәтижесiнде халықтың «Ақ жолға» деген көзқарасы да дұрыс болды. Қазақстанның төрт облысынан «Ақ жол» сайлаушылардың 40% дауысына ие болған едi. Алайда, сайлау нәтижелерi бұрмаланды деп, ақжолдық мандат иесi Әлихан Бәйменов депутаттықтан өз еркiмен бас тартты.
Бiрақ, өкiнiштiсi сол Мәжiлiс сайлауына дейiн барлық күш-жiгерiн партияның дамуына арнаған тең төрағалар арасына тағы да жiк түстi. Сөйтiп, «Ақ жол» өз арасынан тағы да iрiдi. Бұл жолғы iрiткi салған кiм? Әркiм әртүрлi болжам айтады. Бiреулерi бұның бәрiне кiнәлi адам ретiнде Әлихан Бәйменовтi атаса, ендi бiреулерi қалған тең төрағаларға күйе жағады. Ұзынқұлақтан естуiмiз бойынша, Әлихан Бәйменовтiң қалған үш тең төрағамен келiспеуi қаржы мәселесiне келiп тiрелсе керек. Себебi, парламент сайлауы кезiнде өзiн шынайы ықпалды ұйым ретiнде дәлелдеген партияға iрi қаржы алпауыттарының да көздерi түскен… Осыдан келiп, бүгiнде «нағыз ақ жол» атаушылар «барлығын қаржы және бiз шешемiз» деген ұранды ұстанған. Ал, Әлихан Бәйменовтiң позициясы бұған мүлдем кереғар, ол партияның бiреулердiң қолшоқпарына айналдыруға түбегейлi қарсы. Себебi, оның айтуынша, «егер партия қоғамдық жұмыста жүргенде өзiнiң серiктес жолдастарының пiкiрiн елемесе, өзiн шынайы биiкке көтерген жер-жердегi партия белсендiлерiнiң пiкiрiмен санаспаса, ол адамдар ертең билiкке барғанда да халықпен ешқашан санаспайды». Сол себептi де олар өзара ымыраға келе алмады.
Сөйтiп оппозиция басты мақсаты — билiкке қарсы болудың орнына, өзара айтысып кеттi. Бұл «тозған қазды топтанған қарға жейдiнiң» керiн келтiрiп тұр. Өйткенi, күнi кешеге дейiн «Ақ жол» партиясынан әжептәуiр үмiт күткен сайлаушылар бүгiнде оппозицияны үрке қабылдап отыр. Демек, алдағы президент сайлауы екiге бөлiнген оппозицияның билiк үшiн күресi ғана, ел сенiмiн қайтару үшiн де күресi болмақ.
Бұл өзi қандай күрес?
Бүгiнде президенттiкке үмiткер ретiнде тiркелген бесеудiң ақпараттық-әкiмшiлiк мүмкiндiктерiн сараптап көрсек, қазiргi президенттiң сайлауда жеңiске жету мүмкiндiгi басқаларынан анағұрлым биiк. Ал, оппозицияның бiрiккен үмiткерi Жармахан Тұяқбай мен «Ақ жол» партиясының жетекшiсi Әлихан Бәйменов екiншi орын үшiн күресетiн сияқты. Сонда бұл екеуiнiң халыққа жақыны қайсы? Кез-келген партияның артында өзiнiң сойылын соғуға мәжбүрлейтiн қаржылық топтар болады. Көптеген сарапшылардың айтуынша, бүгiнде «Нағыз Ақ жол» немесе «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысы бұрынғы министрлер мен қазiргi олигархтардың партиясы деп ой түюге тура келедi. Бiрақ, сондай ма? Оған олардың қазiргi сайлау штабы орналасқан орталықтағы зәулiм ғимараты мен 100 мың тиражбен шығып жатқан 4-5 газеттерiне қарап-ақ оңай көз жеткiзуге болады. Олардың республика бойынша жүргiзiп жатқан үгiт-насихаттары мен таратып отырған листовкаларының өзi-ақ оның маңайыдағылардың аш жүрмегендiгiн танытады. Осындайда ерiксiз: «Бұл, өзi қайдан келген батпан құйрық?!» деген сауал келедi. «Ал, «Ақ жолдың» төрағасы Әлихан Бәйменов бұрынғы шенеунiк болғанымен, оның қаржылық топтармен байланысы бар деп ой түю қиын. Себебi, билiкте жүргенде де оның аты ешқашан жемқорлық оқиғалармен, олигархтық топтармен байланысты шықпағанын мойындауымыз керек. Керiсiнше, мәселен, ол президент әкiмшiлiгiн басқарған кезде кез-келген есiктi теуiп ашатын қаржы алпауыттарының «ақ үйге« жолдары кесiлген деген сөз бар…
Сонымен, билiктiң ауысуы — қаржылық топтардың ауысуы ма, жоқ, мүдделердiң немесе демократиялық құндылықтардың жолға қойылуы ма? Бүгiнде «табанды демократ« ретiнде сомдалып жүрген Жармахан Тұяқбай пиғылының тазалығын қалайша дәлелдей алады?
Себебi, «бүгiн «жемқорлықпен» күрес ұранын көтерген ол нелiктен кеше Бас прокурор, Мәжiлiс төрағасы кезiнде солардың тамырына балта шаппады?« деген заңды сауал туындайды. Олай болса, бүгiн «жапа шегушiнiң« шапанын киген азаматтың ертең билiкке келгенде ескi әнiне салмасына кiм кепiл?! Онда бiз шұңқырдан шығып, құдыққа түскендей әсер алар едiк. Олай дейтiнiмiз, қай мемлекетте де қандай да бiр топқа қызмет етудiң соңы өкiнiшке ұласып жатқан. Өйткенi, тек баюды ғана, қара басының қамын ғана ойлайтын олигархтар елдiң дамуы мен рухани түлеуi үшiн ештеңе жасамауы мүмкiн. Демек, Әлихан Бәйменов пен Жармахан Тұяқбайдың өзара салмағын таразылап көрсек, Тұяқбайдан гөрi Әлиханның жұрт үшiн дәл қазiргi жасап жатқан шынайы еңбектерi ерен. Ең алдымен, «Зерде» қоры, «Темiрқазық» пiкiрсайыс клубы қазақтың рухани өрiсiн кеңейту үшiн бiраз еңбек сiңiрдi. «Зерде» қоры Мұстафа Шоқайдың еңбектерiн Германиядан алдырып, тұтас кiтап етiп бастырса, әлемдiк ойшылдар мен философтардың еңбегiнiң қазақша сөйлеуiне мұрындық болды. Бұл қазiр Үкiметтiң «Мәдени мұра» бағдарламасымен сәйкес келедi. Бiрақ одан гөрi нәтижелi. Сондай-ақ, «Темiрқазық» пiкiрсайыс клубының ай сайынғы жиыны Қазақстанда тек қазақ тiлiнде ғана өтетiн бiрден бiр — пiкiрсайыс алаңы. Бұл мемлекеттiк тiлге өту барысында саяси ой-пiкiрдi қазақша дамытудың ерен үлгiлерiнiң бiрi. Демек, «әкiм бол, халқыңа жақын бол» деген ұстанымды кiм ұстанады? Кiм жалаң ұранмен, кiм iспен көрiнедi? Оны оқырман өзi екшей жатар. Бiрақ, соңғы ақпараттарды қарап отырсаңыз, Әлихан Бәйменовтi қаралайтын сын-материалдардың көптiгiнiң салдарынан, бүгiнде оны халыққа дәлелсiз «оппозицияны билiкке сатқан сатқын» ретiнде көрсету басым. Бұл пiкiр әсiресе өздерiн тәуелсiз санайтын газеттерде жиi кездеседi. Әрине, оппозиция екi жолды ұстанды. Бiрiншiсi — эволюциялық жолды, екiншiсi — революциялық жолды. Революциялық жолды ұстанғандар «менi қолдамағанның бәрi жау» деген ниетте. Ол үшiн олар сәтi келгенде өздерi үнемi айтатын пiкiр алуандылығы мен сөз еркiндiгi прнициптерiн де елеусiз қалдырады. Ал, Қазақстан халқы «ақырын жүрiп, анық басатындардың» жағында, өйткенi, олар «әсiре қызылдың тез оңарын» бiледi…
Есенгүл Кәпқызы