«Астана» телеарнасындағы кейбiр түйткiлдер
«Астана» телеарнасындағы кейбiр түйткiлдер
Ал, дүйсенбi күнi өткен Парламенттiң қос палатасының бiрлескен отырысында депутат Мұхтар Шаханов «Астана» телеарнасындағы асқынған космополитизм» атты депутаттық мәлiмдеме жасады.
Бiр телеарнаның аясындағы кикiлжiң үлкен дабыраға айналу қаупi бар. Себебi, «Астана» телеарнасынан қызметтен кеткен тоғыз қызметкерi (журналистер, режиссерлер) өздерiнiң жұмыстан шығып қалу себебiн кәсiби кикiлжiңнен емес, ұлттық мәселеден iздеп отыр.
Жоғарыдағы мәлiмдеме шындыққа сай болса, ол телеарна басшыларының азаматтағына – сын, егер де жалған болса, осы мәлiмдеме жасаушы азаматтардың арына – сын.
Бiз төменде екi жақтың да пiкiрiн бүкпесiз жариялағанды жөн көрдiк.
«Астана» телеарнасының бас продюсерi Шоқан Лаумулин:
– Кезiнде «КТК» телеарнасын қалалық деңгейден «өсiрiп», республикалық телеарнаға айналдырумен тiкелей айналысқан болатынбыз. Сондықтан да журналистика саласындағы тәжiрибемiзге күмәндаудың ретi жоқ. Ол кезде «КТК» телеарнасында бар-жоғы 100 адам жұмыс iстейтiн, ал «АСТВ» телеарнасында 250 адам болды…
Ал, биллингвал жүйесiне келсек, бұл көрермен қолайы үшiн ойлап табылған тағы бiр амал. Бiр тiлде жүрiп жатқан хабар мiндеттi түрде екiншi тiлге аударылып, тiкелей эфирде берiлiп отырады. Керек десеңiз, бұл – қазақ тiлiне қолдау көрсетудiң бiр жолы. Себебi, орыс тiлiндегi хабарлар, оның iшiнде Ресей телеарнасының көрсетiлiмдерi қазақ тiлiнде берiлiп отырады. Және керiсiнше. Қазiр қоғамымыздың екiге жарылғанын мойындауымыз керек. Қазақ тiлiнде сөйлейтiн азаматтар орысша хабарларды түсiнедi, ал орыстiлдi азаматтар (оның iшiнде қазақтар да көп), қазақша хабарларды түсiнбейдi. Ал биллингвал жүйесi арқылы орыстiлдi көрермен қазақша хабарларды көрiп тамашалай алады.
Ресейлiк хабарларды қазақ тiлiне аудару үстiнде бiраз қиындықтар кездестi. Шынын айтқанда, бiздiң аудармашылар қазiргi орыс тiлiндегi мәтiндi мазмұнды, сапалы, сауатты етiп қазақ тiлiне аударуға әлсiз болып шықты. Бiрақ олар тәжiрибе арқылы өсу үстiнде. Мұның өзi, бiздiң ойымызша, қазақ тiлiн дамытуға қосылған үлкен үлес. Яғни, қазақ тiлiндегi аударма тәжiрибесiн дамытып жатырмыз, жұмыс процесi үстiнде кейбiр жаңа сөздер жасалатын кездер де болады.
Мәди Манатбек, «Үш ширек» хабарының бұрынғы жүргiзушiсi:
– Маған «еңбек шартын бұзды» деген айып тағылуда. Денсаулығыма байланысты бюллетень аштырғанмын. Ал ауырып жатқан адамды жұмыстан шығаруға олардың құқығы жоқ.
Қазiр жұмыстан кеткен қыз-жiгiттердiң бәрi тұнып тұрған талант дер едiм мен. Олар кеттi, «Астана» телеарнасынан амалсыз кеттi.
Атқарып жүрген қызметiм де, алып жүрген айлығым да жақсы болатын. Бiрақ мен тiлге қысым көрсетiп жатқандықтан жұмыстан кеттiм. Бiз «қазақ тiлiндегi хабарлардың саны қысқарып кеттi» деп мәселе көтерiп едiк, мен жұмыстан кетуден екi күн бұрын ғана директордың орынбасары маған келiп, «Мәди, қазақша хабарлардың санын көбейтейiк» деп отыр. Бұнысы көзбояушылық әшейiн. Әйтпесе, «Үш ширек» хабарын мүлде жауып тастады. Мен айттым: «Ағасы, мен осыдан 2 ай бұрын қызметке тағайындалғанда, қазақша хабарларды көбейтейiк дегенде қайда болдыңыз?» дедiм. Ал «Үш ширек» хабарын жауып тастағанда мен басшыларға хат жазғанмын, сонда орынбасар Новоженов В.А, екеуара әңгiмеде «Сен бұл хабарда ұлттық мәселенi көп көтердiң» дейдi. Мен қазақ тiлiнiң жайын көп айттым, онда тұрған не бар? Ақыры мүлдем жауып тастады.
Бiз 31 қазан мен 6 қараша аралығында «Астана» телеарнасының хабар тарату кестесiне мониторинг жүргiздiк. Осы бiр аптада телеарна 131 сағат хабар таратса, оның 111-i орыс тiлiнде, тек 19 сағаты қазақ тiлiнде берiлген. Осыған намысыңыз келмей ме?
Бұл жерде «бәрiн бастап жүрген Мәди екен» деген пiкiр қалыптаспауы керек. Бiз қазақ тiлi қысым көрiп жатқанына наразылық бiлдiрiп топ болып шықтық, ендi осы дүрбелең аяқталғанша бiрге жүремiз. Мен өз бала-шағамды жағдай реттелгенше ауылға жiбердiм. Оларға зиян келедi екен деп қорықтым. Ал өзiм қалған қыз-жiгiттермен бiрiгiп, бiр бөлмелi пәтер жалдасақ та, көздеген мақсатымызға жетпейiнше, табандап тұруға бекiндiк.
Бiздiң талабымыз – ең әуелi биллингвал жүйесiн қолданысқа енгiзуден алып тастау керек. Бiз жаңа заман жаңалықтарына қарсы емеспiз. Бiрақ бұл жүйе қазiргi қазақ қоғамына сай келмейдi.
Екiншi талабымыз – «Россия» телеарнасының хабарларына рентрансляция жасау тоқтатылсын. Қазiр «Россия» телеарнасының логотипi «Астана» телеарнасының логотипiн солға ығыстырып, қызыл, көк, ақ жолақтарын желбiретiп тұр. Бұл қазақтың еңсесiн басады. Мұның орнына «ТНТ», «РЕН ТВ» телеарнасының логотипi тұрса басқаша көрiнер ме едi?
Үшiншiден, осының бәрiне ұйытқы болып отырған басшылар қызметтерiнен кетсiн.
Төртiншiден, қазақ тiлiндегi хабарлар мен жаңалықтар бұрынғы қалпына келтiрiлсiн.
Биллингвил жүйесi шын мәнiнде орысты – қазақ, қазақты – орысқа қарсы қойып отыр. Себебi, бiр апта бойы қазақша хабарды көргеннен кейiн, орыстiлдi көрермен «Астана» телеарнасын бұдан әрi көрмейтiн болады. Ал қазақтiлдi көреремен бiр апта бойы орысша хабар көргеннен кейiн ол да бұдан былай «Астананы» қоспайтын болады. Көрермендi жоғалтып алу қаупi тұрған соң, бiз басшылыққа «бiр күн қазақша, бiр күн орысша хабар жүргiзейiк» деп ұсыныс жасадық. Бiрақ олар көнбедi. Көрермен жоғалту деген сөз – жарнамадан түсетiн пайданы жоғалту деген сөз. Сонда олар көрермендi жоғалтудан, жарнаманы жоғалтудан қорықпаса, нендей күшке сенiп отыр?
Данияр Есен, «Қайырлы таң» хабарының жүргiзушiсi:
– «Астана» телеарнасында жұмыс iстеп жүргенiме 1,5 жыл болды. Бiз қазақтiлдi хабарлардың қысқарылуына байланысты қарсылық бiлдiрiп, басшылықтың атына хат жаздық. Менi жұмыстан осы себептен шығарды деп ойлаймын. Бұл хатқа 36 адам қол қойған болатын, оның көпшiлiгi қысымға шыдамай, қойған қолдарынан бас тартты. Қазiр өз ұстанымын сақтап қалған 13 адам бар.
«Астана» телеарнасындағы қазақ тiлiнiң жағдайына келсек, 31 қазан күнгi кестесiн алып қарайық. Бұл күнi 19 сағат хабар көрсетiлсе, оның 1 сағ.20 минуты таңертеңгiлiк хабармен, 30 минуты «Сырлы арал» деген аударма телесериалмен, 20 минуты түнгi 12-де берiлетiн «Осы сағатта» деген хабармен толтырылған. Сонда бұл күнгi қазақша хабарлардың жалпы саны тек 2 сағат 50 минутты құраған. Ал, бұл «Астана» телеарнасының хабарларының 15 пайызы – қазақша, 85 пайызы – орыс тiлiнде деген сөз.
Дина Төлепбергенова, журналист:
— Егер ресейлiк телеарнаға ретрансляция жасау қажет болса, онда оның хабарларын сұрыптап, iрiктеп қана көрсету керек деп ойлаймын. Өйткенi, кейде бiздiң менталитетке сай келмейтiн, тiптi басқа дiндi уағыздайтын хабарлар да көрсетiлiп жатады. Шын мәнiнде, басқа телеарна хабарларын қайталап көрсету – өз телеөнiмiмiздi жасауды шектейдi.
Гүлназ Ауданбаева, «Қайырлы таң» хабарының жүргiзушiсi:
«Қазақтiлдi хабарлар неге жасалмайды» дегенге келсек, бiрiншiден, басшылық тарапынан бiзге ондай талап қойылған емес. Ал қазақ тiлiндегi сапалы хабарлар шығарайық десек, оған журналистердiң саны аздық етедi.
Мысалы, авторлық бөлiмде қазақтiлдi 3-4 журналист қана жұмыс iстейдi. Ал «қазақтiлдi бағдарламаларды прайм-таймға қойыңыз» деп талап қойғанда басшылар бiзге «қазақша хабарды ешкiм көрмейдi, жарнамадан қағыламыз» деп жауап бердi.
Анар Қожа, режиссер:
– Мен жұмыстан өз еркiммен кеттiм. Телеарнадағы оқиғаларға наразылық ретiнде өз ойымды бiлдiрiп, өтiнiш жаздым. «Қайырлы таң» хабарын түсiрiп жүрдiм, бiр күнi кешке Гүлназ келiп «Ертең бiз эфирге шықпаймыз» дедi. «Неге?» деп сұрасам, «Басшылық солай бұйырды» дедi. Ал ертеңiне оларды таңертеңгiлiк эфирге келмегенi үшiн жұмыстан шығарды.
«Астана» қаласының телеарнасы» ЖШС бас директоры Ескендiр Сырғабеков:
– «Астана» телеарнасы қалалық негiзде құрылып, 2004 жылдың қыркүйек айынан бастап республикалық арнаға айналды. Телеарнаның аты «АСТВ»-дан «Астанаға» өзгертiлгенi де осы кез. Бұған қоса бiз «Бiрiншi астаналық» деген ұстанымды бекiттiк. Телеарнаның материалды-техникалық, кадрлық қоры әуел бастан қалалық телеарнаға лайықталып құрылған. Бiз осы телеарнаға жұмыс iстеуге келгенде, мұнда 30 журналист қызмет етедi екен, ал осы 30 журналист жұмыс iстеуiне жарамды 3-ақ камера болды. Ал, жалпы жұмыс iстейтiн адам саны 220-250-дей. Жалақы деңгейi өте төмен: 100-150 доллар ғана.
Телеарна жұмысын жолға қою үшiн бiз екi бағытты таңдап алдық: бiрiншiсi – арнаның материалдық-техникалық қорын жақсарту. Екiншiсi – кадрлық құрамының сапасын арттырып, айлық табыстарын көтеру.
Телеарнаның материалдық-техникалық қорын жақсарту үшiн үлкен көлемде инвестициялар салдық. Мысалы, 2004 жылдың мамыр айынан бастап бүгiнге дейiн «Астана» телеарнасына қажеттi құрал-жабдық, техника алуға 550 млн. теңге жұмсалыпты. Бiз телеарна жұмысының қалай жүргiзiлiп жатқанын тексеру мақсатында сараптама жүргiздiк. Сараптама нәтижесiнде журналистер телеарнада күнiне екi-үш сағат ғана болатыны анықталды. Өйткенi, телеарнада адам көп, әр журналист күнiне 1,5 сюжет қана жасауы тиiс болған.
Бiз шығармашылық ұжымның басын қосып, жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсiлiн ұсындық. Бұл шетелде әлдеқашан қолданысқа енген, Ресейде де тәжiрибеге ене бастаған «сызықтық» («линейный») репортаж жүйесi. Жаңа жүйе бойынша бiр журналист репортаж мәтiнiн жазып, оны оқып берумен ғана шектелмейдi, ол өзi дайындаған репортаждың бейнекөрiнiсiн түсiруге белсене атсалысып, мәтiнiн жазып, бейнетаспаны монтаждап, эфирден өзi оқып беруi тиiс. Бұрын тек 1,5 сюжет жасап келген адамдар «бiз бұл жүйе бойынша жұмыс iстей алмаймыз» дестi. Осылайша, бiрiншi сатыдағы қысқарту жүргiздiк.
Жұмыс iстеуге ынталы журналистерге осы телеарнаның iшiнде арнайы оқулар ұйымдастырдық, олар компьютерлiк өңдеудi, монтаж жасауды үйрендi, емтихан тапсырды. Сюжет жасау – авторлық жұмыс болғандықтан, бiр адамның қолынан шығуы керек және ол осы сюжеттi сапасына толықтай жауап бередi. Жұмыс көбейген сайын, әрине, журналистердiң жалақысы да өстi. Әрине, жалақысының көтерiлгенiн бәрi де жақсы көредi, бiрақ оған қоса жұмыстың да көбейгенi кейбiр адамдарға ұнамады. Ұжымның iшiнде наразылық пайда бола бастады.
Тағы бiр айта кететiн жайт – сараптама жасағанда телеарна тiлшiлерiнiң бiрқатарының негiзгi мамандығы журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығы анықталды, олардың арасында геолог-зерттеушi, тарих мұғалiмi, медицина қызметкерi, филолог, т.с.с. мамандық иелерi бар. Бiз журналистерден кез келген тақырыпта эссе жазып беруiн өтiндiк: 30 адамның екеуi ғана жаза бiлетiндiгiн көрсеттi, қалғандары «Қай тақырыпта жазамыз?» деп бас қатырумен болды.
Осыдан кейiн журналистерге қойылатын талап күшейтiлдi. Қазiр «Астана» телеарнасындағы еңбекақы деңгейi басқа телеарнадағы жалақы деңгейiнен 4 есе жоғары. Журналистерге кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, бiлiмiн арттыруға кеңес берiп отырдық.
Сонымен, «Астана» телеарнасы осы күзде телехабар таратудың жаңа кестесiне көштi. Телеарна салыстырмалы түрде алғанда жас, сондықтан да имиджiн көтеру үшiн бiзге жаңа, соны нәрсенi табу керек болды.
Эфирдi толтыру мақсатымен ресейлiк «РТР» телеарнасының хабарларына ретрансляция жасауға шешiм қабылдадық. Бiрақ бұл арнаның хабарларын тiкелей эфирде бермеймiз және олардың 70 пайызы қазақ тiлiне аударылып отырады. 100 пайыз аударып беруге де болар едi, бiрақ әзiрге оған телеарнаның аудармашылық мүмкiндiгi шектеулi.
Бұдан басқа тағы бiр жаңалық – хабар таратудың биллингвал (биллингвал) жүйесiн енгiздiк. Бұл жүйе орыс тiлiнде жүрiп жатқан хабарды қазақ тiлiнде тыңдауға (және керiсiнше, мүмкiндiк бередi. Яғни, теледидар көрiп отырған көрермен қай тiлде жаңалық тыңдайтындығын өзi таңдайды. Бiз теледидар сатумен айналасатын азаматтармен әңгiмелесiп, зерттеу жүргiздiк. Нәтижесiнде, қазiр Қазақстан халқының 30-40 пайызы стереодыбысты теледидарды пайдаланып отырғандығы анықталды. Тiптi, қазiр ионо дыбысты теледидарлар шығарылмайды деуге де болады. Яғни, биллингвал жүйесi ерте ме, кеш пе Қазақстанда да кең қолданысқа енедi деген сөз. Бiздiң артықшылығымыз – осы жүйе бойынша Қазақстанда бiрiншi болып хабар тарата бастадық. Өкiнiшке қарай, бiз қазiр биллингвал жүйесiн тек 30 пайыз ғана жүзеге асырдық. Бiрақ, бұл iстiң тек бастамасы ғана.
Өзара айыптасқан екi жақтың пiкiрi осындай. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс екенiн айыру сырт адамға қиын. Себебi – бұл даудың астарында қызмет бабындағы түсiнiспеушiлiктер, ойлау жүйесiнiң өзгешелiктерi жатқан сияқты. Қайнап жатқан қазанның бетiн қанша қымтағанмен, оның iшiндегi бу сыртқа шықпай қоймайды. Сондықтан да, ақыры қоғам талқысына түскен «Астана» телеарнасындағы саясат ендi лауазымды тұлғалардың да назарын аударып отыр. Өкiнiштiсi, қазақ тiлiнiң – ұрыс қаруына айналып отырғаны шығар.
Ал «Астана» телеарнасының басшылығы қазақша хабарлардың санын көбейтiп, сапасын жақсартуға мүдделi болса, оған көп ұзамай көзiмiз жетер. Солай болғай деп үмiттенемiз.
Гүлбиғаш Омарова