Елбасы Оңтүстiк өңiрiн аралады
Елбасы Оңтүстiк өңiрiн аралады
Президент Нұрсұлтан Назарбаев мақта маталарын шығаратын «Меланж» АҚ қайта құрылған өндiрiстiк кешенiнде болды. Осылай Қазақстанның Даму банкi қаржыландырылған жаңа тоқыма кәсiпорны iске қосылды.
ҚДБ Директорлар кеңесi аталған жобаны қаржыландыруды 2004 жылғы шiлдеде мақұлдаған болатын. Банк қаражаты түту, тоқу және өңдеу өндiрiсiнiң толық жаңартылуына бағытталған. Жаңартылған кәсiпорын Қазақстанда тоқыма кластерiн құру процесiндегi жүйе құраушы кәсiпорынның бiрi болып табылады.
Жергiлiктi мақта шикiзатын пайдалана отырып, тоқыма жiбiнен бастап дайын матаға дейiн шығаратын технологиялық тiзбектi ұйымдастыру көзделген. Кәсiпорынның жобалық қуаты – жылына 5224 мың қумалы метр мата. Кәсiпорын соңғы технологиялық үрдiстердi есепке ала отырып жаңартылды және енi 3,20 метрге дейiн болатын маталарды шағаруға мүмкiндiк беретiн швейцарлық «Rieter» компаниясының құрал-жабдықтарымен жабдықталды. Осындай маталар сияқты мата ТМД аумағында шығарылмайды. Себебi енi үлкен тiгiн заттарын шығару кезiнде қосымша пiшудi қажет етпейдi.
«Меланж» АҚ маталардың мынадай түрлерiн шығаратын болады: төсек орын матасы, түктi алажiптi, түктi қатты, джинс матасы. Кәсiпорында орнатылған құрал-жабдықтардың арқасында «Меланж» шағаратын мата түрлерiн ең жеңiлден ең ауыр матаға дейiн өзгерте алатын мүмкiндiгi бар.
Елiмiздiң iшкi нарығының қажеттiлiгiн қанағаттандырумен қатар, өнiм Ресей мен Украинаға экспортқа шығарылатын болады. Болашақта шығарылатын өнiмнiң жоғары сапасы есебiнен «Меланж» АҚ-ның Еуропа нарығында беделдi орын алуға барлық мүмкiндiгi мол.
Жобаны iске асыру нәтижесiнде 900-ден астам жұмыс орыны құрылатын болады. Жоба мақтаны өңдейтiн өндiрiстiк қуаттарды арттыруға оң әсерiн тигiзедi, ал ол сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру Оңтүстiк Қазақстан облысында мақта өсiретiн фермер шаруашылықтарының жұмысын да жандандыра түсетiнi сөзсiз.
Оңтүстiк Қазақстан облысы – Қазақстандағы мақта өсiретiн жалғыз облыс болып табылады. Аймақта мақтадан мақта талшығын жасап шығаратын 19 кәсiпорын бар. Жыл сайын облыстан орташа есеппен 400 мың тонна мақта шикiзаты жиналады. Ал мақта шикiзаты өңделгеннен кейiн мақта талшығының шығуы шамамен 30 пайызды құрайды.
Исi мұсылман қауымға айт мерекесiнiң орыны ерекше екенi айтпаса да түсiнiктi. Әсiресе, қазақтар басым шоғырланған шырайлы Шымкент шаһарында соңғы кездерi жастардың дiнге деген сенiмi, құрметi, оның жақсы жақтарына бой алдыра бастауы қуантады. Соның әсерi болар қалада соңғы кездерi көптеген зәулiм мешiттер салынып, имандылыққа үйiр адамдар қатары көбейiп келедi.
Қаланың қақ ортасындағы А.Хаттани мешiтiне айттың алғашқы күнi жұрт таңмен таласа тұрып, ағылып келiп жатты. Оның өзiндiк себебi де жоқ емес едi. Мұнда жұмыс сапарымен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев айт намазына келедi деп күтiлген. Сондықтан да болар қаладан ғана емес, жақын ауылдардан да келiп, жайнамазға жайғасқандар қатары тым көп едi.
Елбасы дiн ордасында көпшiлiкпен намазға жығылып, дұға оқылған соң жамағаттың алдында сөз сөйледi. Бұл күндерi мешiттер қатары көбейгенiн, мұсылман елдерiмен дипломатиялық қарым-қатынастың артып келе жатқанын айтып, Елбасы: «Соның арқасында мұсылман ағайындардың Қазақстанға жасап жатқан көмегi қыруар. Астананы салуда Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар мемлекеттерi үлкен көмек көрсетуде», – дедi. Сонымен қатар Н.Әбiшұлы Республикамыздың бүгiнгi экономикалық-әлеуметтiк жағдайына жан-жақты тоқталып, көптеген игiлiктi iстердi алға тартты. Соның iшiнде оңтүстiктегi жақсы тiрлiктерге тоқталды. «Егер де бiз көп ұлтты Қазақстанның бiрлiгiн, елiмiздегi саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтайтын болсақ, дүниежүзi бiздi сыйлайтын болады. Елiмiзде 45 дiн бар, оның бәрi тату тұрады. Дүниежүзiлiк дiндердiң бас қосатын жерi тек қана Қазақстанда бар екенiн өздерiңiз бiлесiздер. Ендiгi жылы дiндердiң II съезi өтейiн деп жатыр. Осының барлығы елiмiздегi халықтың бiрлiгiнiң, ынтымағының, өзге елдердiң бiздiң елiмiзге деген сенiмiнiң нәтижесi» – дедi Н.Назарбаев. Сөз соңында Президент көпшiлiктi айт намазымен құттықтап, жылы лебiзiн бiлiрдi.
Сарыағашта сүйсiнерлiк iс көп
Оңтүстiктегi iргелi аудандарының бiрi – Сарыағаш. Ауданның өзге аудандардан көптеген айырмашылықтары бар. Атап айтқанда Өзбекстанмен шекаралас жатыр. Халық жиi қоныстанған. Темiр жолы бар. Әлемге әйгiлi Сарыағаш шипажайы да осында орын тепкен.
Елбасы Н.Назарбаевтың оңтүстiктегi сапарын Сарыағаштан бастауының басқа да себептерi көп екенiн ескерте кетуiмiз, мұнда жаңадан бой көтерген үлкен саяси-әлеуметтiк мәнге ие ғимараттардың бой көтеруiнде де болса керек. Елбасы алдымен шекара маңындағы Сарыағаш темiр жол станциясының және Мақтарал мен Сарыағаш аудандарын жалғап жатқан автожол көпiрi құрылысымен, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Егемендiк алған алғашқы жылдардан берi «Өзбекстан темiр жолдары» басқармасының қарамағында болып келген Шеңгелдi – Сарыағаш, Бейнеу – Оазис, Мақтарал – Жетiсай қазақстандық темiр жол учаскелерi 2003 жылдың қыркүйегiнен бермен қарай «Қазақстан темiр жолы» ұлттық компаниясы АҚ-ның еншiсiне берiлген болатын. Аталған учаскелер өзiмiзге қарағалы берi вагондар мен контейнерлердi өткiзетiн мемлекетаралық түйiстiру пунктi ретiнде станцияда көптеген жұмыстар атқарылды.
Сарыағаш ауданы тұрғындарының өтiнiшi бойынша вокзалдың әкiмшiлiк ғимараты күрделi жөндеуден өтiп, өткен жылдан бастап Сарыағаш – Астана бағытында жолаушылар пойызы жүргiзiле бастады. Сарыағаш станциясына барынша басымдылық берудiң себептерi де аз емес. Ол Қазақстанның ортаазиялық аймақтарға шығуының транзиттiк-көпшiлiк потенциалын арттыра түсудiң басты бағыты. Тоғыз айдың көлемiнде 1 млн.577 мың теңгенi құрап отыр. Биылдың өзiнде темiржолшылардың әлеуметтiк көптеген мәселелерi шешiлiп, айлық жалақылары 50 мың теңгеге дейiн көтерiлген. Н.Назарбаев Сарыағаш станциясында болғанда осындай ауқымды тiрлiктермен танысып, iстелiнiп жатқан жұмыстарға оң баға бердi.
Одан соң Елбасы Сарыағаш қаласының орталығында ұйымдастырылған «Алтын күз» мерекесiне қатысты. Қала орталығына жиналған аудан тұрғындары Н,Әбiшұлын үлкен құрметпен қарсы алды. Халықпен амандасып, жұрттың арасымен барып, Төле би бабамыздың еңселi ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды. Қариялардың халiн сұрап, олармен ескерткiш суретке түстi.
Кезегiмен сөз алған қариялар алдағы сайлауды тiлге тиек еттi. Ел болып, бiрiгiп Н.Әбiшұлын бiрауыздан қолдайтындықтарын, қазiргi жүргiзiп отырған сындарлы саясатын жүзеге асыруға, экономиканы алға сүйрейтiн алғышарттардың орындалуына мүмкiндiктер беретiнiн жеткiздi. Елiмiздiң жағдайының күннен-күнге өсiп келе жатқанын Сарыағашта атқарылған iстерден көруге болатынын айтып өттi.
Елбасын сарыағаштықтар шат-шадыман көтерiңкi көңiл-күймен қарсы алды. Президенттi бұл жақтың сайлаушылары қызу қуаттайтынын бiлдiрдi. Мiнбеге шыққан көсемдер мен шешендер, жастар Назарбаевқа бiр ауыздан дауыс беруге шақырды.
Мiнбеге көтерiлген Н.Назарбаев баршаны айт мерекесiмен құттықтай отырып:
– Менi қолдағандарыңызға рахмет! Соңғы екi ай көлемде оңтүстiк өңiрiне екiншi мәрте келiп отырмын. Сарыағаш– шуақ шашқан, барлық жағынан мақтана алатын аймақ. Елiмiздiң тәуелсiздiк алғанына биыл бар-жоғы он төрт жыл толып отыр. Бұл тарих үшiн көздi ашып-жұмғандай ғана мерзiм. Осы кезең iшiнде бiздiң халқымыз жүз жылға татитын еңбек еттi.
Бiз биыл мемлекетiмiздiң шекарасын бекiттiк. Ресеймен 7,5 мың км.,Қытаймен 1700 км. шекарамызды шегелеп алдық. Бұл тәуелсiздiгiмiздi нығайтқан екiншi кезең болып саналады. Құдайға шүкiр, халықтың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келедi. Бiз 2030 жылға дейiнгi стратегиялық бағдарламаны бiреу сенiп, бiреу сенбей: «Бұл да баяғы көп жоспардың бiрi болар» деп күлген едi. Облыста арнайы экономикалық аймақ құрылып, мақта өңдейтiн фабрикалар ашылуда. Үш фабрика салынып, iске қосылды. Тағы да осындай он шақты фабрика салынатын болады. Солар iске қосылса 1000-даған адам жұмыс табады. Тек қана шикiзат шығарып қана қоймай, одан тауар өндiретiн боламыз.
Бiз Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру үшiн бәсекелестiкке қабiлеттi тауар шығаруымыз керек. Басты мәселе – осында.
Үш жыл ауыл жылы болып жарияланғанын бiлесiздер. Ауылды көтеру мақсатында 150 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Тек Сарыағаш ауданының өзiне 540 млн.қаржы бөлiндi. Болашақтағы табыстарымыз құдай қаласа бұдан да өсе түспек. Лайым жақсылықта жүздесейiк, жұртым, – деген Елбасының жалынды да жағымды сөздерi жиналған қауымды арқаландырып жiбердi.
Президент жиыннан соң ауданның ауылшаруашылығында өндiрiлген өнiмдерiнен әкелiнген «Алтын күз» меркесiне қатысты. Аралап көрдi. Сонан соң облыс орталығы – шырайлы Шымкентке аттанып кеттi.
Бiлiм – басты бағыт, өнеркәсiп өрге сүйрейдi
Шымкент – көптеген жоғары оқу орындары, колледждер топтасқан, жастары көп Қазақстандағы бiлiм саласына басым бағыт ұстанған қалалардың бiрi. Бiр ғана Мұхтар Әуезов атындағы университетте 30 мыңға жуық студенттер бiлiм алады.
Оңтүстiк экономикалық аймақ аталуымен де ерекшеленедi. Экономикалық аймақ саналатын Сайрам ауданы көлемiнен бөлiнген жердi Елбасы өзi таңдап қуаттаған. Осы тұрғыда қаншама тер төккен облыс әкiмi Болат Жылқышиевтың да жұмысын атап айтуға болады. Облыста тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттiк бағадрламасы бар. 2005 жылы барлық қаржыландыру көздерiнiң есебiнен тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бойынша тұрғын үйлердi пайдалануға беру жоспарына сәйкес 345 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi.
Экономикалық аймақты көтеруге Б.Жылқышиевтың еңбегi зор. Н.Назарбаев Шымкентке оралған соң осынау жастармен жүздескенде өнеркәсiп орындарын аралағанды жөн санапты. Облыс әкiмшiлiгiнiң конференцзалында ұйымдастырылған кездесуге Шымкенттегi жоғары оқу орындарында үздiк оқитын студенттер мен жастар, қоғамдық бiрлестiктерiнiң лидерлерi қатысты.
Кездесу барысында жастар өкiлдерi елде жүргiзiлiп жатқан әлеуметтiк-экономикалық, саяси реформаларды қолдайтындықтарын айтып, жастарға көрсетiлiп отырған қамқорлықтарына алғыстарын бiлдiрдi.
Сөз кезегiнде Н.Назарбаев тәуелсiз елiмiздiң жарқын болашағы жастардың қолында екенiн баса айтып:
– Қазақстанның болашағын ойлағанда бiз жаһандану процесiне енiп бара жатқанымызды бағамдауымыз керек. Мен сендерге мынандай мысал айтайын, географиядан бiлесiңдер. Сингапур деген қала бар. Сол қала бiр өзi – бiр мемлекет. Онда өнiм де, өндiрiс те жоқ. Бiрақ дүниежүзiндегi ең бай, ең он мемлекеттiң қатарына кiредi. Сондай-ақ, Оңтүстiк Кореяны алайық. Жерiнде түгi жоқ. Әйткенмен, гүлденген мемлекет. Жапония да сондай. Бұлар немен байып отыр? Бұлар бiлiммен байып отырған елдер. Ендеше бiлiмнiң бәсекелестiгi ең үлкен сын. Сондықтан сендер, жастар бiлiмдi болсаңдар, ғылымды терең меңгерсеңдер елiмiздiң байлығы да шалқар болатыны ақиқат, – дедi Президент.
Президент жастар ортасында еркiн әңгiмелесiп, олардың өз ой-пiкiрлерiн еркiн айтуына мүмкiндiк жасап, естелiк суретке түстi.
Кентау – өндiрiстiк қала
Кезiнде атағы дүрiлдеген Кентаудың тоқырау жылдары өндiрiсi тоқтап қалғаны рас. Бiрақ, қала айналдырған екi-үш жылдың iшiнде табанын тiктеп, жайнаған жасыл қалаға айналып шыға келдi. Қалаға қамқорлық жан-жақтан жасалынғанымен еңбексүйгiш тұрғындарының талапшылдығы да түтiнi түзу шығуы үшiн тер төктi. Оңтүстiктегi кезектi сапарын Н.Назарбаев Кентауға арнауы сондықтан да болар. Жуырда ғана қаланың 50 жылдығын атап өткен кентаулықтарға Елбасының келуi үлкен қуаныш пен сенiм сыйлады. Елбасы бұл қалада бiрiншi болуы екен.
Н.Назарбаев алғашқы сапарын кезiнде одақ көлемiне белгiлi болған қазiр де саусақпен санарлық зауыттардың қатарына жататын Трансформатор зауытын аралап көруден бастады. «Кентаутрансформатор» зауыты акционерлiк қоғамында қазiр 448 адам қызмет етедi. Өндiрiс орны биылғы жылдың он айының өзiнде 1261930 мың теңгенiң тауарын шығарған.
Елбасы зауыт өнiмдерiмен танысып, жұмысшылармен жүздестi. «Сiздердiң кәсiпорындарыңыз Қазақстанда жалғыз ғана. Кәсiпорынның болашағы өте зор» дедi. Сондай-ақ, Президент шағын қалаларды дамытуға 300 млн.теңге бөлiнгенiн, оның iшiнде Кентау қаласы барын да айтып өттi.
Кезегiнде зауыт жұмысшылары Президентке көкейлерiнде жүрген жүрекжарды сөздерiн айтып, емен-жарқын әңгiмелестi. Елбасы саясатын қолдайтынын айтты. Елбасы №16 политехникалық мектептiң акт залында ұстаздар қауымымен, ата-аналармен кездестi. Бiлiм беру iсiмен танысты. Одан соң облыс ардагерлерiмен жүздестi.
Оңтүстiк Қазақстан облысы
Балтабек ТYЙЕТАЕВ