САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ САЯСИ ЭТЮД

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ САЯСИ ЭТЮД

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ САЯСИ ЭТЮД
ашық дереккөзі

Атағы, танымалдық тұрғысынан келгенде екеуi де үлкен масштабтағы тұлға емес, ортаңқол көп саясаткердiң бiрi, бiреу таныса, бiреу тани бермейдi. Бiр апта бұрынғы Е.Әбiлқасымовтың Атырау қаласындағы кездесуiне 17-ақ адамның жиналуы – соның айғағы.

Екiншi, қоғам сенiм артатындай екеуi де айта қалғандай iс бiтiре қойған жоқ. Он жылға тарта уақыт болды, М.Елеусiзов Сорбұлақ проблемасын шеше алмай келедi. Каспий табиғатына қатысты да ештеңе тындыра алмады. Ал, Е.Әбiлқасымовтың «сенсациялық» және «суперсенсациялық» мәлiмдемелерiне (өзiнiң айтуынша – «Спектр») қоғам мән берiп, құлақ аса бермейдi. Ел арасында ол туралы жеңiлдеу образ қалыптасқан.

Екi кандидаттың да дәл қазiргi сайлауалды кампаниясын жүргiзулерi де мардымсыз. Kazrating ұлттық агенттiгiнiң 7 қарашадағы мәлiметi бойынша Әбiлқасымов – 2 пайыз, Елеусiзов 0,1 пайыз дауыс жинаған. Ендi қалған 23 күннiң iшiнде күш алып кете қоятындай шамалары да жоқ. Көтерген идеялары да әбден ерқашты, жауыр болған, үйреншiктi жайттар: бiрi «коррупцияны жоямын» дейдi, екiншiсi экологиялық проблемаларды көтерiп жүр. Әрине, екеуi де актуальды, шетiн. Бiрақ оның жуық арада орындала қоятынына жұрт сенбейдi.

Бұларды қарапайым халық «қара көбейтiп жүрген қыздырмашылар» немесе «атың шықпаса, жер өрте» деген, көлденең көк атты» деп ойлайды. Бұқараның бұлай ойлауы билiктiң шебер саяси режиссер екенiн аңғартады. Шынтуайтында, билiк Е.Әбiлқасымов пен М.Елеусiзовтi сайлау кампаниясының керектi механизмi, сайлаудың легитимдiгiн жүзеге асырушы ретiнде пайдаланып отырғандай көрiнедi.

Саяси Астана әбден әккi болды, сайлауды барынша сенiмдi, мейлiнше талапқа сай өткiзуге, бұрмалаушылық бола қалса да жымын бiлдiрмей жiберуге күш салуда. Оппозицияның аяқасты бүлiк шығаруынан қауiп етедi. Өйткенi, жеме-жемге келгенде Ж.Тұяқбай мен Ә.Бәйменов бойкот жариялап, кандидатурасын қайтып алуы кәдiк. Былтырғы Парламент сайлауы екеуiнiң де тәуекелшiлдiгiн, ондай оқыс қадамға баратынын көрсеттi: екеуi де депутаттық мандаттан бас тартты. Ондай жағдайда Е.Әбiлқасымов пен М.Елеусiзов «саяси құтқарушы» рөлiн атқарады.

Әрине, Астана шиеленiс тудырмауға, сайлауды мейлiнше ың-шыңсыз, бас жармай, сүйек сындырмай өткiзуге мүдделi. Сондықтан саяси дүрбелең, әлеуметтiк дүмпу, қандай да бiр ши шықпаудың жолын қапысыз қамдайды. Iшкi-тысқы қоғамдық пiкiрдi әбден екшеп, мүлт кетпеуге тырысады. Орталық сайлау комиссиясының қара пиарға жол бермеуге, сайлауды әдiл өткiзуге шақыруы, шетелдiк бақылаушыларды көптеп тартуы, «Хабар», «Қазақстан» сияқты мемлекеттiк телеарналардың тек Н.Назарбаев емес, барлық үмiткердiң сайлауалды кампаниясын көрсетуi – соның мысалы. Оппозиция мұны «саяси декорация», «қитұрқылық» деп бағалайды, саясаттанушы Ә.Ғалидың пiкiрiнше, «бұл – қоғамдық ынтымақты күйттеген парасатты қадам», «билiк ықты-жарды өпiремдiктi қойып, компромиске барып отыр, бұл – авторитарлық билiктiң райынан қайтуы, демократиялық жылымықтың белгiсi». Бейнелеп айтқанда, Астана қазақы шапанының етегiн жиып, сақал-мұртын жымпитып бастырып, мейлiнше халықаралық стандарттарға ыңғайлап-ақ жатыр. Кандидаттардың салмақ дәрежесi әралуан, саяси көзқарастары да әрқилы: оңшыл-либерал, солшыл радикал топтан да, консервативтi коммунист те бар. Саяси бояудың барлық гаммасын: Әбiлқасымов – қызыл, Елеусiзов – жасыл, Назарбаев – сары, Тұяқбай – сары (дұрысы, қызғылт сары), Бәйменов –көк, көруге болады. Саяси Астананың шеберлiгi сол – Парламенттiң өкiлеттiлiгiн мойындамай, Ұлттық комиссияның отырысына қатыспай, келеге келмей жүрген радикал оппозицияның өзiн сайлауға қатысуға ықтиярлы еттi.

Қоғамда «Оппозиция қанша күштi болса да бәрiбiр Н.Назарбаев сайланады» деген пiкiр қалыптасқан. Бiрақ саяси сарапшылардың пiкiрiнше, бұл сайлау Н.Назарбаевқа оңай болмайды, қарсыластары осал емес, қалпақпен ұрып ала қоятындай емес. Әрине, Е.Әбiлқасымов пен М.Елеусiзов онымен шендесе алмайды. Алайда, Ә.Бәйменов пен Ж.Тұяқбайдың жөнi бөлек.

Саясаттанушы Ә.Ғали оппозицияның кандидаты Ж.Тұяқбайдың ең соңында қалатынын және оны билiк қолдан жасайтынын айтады («Жас қазақ», 04.11.05 жыл).

Ә.Ғалидың бұл пiкiрiн негiзсiз, тым әсiреқызылдық деп бағалауға да болады. Н.Назарбаевты жеңгiзген күнде де билiк әсте мұндай ағат қадамға, көзжұмбайлыққа бармаса керек-тi. Әрi Тұяқбайды соншалықты тұқырту, ойсырата жеңу – мақсат бола қоймас. Бұл өз кезегiнде жағдайды ушықтырмаса, түземейдi. Қайта өзiне өзi ор қазғанмен бiрдей. Мұндай қадам наразы электоратты 2003 жылғы Грузиядағыдай, немесе көктемдегi Қырғызстандағыдай қарсылық акциясына итермелеуi әбден мүмкiн. Нәтиже қоғамның көңiлiне қонатындай болса ғана тиiмдi. Сондықтан Астана әлеуметтiк ауызбiршiлiк, саяси ымыра, қоғамдық ынтымақты күйттеген болар едi.

Билiк екi сценарийдi қарастырады: Назарбаев оппозицияның өкiлi Тұяқбайды сөзсiз жеңедi, бiрақ Ә.Ғали айтқандай көш соңында қалмайды, үшiншi орын алады, екiншi орынға Бәйменов шығады. Екiншiсi, Тұяқбай құйрық тiстесiп қатар келедi. Н.Назарбаев сәл басым түседi. Сырткөзге әупiрiммен әзер жеңгендей болады. Былайғы жұртқа да сенiмдi. Оның үстiне Назарбаевтың жеңетiнiне ешкiм күмән келтiрмейдi.

Әзiрге осы екiншi вариант көңiлге қонымдылау сияқты. Баспасөз бетiндегi ақпарат пен әлеуметтiк зерттеулер де осыған саяды. Бiрақ бұл жерде қағаберiс, ұмыт қалып тұрған бiр жайт бар, ол — Ә.Бәйменов феноменi. Саяси сарапшылар оны негiзгi додаға қоспауға тырысады, «бәсеке Н.Назарбаев пен Ж.Тұяқбай арасында болады» деп топшылайды. Бұл – өте жадағай, ұғымға жеңiл оп-оңай схема: бiрi — дәл қазiргi билiктiң адамы, ол соны сақтап қалуға тырысады, екiншiсi – радикал оппозицияның өкiлi. Шынтуайтында, Ә.Бәйменов Ж.Тұяқбайдан артық болмаса, бiр мысқал кем емес. Қара халықтың Ә.Бәйменовке бүйрегi бұрады. Өйткенi ол – көпшiл, жұғымды, қарапайым. Тұяқбай тым ресмилеу, оппозиция лагерiне қосылғанына бiр жыл болса да шенеунiктiк-бюрократтықтың табы бар, бөтендеу.

Екi кандидаттың қайсысы басым екенiн бiлу үшiн тек қана әлеуметтiк зерттеу институттарының көрсеткiшi аздық етедi, бұған дейiнгi абырой-беделiн ескерiп, тұлғалық болмысын екшеп, сайлау алдындағы iс-әрекетiн саралап, салыстыра қарастырған жөн.

Ә.Бәйменовке қатысты екi жайтты бөле-жара айту керек: бiрiншi, депутаттық мандаттан бас тартуы, тәуекелшiлдiгi мен принципшiлдiгi. Екiншiсi, «Ақ жол» партиясы екiге жарылғанда да сыр бермеуi, саяси байбаламшылдық пен күйректiктен адалығы.

Шындығында Ә.Бәйменов «Ақ жол» ыдырағаннан кейiн екi жақты қыспақта: билiк – бiр, оған қоса кешегi партиялас серiктерi, қандыкөйлек жолдастарының талауында қалды. Бұған төтеп беру табандылық пен зор ерiк-жiгердi талап етсе керек.

Ал, дәл сондай Ж.Тұяқбайдың депутаттық мандаттан бас тартуы – саяси кейбiр сарапшылардың пiкiрiнше, жаңсақ қадам болды. Саясаткер ретiнде алды-артын пайымдамай, текке ерiн бауырына алып тулап, сабырсыз iс қылды.

Ә.Бәйменов – ысылған саясаткер. 90-жылдардағы «Ұлытау» қоғамдық ұйымынан бастап, қоғамдық-саяси процестерден бiр сәт те сырт қалған емес. 1994-95 жылғы таратылған Парламенттiң мүшесi болды, Үкiметте Президент әкiмшiлiгiнде жауапты қызметтер атқарды, министр болды. Оны шын саясаткер ретiнде танытқан «Ақ жол» партиясын құруы болды.

Ә.Бәйменов Президент әкiмшiлiгiнiң, Үкiмет кеңсесiнiң жетекшiсi сияқты бiрнеше лауазымды қызметтер атқарса да, оның олигархиялық топтарға, коррупцияға қатыстылығы туралы ешқандай дерек жоқ. Сарапшы мамандар оны «мемлекетшiл» саясаткер категориясына жатқызады.

Ж.Тұяқбай – мүлде жаңа есiм, демократтық стажы 1-ақ жыл. 1978-жылдан берi билiкте. Оның лауазымын асыра пайдаланғаны мен жемқорлығы туралы фактiлердi жұртшылық «Мегаполис» (07.11.05 жыл) газетiндегi М.Үркiмбаевтың сұхбатынан хабардар болып жатыр.

Әлеуметтанушы және қоғамтанушы мамандардың пiкiрiнше, дәл осы жолғы сайлауда халық ең бiрiншi коррупцияға қатысы жоқ адамға көп дауыс бередi.

Харизмалық тұрғыдан да Ә.Бәйменов басымдау, тiлдi, шешен, сұңғыла. Тұяқбай сөзге шорқақ, қарадүрсiн.

Бәйменовтiң бiр осал тұсы – қаржы ресурсы аз, Тұяқбайдың қолы ұзын. Оған қоса Тұяқбайдың ақпараттық медиа базасы нық, оппозицияшыл БАҚ соған жұмыс iстейдi. Тұяқбайдың тағы бiр басымдылығы оның жанында бiр топ қазаққа белгiлi қайраткердiң жүруi. Олардың iшiнде А. Сәрсенбайұлы, О. Жандосов, Б. Әбiлов сияқты қайраткерлер. Бәйменовтiң бұ жағы әлсiздеу. Бiрақ Ж.Тұяқбай Ә.Қажыгелдиннiң окопына барып тығылды, соның «Жұма-таймс», «Сөз» сияқты газеттерiн пайдаланып отыр, тiптi Ә.Қажыгелдиннiң көмекшiсi Ә.Қосанов Тұяқбайдың көмекшiсiне айналды. Осы орайда Тұяқбайдың екi кемшiлiгiн айта кетуге болады: 1.Ол тек наразы электоратқа арқа сүйеп отыр. Бұл – оның бiр күндiк, тез арада жеңiске жете қою пиғылын көрсетедi. Тiптi қым-қиғаш авантюралық қадамдарға да бейiл екенiн аңғартады. 2. Ұлтшылдық қыры: Ерте көктемде Мәскеуге барып, Қазақстанда орыстарға қысым жасалатынын айтып, арандап қалды. Ол бұл арқылы басқа ұлт өкiлдерiнiң дауысын алуды көздесе керек.

Ә.Бәйменовтiң артықшылығы – саяси сапырмайшылдықтан, даңғазашылдықтан ада, қазақ электоратына жақын, басқа ұлт өкiлдерiне де сыйлы.

Сарапшы мамандар бүгiнгi қоғамдық-саяси коньюнктура күрт өзгерiп, 4 желтоқсанда қазақстандық саяси метамарфозаның куәсi болуды да жоққа шығармайды.

«Спектр» сараптама орталығы