Қытай мысықтабандап келедi
Қытай мысықтабандап келедi
Қытайдың Қазақстанға байланысты саясаты Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн қарқын ала бастады. Өйткенi, әлемнiң алып күштерi үшiн «бос кеңiстiк» саналатын жерден өз үлесiн алып қалу керек болды. Бұл үшiн Қытайдың көптеген себептерi бар: 1) Экономикасының қарқынды дамуы шикiзат пен отын-энергетикаға деген сұранысын күрт арттырып жiбердi; 2) Мамандардың болжамдарына қарағанда Қытайдың территориясы 2 млрд. адамның ғана өмiр сүруiн қамтамасыз ете алады екен. Ал 2015 жылы Қытай халқы 2 млрд.-тан асады деп күтiлуде. Сонымен бiрге бұған «бiр жанұяға – бiр бала» саясатына қарсы санақта жоқ 2-3 баласы бар ауыл қытайларын қоссаңыз ресми санақтан да асып түсетiнi анық.
Қытайдан келетiн қауiптiң iшiнен, әсiресе, Қытайдағы ерлер мен әйелдердiң арасындағы табиғаттың өзi реттеп отыратын сандық тепе-теңдiктiң бұзылу процесiне жұрт назарын баса аударғым келедi. Әулеттiң мұрагерлерiн ерлер жағынан қуалайтын дәстүрге берiк қытайлар бiр баланың ұл бала болуына айрықша мүдделiлiк танытуда. Нәтижесiнде, ұл бала көбейiп, қыз бала азайып барады. Зәрулiк туылған жерде адамдар тәсiлқой, амалшыл келедi. Яғни, қажеттiлiктен нәресте бойға бiткен кездiң өзiнде-ақ оның ұл-қызын айырып беретiн аппараттар ойлап табуда. Қытай «Бiр отбасы – бiр бала» саясатын жүргiзе бастағалы 25 жылдай уақыт болды. Байыптап қарағанда, бұл елдегi еркек пен әйел арасындағы сандық ауытқу қазiрдiң өзiнде бiлiнiп тұр. Ендi қазiр сол кездегi реформа перзенттерi жұптаса бастайтын уақыттың тақаған сәтi. «Тесiк моншақ жерде қалмас» деген мақалдың нағыз күшiне енетiн кезi келiп тұр. Әйел затының бағасы қазiрдiң өзiнде аспанға ұшып тұрған Қытайда еркек бойдақтар өзiнше бiр жiк, керек десеңiз, тап болып қалыптасады. Ел өмiрi батыстағыдай демократияланып, әралуан партиялар мен ұйымдардың құрылуына кең мүмкiндiк туылса, әлгi саудыраған бойдақтар өз бағдарламалары мен жарғыларын жасап, ұйымдар мен партияларға бiрiгуi де мүмкiн. Сонда олардың қажетi Қытайдың өзiнен өтелiп жатса жақсы. Олай болмай, «Жер жүзiндегi әйелдердi әдiлеттiлiкпен қайта бөлу» талабын қоюшылар шыға бастаса не болмақ? Не десек те жағдай осы бағытта дамып келе жатыр. Кейде батыстық саясаттанушылардың болжамдары дөп түсiп келе жатқан секiлдi. Яғни, АҚШ-тың қысымымен енгiзген «Бiр отбасы – бiр бала» саясатын өз пайдаларына ыңғайластыра отырып, ер азаматтар санын көбейтiп, теңсiздiк орнын әлем әйелдерiмен толықтырып, дүниенi қытайландыру саясаты жүрiп жатқандай. Оған бiрнеше қытайлық ұйымдар қаржылай көмектесiп отырғаны шындық. Бiр ғана мысал, Қазақстандық қыздарымызға үйленiп жатқан қытайлық азаматтардың көбейе түсуi. Бұл әлi бастамасы ғана секiлдi. Сондықтан осы мәселелердi ескере отырып үкiметiмiз алдын-алу шараларын қарастырса деген ұсынысымыз бар. Ғылыми-техникалық прогрестiң шапшаң дамуы, жұмыссыздар санының еселеп көбеюiне жол ашуда. Қытай үкiметi санағына сүйенсек, жақын арада жалпы саны 150 млн. адам жұмыссыздар армиясын құрайды екен. Мұның өзi Ресейдей алып елдiң барлық халқынан көп. Бұл дегенiмiз Қазақстан сияқты халық саны аз мемлекеттер үшiн қауiп төндiруде. Өйткенi, мұншама орасан зор еңбек күшiн Қытайда орналастыруға тiптен мүмкiн емес. Демек, сырттан жұмыс қолын iздеп, күнкөрiс қамына кiрiсу қажеттiлiгi туындайды. Сондықтан Қытай болашағын халық саны аз мемлекеттерден iздейдi. Қытайды зерттеп жүрген Батыс елдерiндегi ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстанмен бiрге әлемдi де мазасыздандырып отырған осы мәселе. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейдiң Сiбiр бөлiгi мен Қытайдан сақтану жолын меңгерген Моңғолияны есептемегенде, қытайлар үшiн тек Қазақстанға ағылуына жол ашып отырмыз. Өйткенi, Қазақстан халқы Қытай халық санының 1%-нен зорға асады екен. Яғни халықтың орналасу тепе-теңдiгi жоқ. Соңғы жылдары Қытай үкiметiнiң жүргiзген саясатының нәтижесiнде Қазақстанмен шектес аудандарға халық тасқынын ағытып жiберiп, қытайлықтардың көбейiп жергiлiктi қандастарымыздың ассимилияцияға ұшырауына себеп болып отыр. Шын мәнiнде бiз әскерiмiзбен, қарудың күшiмен олардың ағынын тоқтата алмаймыз. Бiрақ «тау қанша биiк болғанмен аспанның астында, данышпан қанша биiк болғанмен заңның астында» демекшi, келiмсектер ағынын тек заңды жолдармен ғана реттеп тоқтата аламыз. Заң жолымен бiрге әрбiр Қазақстан азаматына бұл мақсатта азаматтық борышы ретiнде қытайлықтардың заңсыз жолдармен көбейiп кетпеуi үшiн жауапкершiлiк жүгi түседi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бүгiнге дейiн жiберген қателiктерiмiздi саралай отырып және бұдан сабақ ала отырып, былайғы байланыста әр қадамымызды сақтықпен басқанымыз абзал. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында тәжiрибемiздiң аздығынан жiберген қателiктерiмiздi тiзiп, «тырнақ астынан кiр iздеп» жатпай, бұл саясатқа қарсы қандай нақты бiр шаралар қолдануымыз қажеттiгiне тоқталғым келiп отыр. Алдымен, Қытайдың қытайландыру саясатына қарсы бiзден басқа да көршiлерiнiң қалай сақтанып келген тәжiрибелерiн саралай отырып, тек Жапониядан ғана үлгi алуға болатынын баса айтқым келiп отыр. Өйткенi, олар ұлттық менталитеттерiн сақтай отырып, рухани әлемiне шетелдiктердi бойлатпай, өз аумағына қоныс тепкiзбедi, iргесiн аулақ ұстады. Қандай жағдай болғанда да Қытай азаматының Жапонияда тұрақтап қалуына ешқандай мүмкiндiк қалдырмаған. Жапон азаматына үйлене қалған күннiң өзiнде, азаматымен қоса елден шығарып жiбередi. Қытайдың саясатына қарсы бiздiң әрекетiмiз, осыдан 40-45 жыл бұрын оңтүстiк-шығыс Азия елдерiнiң Қытайға қарсы әрекетiне ұқсас. Қытайдан ешқандай қауiп сезiнбеген оңтүстiк-шығыс Азия елдерi көп уақыт өтпей-ақ Қытай ықпалында қалай қалғанын бiлмей де қалды. Қазiр бiз де Қытайдан келетiн қауiптi айтарлықтай сезiне алмай отырғанымыз рас. Қытай 5 мыңжылдық тарихында ешқашан көршi елдерiн күшпен басып алған емес. Алдымен тауарларын кiргiзiп, артынан сауда-саттықпен барған қытайлар тұрақтап қалып, қытай тауарына тәуелдi етiп, соңында саяси жағынан да тәуелдi етiп отырған. Сонау Сары өзен бойынан басталған жаулап алу саясаты арқылы қазiр 9,6 млн. шаршы шақырымды бағындырып отыр. Нәтижесiнде қаншама халықтарды соғыссыз-ақ жер бетiнен жойып, қаншамасын отарында қанап отыр. Ендi осындай өткен тарихтан да сабақ ала отырып неге сақтану шараларын қолға алмасқа. Ол үшiн алдымен: 1) Ұлан-ғайыр даламыздың Қытаймен шекаралас жатқан шекара бекеттерiнде Қытайдың демографиялық ағынын реттеп отыру үшiн 4 шекара бекетiнiң тек Достық шекара бекетiнен ғана қытай азаматтарын қатаң қадағалап өткiзу қажет. Бiрақ тауар алмасу қалыпты барлық шекара бекеттерiнен жүре бередi; 2) Сауда-саттықпен келген қытай азаматтарының Қазақстанда болған мерзiмiнде өз азаматтарымызға көрсетiлген жеңiлдiктерден жарақтануына жол бермеу. Тұрақтау мерзiмi бiткеннен соң 3 күннен кейiн шекарадан тысқары шығарып жiберу; 3) Қазақстанға кiрген әрбiр Қытай азаматын қатаң қадағалауда ұстау арқылы, туристiк визамен келгендерiн қонақ үйден басқа жерлерге – үй жалдап тұруына қатаң тиым салу; 4) Қазақстандық әйел азаматтарының қытай келiмсектерiмен заңды түрде некелесiп, тұрақтап қалуына, сол арқылы Қазақстан азаматтығын алуына тиым салу; 5) Ащы да болса айтайық, саны бiлiнбеген Қазақстан азаматтығын түрлi жолдармен алған ұлты Қытай Қазақстан азаматтарының Қытайдағы туыс-таныстарын түрлi жолдарымен шақырып, Қазақстанның өндiрiс өнеркәсiбi, сауда-саттығы сияқты түрлi салаларына iшкерiлей араласуына жол бермеу; 6) Ақпарат құралдарында, оқулық құралдарында Қазақстанды қытайландыруға қатысты арандатуға жол бермеу. Мысалға, Қытайдың iшкi аймақтарында орта мектеп оқулықтарының жағрафиялық карталарында Қазақстанның Жетiсу өңiрi Қытай территориясы етiп көрсетiлiп жас ұрпақтарына осылай тәлiм-тәрбие беруде; 7) Қытайдан тауарлармен бiрге келетiн рухани өнiмдерiне шектеу қою; 8) бiздiң Қытайды жақыннан жақсы тануымыз үшiн бiлiктi қытай мамандарын дайындауымыз қажет. Сонымен бiрге қытайтанудағы зерттеулерiмiздi жүйелi жолға қойып отыратын арнайы стратегиялық зерттеу институтын құруымыз қажет. Осы арқылы құпиясын iшiнде сақтаған көршiмiздiң барлық қыр-сырларын, яғни, саяси, демографиялық, әлеуметтiк-экономикалық жағдайларын, мәдениетiн, салт-дәстүрлерiн зерттеп бiлуге мүмкiндiк туар едi; 9) қазақ халқының қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан Қытайдағы 1,5 млн. қазақты Қазақстанның солтүстiк аудандарына көшiрiп алу. Алайда ресми дерек бойынша 1,3 млрд. тұрғыны бар Қытайдың демографиялық, әлеуметтiк проблемасы шаш-етектен болса да қандастарымызды отанына қайтаруға құлықты емес. Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанға келетiн болса демографиялық, ұлттық проблемаларымыздың бiршамасы шешiлген болар едi. Сонымен бiрге төбемiзден тоқпағын қоқаңдатып, картадан төбемiзге жайғасып алғандай көрiнген Ресейдiң солтүстiк өңiрiмiздегi саяси ықпалы азаяр едi. Шығыс көршiмiздiң қаншалықты қауiптi екенiнiң парқына бара алмай отырған азаматтарымызға Қытайдан келген қандастарымыз түсiндiруге және жақыннан тануымызға көмектескен болар едi. Осы мәселелердiң бәрiн ескерiп, парқына барған Қытай үкiметi мұны Қазақстанға қатысты бiр көзiр ретiнде ұстап отыр. Әйтпесе қандастарымыздың бәрiн әкелгеннен соншалықты Қытайдың демографиялық жағдайына әсер етпейтiнi айдан анық. Егерде бiз Қытайдағы 1,5 млн. қандасымызды әкелiп үлгере алмасақ болашағымызға қатысты, Қытайға қатысты бiр көзiрiмiздi жоғалтқанмен бiрдей. Өйткенi, соңғы жылдары Қытай үкiметi қандастарымыз орналасқан Шыңжаң аймағын қытайландыруды қарқынды түрде бастап кеттi. Және болжамдарға қарағанда 10 жыл iшiнде аталған жер қытайланып бiтедi деген жоспарлары да бар. Бұдан түсiнгенiмiз — Қазақтардың басын бiрiктiрмей кезең-кезеңiмен қытайландыру. Яғни, Қытайдағы қандастарымызды қытайландырып бiткен соң, ертең бұл күннiң бiзге де тумауына кiм кепiлдiк бере алады. Жоғарыда аталған күрмеуi шешiлуi керек мәселелердiң барлығы тарихымыз бiзге көрсетiп, ортаға шығарып берiп кеткен сабақтарынан туындаған проблемалар. Егер де бiз осы мәселелердiң шешiмiн табуға тырыспасақ, әрекеттенуге ниет етпесек, мұның зардабы ауыр болмақ. Бұл жерде көтерiп отырған мәселе, көршiмiзге дұшпан көзiмен карап дұшпан тұту емес, ең қымбат асыл қазынамыз тәуелсiздiгiмiзге қауiп төндiрiп, айдаһардай жолындағыны жайпап келе жатқан, көршiлерiнiң «бас ауруына» айналған Қытайдан сақтанудың шараларын алдын алу. Жаратқан Құдайымыздың өзi «сақтансаң сақтаймын» деп айтқан. Әлемдiк энергия қорының көп бөлiгiне ие болып отырған елiмiзге экономикасының күрт даму нәтижесiнде энергияға деген сұранысы артып, сiлекейiн шұбыртып тұрған Қытайдан сақтануымыз керек екенiн ата-бабамыз ежелден айтып аманаттап кеткенiн ұмытпағанымыз абзал. Экономикасының дамуына жан бiтiретiн энергияға тәбетi шауып тұрған Қытайдан халық болып қорғану уақыт талабы. Әрқашан осал, әлсiреген тұсымызды аңдып отыратын Қытайдан алда келе жатқан президент сайлауында да өз айласын асырмауына, осындай сын сағатында ши шығармай, сырттан келген арандатуға жол бермей өткiзу азаматтық борышымыз деп бiлемiн. Ата-бабаларымыз ғұмыр бойы армандап өткен, қанымен, жанымен, аналарымыздың көз-жасымен келген тәуелсiздiгiмiзге сызат түсiрмей, отанымыз – тәуелсiз Қазақстанды қорғау және мәңгiлiк жасату барша Қазақстандық азаматтардың парызы, борышы деп бiлгенiмiз жөн. АстанаФазылбек Мұстан