Жаңалықтар

БАЛАМА ҚҰБЫРДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

ашық дереккөзі

БАЛАМА ҚҰБЫРДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Ал БТД-ға келетiн болсақ, бұл жобаның Қазақстан мүддесi тұрғысынан алғанда тiптi қисынсыз нәрсе екенiн айтуымыз керек. Оның бiздiң елiмiзге, өзiңiз атауынан көрiп отырғандай, тiптi қатысы жоқ. Бiздiң осы болашақ құбырдың жұмыс iстегенiнен алатын алашағымыз жоқтың қасы, тек соның жұмысын қамтамасыз ететiн мiндеттемемiз ғана бар. Қазақстан өз мойнына оған уақыты келгенде күнiне 400 мың баррель мұнай берiп тұруға мiндеттеме алды. Бұл жылдық есепке шаққанда 20 млн. тонна. Басқаша айтқанда, Қазақстанның 1994-95 жылдарда өндiрген бүкiл өнiмiмен пара-пар деген сөз. «Сонша шикiзатты бiз нелiктен елiмiздiң үстiнен тiптi өтпейтiн құбырға берiп тұруға мiндеттiмiз?!» деп сұрағың-ақ келедi. Бiрақ шын жауабы ресми түрде бәрiбiр де мойындалмайды. Ал жоғарыдағыдай шетелдiк мамандардың «бұл жоба Қазақстанның болашақ үмiтi» дегендей көлгiрсушiлiгiне алданудың қажетi жоқ. Бұл құбырдың болашағы туралы шындық мынадай. Оның бiздiң Каспий теңiзiмiздi ластап құрту қауiпi өз алдына. БДТ жұмыс iстей бастаған сәтте одан ешбiр мұнайы жоқ Грузия екi ортада отырып алып қыруар пайда таппақ. Қазақстанға бұл тұрғыдан алғанда пайда шамалы. Демек, бұл Қазақстанның емес, Грузияның, Әзербайжанның және Түркияның қамын ойлау. Олардың қамын жеп, Қазақстанның есебiнен шешiп беруге талпынып отырған күш – АҚШ пен басқа да Батыс державалары.

Елiмiз неоколониализм құрбанына айналып барады

Өйткенi: бiрiншiден,Түркия өздерiнiң НАТО-дағы одақтасы және оны Еуропалық Одаққа қабылдау мәселесi қарастырылып жатыр. Экономикалық дамуы жағынан бұл ел тiптi тоқырауға ұшыраған кешегi социалистiк жүйеден шыққан Шығыс Еуропа мемлекеттерiнен де көш кейiн қалып келедi. Ол аз десеңiз, жақында қатты тоқырауға ұшырап, кейiнгi жылдары жеткен жетiстiктерiнiң көбiнен айырылып қалды. Оның үстiне оның халқы көп те, өнеркәсiптiк шикiзаты тiптi жоқ деуге болады. Оны ертең Еуропалық Одаққа қабылдады деген күнде көшке ере алуы үшiн Түркияға шикiзаттық колония қажет. Қазақстанды «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры жобасына күштегендей қатыстыру – елiмiздi сондай колонияға айналдыруға итермелейтiн шаралардың бiрi. Мәселен, Түрiкменстан өз газына қатысты тап осындай жобаға көнбей қойды. Өйткенi бұл – тал түсте тонаушылық. Әрине, Қазақстан мен Түрiкменстанды осындайға итермелеушi күштер тегеурiндi. Олардың көнбегендi жазалайтын мүмкiндiктерi мол. Уақытында ресми Ашхабадтың Каспий теңiзiнiң астымен Бакуге қарай газ құбырын тарту жобасынан бiржола бас тартуы мұң-ақ екен, Түрiкменстан астанасында сол елдiң басшысына қастандық жасалды деген суық хабар бұрқ ете қалды. Артынша әлемдiк ақпарат көздерi жұрттың бәрiн «ешқандай қастандық болған жоқ, бар бәленi ойдан шығарып жүрген Түрiкменбашының өзi» деп сендiре бастады.

Екiншiден,Грузия – бұл христиан мәдениетiнiң елi. Бұған да Еуропаның да, АКШ-тың да айрықша бүйрегi бұрады. Дж.Буш ресми сапармен Тбилисиге барды. Ал бұрынғы КСРО-ның бiрде-бiр мұсылман республикасына осылайша АҚШ президенттерi әлi барған жоқ. Бұл елдi де Еуропаға қосып алу шаралары қызу жүзеге асырылып жатыр. Ресми Тбилиси де қарап қалып жатқан жоқ. Бiресе ол АҚШ-пен тайталаспақ ойынан қайтпай жүрген Ресеймен шатасады, бiресе американдықтардың ең әбестеу деген саяси шешiмдерiн қолдап шығады. АҚШ оны жарылқайды. Бiрақ өз есебiнен гөрi, бiз сияқты Азияның түпкiрiнде орналасқандықтан сыртқа барар жол таба алмай амалы таусылып отырған мемлекеттердiң есебiнен жарылқағанды жөн көредi. Өйтпесе, ол ұлы держава Америка бола ма?! Өзiнiң байлығы қайсы бiрiне жетедi?! АҚШ-тың күшi барлығына қолындағысын таратып беруге емес, бiреудiкiн екiншi бiреуге алып бере алуға негiзделген. Бiздiң сорымызға қарай, ол бiздi өзiнiң жақсылығын көрушiлер қатарына қосып отырған жоқ.

Үшiншiден, Әзербайжан да мұсылман елi болғанымен, ол көршiсi Иран сықылды исламға негiзделген мемлекет емес, туысқаны Түркия сияқты Еуропа құрамына кiруге талпынушы мемлекет ретiнде бой көрсетiп жүр. АҚШ үшiн ол Иранмен де (әзербайжандар иран халқының үштен бiрiн құрайды) туыстас ұлыс болғанымен, Тегеран жақтан гөрi, Батыс жаққа әлдеқайда көбiрек қарайтын мемлекет ретiнде құнды. Осыдан бiрер жыл бұрын Каспий теңiзi мәселесi бойынша ресми Тегеран мен ресми Баку қатты араздасып қалды. Бұның арты тiптi соғысқа айналып кете жаздады. Осы шатақ барысында Түркия Әзербайжанға әскери көмек көрсетуге дайын екенiн мәлiмдедi. Ал ресми Анкараның артында НАТО ауқымындағы келiсiм бойынша АҚШ қана емес, бүкiл дерлiк Еуропа тұрған болатын. Бұл 2001 жылдың тамызында болған едi. Артынша 11 қыркүйекте АҚШ-та атышулы оқиғалар бола қалмағанда бұл шатақтың арты насырға шапқан болар ма едi, кiм бiлсiн.

Негiзi әуел баста «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбырының жобасы Қазақстанның катысар-қатынасын ескерусiз-ақ дайындалған. Бұл 90-жылдардың басында болған едi. Ол кезде Әзербайжанда көп мұнай көздерi ашылады екен деп, онда қаптап келiп жұмыс iстей бастаған трансұлттық корпорациялар салған жерден сол болашақ қыруар шикiзатты бұрынғыдай Ресей арқылы емес, тiкелей Түркия арқылы әлемдiк пиясаға асыру жолын қарастырған. Кейiнгi саяси-экономикалық комбинациялар осыны ескеру негiзiнде жасалды. Ал 1990-ыншы жылдардың аяғына таман әлгiлердiң Әзербайжанда көп мұнайдың жоқ екенiне көзi жеттi. Осы тұста барып «Әзербайжан-Грузия-Түркия» транспорттық коридорын құру стратегиясын негiзiнен Қазақстан мен Түрiкменстан шикiзаты есебiнен жүзеге асыру идеясы қолданыс таба бастады.

Қазақстанның өз мүддесiне негiзделген энергетикалық саясат қайда?

Соңғы он жылдың iшiнде АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең көп назар аударған мемлекетi – Қазақстан. Оның себебi де түсiнiктi. Дамыған Батыс әлемi үшiн бүгiнгi таңда мұнайдан асқан қажеттiлiк жоқ. Ал бұл шикiзатқа Орталық Азия аймағында Қазақстаннан бай ел жоқ. Оның үстiне Қазақстан орналасуы жағынан сол Батысқа ең жақын ел болып табылады. Бұның үстiне Каспий бассейiнiң оның еншiсiнде деп есептелетiн бөлiгi мұнайға ең бай бөлiк болып табылады. Ал сол Каспий бассейнi АҚШ үшiн ең басты басымдылық (приоритет). Американ басшылығы осы аймақты әлемдiк маңызы бар энергетикалық база деп есептеген. Сондықтан Каспий бассейнi үлкен саяси көкпар додасының бәйгесiне айналды. Жарысқа түскен екi тараптың бiрi – американдықтардың өзi. Ал екiншiсi – баяғы ұлы социалистiк державаның еншiсiн негiзiнен басып қалған Ресей.

Қазiр бұлардың екеуi де Қазақстан мұнайына қатысты негiзгi мақсаттарына жетiп алды. Олардың әрқайсысының басындағы ең алдымен көксегенi бiздiң шикiзатты өздерi қалаған бағытпен жiберуге көндiру едi. Ресей КТК-ны қолдады, АҚШ пен оның одақтастары БТД-ны ұсынды. Бiрiншi құбыр салынып бiттi. Қазiр жыл сайын оның тасымалдау мүмкiндiгiн ұлғайта беру шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Ал «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры болса ендi iске қосылайын деп жатыр. Оны салу туралы ақтық шешiм де Қазақстан мұнайын беруге келiскесiн ғана қабылданды. Бiр қызығы – КТК-да да, БТД-да да «ШевронТексако» басты кейiпкерлердiң бiрi. Бұл корпорацияның Қазақстан мүддесiн қалай аяққа таптай алатыны белгiлi. Өткен он екi жылдың iшiнде ол бiзге талай өнерiн көрсеттi. Бұндай алпауыттар Қазақстанның өз мүддесiне негiзделген энергетикалық саясатын ұстануына барынша жол бермеуге тырысады. Олардың жасайтын кеселiнен асып, өз еркiмiзше қимылдауға қол жеткiзу үшiн ендi ғаламат жiгер қажет болмақ. Бұл жайдан-жай айтыла салған әңгiме емес. Өткен ғасырдың 50-iншi жылдарында тап осы алпауыттар Ирандағы Мосаддық үкiметiн ұлттық мүдденi ашықтан-ашық алға тартқан саясат жүргiзгенi үшiн билiктен кетiрген де, өздерiне көнуге дайын шах режимiн келтiрген. Ал Қазақстанның жағдайы сол замандағы Иранның жағдайынан да қиын болмақ. Өйткенi бiздiң мұнай табылып және өндiрiлiп үлгермей-ақ алыс бiреулердiң бөлiсiне түсiп кетiп жатыр. Ендi осы үрдiстi өзгерту қажет. Сол қажыр-қайратын көрсететiн күштер ел iшiнен табылар ма екен, басты мәселе қазiр осы.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ