ҚОРҒАС КЕДЕНIНДЕ 30 ОРАЛМАН ОТБАСЫ ҚАМАЛЫП ЖАТЫР Неге?
ҚОРҒАС КЕДЕНIНДЕ 30 ОРАЛМАН ОТБАСЫ ҚАМАЛЫП ЖАТЫР Неге?
Бұл туралы осы аптада баспасөз-мәслихатын өткiзген «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм мәлiмдедi. Әлхан Сатыбалды осы 30 отбасының iшiнен дүние-мүлкiне салығын төлеп шыққан жалғыз оралман. Оның қолында көшiп-келу квотасы барлығына қарамастан, кеден қызметкерлерi әрбiр жаңа мүлкiне 17% баж салығын төлеудi мiндеттеген. Алматыға келгеннен кейiн Әлханның шекарадағы 30 отбасының жағдайын айтып кiрмеген мекемесi қалмапты. Алматыдағы президенттiң сайлау штабынан бастап, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына, Алматы қалалық көшi-қон басқармасына барған. Әлхан Сатыбалдыға Көшi-қон басқармасы «Бiз құзырлы органдармен сөйлестiк. Бұл отбасылар 17% салықты төлеуге мiндеттi екен» деген жауап қайтарыпты. Баспасөз-мәслихатына Кеден бақылау комитетiнен арнайы келген өкiл Нұржан Әшiмханов Қытай мен Қазақстан арасында арнайы көшi-қон келiсiмiнiң болмауы себептi, бұлар баж салығын төлеуге мiндеттi дегендi айтады.
— «Халықтың көшi қоны туралы» заңның 29 бабының 4-тарауында жазылған. Көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандарға қосымша жеңiлдiктер берiледi, шекарада кедендiк төлемдер және салықтар алынбайды. Кеден кодексiнiң 333- бабының 10-тармағында «Қазақстан Республикасына көшiп келетiн әрбiр оралман кедендiк баж салығынан босатылуға тиiстi». Ал, Қытай мен Қазақстан арасында көшi-қон келiсiмiнiң болмауы себептi бұл оралмандар салық төлеуге мiндеттi, — дейдi ол.
Заң бойынша Қазақстаннан алып шығатын тауарларға баж салығы салынбайды. Ал, Қазақстанға алып кiретiн тауардың бағасы 2 тоннадан және бағасы 10 мың доллардан асатын болса, 17% баж салығы алынуы тиiс. «Аталған оралмандардың мүлкi 2 тоннадан немесе 10 мың доллардан асатындай соншама көп пе?» деген сауалымызға кеденнен келген өкiл олардың әр қайсысында трактор, мотоцикл және автокөлiк доңғалақтары 200-300 данаға дейiн барлығын айтады. Ал, бұлар жеке тұтыну үшiн емес, кәсiпкерлiкке пайдалануға және сатуға арналған тауарлар, сондықтан бұл тауарларға салық төленуi тиiс деген ой айтты. Ал, Әлхан Сатыбалды кеден қызметкерлерi техника құралдарына ғана емес, әрбiр жаңа мүлiкке, тiптi жамылатын көрпеге дейiн салық салып жатқандығын жеткiздi.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм дәл осы мәселе бойынша, Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы Бердiбек Сапарбаевпен сөйлескенiн айтады. Бердiбек Сапарбаев оларға көмектесуге уәде бергенiмен, егер аталған салықты алмаса, онда прокуратура Кеден комитетiне айып пұл салатындығын ескерткен.
Бұл арада «бұған дейiн Қытайдан келетiн оралмандар қалай өтiп келген?» деген сауалдың туындауы заңды. Ал, Әлхан Сатыбалды бұған дейiн Қытайдан келген қазақтың ешқайсысы баж салығын төлемегендiгiн айтса, Нұржан Әшiмханов ешкiм салық төлеуден бас тартпағандығын айтады.
Әлхан Сатыбалды әрбiр отбасының 1000 долларға алған жаңа тракторы үшiн 850 доллар, 450 долларға алған мотоциклi үшiн 320 доллар баж салығын алатындығын айтады. Демек, оралмандар тарихи отанына тоналып жетпек. Бiр қызығы, Қытай кеденi оларды ешқандай салықсыз өткiзiп жiберген, ал қазақтардың Қазақстанға өтуiне кедергiнi Қазақстан кеденi жасап отыр. Бұдан шығатын қорытынды, «Халықтың көшi-қоны» туралы заңның шеттегi қазақтардың тарихи отанына оралуына бөгет болып отырғандығын танытады. Өйткенi, жоғарыда айтылған жеңiлдiк тек Көшi-қон келiсiмi бар елдерде ғана емес, шет елден келетiн әрбiр қазаққа жасалуы керек. Соның iшiнде, Қытайда қазақ диаспорасының ең iрi шоғыры орналасқан. Олардың онда қалуының тарихи жағдайы туралы өткен нөмiрiмiзде егжей-тегжейлi жазған болатынбыз. Осы қазақтың Қазақстанға оралуына жағдай барынша жасалуы керек едi. Ал, бiз керiсiнше, қолдан келген бөгетiмiздi аямай отырмыз. Егер, аталған бөгет Қытай тарапынан жасалып жатса, өзге елдiң iшкi iсiне араласа алмас едiк. Ал, кедергi Қазақстан кеденiнде жасалып жатқан жоқ па? Бiз оралмандардың өмiр сүруге бейiмсiздiгiн, жағдайының төмендiгiн жиi айтамыз. Ал, шекарада тоналып қалған олардың өмiрге бейiмделiп кетуi үшiн, қаншама қаражат керек. Оны кiм өндiрiп бередi? Ендеше, бүгiн шетел азаматы, ертең қазақ азаматы болатын көшiп-келушiлерге қолдан кедергi жасамайтын уақыт жеткен жоқ па? Қытаймен арадағы шекараға қол қойылып, қазақтың тарихи жерлерi Қытайға берiлдi, осы келiсiм-шартты арнайы көшi-қон келiсiмiне қол жеткiзгеннен кейiн жасау қажет едi. Ендi мiне арнайы көшi-қон келiсiмi жоқ дегендi сылтау етiп, өзiмiз кедергiлерге душар етiп отырмыз.
Есенгүл Кәпқызы