Бермет АҚАЕВА: «ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ЕЛДIГI МЕН МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНЕ ҚАУIП ТӨНIП ТҰР»
Бермет АҚАЕВА: «ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ЕЛДIГI МЕН МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНЕ ҚАУIП ТӨНIП ТҰР»
«КЕЙБIРЕУ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДI ХАЛЫҚ БАТЫРЫ РЕТIНДЕ ҚАБЫЛДАУДА»
— Бермет Асқарқызы, кейбiр халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, бүгiнгi таңдағы Қырғызстан азаматтық соғыстың алдында тұр. 1992 жылғы азаматтық соғыс өртi бұрқ ете қалған Душанбедегi қанды қырғын қырғыз елiнде де қайталануы мүмкiн көрiнедi. Сiздiң пiкiрiңiз?
— Өкiнiшке қарай, қырғыз елiнiң барлық аймағындағы әзiрге экономикалық және әлеуметтiк мүдделер мен талаптар тұрғысынан қарастырып отырған кейбiр жекелеген құбылыстар (Қырғызстандағы кәсiпкерлiк жүйелердi заңсыз жолмен иемденiп алуға тырысу, Нарындағы көмiр өндiрiсiнiң күштеп тартып алынуы т.б.) соңы азаматтық соғысқа әкеп соғуы ғажап емес. Себебi, Нарында, Ошта орын алған заңсыз әрекеттер қоғамда тұтас жағымсыз әсер қалдырудың орнына, керiсiнше, белгiлi бiр топтардың қолдауына ие болып отыр. Мысалы, Оштағы көмiр өндiрiсiн заңсыз жолмен күштеп тартып алған адамды елдiң белгiлi бiр бөлiгi қылмыскер ретiнде емес, дала командирi ретiнде қуана қабылдауда. Осындай құбылыстар талай адамды құрбандыққа шалған Тәжiкстандағы оқиғаның Қырғызстанда қайталануына мүмкiндiк беретiнi анық. Әрине, бiздiң елдiң басшылығы келеңсiз құбылыстардың алдын алады деген үмiттемiн.
— Керiсiнше болған жағдайда…
— Керiсiнше болған жағдайда, қырғыз елiнiң барлық аймағында жағымсыз факторлар кеңiнен етек жаяды. Қырғызстанның оңтүстiк аймағында бiр-бiрiмен тығыз орналасқан түрлi этникалық топтар арасындағы мүдделер қайшылығынан туындайтын дiни қақтығыстардың елдiң тұрақтылығына керi ықпал ететiнiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Өкiнiшке қарай, Қырғызстандағы саяси процестер нақты жоспар мен стратегияға емес, құбылыстық процестерге құрылған. Мысалы, қазiргi саяси оқиғалар жекелеген мүдделер мен жекелеген тұлғалардың ықпалында. Осының салдарынан 24 наурыз оқиғасына дейiнгi қалыптасқан авторитарлық жүйеден арылудың орнына, керiсiнше, қайта сол авторитарлық жүйеге қарай керi кетiп бара жатырмыз. Сондықтан Қазақстандағыдай стратегиялық даму жоспарының болғанын қалар едiм.
— Демек, жаңа билiк ескi билiктiң қатесiн қайталап отыр…
— Иә, өкiнiшке қарай, билiк басына келген шенеунiктердiң көпшiлiгi «ескi гвардияның сарбаздары». Биыл көктемде билiк басына келген уақытша үкiметтiң құрамын бiздiң халық «саяси бюро» деп «еркелеткен» едi. Өйткенi, уақытша үкiмет пен қазiргi билiк мүшелерiнiң басым бөлiгi бұрынғы КСРО кезiндегi коммунистiк партия комитетi, аудандық атқару комитетi, обком қызметкерлерi болатын. Дәл қазiргi таңда саяси тұрғыдан алғанда, кейбiр мәселелерде оң ықпалы болғанымен, тәуелсiз құрылымдарға көрсетiлiп жатқан саяси қысымдар кезiнде Қырғызстанда қалыптастырылған демократиялық қағидаларға қайшы келетiн әрекеттерге бой ұрғандығын дәлелдейдi. Қарапайым мысал, премьердi отсавкаға жiберу туралы талапты қанағаттандырмай отырғанда, көпполярлық туралы айтудың өзi артық. Ал 2004 жылғы референдум Қырғызстан үкiметi мен парламентiнiң өкiлеттiлiгiн жоғарылатуға жағдай жасаған болатын. Бұл реформа алдағы уақытта да жалғасын табуы керек.
«ҚАЗIРГI БИЛIК ҚАУҚАРСЫЗ»
— Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, елдегi жағдай тұрақтанбаса, Қырғызстан тәуелсiздiгi мен мемлекеттiгiн жоғалтып алмақ…
— Иә, белгiлi бiр жағдайда тәуелсiздiгiмiзге қауiп төнiп тұрғаны рас. Шынында да, егер Конституциялық заңның үстемдiк құруына қатысты тиiстi шаралар қолға алынбаса, елде қалыптасқан ахуалдың ушығып, мемлекеттiк қауiпсiздiкке керi ықпал етерi анық. Мысалы, соңғы 9 айлық қорытынды бойынша, Қырғызстандағы экономикалық-әлеуметтiк жағдай да аса күрделi әрi қиын. Мысалы, бiздiң қаржы министрiмiз бюджетте көк тиынның қалмағанын мәлiмдедi. Алда қылышын сүйретiп қаһарлы қыс келедi. Қырғыздарға газ бен жылу, ыстық су сияқты жағдайлар жасалына ма, жоқ па деген сұрақ күн тәртiбiне қойылды. Осындай келеңсiз жайттардың елдiң саяси ахуалына да керi әсерiн тигiзетiнi белгiлi.
— Қазiр халықаралық сарапшылардың өзi «24 наурыздағы оқиға төңкерiс пе, әлде бұлғақ па?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Қазақстандық билiк «елдi алатайдай бүлдiрген бұлғақ» десе, оппозиция «демократияны аңсаған төңкерiс» дейдi. Сiздiңше, елiңiзде болған жағдай – төңкерiс пе, әлде бұлғақ па?
— Менiңше, бұл жерде халықтың емес, белгiлi бiр топтың мүддесi қылаң бередi. Өйткенi, алаңға шыққан 1000-ға жуық адамға алғашқы күндерi тәртiп сақшылары мен құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданбауы бiреулер үшiн тиiмдi болғанын аңғартады. Түрмеге келiссөздер жүргiзу мақсатында барған депутат Ахматбаевтың қаза табуы мен Парламенттi таратуға қатысты қойылған талаптардың астарында саяси сарын бар.
— Қырғызстандық билiк саяси реформалар мен стратегиялық жоспар жасауға неге көңiл бөлмей отыр?
— Бакиев президенттiк сайлауға қатысатынын осыдан екi жыл бұрын мәлiмдеген. Бiрақ әлi күнге қолында елдiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қатысты бағдарламасы жоқ. Билiк басына келерде «Ақаевты тақтан тайдырғаннан кейiн бәрi жақсы болады. Коммунизмге келесi күнi-ақ қол жеткiземiз» деп халыққа уәде берген. Өкiнiшке қарай, елдiң экономикалық, конституциялық дамуы назардан тыс қалды. Әзiрге елдiң дамуына мүмкiндiк беретiн әрi тұрақтылықты қалыптастыратын ұзақмерзiмдiк жоспар жасалынбады және осындай ұзақмерзiмдiк жоспарға құрылған бағдарламаны жүзеге асыруға мүдделiлер де табылмай отыр. Бiздегi барлық әрекет нақты бiр оқиғаға немесе нақты бiр адамның қалауына орай жасалынуда. Билiктiң қолында стратегиялық жоспар жоқ.
— Сонда, сiздiңше, қазiргi билiк тым дәрменсiз бе?
— Бүгiнгi билiктiң жасап жатқан әрекетi елдi түбегейлi өзгертуге қауқарсыз. Стратегиялық тұрғыда тұрақты да жүйелi жоспарының жоқтығы «жығылған үстiне жұдырық» болып отыр. Менiңше, ел басшылығы елдегi саяси дағдарыстан шығар жолды тауып, ұзақмерзiмдiк дамудың тиiмдi жолына түсуi тиiс.
«ТҮРЛI-ТҮСТI ТӨҢКЕРIСТI» ЖАСАУҒА МҮДДЕЛIЛЕР ҚАЗАҚСТАНДА ДА БАР»
— Қалай ойлайсыз, қазiргi қырғызстандық билiк қазақ кәсiпкерлерiнiң қырғыз нарығына дендей енуiне, белсендi әрекет етуiне мүдделi ме? Елдерiңiздегi кейiнгi кездерi етек алған жағдайларға қарап сараптайтын болсақ, керiсiнше сияқты.
— Менiңше, қазақ-қырғыз ынтымақтастығының болашағына күмәнiм жоқ. Себебi, өз бизнесiнiң мүддесiн қорғауда қырғызстандық билiкке саяси және экономикалық тұрғыда белгiлi бiр деңгейде ықпал етуге Қазақстанның мүмкiндiгi бар. Өкiнiшке қарай, қырғыз инвесторлары көбiнесе қиын жағдайда қалады. Өйткенi, олардың мүддесiн қорғайтын ешкiм жоқ. Қазiргi таңда қырғыз кәсiпкерлерiне қатты қысым жасалынып отырғаны ешкiмге де құпия емес. Қазiр елде жекеменшiктiк бөлiнiстердiң соңы қайғылы жағдайларға да әкеп соғуда.
— Үстiмiздегi жылдың 4 желтоқсанында Қазақстанда президенттiк сайлау өткiзiлетiнiн бiлесiз. Сондай-ақ, алдағы жексенбiде (6 қарашада) Әзiрбайжанда парламенттiк сайлау өтпек. Осы сайлауларға қатысты сарапшылар пiкiрi сан-алуан. Сiздiңше, Қазақстан мен Әзiрбайжанда «түрлi-түстi төңкерiстiң» орын алуы мүмкiн бе?
— Менiңше, мұндай құбылыстардан сырт қалуға ешкiмнiң де кепiлдiгi жоқ. Қазiр «Қырғызстандағы оқиғаның орын алуына саяси билiктiң әлсiздiгi, елдiң әлеуметтiк ахуалының төмендiгi себеп болды» деген пiкiрлер айтылып жүр. Мен мұндай пiкiрлермен келiспеймiн. Иә, бiз аса бай ел емеспiз. Иә, халықтың басым бөлiгiнiң «аузынан ақ май ағып отырған» жоқ. Бiрақ «24 наурызға дейiн елдiң бәрi Ақаев билiгiне қарсы бағытты ұстанды» дей алмаймын. Өйткенi, Бiшкектегi оқиғаға Киевтегi секiлдi жүздеген мың адам жиналса, төңкерiстiң әлеуметтiк қиындықтар салдарынан туындағанына ешкiм күмән келтiрмес едi. Алайда он мың адам жиналып, билiкте төңкерiс жасауға талпынғаны елдiң әлеуметтiк жағдайына қатысты болмағаны анық. Кез келген құбылысты өз пайдасына шешуге ұмтылатын маргиналдар барлық елде кездеседi. Ондайлардың белгiлi бiр жағдайларда, белiгiлi бiр деңгейде Қазақстан мен Әзiрбайжанда да бар екендiгiне сенiмдiмiн. Мысалы, Украина саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрғыда Қазақстан сияқты өте қарқынды дамып келе жатқан болатын. Төңкерiске, елдiң көшеге наразылықпен шығуына не себеп болғаны жұмбақ. Сондықтан билiктi, саяси режимдi өзгертуге мүдделi топтардың бар екендiгiн жоққа шығара алмаймын. Бiрақ Қырғызстанға қарағанда, әлдеқайда жағымды әрi тиiмдi түрде iске асырылу мүмкiндiгiн де жоққа шығара алмаймын.
— Қазақстан Президентi Орталық Азия мемлекеттерiнiң одағын құру туралы ұсыныс айтты. Сiздiң көзқарасыңыз?
— Интеграциялық одақ құру — бүкiл әлемде бар құбылыс. Бүкiл әлем шекаралық кедергiлердi жойып, бiрiгуге ден қойды. КСРО құлаған сәтте-ақ интеграциялық мәселелердi жедел әрi оңтайлы шешiп алмағанымыз өкiнiштi. Жан-жаққа шашырап кеткеннен барлық мемлекет ұтылмаса, ұтқан жоқ. Әрине, «ештен кеш жақсы» деген. Еуропа интеграциялық проблемаларды шешуге 50 жылға жуық уақыт жұмсады.
«ӘКЕМ ҚАШЫП КЕТКЕН ЖОҚ…»
— Қазақ қоғамы билiктен тайдырылғаннан кейiн Ақаевтар отбасының үстiнен экономикалық сарындағы қылмыстық iстiң қозғалғандығынан хабардар…
— Арнайы жасақталған тексеру комиссиясының кәсiби бiлiктiлiгiнiң төмендiгi салдарынан бiздiң отбасымыз бен жақын туыстарымыздың Қырғызстандағы қандай да бiр бизнеске қатысы 7 айдан астам уақыттан берi анықталмай келедi. Бiр емес, бiрнеше рет келiп тексердi. Алайда анам басқарған қайырымдылық қорына, әкем басқарған бiлiм қорына, кiтапханаға қатысты тағылған айыптар дәлелденбегендiктен, қозғалған қылмыстық iс жабылды.
— Ал бауырыңыз Айдар Ақаевқа қатысты қозғалған қылмыстық iс неге жабылған жоқ?
— Ол айып та ойдан шығарылған нәрсе. Айдардың үстiнен қозғалған iске «есеп айырысуды көздеген» Қырғызстанның бұрынғы Бас прокурорының бастамасы себеп болған. Осы себептен, ерте ме, кеш пе, бауырыма тағылған айыптың да жалған екендiгi анықталатынына сенемiн.
— Әкеңiз қазiр қайда?
— Мәскеуде.
— Немен айналысып жүр?
— Ғылыммен шұғылдануда. Анам 1 қаңтардан бастап Мәскеу университетiнде дәрiс беруге кiрiседi.
— Елдiң елдiгiне қауiп төнгенде әкеңiз Кремльдiң қолтығына барып тығылды. Халыққа басу айтып, елдегi келеңсiздiктердiң алдын алудың орнына, Ресейге тұра қашты…
— Менiң әкемнiң санасы сергек, кез келген құбылысты нақты болжап, сергек сараптайды. Қырғызстандағы ахуал тұрақтанғаннан кейiн әкемнiң елге қайтып келетiнiне сенiмдiмiн.
— Қазақта «төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау араз болса, ауыздағы кетедi» деген нақыл бар. Басына iс түскенде Ақаевтар отбасы өзiн қалай ұстады?
— Отбасымыз өте тату, бiр-бiрiмiзге қолдау көрсетуден ешқашан танған емеспiз. Әсiресе, қазiргiдей қиын кезеңде.
— «Қазiргiдей қиын кезеңде» билiк немесе басқа да мүдделi топтар тарапынан сiзге қысым көрсетiлiп жүрген жоқ па?
— Қысымдар көрсетiлдi. Тiптi, шабуылдар да жасалды.
— Неге әкеңiздiң жанына кетiп қалмайсыз?
— Қазiр елде аса қиын жағдайда жүрген тек мен емеспiн. Мен тартып жүрген ауыртпалықтар Қырғызстан азаматтарының көпшiлiгiнiң басында бар. Өкiнiшке қарай, қазiр бiздегi ахуал онша жағымды емес әрi жеке басының қауiпсiздiгiне ешкiмнiң кепiлдiгi жоқ. Мүмкiн Ақаевтар отбасының өкiлi болғандықтан, билiк маған «баса назар аударатын» болар.
— Қолыңыздағы депутаттық мандаттан айырылып қалдыңыз. Сiздiңше, мандатқа қатысты шығарылған сот шешiмi әдiл ме?
— Әрине, әдiл емес! Заңға томпақ, конституциялық талаптарға мүлде қарама-қайшы.
— Неге?
— Себебi, менi депутаттық мандаттан парламенттiк сайлауға қатысты барлық шағым-арыздарды қарайтын мерзiм өтiп кеткеннен кейiн (2 айдан соң) айырды. Сот процесi барысында қолдан жасалған кедергiлер мен мандатқа қатысты мәселенiң алдын ала дайындалғанына сенiмдiмiн. Тiптi соттардың өздерi: «Бiздiң бұл iстi қарауға құқымыз жоқ. Бiрақ «жоғарыдан» келген нұсқау мен талапқа сәйкес қарап жатырмыз» деп өз әрекеттерiнiң заңсыздығын бiрнеше рет мойындаған болатын.
«ДЕПУТАТТАР ШЫНДЫҚТЫ АЙТУҒА ҚОРҚАДЫ…»
— Қазақстандық оппозицияның мүмкiндiгi мен шама-шарқын бағамдай алдыңыз ба?
— Қырғыз оппозициясының басын бiрiктiрген халықтың мүддесi емес, Ақаевқа қарсы ұстанған саясат. Ал қазақ оппозициясын бiр тудың астына Назарбаевқа деген қарсылық жинады. Мысалы, бiзде оппозиция өкiлдерiнiң кейбiрi билiкке келудi 15 жылдан берi жоспарлап жүрсе, ендi бiрi соңғы 4-5 жылда талаптанғандар. Олардың қолында қазiр елдi дамытуға арналған ортақ жоспары жоқ, идеялары бiр емес. Өкiнiшке қарай, менiңше, қырғыз оппозициясы секiлдi қазақ оппозициясының да құрамы ала-құла. Коммунистер, консерванторлар, радикалдық бағытты ұстанатындар… бәрi бiрге. Демек, бiздiң оппозиция – Ақаевқа, ал сiздiң оппозиция Назарбаевқа қарсы ұстанған бағыт пен саясатқа ғана ие. Яғни, екi оппозиция да елдегi саяси жүйенi өзгертуге емес, нақты бiр адамды билiктен тайдыруға мүдделi болды. Мұндай оппозициядан елге келiп-кетерi шамалы.
— Қырғызстан қоғамы азаматтылық пен адамгершiлiк қағидаларға, демократиялық талаптарға сай болуы үшiн қандай шаралар қолға алынуы керек?
— Ең алдымен саяси ойыншылардың барлығына (президентке де, премьерге де, парламентке де) бiрдей саяси ой еркiндiгiне кепiлдiк берiлуi тиiс. Өкiнiшке қарай, дәл қазiргi жағдайда олай болмай отыр. Заңсыз әрекеттер көбiнесе билiктiң бастамасымен болмаса да, оның үнсiз келiсiмiмен жүзеге асырылуда.
— Қазiргi қырғыз парламентiнiң саяси белсендiлiгiн қалай бағалайсыз?
— Бiздiң парламенттiң белсендiлiгiн жоғары бағалауға болады.. Бiрақ кейiнгi кездердегi оқиғалар керi әсерiн тигiзгенi анық. Депутаттар қоғамдағы өткiр проблемаларды айналып өтуге тырысады. Ашығын айту керек, оларға әсiресе, депутат Ахматбаевтың күтпеген жерден ажал құшуы қатты әсер еттi. Көрсетiлiп жатқан қысымдардан халық қалаулыларының жүректерi шайлығып қалған. Өкiнiшке қарай, қырғызстандық билiк 24 наурыздағы оқиғаға шынайы бағаны өте кеш бердi.
– Нелiктен?
– Бұл сауалды Бакиевке қою керек. Билiк басына келген – Бакиев. Оның орнына пiкiр бiлдiргенiм дұрыс емес.
— Бұл тұрғыда қырғыз билiгiнiң ұстанып отырған саясаты қандай? «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» бе?
— Премьер-министр елдегi саяси ахуалды жүйелендiру мақсатында әрекет етiп жатыр ғой. Өкiнiшке қарай, үкiмет құрамына қатысты туындаған дау премьердiң еңбегiн еш етуде. Алайда, күн тәртiбiнде тұрған мәселелердi бiрiгiп шешуге ұмтылған талпыныстар бар.
— Ол талпыныстардың нәтижелi болатынына сенесiз бе?
— Әрине, сенемiн. Мен кез келген мәселеге қарсы шығатын, бiржақты жағымсыз бағытты ұстанатын адам емеспiн. Сондықтан қырғыз халқының санасының сергектiгiне, шыдамы мен төзiмiнiң берiктiгiне, ақылы мен парасаттылығына, кемеңгерлiгiне сенемiн. Ұрыс-керiстiң пайдасынан зияны мол. Қызылкеңiрдектiк, дау-дамай ешкiмге абырой әкелмесi анық.
Әңгiме арасында
* * *
— Қазiргi уақытта немен шұғылданып жүрсiз?
— Бiрнеше жылдың жүзi болды, кандидаттық жұмысымды аяқтай алмай жүрмiн. Диссертациямның тақырыбы «Қырғыз Республикасындағы азаматтық қоғамды дамыту» деп аталатындықтан, көп нәрсенi жиi өзгертуге тура келедi.
— Қырғыз елiндегi 24 наурыз күнгi оқиға туралы кiтап жазу ойыңызда жоқ па?
— Әрине, бар. Қазiр сол оқиғаға қатысты кiтапты жазу үстiндемiн.
* * *
— Сiз кәсiпкерлiкпен айналыспайсыз ба?
— Жоқ, айналыспаймын.
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ