ЖАСӨСПIРIМ ТЕМЕКIГЕ НЕГЕ ӘУЕС?
ЖАСӨСПIРIМ ТЕМЕКIГЕ НЕГЕ ӘУЕС?
Ресми деректерге қарағанда елiмiзде 13-15 жас аралығындағы әрбiр үшiншi жасөспiрiм темекi шегетiн көрiнедi. Мамандардың пайымдауынша, бұл көрсеткiш әлемде аса жоғары көрсеткiштiң қатарына жатқызылады. Қазiр оқушылар арасында шылымға тәуелдiлер санының артуына көшелерде iлiнген парақшалар, теледидар мен газет-журнал беттерiнде темекi жарнамасының жиi берiлуi мен басылуы айтарлықтай әсер етiп отыр. Жарнама табыс көзi деп, кез келген телеарна темекiнi жар құлағы жастыққа тимей жарнамалаудан жалығар емес. Мұның екiншi бiр зиян жағы бар екендiгiн ескере бермейтiндiгiмiз өкiнiштi. Тiптi, жасөспiрiмдер темекiнiң түрiн түстегенi былай тұрсын, қоңырау кезiнде бұрқыратып тартатын көрiнедi. Бiзде құзырлы заң болғанымен, күнi бүгiнге дейiн қоғамды темекiнiң зиянынан сақтау шарасы орындалмай келедi. Оны тартып көрмеген адам да айналадағы “шеккiш” адамдардың түтiнiнен уланып жататынын байқамай қалады. Осыған байланысты салауатты өмiр сүру орталығының дәрiгерлерi жасөспiрiмдердiң темекi тартудың алдын-алуы мен шектеу туралы заң қаншалықты орындалатындығына орай тексеру жүргiздi. Негiзiнде заң бойынша республиканың барлық тұрғынына қоғамдық орында темекi тартуға және оны жарнамалауға толықтай тыйым салынады делiнгенмен, бұл орындалып жатыр ма? Елiмiзде кәмелетке толмаған жасөспiрiмдерге темекi сатуға тыйым салынғанмен, қазiр кiшкентай балаларға дүкендер мен дүңгiршiктерде сата беретiнiн күнде көрiп жүрмiз. Бiрде сусын алайын деп дүңгiршiкке барсам, 6-7 сынып оқитын бала “темекi берiңiзшi” деп ақшасын сатушыға ұсынды. Өзiнiң тауарының өтуiн көздеген ол: “Саған сатуыма болмайды, егер әкеңе керек болса өзi келiп алсын ” деудiң орнына бетi былқ етпестен үн-түнсiз бердi. Ол балақай алды да, тасада тығылған достарына апарды. Барлығы жерден жетi қоян тапқандай мәз-мейрам болысты. Осыған аңтарылып тұрып, “не аласыз?” деген сатушы даусынан жалт қарадым. Алатын затымды айта тұрып, “Сiз неге балаларға темекi сатасыз, әрбiрден соң оны не iстейсiң, кiм жiбердi деп те сұрамадыңыз ғой” деп қойып қалдым. Ал сатушы болса, “не шаруаңыз бар, бiзге өтсе болды емес пе?!” деп мiз бақпады. «Егер өзiңiздiң балаңызға сiз секiлдi сатушы темекi сатып жатса, қандай күйде болар едiңiз? Айтыңызшы. Көрер едiм, қарап тұрғаныңызды. “Сенiң темекiнi кәмелетке толмағандарға сататын қандай құқың бар”, деп шап берер ме едiңiз, кiм бiлсiн» дедiм де кете бардым. Сатушы апайым ойланды ма қайдам, артымнан көпке дейiн қараумен болды. Мiне, бұл бiр ғана жағдай. Ал мұндай заң бұзушылық әрекеттерге күнде барып жатқандар көп. Әлеуметтiк сауалнамадан белгiлi болғандай, қазiр жасөспiрiмдердiң 80 пайызы дүкендерден темекiнi еш қиындықсыз сатып алады екен. Ең күлкiлi жерi, сатушылардың әрбiр үшiншiсi кәмелеттiк жасқа толмағандарға сатуға болмайтындықтарын бiлмеген болып шыққан.
Бүгiнгi қоғамның iндетiне айналған балалардың шылым шегуiмен әуестенуiнiң алдын-алу мақсатында республикалық “Отан” партиясының бөлiмшелерi мен дәрiгерлер оларды қаражатпен қамту қажет деп отыр. Биылғы жылдың қыркүйек айы мен келер жылдың мамыр айына дейiн болатын “шылым шекпейтiндер сыныбы жарысы” атты акцияға негiзiнен мектептiң 5-7 сынып оқушылары қатыстырылмақ. Өйткенi, тексеру нәтижесi шылым шегуге әуестену дәл осы жастағы балалардан анықталған. Мұнда әрбiр оқушы темекi тартпауға, өзiнiң сыныбындағы темекiмен әуес баланы қойдыруға уәде етедi. “Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Ахметовтiң айтуынша, осы шара арқылы балалар арасында темекi тартуға тосқауыл салмақ. Статистикаға көз жүгiртсек, осындай балалардың арасында соңғы кездерi аса қауiптi дерттер көбейiп кеткен. Бұл мәселе жақында болған ҚР Салауатты өмiр салтын қалыптастыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен темекiге қарсы саясат жөнiндегi арнайы отырысында кеңiнен сөз болды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында аталған орталық қызметкерлерi жер-жердегi мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлi деңгейде iс-шаралар өткiзiп, жастар арасында темекi тартуға қарсы түсiндiру жұмыстары жүргiзiледi. Қазан айының соңғы күндерiнде Қазақстанға темекiнi бақылау саласындағы халықаралық саясаттың көшбасшылары, жоғары лауазымды қонақтар— профессор Пракит Ватисотокит (Тайланд) және экономика ғылымдарының докторы Хана Росс (АҚШ) арнайы сапармен келдi. Шетел өкiлдерiнiң темекiнi бақылау саясатындағы халықаралық тәжiрибелерiмен танысу мақсатында Мәжiлiс депутаттары мен Денсаулық сақтау вице-министрi кездестi. Профессор Пракит Ватисотокит өз елiнде және халықаралық қоғамдастықта кеңiнен танымал тұлға. Осыдан 20 жыл бұрын Тайландта темекi iндетiнiң таралуына және темекi индустриясына қарсы белсендi күрестi бастаған маман, бүгiнде темекi индустриясын халықтың денсаулығы, үкiметтiң пайдасы үшiн экономикалық және саяси тетiктермен басқару мүмкiндiгiн дәлелдеп отыр.
Темекi тарту никотинге бағыныштылық туғызады және денсаулық үшiн қауiптi. Бұл көптеген ауыр және қатерлi аурулардың, оның iшiнде өкпенiң қатерлi iсiгi, эмфизема және жүрек ауруларына себепшi болып табылады. Негiзiнде темекi тартатын адамның ауруға шалдығу қаупi өте жоғары. Егер сiз жүктi болып, темекi тартсаңыз iштегi нәрестеге зиян келтiрiп, баланың салмағы кем тууына әкеп соғады. Ал ер азаматтардың темекiнi шамадан тыс тартуы ғұмырының қысқаруына, жыныстық дәрменсiздiкке және белсiздiкке әкеледi екен. Денсаулық сақтау мекемелерi, соның iшiнде Халықаралық онкологиялық зерттеу агенттiгi “пассивтi темекi тарту” темекi тартпайтындардың дертке шалдығу ықтималдылығын арттырады деп қорытынды жасады.
Демек, химиялық қоспалары канцерогендi және уытты болып келетiн темекiнiң зияны өте жоғары. Темекi тартқанда шайыр мен никотин iшiңiзге жиналады. Бұл жаман пиғылдан аулақ болған жағдайда ғана ауруға шалдығу қаупi айтарлықтай кемидi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ