ПУТИН БАСАЕВ ПЕН БЕН ЛАДЕНДI ЕГЕУҚҰЙРЫҚҚА ТЕҢЕДI
ПУТИН БАСАЕВ ПЕН БЕН ЛАДЕНДI ЕГЕУҚҰЙРЫҚҚА ТЕҢЕДI
РАМАЗАН АЙЫ 565 ТҰТҚЫННЫҢ БОСАУЫНА СЕБЕПКЕР БОЛДЫ
Қасиеттi Рамазан айының аяқталуы мен Айт күндерiнiң басталуына орай Ирак және американ басшылығы Әбу-Грейб түрмесiнен 565 адамды босату туралы шешiм шығарыпты. Кiсi өлтiрiп, адамдарды ұрлап, коалиция әскерiне шабуыл жасаған және тағы да басқа ауыр қылмыстарымен ұсталған тұтқындарға ғана бостандық берiлмептi.
Сондай-ақ, Ирак үкiметi осы елдiң түрмелерiнде отырғандарға қасиеттi айда туысқандарымен кездесулерiне де мүмкiндiктер берiптi. Ирак үкiметi жасаған мұндай рақымшылықтың қасиеттi Рамазан айында бiздiң елiмiзде де көрiнiс тапқанында сауапты iстердiң бiрi болар едi.
70-КЕ КЕЛГЕН «ПЕРIШТЕ»
Бүгiнде Шәкен Аймановтың «Тақиялы перiште» фильмiн бiлмейтiн көрермен кемде-кем шығар. Әсiресе, «тақиялы перiштенiң» ролiн сомдаған Әлiмғазы Райымбековтiң бейнесi еңкейген кәрiден еңбектеген балаға дейiн жақсы таныс. Осыдан тура 37 жыл бұрын бойдақ жiгiт болып экранға шыққан ауыл азаматы бүгiнде жетпiске келiптi. Он баланың әкесi, 16 немере мен шөберенiң атасы Әлiмғазы Райымбековке жуырда «Қазақстанның мәдениет қайраткерi» атағы берiлдi. Бұдан қырық жыл бұрын қазақша күрестен Республика чемпионы атанған Әлiмғазы ата арада шамалы уақыт өткенде «Ән қанатында» атты фильмге түсiп, Қажымұқанның ролiн сомдады. Аталмыш фильмнен кейiн, үш жылдан соң, талантты режиссер Шәкен Аймановтың таңдауымен «Тақиялы перiште» комедиясына шақырылады. Қарапайым автокөлiк жүргiзушiсiнiң өнерде бағы жануына себепкер болған да осы фильм болса керек. Ойда-жоқта актер болып кеткен Әлiмғазы Райымбеков бұдан кейiн де он шақты фильмдерге түстi. Олардың арасында «Қан мен тер», «Долана» фильмдерi де бар.
«Тақиялы перiште» фильмi әлi күнге көгiлдiр экран бетiнен түспей келе жатқан санаулы фильмдердiң бiрi. Онымен қазақ киноөнерi де, қазақ көрерменi де мақтанады. Ал, басты ролдi сомдаған Әлiмғазы ата да өз көрерменiне «Тақиялы перiштесiмен» қымбат. Бүгiнде жетпiстi алқымдаған Әлiмғазы Райымбеков Алматы облысының Көксу ауданындағы «Еңбекшiқазақ» ауылында тұрады.
АНАЛАРДЫҢ «БОЛАШАҚ» МЕКТЕБI
Үстiмiздегi жылдың басында Денсаулық сақтау министрлiгiнiң арнайы бұйрығымен босанатын жастағы әйелдердiң медициналық тексеру бағдарламасы енгiзiлген болатын. Он ай iшiнде осы шара аясында әйелдер кеңестерiне Республикадағы жас әйелдердiң елу пайызы келiп толық тексерулерден өтiптi. Олардың жиырма пайыздан астамында болашақ сәбиге зиян әкелетiн түрлi дерттер анықталған.
Ал әйелдер шалдыққан дерттердiң басым көпшiлiгi – қан аздығы, бүйрек және аллергия науқастары. Жүктi әйелдердiң аналар мен жас сәбилердiң денсаулығын сақтауға және нығайтуға жәрдемдесу мақсатында екi мың бесiншi жылдың қарашасынан бастап, әйелдерге кеңес беру бөлiмшелерiнде «Болашақ ана мектебi» атты бағдарлама енгiзiлмек екен. Бұл бағдарламаның мақсаты – жүктi әйелдердiң босануына және дүниеге келген сәбилердiң дұрыс өсуi мен дамуына мамандандырылған кеңес, көмек беру.
Бүгiнде ананың әлеуметтiк жағдайы туралы жиi жазылып та, айтылып та жүр. Экология, түрлi апат, ауа-райының бұзылуы, түрлi әлеуметтiк жағдайлар ананың денсаулығына керi әсерiн тигiзiп-ақ бағуда. Ал, Денсаулық сақтау министрлiгi ұсынып отырған бұл шара қолға алынса, ана мен бала денсаулығының жақсаруына үлкен көмек болары сөзсiз.
60-МАУСЫМ «ҚЫЗ ЖIБЕКПЕН» АШЫЛДЫ
Алғаш рет А.Толстойдың «Алтын кiлт» спектаклiмен ресми түрде шымылдығын көтерген Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театры биылғы жылы өзiнiң 60-маусымын «Қыз Жiбек» спектаклiмен ашты. Гүлжамал Қазақбаева, Мәкiл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев сынды өнер тарландарын шығарған театрдың осы жылдар iшiнде жеткен жетiстiктерi де аз емес. 1998 жылы Мысырда өткен халықаралық өнер додасы Н.Жақыпбаев қойған Ш.Айтматовтың «Жан азабын» ең үздiк спектакльдердiң қатарына қосты. Дәл осы спектакль Бiшкек қаласында өткен «Наурыз -2000» халықаралық фестивалiнде бiрiншi орынға көтерiлдi. Ал, 2002 жылы Қазан қаласындағы «Түркi халықтарының фестивалi» Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрiнде» Қорқытты сомдаған Балтабай Сейiтмамытұлына «Актерлiк жеңiсi үшiн» жүлдесiн байлаған.
Биылғы маусымның ерекшелiгi театрға жаңа құрылыс жұмыстары жүргiзiлiп, ғимараттың iшi-сыртына күрделi жөндеу жүргiзiлiптi. Құрылыстың әлi де бiтпеген тұстары бар сияқты. 2006 жылы толығымен аяқталады деп отырған жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиондай АҚШ доллары жұмсалған екен. Әзiрге ғимараттың iшi-сырты көз тойғысыз боп өзгерiптi.
Бүгiнде театр басшылығына Талғат Теменов келдi. Биылғы маусымның жаңалығы не болмақ? Кино саласынан театрға ауысып келген Талғат Теменовтiң театрға алып келер жаңалығы не болмақ? Оны алдағы уақытта көрерменнiң өзi таразыламақ.
КIШКЕНТАЙ ҚЫЗ ҮШIН ИСПАНИЯ КОНСТИТУЦИЯСЫН ӨЗГЕРТПЕК
Испан ханзадасы Фелипе де Бурбонның отбасында қуанышты жаңалық. Ханшайым Летисия дүниеге қыз әкелдi. Атақты мадридтiк ауруханалардың бiрiнде дүниеге келген кiшкентай мұрагерге Леонер деген ат қойыпты. Ханзада әулетiн толықтырған кiшкентай ханшайым ендi испан Конституциясына өзгерiс әкелмек.
Фелипе де Бурбонға дейiн испан Конституциясы бойынша, ұл ғана тақ мұрагерi боп саналатын. Бiрақ, премьер-министр Хосе Луис Родригес Сапатеро бұл заңға өзгерiс әкелу қажеттiгiн айтып, адамдарды жынысқа бөлуге болмайтынын ескерткен. Ханзада Фелипе Леонер дүниеге келгелi Сапатероның бұл ұсынысымен келiсетiндiгiн бiлдiрдi. «Қазiр уақыт басқа, сондықтан бiзге жаңа реформа керек»,–дегендi алға тартады ханзада.
Жаңа реформа жасау үшiн ең әуелi конституцияға өзгерiс керек сияқты. Ал өзгерiстi жасау оңай шаруа емес көрiнедi. Ол үшiн испан парламентi мүшелерiнiң үштен екi дауысын жинау керек екен. Ал билiк әйел мен еркектiң теңдiгiн қатарластыру үшiн конституцияға өзгерiстi қалай да жасау қажеттiгiн алға тартып отыр. Бiзде ше?
БIР ЖЫНЫСТЫ ОТБАСЫЛАРҒА БАЛА БЕРМЕУДI ЗАҢМЕН ШЕКТЕУ ҚАЖЕТ
Қаракөздерiмiздiң мұхит асып жатқандығы соңғы уақытта жаңалық болмай бара жатыр. Қиырдан да, шығыстан да, батыстан да, тауды да, тасты да асып келiп жатқан шетелдiктер қазақтың қаракөздерiн асырап алуды әдетке айналдырып алды. Бiр қорқыныштысы, «Жер дауы», «Жесiр дауы», «Мал дауын» даулайтын кешегi қазаққа бүгiн адамның құны «көк тиынға» айналмай барады. «Шетке бала бермеймiз» деп жанталасқан зиялының да бүгiн үнi бәсеңдеп қалыпты.
Шетелдiктердiң бала асырап алғанын тоқтатып ала алмай жүргенiмiзде «қуырдақтың көкесiн» бiр жынысты отбасылардың бала асырап алып жатқанын да көрдiк. Сөйтсек, қазiр батыс үшiн жаңалық болмай бара жатқан еркек пен еркектiң, әйел мен әйелдiң одағының бiздiң елiмiзден бала асырап алуға ниеттерi де бар екен.
Сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев қазақстандық балаларды шетелдiк бiр жынысты отбасылардың асырап алуына қарсылығын бiлдiрдi. Бұл мәселенi Парламентте депутат Амангелдi Айталы мырза көтерген болатын. Министр мұндай сорақылыққа өз қарсылығын бiлдiрiп, Мәжiлiс депутаттарының тез арада осы мәселенi шешуiн ескерткен. Сөйтсек, бiздiң Ата заңымызда «бiр жынысты отбасыларға перзент берiлмейдi» деген тұсы жоқ екен. Осы олқылықтың салдарынан, Сыртқы iстер министрлiгi мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң талай сот процестерiнде ұтылып қалуына жол берiлiп жүр. «Бұл өте маңызды мәселе, бiздiң министрлiк қаракөздерiмiздiң табиғатынан жаңылысқандардың асырап алуына қарсы»,– дейдi министр мырза. Министрдiң көтерген бұл ұсынысы құптарлық-ақ жайт, ендiгi шаруа, қазақ баласының шет ел асып, өзге мемлекетке сатылмауына жол бермеудi шектесек, құба-құп болар едi.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛҚЫ АЙДАП ӨТПЕК БОЛҒАН ҮШ ҚЫРҒЫЗ ҰСТАЛДЫ
Жуырда Жамбыл облысындағы «Жасылтөбе» шекара бекетiнде Қырғызстанның үш азаматы ұсталды. Шекара қызметкерлерiнiң айтуына қарағанда, қырғызстандық азаматтар 1 млн. 40 мың теңгенi құрайтын 13 жылқыны алып өтпек болыпты.
Бүгiнде шекара аттап, қылмыс жасаушылардың тобы азаймай тұр. Сондай қылмыстың бiрi «Майтөбе» бекетiнде де қайталанған. «Майтөбе» бекетiнде Ресей Федерациясының алты азаматы қолға түсiптi. Ресейлiктер үш «КамАЗ» автокөлiгiмен 50 тонналық феррохромды Қазақстан шекарасынан Ресейге алып өтпек болған.
Ал Қазақстан арқылы Өзбекстанға өтпек болған, отыз алты тәжiк «Красный Водоподта» қолға түстi. Шекарашылар қолға түсiрген қашқындарды көшi-қон полициясына өткiзген.
Бүгiнде қылмыс көбеймесе, азаймай тұр. Соның бiр салдары шекара бұзушылық. Шекара бұзып, Қазақстанға қаптаған босқындарға бүгiн тоқсауыл болмаса, ертеңгi қауiптiң бiрi – солардан туындауы да ғажап емес.
ШЫҰ-ға МҮШЕ ЕЛДЕР ЛАҢКЕСТIККЕ ҚАРСЫ
ҚХР астанасы Пекинде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына қатысушы-елдердiң құқық қорғау құрылымдарының өкiлдерi жи¬налып, одан ары Оңтүстiк – Қытай теңiзiндегi Хайнань аралына ұшып кетiптi. Ұшып кеткен себебi, ҚХР-дiң Хайнань провинциясындағы Санья қаласында ШЫҰ-ның «Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттерде лаңкестiктiң, жiкшiлдiк пен экстремизмнiң алдын алу және жолын кесу туралы» тақырыбында конференциясы өтедi. Халықаралық сахнада саяси ахуалдың ушығуына байланысты «Шанхай алтылығы» арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының өкiлдерi үш қатерге қарсы тұру үшiн өзара iс-қимылды талқылап, оның жолдары мен әдiстерiн әзiрлемек көрiнедi.
Конференцияның өту себебi, ШЫҰ-ы лаңкестiкке қарсы аймақтық құрылым кеңесiнiң үстiмiздегi жылы қыркүйектiң 24-де Ташкент қаласында болған бесiншi отырысының шешiмiне сәйкес болып отыр.
ҚҰС ТҰМАУЫНА ҚАРСЫ ҚОЛДАНАТЫН ДӘРI ЖОҚ
Аты жаман құс тұмауының даңқы аспандамаса, төмендемей тұр. Күннен күнге ақпарат бiткен шуласып жазып жүрген құс тұмауына қолданатын дәрi Қазақстанда жоқ көрiнедi. Ауру шыға қалған жағдайда Қазақстанның Ресейге жалтақтаудан басқа амалы қалмайды екен. Әлемдi түршiктiрген iндет күнi кеше Алматыда басталған үшiншi Орта Азиялық ауыл шаруашылығы мен азық-түлiк өнiмдерi халықаралық конференциясында да талқыланыпты.
Құс тұмауы Қазақстанның солтүстiк аймағында бiраз залалын тигiзгенi туралы БАҚ-та бiраз жазылды да, айтылды да. Аталмыш iндет қазiргi құс қайтатын кезеңде тiптен өршiп тұр. Бұл iндет құс қайта келетiн көктемде де қайталанбасына кiм кепiлдiк бере алады? Аталмыш iндетке қарсы егiлетiн вакциналар бiздiң елiмiздегi құс өсiрушiлерге әлi жете қоймапты. Мамандар болса, ресейлiк әрiптестерiне ауыз ашып отырғанға ұқсайды.
Ресейдiң өзi бұл вакцинаны жылдың аяғына дейiн жасаймыз деп отырғанға ұқсайды. Сонда қалай болғаны, әлемдi шулатып отырған бұл iндетке қарсы егiлетiн дәрiнiң әлi күнге шығарылмағаны ма?
Гүлзина Бектасова