Қазақты ат үстінде тану керек

Қазақты ат үстінде тану керек

Қазақты ат үстінде тану керек
ашық дереккөзі

Жер аударылған поляк революционері Бронислав Залесскийдің «Қазақ даласының тіршілігі» атты суретті альбом кітабының жарық көргеніне 150 жыл.

Тарих сырына, замана қатпарларына, айнала алыс-жақын елдер шежіресіне көз салып, құлақ түрген сайын өз халқымыздың өткендегісіне байланыс­ты жаңа деректерге қаныға түсеміз. Көп уақытқа дейін арғы-бергі тарихымызда беті ашылмай бүгулі келген көп жайттар енді белгі бере бастады. Сол шежіре бұлағының бір көзі Батыс Еуропа елдерінің рухани тарихынан табылады. Батыс Еуропада өткен ғасырларда өмір сүрген ғалымдар мен жазушылардың қазақ елі жөнінде жазып қалдырғандары соңғы кезде көбірек мәлім болып жүр.

Бұл орайда ХІХ ғасырдың ортасында қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ауыз әдебиетін зиялы Еуропа халқына таныстыруға Сібір мен Қазақстанға айдалып келген поляктың ұлт-азаттық қозғалысының өкілдері, прогресшіл, демократияшыл көзқарасты революционерлерінің атқарған еңбектері ерекше. Кезінде қазақ жерінде Т.Зан, Я.Виткевич, Л.Турно, А.Янушкевич, Г.Зелинский, С.Гросс, Б. Залесский сынды поляк азаматтары айдауда болған. Бұлардың әрқайсысы екі халықтың бірін-бірі білу, тану, достасу дәстүрін дамытты. Сөзімізге айдауда болған поляк ақыны Густав Зелинскийдің (1809-1881) «Қазақ» және «Дала» поэмалары дәлел. Бұл шығармалар бізге негізінен кейінгі жылдары мәлім болғанымен (бұл екі поэма да тұңғыш рет қазақ тіліне 1964 жылы аударылып басылған) Еуропаның көп елдеріне бұрыннан танымал туындылар. Зерттеушілердің жазуынша тек бір ғана «Қазақ» поэмасы кейінгі бір ғасыр ішінде Еуропаның негізгі тілдерінде 22 рет басылым көрген.

Ал қазақ жерінде 24 жыл айдауда болған поляктың қоғам қайраткері, революционері Адольф Янушкевич (1803-1857) «Қазақ даласындағы сапар күнделігі» (1861, Париж) деген танымдық мәні аса зор кітап жазып қалдырған. Өте мол тарихи деректерге толы бұл кітап республикамызда алдымен орыс тіліне 1966 жылы, содан кейін 1979 жылы төл тілімізде жарық көрді.

Артына елеулі із қалдырған поляк азаматтарының тағы бірі – право ғылымдарының кандидаты Северин Гросс (1852-1893) ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдар аяғында Семей қаласында айдалу мерзімін өткере жүріп, халқымыздың өмірінен «Қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптары» деген еңбек жазып, (1856 Петербург), тіпті, оны жеке кітап етіп шығартты. Қазақстандықтар үшін Гросс есімі барынша құрметке ие, өйткені ол кезінде халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевпен етене танысып, дәйекті достықты қалыптастырған, оның дүние танымы мен рухани өсуіне азды-көпті әсер еткендердің бірі болып саналады.

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жерінде айдауда болған поляк революционерлерінің біразы қазақ-еуропа әдеби байланыстары тарихында елеулі еңбек, өшпес белгі қалдырып кетті. Демек, ХІХ ғасырда Қазақстанда айдауда болған поляк азаматтарының өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеу әлі де жұртшылыққа беймәлім көп деректердің бетін ашатыны, сөйтіп, халықтар ынтымағының, достығының тарихын толықтыра түсері даусыз.

333838_original

Тарихтың бұралаң соқпақтары енді бір поляк перзенті – Бронислав Залесскийді (1820-1880) туған жерінен тым шалғайда жатқан далаға әкетіп, бейтаныс халықтың өмірі мен тіршілігін суретке салғыздырды. Айтып отырғанымыз Қазақстанда айдау­да болған поляк суретшісі Бронислав Залесскийдің 1865 жылы Парижде жарық көрген «La Viedes steppes kirqhizes» («Жизнь казахских степей») атты суретті альбом кітабы.

Рас, бұл кітап бұдан ширек ғасыр бұрын республикамыздағы «Өнер» бас­пасынан қазақ және орыс тілдерінде бір түптемеде жарық көрген еді.

Басты айтарымыз, бұдан 150 жыл бұрын шыққан осы кітап тарихы да, оның авторы Б.Залесскийдің шығармашылық өнері де алуан сырлы шежіреге толы екендігі ешбір дау туғызбаса керек.

Поляк халқының демократ-револю­ционері Бронислав Залесский ХІХ ғасырдың 40-жылдарында өз елінде ұлт-азаттық идеяларын студенттер ортасында барынша батыл уағыздағаны үшін бірнеше рет қудаланған, тұтқындалған. Ақырында өз пікірінен қайтпаған оны патша үкіметі 1848 жылы Орынбордағы әске­ри корпусқа солдаттық қызметке жібереді.

Осы жылдары Б.Залесский Орын­борға өзі секілді айдалып, солдаттық қызметке келген Украинаның ұлы ақы­ны Тарас Григорьевич Шевченкомен танысып, достасады. Сурет салуға деген қабілетімен ерекше көзге түскен Залесскийге 1848 жылы Арал экспедиция материалдарын қорыту тапсырылады. Міне, осы уақыттан бастап оның қазақ жерімен, тарихымен танысу кезеңі басталады. Суретші Залесскийдің өмірінде Шевченко үлкен рөл атқарып, сурет салудың алуан тәсілдерін үйретіп, қамқорлығын аямайды.

1854 жылы Маңғышлақ түбегіндегі көмір қорын барлауға аттанған экспедицияда бірі суретші, екіншісі құжаттаушы қызметтерін бірлесе атқарған. Дәл осындай шаруамен екеуі Каспий жағалауындағы жұмыстарға да бірге қатысты. Екеуінің арасындағы айнымас достық, шығармашылық ынтымақ байланыс кейін Залесский әскери қызметтен босанып, Петербургке қоныс аударғаннан кейін де үзілмейді.

Польшаға қайта оралған соң ол бірінші кезекте естеліктерін жариялауға әрекет жасап, 1857 жылы «Қазақ даласына екі сапар» деген атпен оны «Әлем кітабында» бастырды. Төрт жылдан соң Залесский Францияға біржола көшіп кетті.

Залесский Польшадағы ұлт-азаттық қозғалысына қолынан келгенше рухани жәрдемдеседі. Сөйтіп, бір кезде Орынборда, Батыс Қазақстан өлкесінде өткізген өмірі туралы мақалалар жазады. Бұлар кезінде итальян, француз және поляк тілдерінде жарық көрді.

167486_original

Алғаш рет Парижде он екі кескін­деме суреттерін (офорттарын) көпші­лік назарына ұсынды. Франция оқырман­дары олардың ерекшеліктерін тез байқа­ды. Өйткені бұл Батыс Еуропа жұрт­шылығын Қазақстан пейзажымен, сондай-ақ, қазақ халқының тіршілігімен, дәстүр-салтымен көзбе-көз таныстырған тұңғыш басылым еді.

Бронислав Залесскийді зиялы Еуропа жұртшылығына салиқалы суретші ретінде әйгілі еткен еңбегі оның 1865 жылы Парижде француз тілінде шыққан «Қазақ даласының тіршілігі» атты суретті альбом кітабы. Әдемі әшекейлермен, татымды түсініктермен шыққан бұл альбом алыстағы қазақ даласының тыныс тіршілігін еуропалықтарға айқара жа­йып салған.

Залесский альбомға жазған қысқаша алғысөзінде «Оқырман назарына ұсынылып отырған осынау дүние тарихи зерттеу де, этнография жөніндегі еңбек те емес. Туристің қолжазбасы деуге де болмас еді. Шалғайдағы осы өлкені мекен етуге дәм айдап келген соң, менің мұнда табаны күректей тоғыз жылды өткізіп, шетсіз-шексіз даланың бір қырынан екінші қырына дейін ерсілі-қарсылы, аттылы-жаяулы дегендей, жүруіме тура келіпті.

Сурет салу мен үшін еріккенде ғана уақыт өткізер ермек емес. Қарындаш, қағазымды қолыма алып отыра қалар сәттерім жанымды жеген мұң-шерімді ұмыттырып, көңілді алаңдатар ең бір бақытты уақыт деуге болады. Табиғат екеуміз бір-бірімізбен мүлде жақындасып, кірігіп кеткендейміз. Ол менің ұстазыма айналды. Жазира перзенттері өмірінің еріксіз куәгері ретінде олардың тіршілігін қалауымша бақыладым. Олардың аузынан жүйрік қиялдарының жемісіндей кейбір ертегілерін тыңдадым.

Бұл жазбада мен өзім байқаған жайлардың және жинап қағазға түсірген аңыздардың бір бөлігін ғана ұсынып отырмын. Меніңше, мұндай еңбек оқыр­манын өзінің жаңалықтарының молдығымен қызықтырар деген ойдамын.

Қателеспесем, батыстың бірде-бір адамы бұл ел туралы көркемдік тұрғыдағы шығарма жазбаған, осынау даланың пейзажын салмаған. Өз шығармамда ұсынып отырған дүниелердің бәрі де өмірдің өзінен ойып алынғандай. Салған суреттерім мен жазбаларымда қиял жетегіне ілесіп кетпей табиғаттың өзіне көп үңілдім. Сондықтан да әрбір деталь, тіпті қы­лаудай сызығымда кейбір кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ олардың дәлдігі мен шыншылдығында күмән жоқ.

Желтоқсан, 1864, Париж. Бронислав Залесский».

Залесский альбомына қазақ жерінің әр қырын бейнелейтін 22 сурет және олардың әрқайсысына жеке-жеке түсініктемелер қоса берілген. Автор альбомына кейде қазақ даласының әр шетінен естіген аңыздарды да шеберлікпен енгізе білген.

Залесский альбомының барынша құндылығының енді бірі – оның айдауда жүрген кезінде жазылып, 1857 жылы өз елінде баспа бетін көрген «Қазақ даласының тіршілігі» атты очеркінің осы жинаққа тұтас берілуі. Тіпті, осы очерктің атымен Залесский өзінің альбом кітабын да тегін атамаған. Альбомдағы барлық суреттеріне кезінде өзі аралаған Батыс Қазақстан жерлері арқау болған. Атап айтқанда «Ақтау тізбектері», «Маңғыстау бағы», «Жалаңашкөл», «Маңғыстаудағы сай», «Киелі адам», «Қазақ әулиесінің зираты» суреттері арқылы бүкіл қазақ даласына тән құбылыстар мен көріністерді дәл бейнелеген.

Мысалы, «Жалаңашкөл» суретіндегі көл жағасында ат суарып тұрған қазақтың киім киісі немесе «Қазақ әулиесінің зиратында» бейнеленген екі жолаушының құран оқып отырған кезі көрерменді дәлділігімен, тіпті, нанымдылығымен баурап алары сөзсіз.

Қазақтың ақындық, жыршылық өнері әрқашанда өзіне ерекше назар аудартқан ғой. Залесский де осыған орай «Қазақ үйінің ішінде» деген сурет салып, оның ішінде қымыз ішіп отырған қазақтар мен қобыз тартып, өлең айтып отырған жыршыны бейнелеген.

Қазақ елі жайлы естеліктерінде Залесский бояумен жаза алмаған нәрсе­лерін кейінгі ұрпаққа сөзбен жеткіз­ген. Соның ішінде дарқан дала иесі қазақтың бейнесін жатжұрттықтар ішінде Залесскийден артық суреттеген ешкім жоқ. Ендеше Залесский баяндап көрсін:

«Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай, шалдықпай ат үстінде жүре берер төзімділігін, ептілігін көргенде қазақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді. Оның есесіне жаяу жүрісте тез шаршап қалады. Қазақтар шешен келеді және өздері мұны тәлімді тәрбиенің немесе жақсы тектен шыққандығының дәлелі деп санайды. Жоғары мәртебелі кісі әңгімеге бел шешіп араласқан кезде шешендік сөздер мен әдемі теңеулер шегінен аса төгіледі дерсің, даусын көтере, қолдарын сермей отырып сөйлегенді ұнатады».

Ал дала көлігі түйе малын Залесскийше баяндауда оқырманды бейжай қалдыра алмаса керек. «Шөл даланың нағыз тәңірі деп қазаққа өлшеусіз пайдалы түйе көлігін атаған жөн. Бұл маңда болып кеткен жолаушы түйенің сызылта ұзақ боздаған жалынышты үнін өмір бойы ұмыта алмас. Егер осы үнді біздің қалалардың көшесінен немесе бақтың ішінен естір болсаң онда, дау жоқ, бұл дыбыс төбе құйқаңды шымырлататындай жаман әсер берер еді.

Алайда шексіз шөл даланың тымық түнінде келе жатқан кезіңде түйенің боздағанын естісең, онда бұл үн тым асқақ шіркеу органының үніндей құдіретті естілер еді. Бұл шынында дала органы, оның қуаттылығы сонау шексіздікпен әдемі астасып, көкірегіңде бір салтанатты күйді ойнатады».

Залесскийдің бұл альбомы өз кезінде де кейін де жұртшылық назарын аударады, жоғары бағаланады. Альбом Парижде жарық көрісімен-ақ Ресейге де мәлім болады. Альбомға сол кездің атақты ғалымы В.В.Григорьев мәнді пікір жазған. Бұл пікір 1865 жылғы «Императорлық география қоғамының хабарлары» атты журналдың он бірінші санында басылған. Григорьев қазақ даласын зерттеу сапарларының бірінде Залесскиймен бірге болып, оның көптеген суреттерінің тарихына куә болған екен.

Сондықтан да ол Батыс Қазақстан далаларын Залесскийдей аралаған еуропалықтардың аз екенін, оның суреттерінің дәл және анықтығын айта келіп, «мұнда қазақ далалары мен қазақтардың өмірі шындыққа толық сай келетінін біз растай аламыз» – деп жазған.

Демек, дархан дала перзенттері – қазақ халқын ақ-адал жүрегімен қастерлеп ұнатқан поляктың айтулы азаматтарының еселі еңбегі арқасында, ХІХ ғасырдың ортасында-ақ Париж ғана емес, Варшава, Берлинде қазақ ауылына көз тігіп, киіз үйлерді өз көздерімен көргендей әсер алған. Ендеше, Залесскийдің бұл суретті кітабы күні бүгінге дейін тарих, этнография ғылымдары үшін аса бағалы мұра болып қала бермек.

Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі