НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: БАРШАҢЫЗҒА БАҚ-БЕРЕКЕ, ЕЛIМIЗГЕ ТЫНЫШТЫҚ ТIЛЕЙМIН!
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: БАРШАҢЫЗҒА БАҚ-БЕРЕКЕ, ЕЛIМIЗГЕ ТЫНЫШТЫҚ ТIЛЕЙМIН!
Дәл осы күнi Астанадағы орталық мешiт «Нұр Астанада» Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың болуы және жер шарының 1,5 миллиардтан астам мұсылман баласы тойлап жатқан Қадiр түнiмен барша қазақстандық мұсылмандарды құттықтауы елдегi негiзгi дiн Ислам екендiгiн танытқандай. Иә, Қазақстан зайырлы мемлекет. Бұл елде дiн саясаттан және мемлекеттiк басқару жүйесiнен бөлiнген. Алайда, дәл осындай зайырлы қоғам құру барысындағы мемлекеттердiң басшыларының көбi өзi елiнiң ұстанатын басты дiнiне құлшылық етедi. Мәселен, Ресей президентi Владимир Путин Православие шiркеулерiне ғана барса, израйлдiк басшылар тек синагогаларды жағалайды екен. Бiрақ та, бұл сол елдiң дiни мемлекет екендiгiн танытпаса керек. Осы үрдiстi жақсы ұстанған Елбасы халықтың үштен екiсi ұстанатын мұсылмандардың әрбiр мейрамында жамағатты құттықтауды ұмытқан емес. Сөйте тұра Елбасы елдегi өзге дiн өкiлдерiнiң де өз дiндерiн дамытуына ерекше қолдау көрсетiп келедi. Соның әсерi болуы керек елдегi 45 дiни конфессия өкiлдерi тату-тәттi өмiр кешуде.
Қасиеттi Қадiр түнiнде жамағатпен бiрге тiлек тiлеген Елбасы мұсылмандарды құттықтай отырып: «Бейбiтшiлiк пен келiсiм, жүргiзiлген реформалардың арқасында Қазақстан бүгiнде үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Жылдан-жылға халқымыздың әл-ауқаты жақсарып келедi. Дүниежүзi дiндерi басшыларының I съезi осы Астанада өттi. Осының бәрi дүниежүзi халқының бiзге деген, барлық дiндердiң Қазақстан жерiнiң «қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын» жағдайының халықтың аузында жүргенiнiң белгiсi. Баршаңызға бақ-береке, елiмiзге тыныштық тiлеймiн. Қадiр түнi қабыл болсын, ниеттерiңiз Алланың құлағына жетсiн» дедi.
Есенгүл Кәпқызы