ИРАН ПРЕЗИДЕНТIНIҢ МӘЛIМДЕМЕСI ДҮНИЕНI ДҮР СIЛКIНДIРДI
ИРАН ПРЕЗИДЕНТIНIҢ МӘЛIМДЕМЕСI ДҮНИЕНI ДҮР СIЛКIНДIРДI
«ИЗРАИЛЬ АСТАМШЫЛЫҚҚА ЖИI БОЙ ҰРАДЫ»
Дүние жүзiн аяғынан тiк қойған осы мәлiмдемесiне дейiн Иран Палестинада ұлттық мемлекет орнатып, астанасын қасиеттi қала – әл-Құдсты бекiтуге ұсыныс жасаған болатын. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 60-сессиясында Иранның президентi Махмуд Ахмаденижад: «Әдiлдiктiң үстемдiк құруы, адам құқықтарының аяққа тапталуы мен палестиналықтардың жерлерiн басқыншылық жолмен иеленуге тоқтау салу, барлық палестиналық босқындарды елге қайтару, жалпыхалықтық сайлаулар өткiзу, ұлттық мемлекет құру және қасиеттi әл-Құдсты астана етiп бекiту сияқты мәселелер шешiмiн тапқанда ғана Палестинада тұрақты бейбiтшiлiк орнайды» деген едi. БҰҰ басшысы Кофи Аннанның ирандық президенттiң мәлiмдемесiне қатысты бiлдiрген алаңдаушылығын Қауiпсiздiк кеңесiне мүше елдердiң өкiлдерi толық қуаттады. Мемлекетiн «әлемдiк картадан сызып тастауға» байланысты айтқан сөзге «ер-тұрманын бауырына ала тулаған» Израильдiң премьер-министрi Ариэль Шарон мен вице-премьер Шимон Перес Иранды Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан шығаруға ұсыныс жасады. Қос шенеунiктiң қоқаңдағанына айылын жия қоймаған Махмуд Ахмадинежад «Израильдi жер бетiнен мүлде жойып жiберуге» қатысты мәлiмдеме жасағанын мойындай келе, өз сөзiнiң дұрыстығына және әдiлдiгiне сенетiндiгiн айтты: «Әй» дейтiн ажа, «қой» дейтiн қожа жоқ, ойларына келгенiн iстеп жүрген есерсоқтар (АҚШ пен Израиль -Н.Ж.) бүкiл әлем дегенiнен шықпауы керек деп ойлайды». Осы екi мемлекеттi қатаң сынға алған ирандық президент: «Палестиналық талай отбасының шаңырағын ортасына түсiрген АҚШ пен Израиль жан баласы бiзге қарсы тұра алмайды деп ойлайды» дедi. АҚШ президентi Джордж Буш та қарап қалмады, Иран мен Сирияны «заңсыз режим» деп атады. Оның пiкiрiнше, халықаралық лаңкестiкке қолдау көрсететiн мемлекеттердiң кiнәсi мен күнәсi лаңкестiктi жүзеге асыратын жанкештiлерден кем емес. Буштың байбаламынан ыға қоймаған Ахмадинежад: «Израильдi Жер бетiнен жойып жiберуге қатысты айтқан сөзiм тек менiң ғана емес, бүкiл Иран халқының тiлегi» деп салды. Ватиканның споуксменi Жоакин Наварро-Валлс Иран басшысының мәлiмдемесiн сынай келе, Израильдiң де ұстанып отырған саясаты көп жағдайда халықаралық құқыққа қарама-қайшы келетiнiн айтты.
«ҚАРҒАЙЫН ДЕСЕМ – ЖАЛҒЫЗЫМ, ҚАРҒАМАЙЫН ДЕСЕМ…»
Иранның атом бағдарламасының БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде қаралуына үзiлдi-кесiлдi қарсылық бiлдiрген Кремль Израильге қатысты мәлiмдемеге келгенде «қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызымның» күйiн кешiп отыр. Бiрақ Ресейдiң қорғаныс министрi Сергей Лавров Иорданияның астанасында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ахмадинежадтың мәлiмдемесiн «буынсыз жерге ұрылған пышақ» ретiнде бағалап, ресми Тегераннан мәлiмдеменiң астарын ашық түсiндiрудi талап еттi. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Вашингтоннан қызғыштай қорып жүрген Иранның Израильге доқ көрсетуi саяси тұрғыдан алғанда, Ресейдi әлем алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Бiрақ Лавровтың «қолымен от көсеген» Кремль ядролық бағдарлама мәселесiне келгенде, Ираннан сырт айналмасы белгiлi. Өйткенi, ирандық мұнайдан мол пайда көрiп отырған Кремль «аңдамай сөйлеймiн деп, ауырмай өле жаздаған» Иранның бар «еркелiгiн» көтеруге бар. Оның дәлелi – осыдан екi апта бұрын Орталық Азия аймағына саяхат жасаған АҚШ мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс Ресей президентiмен кездесу барысында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты пiкiрiн бiлдiргенде «халықаралық лаңкестiкпен күрес», «әлемдiк қауымдастықтың қауiпсiздiгiн» желеу ете отырып, Мәскеуден қолдау күткен болатын. Алайда «өзi дегенде өгiз қара күшi бар» Ресей керiсiнше, Райсты райынан қайтаруға тырысты. Кремльмен келiсе алмаған Кондолиза елiне орыстарға тоңтерiс аттанды. Алайда Мәскеу көңiлiндегi Иранға қатысты қыжылды Лавровтың аузымен айтып тынды: «Ахмадинежадтың Израильге қатысты жасаған мәлiмдемесi Иранның ядролық бағдарламасын БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде қарауға ұсыныс бiлдiрiп жүргендердiң күмәнiн қоюлатқанымен қоймай, олардың өздерi ұстанған бағытының дұрыстығына көз жеткiзе түстi». Iле-шала қатты айтқан сөзiн жуып-шайғансыған Лавров Кремльдiң ядролық бағдарламаға қатысты ұстанған саясаты өзгермегендiгiн және Германия, Франция мен Ұлыбритания сияқты еуропалық үштiкпен келiсе отырып, халықаралық қатынастарды жандандыруға күш салынатындығын мәлiмдедi. Арада 3 күн өткенде Путин мен Ахмадинежад кеше ирандық ядролық бағдарлама, екi ел арасындағы және халықаралық қарым-қатынастағы өзектi мәселердi телефон арқылы талқыға салды.
КРЕМЛЬМЕН КЕЛIСЕ АЛМАҒАН КОНДОЛИЗА…
Президенттiкке сайлана салысымен-ақ, Иранды исламдық қағидаларға сай қоғам ретiнде қалыптастыруға тырысатынын және мұнай өндiрiсiне қатысты келiсiм-шарттар жасасуда ирандық компанияларға баса назар аударатынын ашық айтқан Ахмадинежад өз мәлiмдемесiнде: «Бiрiккен Ұлттар Ұйымының ережесiнде көрсетiлген талаптарды қатаң ұстанатын Иран Ислам республикасы қандай да бiр мемлекетке қарсы қару қолдануға немесе ашықтан-ашық қорқытып-үркiтуге қатысты қадамдарға ешқашан барған емес. Өкiнiшке қарай, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Иранға қарсы ұстанып отырған саясаты тұрақтылық пен нақтылықты қажет етедi. Осының салдарынан Қауiпсiздiк Кеңесiнiң кейбiр мүшелерi Иранға қатысты мәселелерде қысым жасау мен қорқытып-үркiту тәсiлдерiн iшкi саясаттағы басты құралына айналдырып отыр» дедi. Әлемдiк қауымдастықтың наразылығын тудырып алған мәлiмдемесiне байланысты «Иран Израильға қатысты күш көрсетудi көздемейдi және Бiрiккен Ұлттар Ұйымы алдындағы мiндеттерiн орындауға мүдделi» деп ресми түрде мәлiмдеме жасаған Иранның сыртқы iстер министрi Манучер Моттаки ресми Тегеранның Таяу Шығысқа қатысты дауды шешудi Палестинаның қалауы мен саяси еркiне салатынын айтты. Бұған дейiн Моттаки мыңдаған ирандықтың еврей мемлекетiнiң исламдық қоғамға қатысты ұстанып отырған сыңаржақ саясатына қарсылық ретiнде шеру ұйымдастыратынын мәлiмдеген болатын. Ресми Тель-Авив Иранды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қатарынан шығарып тастауды талап еттi. Есесiне, араб елдерiнiң көсемдерi Ахамадинежадтың ұсынысын құптаған сыңай танытқанмен, көпшiлiгi үнсiз қалды. Тек еврейлермен келiссөз жүргiзiп жатқан палестиналық өкiл Саеб Эрекат: «Израильдi мемлекет ретiнде бiз мойындадық. Қазiр екi ел арасындағы келiссөздердi жүргiзудемiз. Ирандық президенттiң айтқан сөзi ақылға қонымсыз әрi бiздiң тарапымыздан қолдау көрсетiлмейдi» деп мәлiмдедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ