Жаңалықтар

СКИНХЕДТЕР ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПТЫ...

ашық дереккөзі

СКИНХЕДТЕР ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПТЫ...

Бұның бәрi бiзде емес, көршiлес басқа елде болып жатқандықтан, осы тақырыпқа бола арнайы әңгiме шығармай-ақ қоюға болар едi. Бiрақ… Бiрақ сол скинхедтер басқамен қатар Ресейге бара қалған не сонда тұратын қазақтарды жабайы аң құсатып, аулап ұстап, өлiмшi қылып сабап не тiптi жанын алып жатса, үндемей қала беруге бола ма?! Бұл жерде ең алдымен ҚР Сыртқы iстер министрлiгiне, сосын бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен ренiш бар. Әсiресе республикалық телеканалдарға. Солардың «ойбай, сол көршiлес ұлы халық пен оның шамшыл өкiлдерiн ренжiтiп аламыз ба?!» деп бұқпантайлауының кесiрiнен сол Ресейде нәсiлшiл қанiшерлер өлтiрген қазақтар үшiн олардың артындағы мемлекет болып, халық болып жауап талап ету тiптi де болған жоқ. Ол ол ма, Қазақстан халқы ондай жайттер туралы осы уақытқа дейiн негiзiнен хабарсыз қалып отыр. Бұдан өткен бассыздықты көз алдыңа елестетудiң өзi мүмкiн емес.

Өзiңiз ойлап қараңызшы! Кез келген ел сыртта жүрген отандасының не қандасының, сол мемлекеттiң не ұлттың өкiлi болғаны үшiн өлтiрiлмек түгiлi сабалғанын естiсе болды, бiрден Сыртқы iстер министрлiгi тарапынан үлкен дау көтередi, басқа да саяси не дипломатиялық демарштарға барады. Бұл дәстүрлi жағдай. Ал Ресейде соңғы бiрнеше жылдың iшiнде талай қазақ нәсiл тазалығы үшiн күресушi қанiшерлердiң қолынан мерт болды. Бiрақ осыған бола қапа болып не ең болмаса алаңдап жатқан қазақ елi мен Қазақстан мемлекетi жоқ. Бұның бәрiнiң жай әңгiме ретiнде қабылданбасы үшiн нақты фактiлердi келтiрейiк.

«ЕКАТЕРИНБУРГ, 5 ноября. Жители одного из домов по улице Викулова позвонили в милицию и сообщили, что в их дворе двое молодых людей зверски избивают мужчину, который зовет на помощь. Его уже запинывали ногами. До появления наряда истязатели скрылись. Прибывшим милиционерам потерпевший сообщил, что напавшие не требовали с него денег и не пытались завладеть его личными вещами. Били его только за то, что он казах по национальности.

Вскоре по приметам скинхеды были задержаны и несмотря на сопротивление, доставлены в Верх — Исетское РУВД. Решается вопрос о возбуждении уголовного дела по статьям «Нанесение тяжких телесных повреждений» и «Оказание сопротивления работникам милиции» (Кирилл Дербенев. «В Екатеринбурге двое скинхедов зверски избили казаха из-за его национальности», ИТАР-ТАСС, 05.11.2003 ж.). Осы хабардың тақырыбына назар аударайық. Журналистiң, дәлiрек айтқанда оған мәлiмет берген Екатеринбург қаласындағы Верхне-Исетский аудандық iшкi iстер басқармасының түсiнiгi бойынша, осы жерде жапа шеккен адамды оның ұлты үшiн соққыға жыққан. Әрине, бұл – анайы бұрмалана жасалған тұжырым. Және де оны дәлелдеу оп-оңай.

Аталмыш екi жауыздың осы қазақты танымай, тек түрi бойынша оған ұрынғаны айқын нәрсе. Ал егер оның орнында молдован, латыш не поляк болған болса ше?! Аталған ұлт өкiлдерiнiң орыс емес екенiн аталған екеу қайдан бiлер едi?! Бұны бiр деңiз. Екiншiден, әлгi соққыға жығылған қазақты ұрардан бұрын бұлардың одан ұлтын сұраған-сұрамағаны екiталай нәрсе. Яғни, оның қазақ екенiн бiлiп сабағаны – ешбiр дәлелденбеген нәрсе. Бұндай жағдайда болып көрген қазақтар шатақтың қалай басталып, қалайша өрбитiнiн көз алдына жақсы елестете алады. Әшейiнде осылайша тиiсетiндер «Сенiң ұлт кiм?» деп сұрап жатпайды. Көшеде кездейсоқ ұшырасып қалғанда сенiң олардың салған жерден жынын қоздыратын белгiң – ұлтың емес, сыртқы түрiң, яғни көзге ұрып тұратын нәсiлдiк айырмашылықтарың. Бұндай нәсiлшiлдерге сен якутсың ба, қазақсың ба, қытайсың ба, бурятсың ба бәрi бiр. Сондықтан ұлтыңның кiм екенiне олар көбiне-көп бас қатырып жатпайды. «Өй, қысық көз малғұн» деп кiжiнiп, жұдырығын не қаруын ала жүгiредi.

Бұл жердегi бiз үшiн басты назар аударатын нәрсе – нәсiлшiлердiң шатақты қалайша бастайтыны емес, ресейлiк билiк өкiлдерi, нақтылап айтқанда, құқық қорғау органдары мен олардың бұрмаланған түсiнiктемелерiн байқамағандай болып қайталайтын сондағы БАҚ өкiлдерiнiң аярлығы. Бұлардың Ресейде көзiне қан толып, құтырып тұрған жауыз, қанiшер нәсiлшiлдiктi байқамағансуы. Байқаса да, оған тиiстi мән бермеуге тырысуы. Осылай болған соң, бұндай жағдайлардың қайталана беретiнiне таңдануға рет жоқ. Мiне, тура биыл болған осындай оқиға туралы мәлiмет: «1 мая 2005 г. в Кургане трое скинхедов избили казаха. Они били окна в домах, где живут семьи казахов. Житель дома попытался их остановить, за что и был жестоко избит. Примечательно, что часом ранее они по¬пытались завязать драку с человеком неславян¬ской внешности, но немедленно отступили, увидев, что он не один и что они могут встретить сопротивление» («В Кургане скинхеды избили казаха», Информационно-аналитический центр «Сова», 23.08.2005 ж.). Не болмаса, мiне, тағы бiр мәлiмет: «Челябинские скинхеды избили казаха» (rustv.ru). Ресейдiң Курган облысында сол жақтың статистикасының мәлiметiне қарағанда, 16 мың жергiлiктi қазақ, Челябi облысында 34 мың жергiлiктi қазақ тұрады. Ресейдегi билiк пен құқық қорғау органдары өз азаматтары болып табылатын қазақтарды өгейсiнiп, «Өздерiңе сол керек» дегендей кейiп танытып отыр.

Бiреулер ойлайтын болар: «Ұрып-соғу деген қайда болмайды, тек өлтiрмесе болды да?!» – деп. Өзiмiздi-өзiмiз алдарқатудың ешбiр қажетi жоқ. өлтiру де болып жатыр. Мiне, соның дәлелдерi.

Бiрiншiсi: «В Волгограде на улице 17-летний скинхед Артем Сиракузов напал на прохожего, внешность которого показалась бритоголовому нерусской. В стычке скинхед ножом зарезал мужчину. Убитый оказался пенсионером Омаром Абдурухмановым, казахом по национальности («Новые известия», 19 марта 2002)». Екiншiсi: «Как сообщил имам-хатыб Волжска (город-спутник Волгограда) Дамир Якубов, в Волжске 15 подростков избили двух казахов, один погиб» («Друзья «умеренных скинхедов», demushkin.com 13.04.2004 г.). Үшiншiсi: «В Саратове зарегистрированы четыре объединения агрессивной национальной направленности, заявил на пресс-конференции председатель Еврейского религиозного общества раввин Михоэль Фрумин. Утверждение властей и правоохранительных органов, что в городе нет скинхедов, мягко говоря, не соответствует действительности. Свидетельство тому — недавнее убийство 23-летнего казаха Расима Молжанова. Единственной «виной» молодого человека было то, что он не славянской национальности» (Евро-азиатский еврейский конгресс, www.eajc.org).

Фашизммен соғыста Кеңес Одағының одан әрi шегiне алмайтындай соңғы шебi болған, бұрын Сталинград аталған осы Волгоградты, онымен көршiлес Саратовты қорғаймыз деп уақытында қанша қазақ мерт болды! Ендi, мiне, орыстың құтырған фашистерi қазақты жалғыз ғана қазақы түрi үшiн ғана пышақтап өлтiрiп жатыр. Бұны қалай түсiнуге болады? Ресейдiң ресми өкiлдерiне менiң сұрағым жоқ. Өйткенi, олар осының бәрi көрiп қана отырған жоқ, олар осының бәрiне кәдуiлгi қарапайым жайт ретiнде көзқарас қалыптастыруға бар күшiн сарпып отыр. Егер Ресейде тұрып не Ресейге барып, жауыздық құрбаны болған қазақтар үшiн жауап талап еткiмiз келмесе, ең болмаса осындағы орыс-славян не басқа да еуропалық нәсiлге жататын Қазақстан азаматтарының ертеңгi күнiнiң не болатыны туралы ойландық па?! Немесе «Ресейде жергiлiктi нәсiлшiл фашистер қазақты осылай өлтiре берсiн, оның Қазақстанға қатысы жоқ» деп шешiп қойдық? Ол жақта осындай жауыздықтар тоқтамаса, ерте ме, кеш пе кек алуды мақсат етушiлер шығады. өйткенi тарихта әлi бiрде-бiр халық екiншi бiр халықтың қанын ешбiр жауапсыз үнемi төге бере алған емес. Жауап берушiлер әрқашанда табылып отырған. Сондықтан Ресейде қалыптасып отырған осы жағдай туралы ашық айтып, ондағы билiк өкiлдерiнен қатаң жауапкершiлiктi талап ететiн кез келдi. Ертең кеш болады…

Скинхедтер қозғалысын билiк басындағы белгiлi топтар қолдайтыны аңғарылады. Тiптi, мұнысын мемлекеттiк саясат деңгейiне көтергiсi келетiн күштер бар сияқты. Әрине, мақалада айтылған оқиғалар Ресей БАҚ-тары, әсiресе, Орталық телеарналары назарға онша iле қоймаған фактiлер. Әйтпесе, Санкт Петербургте жетi жасар тәжiк қызы, Воронежде перулiк студенттiң, Вьетнам азаматының өлтiрiлуi, сынақшы-ұшқыш, Ресей Батыры, МемДума депутатының соққыға жығылуы жиi сөз болды. Нәсiлшiлдiк оқиғалары алып елде жиi тiркелуде. Бұл өрескел құбылысқа елдiң билiк басындағылар ие бола алмай қалған сияқты.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ