МҰХАМЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ
МҰХАМЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ
Хафиз Зейнаддин уағызшы мiнбеге көтерiлуге мәжбүр болды. Хафиз /Алланың рахметi жаусын/ мiнбеге шығып игiлiк сыйлаушы Алла тағалаға мадақ пен алғыс бiлдiрiп, әлемнiң мырзасы /Мұхаммедтi/ мадақтап, мүбәрак сахабаларының есiмiне келгенде Хафиздiң ар-намысы мен дiни сезiмi ерiк-жiгерiн оятып, мына жалған дүниенiң азабының орнына о дүниенiң тiршiлiгiн таңдап: «Неше жыл сүнни және мұсылман жамағатына сәйкес хұтпа оқып келдiм, ендi бүгiн ғұмыр-күнiм қарттықтың батар ұясына жеткен кезде, басқа (сенiмге) дiнге бас ие алмаймын. Егер де өмiрiмнiң толысқан кезi болса, онда да осындай күпiрлiк үшiн жастық шағымды қорғап қалмас едiм, ал (қазiр) жасарымды жасаған кезде /терiс жолға бара алмаймын/» – дедi де әдеттегiдей барлық сахабалардың атын құрметпен, iлтипатпен айтып, бұрынғыдай хұтпасын оқып, қызылбастарға Алланың лағнетiн жаудырды. Қарғыс атқыр қызылбастар мiнбе үстiнен оның сақалынан ұстап төмен жұлқыды, оны бөлшектеп, жiлiктеп өлтiрдi. Басқа ұлықтар жан-жаққа бытырап кеттi.
Келесi күнi шаһ Исмаил Шейх әл-исламды шақыртты. Ол кiсi туралы Хорасанның ұлылары жайында әңгiмелегенде айтқанбыз. Шейх оның алдына барған кезде Шаһ оған қарап: «Ей, Шейх, сен данышпан адамсың. Қате жiберсең аяғы өкiнiштi болмақ. Бар да сахабаларға қарғыс айт та, шииттердiң ұстанған жолын қабылда» – дедi.
Шейх былай деп жауап қайырды: «Ей, балам! Сен дiннен не бiлесiң менi жетелейтiндей? Анау өлтiруге уәжiп болғандар, нақ кәпiр болғандарды, сенi осындай сорлылыққа әкелгендердi бiздiң жанымызға алып келгiн. Егер олардың сөзi бiзге қарағанда нанымды болса, бiз өз дiнiмiздi тәрк етiп, олардың дiнiне кiрейiк. Ал егер бiз өз дiнiмiздiң артықшылығын дәлелдесек, сен дiнiңдi тәрк етiп, тура дiндi мойындағын».
Шаһ Исмаил өз үлемдерiнiң (ғалымдарының) көзқарасын сұрады. Олар: «Бұл жамағатты сөзге көндiру мүмкiн емес», – деп жауап қайырды.
Қаны жүз есе қарайған /Шаһ Исмаил/ екiншi рет Шейх әл-исламға: «Шейх, кәнi, өз дiнiңнен бас тарт!» – дедi. Шейх оған ұрсып: «Әй, топырақ атқыр! Аузыңа қарғыс толсын және лағнет тасы басыңа тисiн! Ана жерiңе… еркектер шәушетiн төксiн, iшек-қарныңда бүлкiлдеп, басыңды ақылыңнан алжастырып, соның кесiрiнен бұзық нәпсiңдi таза рухтың мәнiнен айыра алмайтын боласың. Сен дiннен, дiни iлiмнен не бiлесiң? Шайтаннан қайырымды /Алла Тағаланы/ қалай айырмақсың? Менi шынайы дiнге шақыратындай шындықты жалғаннан қандай ғылым және бiлiммен, ақыл және парасатпен айырмақсың сен?». /Шаһ Исмаил/ мынандай жауаптан соң қолы жебе мен садаққа созып шейхқа бiр оқ атты. Шейх жебенi суырып алды. Жарасынан қан саулап қоя бердi. Ол /шейх/ өзiнiң ақ жолда жүргенiн мақтан етiп былай дедi: «Құдайға шүкiр, ғұмырым сексенге келiп, хақ дiндi дәлелдеп һәм жалған дiннен бас тартып, ажал қанына бояған мына ақ сақалымды көрдiм».
Сонда қарабет, қараниет тағы бiр жебенi қорамсағынан суырып Шейхты атты да: «Шейхты биiк ағаштың басына асып қойып, ағашты түбiнен кесiңдер!» – деп бұйрық бердi. Хазiрет Шейх ағашпен бiрге құлады. Содан оны Мәлiк базарына алып барып өртедi. Бiр ғажабы отты қанша жақса да Шейхтың мүбәрәк төсi өртенбей қойды. /Оның денесi/ бiраз уақыт бойы базарда кәпiрлердiң аяқ астында тапталып жатты.
Ұлы мәртебелi сахабалардың достарын және ұлы әулиелер қатарында болғандарды әр түрлi тауқымет пен қиындықтарға салып сынайтын. Бұл Алла Тағаланың хикметi болар. Бұл мына мағынаны бiлдiредi. Адамзаттың тегiне (асылына) сай, оған тән болмысына орай өзге iстерге шарасы жоқ. Содан ол /адамның/, сiрә Алла Тағалаға жақындасуына Мұхаммед пайғамбардың насихатында айтылғандай /Алла Тағаламен жақындығым барлық жағынан дегендей/ перде болатындай iстер болады. Ең /сол iстердiң iшiндегi/ азы – бұл сезiмдiк ләззатты бiлдiретiн адам нәпсiсiн қанағаттандыру болып табылады. Мұның өзi заңдылық та болғанымен, алайда көңiлдегi күдiктер жиынтығынан ол күш алып кетедi де соған сәйкес рух әлсiреп, Аллаға ынтасы азаяды. Адамның тартқан тауқыметi мен азабы оның көрген ләззаттарының жазасы болмақ. Сондықтан болар /Алла Тағала/ жаман пейiлдi, қорқақ дiндарларға имандылардың сенiмдi, ер жүректiлiгiн көрсетедi. Осылайша хақ дiнiнде олар кекшiл де қорқақ болмасын деп әрi оның пайдасы жан-жағына жұғысты болсын деп және Алланың қалауы да әрi мәңгi үкiмi де ол дәулеттiнi жоғары дәрежеге жеткiзердей болады. Әрине, қиындықты бастан кешiрмей, ол ондай жоғары сатыға шыға алмайды және де мұндай ұғымды жаман пейiлдiлер түсiнбейдi.
57-тарау. (Патшалықты билеудiң он шарты)
Бiрiншiсi; белгiлi бiр iстi шешерде патша өзiн көпшiлiктiң бiрi ретiнде, ал басқаны өзiне әкiм ретiнде қою керек, өзi құптамаған үкiмдi ол басқаның қабыл алуын лайық деп санамасын.
Екiншi шарт; мұсылманның қажетiн орындауды патша ғибадат санасын. Пайғамбар бұйырды: «мүмiннiң көңiлiн шаттыққа бөлеу – адамдардың барлық ғибадаттарымен тең». Мұсылман патша ұдайы мұсылманның мұқтажын өтеуге дайын болуы керек. Егер бiр мұсылман оның есiгiнiң алдында қажеттiлiкпен келiп күтiп тұрған болса, ол сол мұсылманның талабын орындамай ешбiр жұмысына кiрiспеуi керек. Өзi нәпсiнiң ығына орай мұсылманның қажеттiлiгiне немқұрайды қарамауы керек.
Үшiншi шарт; iшу және жеуге, киiнуге келгенде «Рашиддин халифаларға» елiктеп, ұқсап баққан жөн болмақ, ал әр түрлi тағамдарды жеп, мәз болып, iшiмдiктер iшiп көңiл көтерiп, қымбат бағалы киiмдер киiп жүруге дағдылану дұрыс емес. Хазiрет Әлi әмiр-әл-мүменин /Алла оған риза болғай/ халифалық таққа отырған күнi базарға барып, бiр көйлектi үш дирхәмға сатып алды. Содан жеңiн бiлезiктен төмен, ал етек жағын тобықтан төмен кесiп тастады, одан неге бұлай iстедiң деп сұрағанда, оған: «Бұл тазалыққа ыңғайлы және кiшiпейiлдiлiкке лайық әрi ғибадатқа дұрыс», – деп жауап бердi.
Төртiншi шарт; әңгiме барысында сыпайы сөйлеу, себепсiз қатал тiл қатпау һәм естiгенде қатты мұңаймау, серiгiңдi көп сөйлеп мезi етпеу, әлсiздермен, пақырлармен сөйлесуге арланбау. Мамун халифа заманында бiреу қылмыс жасап, қашып кетедi. Оның ағасын /Мамунның/ алдына алып келдi. Мамун айтты: «Өз бауырыңды тап, әйтпесе өзiң өлесiң». Ол кiсi айтты: «Ей, әмiр мүминием, егер сенiң әкiмiң бiреудi өлтiргiсi келген болса, сен оған оны босатқын деп жарлық берсең, онда әмiр оны босатар ма едi?» /Мамун/ кенеттен: «Әрине босатады», – дедi. Сонда сол кiсi айтты: «Мен сенi әлемге билеушi еткен Алладан үкiм алып келдiм. /Күнәһәрдiң ешқайсысы басқаның күнәсын өз мойнына ала алмайды/». Сонда Мамун: «Оны босатыңдар. Ол ғажап дәлелдедi», – дедi.
Бесiншi шарт; /патша/ халықты риза ету үшiн үкiмiнде әлсiздiк байқатпауға және алдамауға тиiс. Кез келген адамды риза ету үшiн хақ (шындық) және шариғатқа қарсы iс жасамауы керек және мынаны бiлуi тиiс: билiк етудiң ерекшелiгi – ұдайы елдiң жартысы әкiмiне риза бола бермейдi, өйткенi жауласушы жақты хаққа (шындықпен) риза ету де және жалпы халықтың әдiл әкiмге риза болуы да мүмкiн емес. Сондықтан патша риясыз әдiл үкiм берер кезде халықтың ашу-ызасын ойламайды, Хақ Тағаланың ризалығын көздейдi. Алла Тағала сонда оған риза болады һәм халықты оған риза еткiзедi. Мысалыға, Алланың елшiсi /Алла Тағала оның жолын берiп, сәлемiн жолдасын/ айтты: /Алла Тағала кiмде кiм Алланың рақымын, халықтың ашу-ызасын iздегенге разы болады, ал адамдарды қанағаттандыру – Алланың iсi/;
Алтыншы шарт; Расул-е-Алла айтқандай патша елге төнген қауiптен қамсыз қалмауға тиiс, ол әмiр мен басқарушының билiгi мәңгi игiлiк пен бақыттың құралы екенiн нақты бiлуi керек. Көптеген патшалар мен әмiрлер өтпелi дәулетке тәкаппарланып, өз нәпсiсiн /тежемей/, дiндi ойраңдап, иман, арын таптайды. Сондықтан бүгiн қолда билiк барда дүниедегi дәулеттi ақыреттiң кiрiптарлық дәнi етпеуге күш салу керек. Тура жолға түсiп, әдiлеттiкке қызмет етудi ғанибет санаған жөн. Әдiл патшаның әр күнгi әдiлеттi iсi оның жасаған барлық ғибадаттарымен тең келедi. Сондықтан ол өзiн осындай бақыттан мақұрым қалдырмауға тырысуы тиiс.
Жетiншi шарт; патшаның дiндi уағыздаушы ғұламалармен дидарласып, сұхбаттасып отырғаны мақұл. Бұл заманда ондай адамдарды табу қиын. Ал егер де бақытына орай табылып жатса, олармен кездесуге ынталы болып, олардың насихатын өз өмiрiнiң бақыты деп бiлуi тиiс және тақуа сипатындағы надандармен, өтiрiкшiлер, пасықтармен сұхбаттасудан аулақ болу керек, өйткенi бұл адамдар дiндi ойрандаушы болып табылады. Мынадай бiр аңыз бар: һарун-әр-Рашид Шейх Шакик Балхидi /Алла оның құпиясын нұрландырсын/ шақырып, маған бiр ақыл-кеңесiңдi бергiн деп сұрады. Ол (таза киелi жан) жауап бердi: Әй, әмiр әл-мүминин, Алланың бiр сарайы бар. Оны тозақ деп атайды. Сенi сол сарайдың есiкшiсi еткен және саған халықты ұстау үшiн үш нәрсе берген, ол – мал (байлық), қылыш, қамшы. Байлықпен сен мұқтаждардың қажетiн өтейсiң, содан олар мұқтаждыққа душар болмайды. Залымдарды қылышпен көндiресiң, ал пасықтарды қамшымен тәрбиелейсiң. Егер осылай ететiн болсаң, сен өзiңдi де, халқыңды да құтқарып қаласың. Керiсiнше iстер болсаң бәрiнен бұрын тозаққа барасың, ал басқалар да сенiң соңыңнан iлесетiн болады».
Сегiзiншi шарт: патша менменсiп һәм тәкаппар¬ланып халықты жәбiрлеп, өзiнен шошытпауға тиiс, қол астындағыларға, әлсiздерге, игiлiк, шапағат жасап, қара халықтың сүйiспеншiлiгiне бөленуге ұмтылуы керек. Пайғамбарымыз /Алланың оған сәлемi болсын/: «Ең жақсы патшаларың – сiздердi сүйетiн және сiздер оны сүйетiн патшалар. Сiздердiң ең жаман әкiмдерiңiз – сiздердi дұшпан деп санайтын һәм сiздер де оларды өздерiңiздiң жауыңыз деп санайтын әкiмдер».
Тоғызыншы шарт; патша қиянатшыл, залым басшылардың қылмысына бейжай қарамауға тиiс және қасқыр мiнездi залымдарды қара халықты басқаруға қоймауға мiндеттi. Әрi бiреуiнiң зұлымдығы мен қиянатын көрген заматта оған сөгiс берiп жазалауға тиiс, осылайша басқаларға ғибрат етуi керек. Патшалық етуде жұмсақтық, бостық танытауға және басшылықтағы адамдарды ақыл-кеңесiмен де тәрбиелеуге тиiс.
Оныншы шарт; әкiм не патша парасатты болуы керек. Патша болып жатқан оқиғаларға пайыммен, терең үңiлiп қарауы керек һәм әркiм даналық, ақыл, ақиқат алдында оларды тудырған себептi айқындап әрi даналық көзбен олардың зардабын көре бiлуге тиiс. Егер олар кәдуiлгi iс болса, шариғат жолымен шешуге мiндеттi, ал егер мәселе шиеленiсiп кеткен болса, оны парасаттылық нұрымен ұғуға тиiс. Осы турасында басқалардың айт¬қанына сенбеуi керек. Өйткенi аяқталынатын мәселелердi шексiз пайымдай беру тiлiмен түсiндiруге болмайды.
Мұсылман қауымының патша санасуға тиiс, бiрсыпыра хақы бар екенiн бiлгiн. Әкiм не патша құқықты өтеуге аяғынан тiк тұруға мiндеттi. Яғни ол iстi атқару оларға уәжiп саналады. Ол не? Ол /патшаның/ мұсылмандарға кiшiпейiл болу және билiктi пайдаланып дандайсып, мұсылманға тәкаппарлық көрсетуге болмайды және нақты деп бiлсiн: Хақ Тағала тәкаппарлар мен залымдарды дұшпан деп санайды. Егер /патша/ қара халықтың әңгiмесiне құлақ қоймайтын болса, сол үшiн өкiнетiн болады. Ол /патша/ егер өсекшiлер, арам пейiлдiлер мен қызғаншақтарды тыңдайтын болса, олар пасық нәрсенi жаман деп санайды. Мынадай бiр әңгiме бар, бiрде бiр кiсi әмiр әл-мүминин Әлiнiң жанына барып, бiреудi сөз етуге кiрiстi. Әмiр әл-мүминин айтты: «Бұл әңгiменi тексерiп көремiз. /Егер сен шындықты айтсаң, онда сенi сөз тасушы ретiнде жазалаймыз, ал егер алдасаң, өтiрiкшi ретiнде жазалаймыз/. Бiрақ жаздым-жаңылдым (тәубе) десең сенi кешiремiз». Ол жауап бердi: «Әй, әмiр әл-мүминин, тәубе қылдым», – дедi.
Және де патша мұсылманға жамандық, не қылмыс жасағаны үшiн ызалануға болмайды. Егер мүмкiн болса кешiргенi дұрыс. Дiнге нұқсан келтiрген болса, оны кешiрмей оған қаһар көрсетер болар. Бiрақ дүниелiк iстердi кешiру – абзал. Кiмде кiм басқаларды кешiрсе, Хақ Тағала оның күнәларын қиямет күнi кешiредi.
Дайындаған Ахмет-Әшiм