Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ТМД АУҚЫМЫНДА БАСҚАЛАРДАН ОЗЫҚ...

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ТМД АУҚЫМЫНДА БАСҚАЛАРДАН ОЗЫҚ...

Бұлардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндiрiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт iшiнде ол өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс шетелге сата алмағанмен, айналасындағы Түрiкменстаннан басқа 3 елдi — Қырғызстанды, Қазақстанды және Тәжiкстанды — әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Осының арқасында газ қоры молдығы жағынан Ресей түгiлi Түрiкменстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да әзiрше екiншi орынды иемденiп жүр. Ал әлемде осы көрсеткiш бойын¬ша алғашқы он мемлекеттiң қатарына табылады. Өзбекстан газды 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-i бүкiл өнiмнiң 95 процентiн бередi. Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Газға қатысты Өзбекстанға тәуелдi болуынан арыла алмай отыр. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келеңсiз жайт болып табылады. Ол Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен салыстырғанда бiршама арттырғанына қарамастан орын алуда. Мәселен, 1985 жылы ол 5,5 млрд. текшеметр газ өндiрген болатын. Ал 2002 жылдың өзiнде бұл көрсеткiш 8 млрд. тоннаға жеттi. Мұнайдың жағдайы бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономикалық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл жағдайдың мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай шикiзатын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ, бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн. Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өнiдiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi пиясаның (рыноктың) есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы сыртқы пиясаға келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатыр. Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкменстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкмен елiндегi осындай iркiлiстi жағдай Ресей ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал «Рейтер» агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкменстандағы газ өндiру көрсеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни шамамен 90 миллиардтай текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Қалай дегенде де, Түрiкменстанның газ өнеркәсiбiнiң қазiргi таңда шала-жансар күйде қалып отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық даму тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi ешбiр құпия емес. Дегенмен, әу баста мемлекет тарапынан халыққа берiлген уәде осы уақытқа дейiн күшiн жойған жоқ. Елдегi әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiледi. Сөйтiп, өндiрiлiп шығарылған түрiкмен газы сыртқа шығар үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатыр. Осылайша, энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi өнiдiрiстiк көрсеткiштерi ең керi кеткен ел — Түрiкменстан. Каспийдiң арғы бетiнде орналасқан Әзербайжанның жағдайы әлдеқайда тәуiрлеу. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ бұл да салыстырмалы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, өткен 2003 және 2004 жылдардағы жылдық көрсеткiш 15-16 млн. тонна төңiрегiнде. Немесе тәулiктiк көрсеткiшпен есептегенде 310-330 млн. баррель аралығында. Әрине, бұл 1985 жылғы көрсеткiшпен – 13,142 млн. тонна — салыстырғанда бiршама жоғары. Бiрақ 1940 – 1975 жылдар аралығындағы көрсеткiштерден әлi де болса кем. Жалпы Әзербайжанның мұнай көрсеткiштерi басқалардыкi сияқты 1992 жылдан емес, сонау 1950-1960 жылдардан бастап құлдыраған. Сондықтан қазiргi жеткен көрсеткiшi 1960 жылдағыдан (17,85 млн. тонна) әлi де болса бiраз кем болғанымен,1980 жыл (14,65 млн. тонна) мен 1985 жылдағыдан (13,142 млн. тонна) асып түскендiктен, оны жетiстiк деп мойындаған жөн. Ендi Қазақстанға келейiк. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-ыдағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш ел — Ресей, Әзербайжан, Түрiкменстан бұндай жетiстiктен әзiрше алыста. Қазақстанның көрсеткiшi айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм — 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық пиясаға шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан жыл сайын жаңа рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн. Бiрiншi рекорд 1999 жылы болды – Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көр¬сеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы — 40 млн. тоннаға, 2002 жылы — 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы 60 млн. тоннаға жеттi. 2005 жылға дейiн көрсеткiш 65 млн. тоннаға жетедi деген болжам бар. Бiрақ бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару барған сайын азайып бара жатыр. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы — 17,8 млн., 1991 жылы — 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы — 11,7 млн., 1997 жылы — 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2002 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. Оның үстiне осы iшкi тұтынылатын 9-10 млн. сұйық отынның тек 5 млн. тоннасы ғана өзiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың есебiнен. Қалғаны Ресей сияқты көршi елдерден әкелiнетiн мұнай өнiмдерiнiң есебiнен. Басқаша айтқанда, өзiмiз мұнайды көп қылып өндiргенмен, сол шикiзаттың өзiне зар болып отырмыз. Қазiргi уақытта бензиннiң бiр литрi бағасының кейбiр жерлерде 100 теңгеден бiраз асып кетiп, шетел валютасымен есептегенде 0,80 долларға дейiн көтерiлгенi соның дәлелi болса керек. Бiр қызығы, сол қымбатшылық ең алдымен мұнай өңдейтiн зауыттар бар жерлерде байқалды. Мәселен, Атырау — Қазақстан мұнайының астанасы. Атырау облысын жеке алып қарайтын болсақ, оны энергия шикiзатына байлығы, ағыл-тегiл мұнайы ауыз суынан арзан Парсы шығанағы елдерiмен салыстыруға болады. Бiр айырмашылығы — атыраулықтар үшiн ауыз суы да, мұнай да тапшы. Жарайды, қазақ деген төзiмдi, көнбiс халық қой. Бұған да төзер, көнер. Сонымен, елдегi әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың бұрындары бiршама қиындап кетуiне орай аталатын негiзгi себептiң — мұнай бағасының арзандауының — күшi 1999 жылы-ақ қайтты. Сонда ендi елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайы аз да болса жақсара ма деп күтуге бола ма? Қағаз жүзiндегi емес, ел күтулi игi өзгерiстердi айтамын. Шындыққа келер болсақ, жақсылық болады екен деуге үмiт аз. Неге? Мәселенiң астарына үңiлiп көрелiк. Үкiмет бұрындары мұнай бағасының арзандауын тiлге тиек етiп, ақыры әлеуметтiк жеңiлдiктердi алып тастаған кезде әлгi баға бiрнеше ай бойы өсiп келе жатқан. Содан бергi уақыт iшiнде, яғни өткен алты жыл бойы мұнайдың әлемдiк бағасы да, Қазақстанның оны халықаралық пиясаға шығаруы көрсеткiшi де айтарлықтай өстi. Бiрақ әлгi жеңiлдiктердi ең болмаса халықтың ең кедей бөлiгiне берейiн деп отырған ешкiм де жоқ. Демек, аталмыш себеп тек сылтау ретiнде ғана пайдаланылған екен деген тұжырым жасауға рет бар. Мәселен, Семей полигонынан Қазақстанда зардап шеккендерге берiлген жеңiлдiктер алынып тасталған, ал Ресейдiң Алтай өлкесiнде сондайларға жеңiлдiк сақталған. «Неге олай?» деген сұраққа үкiметтiң жауабы дайын: мүмкiндiк жоқ. Өткен күзде жаңа бюджет қабылданар уақытта Арал өңiрi халқына қатысты осындай мәселе көтерiлген-дi. Бiрақ нәтиже болмады.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ