Жаңалықтар

СОМ АЛТЫННАН СОҒЫЛҒАН БӨЛШЕКТЕР немесе ҚТЖ-ДАҒЫ КЕЗЕКТI ҚИТҰРҚЫЛАР

ашық дереккөзі

СОМ АЛТЫННАН СОҒЫЛҒАН БӨЛШЕКТЕР немесе ҚТЖ-ДАҒЫ КЕЗЕКТI ҚИТҰРҚЫЛАР

Нарықтық қатынас Қазақ темiр жолын айналып өтуi мүмкiн емес-тi, өйткенi, ел экономикасындағы iшкi жалпы өнiмнiң (ІЖӨ) 6 пайыздан астамын және осындай көлемдегi салық түсiмдерiн қамтамасыз ететiн аса маңызды стратегиялық саланың нарықтық қайта құрулардан тыс қалуы көрген көз, естiр құлақтан ыңғайсыз деседi реформаторлар. Мамандардың айтуынша, Қазақстан темiр жолдарындағы қайта құрулар 2009 жылға дейiн жоспарланып отыр. Әгәрәки, алдағы күнге ылғи үмiтпен көз тастайтын оптимистердiң қиялы шындыққа айналса, мемлекетiмiз ОБСЕ-ге төрағалық етуге тиiстi жылда “Қазақстан темiржолы” ұлттық компаниясы да толықтай өзiн­өзi ақтауға, тiптi, күреп пайда табуға тиiстi болмақшы. Өткен жылы Транспорт және коммуникация министрлiгi темiр жолға қарасты 15 кәсiпорынды 6.5 млрд. теңгеге сатып, бұдан былай болат жолды жеке меншiк кәсiпорындар қамтамасыз етедi деп алақай¬лады. Бұған экономикалық, заңдық алғы шарттар әбден пiскен екен. Дұрыс, “Жөн сөзге мал да маңырайды” — дегенмен, әзiрге ұлттық компанияда толық тындырылғаны – ат құйрығын кескен сыныды әлеуметтiк саланы бiржолата шорт бөлiп тастау ғана. Салалық емес активтер қысқа уақыттың iшiнде айналымнан шығарылып, сансыз мектеп, аурухана, кiтапханалар, тұтас ауыл-селолар тағдырдың тәлкегiне қалдырылды. Көптеген деполар мен жөндеу­өндiрiстiк құрылымдар туа сала анасы маңдайынан бiр теуiп, далаға тастап кететiн қоян көжектерiнiң бейшара күйiн кешуде. Өз тағдырларын темiр жолмен ылғи байланыстырып келген жүздеген мың адамдар өзектен итерiлiп, осынау адамшылықтан тыс шаралар мен әрекеттерге жол бергендердiң түрлi уәждерiнен әбден жалықты. Мұң-шерлерiн, орынды пiкiрлерiн ұғатындарды таппай бiржола түңiлген жайы да бар. Әрине, қуырған жұмыртқаның шыжылдаған табамен арақатынасын да пiкiр талас деуге болатын шығар, бiрақ, қысқа уақыт iшiнде тiзеге баса күштеп жүргiзiлген, негiзгi және қосалқы қызметтердi бөлу шаралары әзiрге толық экономикалық тиiмдiлiгiн дәлелдей қойған жоқ. Рас, ҚТЖ тасымал тарифы құнын мезгiл-мезгiл қымбаттатудан басымырақ пайда тауып, жоспарланған басқа iс-шараларды жүзеге асыруды қойыпты. Баяғыдан берi Ресей мен Украинадан 28 мың түрлi қажеттi құралдар мен жабдықтар алып келсе, қазiр де құрал-жабдықтарды өз елiмiзде өндiру айтарлықтай жолға қойылған жоқ, яғни, бүгiн де баяғысынша бөтен елдерден алақан жайып өкiртiп сатып алып отыр. Былтыр Қазақстан темiр жолының 100 жылдығы дүркiреген той болып атап өтiлдi, жүздеген темiр жол озаттарының мемлекеттiк наградалармен марапатталғанын былай қоялықшы, ел экономикасына, оның өркендеуiне өлшеусiз үлес қосқан жандардың еңбегi еленiп, шын бағасын алуы құптарлық iс екенiне күмән жоқ. ҚТЖ-ның былтырғы жылғы елеулi табысы – өздерi қолдайтын “Қайрат” футбол клубының ел чемпионы болуы ғана сияқты, оның өзi ТМД және Балтық жағалауы елдерi чемпиондарының Мәскеуде өткен жарысында жер үстiмен барып, жер астымен қайтты. Жүздеген мың жанкүйерлерi шарсыздықтан жанарымен жер шұқыды-ай. Әсiлi, әңгiме елiмiзде қай команданың чемпион болуында емес-тi, “Қайрат” болмаса “Ертiс”, аузымен құс тiстеген “Тобыл”, тiптi “Тараз” жеңiмпаз атанар едi де, тек… миллиондаған футбол жанкүйерлерiнiң кеудесiне ұры сезiк қылаң бердi, өздерiн кiнәсiзден кiнәсiз аса лас нәрсеге былғанып, қапа болғандай ыңғайсыз күй кештi. Команда жеңiсiн ұлттық мереке деңгейiнде атап өткiсi келген жанкүйерлер көңiлiне күдiк ендi амалсыз.

Өйткенi, “Қазақстан темiржолы” ұлттық компаниясына байланысты кезектi дау жиi-жиi лаулап барады соңғы жылдары. Ертеректе бiр аңғал қазақ: “Өздерiң айналдырған екi үйсiң, бiр-бiрiңнен ұрлығыңды жасырасың”, — деп таңданған екен, бәрi соның керi баяғы. Жылдық айналымы 1.3-1.5 млрд. доллар болатын ұлттық компания 2002 жылда халықаралық транзит тасымалының өзiнен ғана 180 млн. доллар таза пайда тапқаны мәлiм.

Өткен жылы астанада V Халықаралық “ТрансЕвразия – 2004” конференциясы өтiп, 40 елдiң Көлiк министрлiктерi, сондай-ақ, 15 халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары өзара түсiнiстiк Меморандумына қол қойған. Халықаралық сарапшылар Қазақстан таяу жылдарда транзиттiк тасымалдан 2 млрд. доллар пайда табатынын мәлiмдедi. Несi бар, әлеуметтiк сала мен қосалқы өндiрiстi сыртқа лақтырып тастап, оларды онсыз да iлдебайлап күн көрген жергiлiктi бюджеттiң мойнына iлiп қойған алпауыт тек таза пайданы ғана ойлайды да. Дегенмен, қомақты қаржы, қиналмай тапқан ақша жүрген жерде қиқу қоса жүретiнi мәлiм. Осындай жағдай соңғы жылдары темiр жолда ет үйренген терiс үрдiске айналды. 2006 жылға дейiн мыңдаған ескi-құсқы вагондарды, 200 тепловоз секциясын толық жөндеуге уәде еткен ұлттық компания нақты iспен айналысудан гөрi қаржылық бейберекеттiктi оңай деп шешкен сияқты. Байқоңыр кешенiн жалға алған Ресей Қазақстанға төлеуге тиiстi 65 млн. доллар көлемiндегi қаржының қалай жұмсалғанына Елбасы Н.Назарбаев былтыр баса көңiл аударды. Отандық БАҚ-тардың мәлiмдеуiнше, Қазақстан Президентi РФ Санақ палатасының төрағасы Сергей Степашинге қитұрқысы көп осы iстi анықтау туралы жеке өтiнiш жасаған көрiнедi. Оның да атаулы себептерi бар, әрбiр шендi шенеунiктiң тасасынан қомағай коррупционердiң құлағы қылтиятын сияқты боп көрiнетiн бiздiң елiмiзде сабынан қарауыл қарамасаң – саптаяқтағы майлы ас қас-қағымда-ақ жұқанасы қалмайтыны атқан таңдай аян, батқан күндей белгiлi. 2002 жылы “Қазақстан темiржолы” мемлекеттiк кәсiпорнын тексерген Бас прокуратура мұнда 70 млн. доллар қаржының шетелдiк фирмалардың есебiне құпия аударылғанын ресми мәлiмдеген болатын. Мемлекеттiк органдар қызметiндегi заңдылықтар сақталуын қадағалау департаментiнiң басшысы Андрей Кравченко мен бас прокуратураның тағы бiр шендi өкiлi Серiкбай Ерiмбетов мырза темiр жол компаниясына қатысты 43 қылмысты iс қозғалып, 19 адам iздестiрiлуде екендiгiн айтқан. “Түркiстан” газетi де елiмiздiң экономикасындағы орны өлшеусiз, 2004 жылдың алғашқы жарты жылдығында ғана 101 млрд. теңге көлемiнде табыс тапқан ұлттық компаниядағы қалыптасқан ахуалды әрқашан назардан тыс қалдырып көрген емес. (Қараңыз: “Түркiстан” газетi. “Темiр жол жұртты қашан қуантады?”, “Жолды ойлаған кiсiнiң жылағысы келедi”, “Темiр жолда тағы думан немесе байғұс бәсекелестiк”, т.б. ) Сонымен, әлгi iстер бойынша бұрынғы министр, темiр жолдың бiрқатар жоғары шендi төрелерi заңды жазаларын алды, бiразы жазасын өтеп шығып, қайтадан мәртебелi биiк орынтаққа қайта қонжиды. Джордж Вашингтон 1779 жылы бiр хатында: … Әрбiр штат айрықша нұқсан келтiргендердi “Таурат” кергiсiнен бес есе биiк дар ағаштарына асса ғой деп Жаратқанға жалбарынамын. Менiң ойымша, Отанының опат болуынан дәулет құраған адамдарға қандай жаза болса да аз”, — деп күйзелiп жазған едi. Әй, бiрақ бiзге ондай болмақ қайдан-ды?!Әйтпесе, коррупция мемлекет заңдарын сыйламауға алып келетiн әбiлет, экономикалық, тiптi саяси проблема ғана емес, ол қай тұрғыдан алғанда да адамгершiлiкке аса жат екенi бесенеден белгiлi. Ол мемлекет баяндылығына, ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрiп қана қоймайды, адамдардың бойындағы ардақты қасиеттер – әдiлдiкке сену, шындықты мойындау, адамгершiлiк және iзгiлiк сынды асылдарға күмәнмен қарауға ерiксiз мәжбүрлейдi. Ең қорқыныштысы – осы!

Сонымен, “Қазақстан темiржолы” ұлттық компаниясының қызметiне кезектi рет күдiк туып отырғанының себебi неде?

РФ Санақ палатасының төрағасы Сергей Степашин “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалдаудың төлем ақшалары қалай жұмсалғанын жан салып-ақ iздеген сыңайлы. Нәтижесiнде, Ресей мемлекеттiк Думасының төрағасы Борис Грызловтың атына атақты хатын жолдады!

Бiздiң елге, әсiресе, темiр жол компаниясының қызметiне тiкелей қатысты бұл хат – Қазақстан БАҚ-тарының мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылдың 20 қаңтары күнi жолданса керек. Мұнда РФ Санақ палатасы “2001 жылдың 28 қыркүйегiндегi Келiсiм негiзiнде “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалдау төлемiне қатысты Ресей Федерациясының қарызын өтеуге байланысты қаржы – шаруашылық операцияларын тексеру” жайттары сөз болып, айтылар әңгiме 16 бетке созылған. 18 нысан, оның iшiнде, Ресей Қаржы министрлiгi, “Внешэкономбанк”, бес аймақтың салық органдары, “Омск–Банк”, Қазақстанға темiр жол техникаларын экспорттайтын кәсiпорындардың қызметi електен өткiзiлiп, тексерiлген көрiнедi. Тексеру қорытындысы бойынша, 2003 жылдың қыркүйек айынан кейiнгi алты айда Қазақстан тарапынан 65 млн. долларға Ресейден небары 176 ғана техника алғаны анықталды. Сол техникалардың әрбiр бөлшегi сом алтыннан соғылса да мұншалықты қымбатқа түсе қоймас-ау. Есесiне, РФ Санақ палатасының мәлiмдеуiне қарағанда, Қазақстан Республикасына сатылған темiр жол техникалары орта есеппен 2.8 есе қымбаттаған, ал делдал ұйымдар әрбiр тетiктi 1.9 есе қымбаттатқан. Сөйте тұра, тiкелей дайындаушы кәсiпорындар аты шулы 65 млн. доллардың 35 пайызын ғана, яки, 22 млн. доллар ғана тiкелей алған көрiнедi.

Бiр ғажабы, “Қазақстан темiржолы” жабық акционерлiк қоғамының президентi Ерлан Атамқұлов мырза “Время” газетiне берген сұхбатында (24.02.2005ж): “Егер 2003 жылдың соңына дейiн аталмыш қарыз қайтарылмаған күнде ол мүлдем өтлемейтiн едi”, — деп хат iзiн басқа шиырға салады. Неге? Қалайша? Тiптi, Қазақстан БАҚ-тары жиi айтып жүрген кипрлiк Сакура Энтерпрайзез (Оверсис) Лимитед фирмасының қитұрқыларын ұғынуға қарапайым қазақстандықтардың әлi өресi жетпей ме?! Кiм бiлiптi… Әйтеуiр жатқан жұмбақ. “Қазақстан темiр жолы” компаниясының айыптала беретiн жыры таяу жылдарда аяқтала да қоймайтын сияқты. Өйткенi, бұл құдiреттi компанияның қойнауындағы жасырын сырлар атақты Лох-Несс құбыжығынан да құпия. Одан да өткен қорқынышты… Ал қоғамымызды құпия коррупция жегi құрттай үңгiп бара жатқаны қазiр ешкiмге таңсық емес. Елiмiзде вагондардың тапшылығы, ескiрген локомотивтер, темiржол тартымдарының жетiспеушiлiгi жайындағы мәселе саябыр табар емес. КСРО-дан қалған 105 мыңға жуық жүк вагондары, мыңдаған локомотивтердiң 70 пайызы әбден тозып, пайдалануға қауiптiлiгi жөнiндегi әңгiме айтыла-айтыла жауыр болды. Ұлттық компания тарапынан селт ету байқалмайды.

Өткен күзде “ҚТЖ-ның” тендерiн американдық “GE Rail” компаниясының жеңiп алуы да талайлардың көңiлiне күдiк ұялатқан. Әрине, АҚШ темiр жолдарын қуатты тепловоздармен қамтамасыз етiп отырған аталмыш компания атына кiр жағудан аулақпыз, бiрақ, бұл тепловоздар тағы да қымбатқа түседi-ау деп алаңдайды жұртшылық.

Ол ол ма, мамыр айының соңына таман Астанада кезектi бiр конференция болып өттi де, осы жиында табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi Агенттiк төрағасының бiрiнiшi орынбасары Нұрлан Алдабергенов мырза “ҚТЖ” компаниясын, осы уақытқа шейiн салалық емес қызмет түрлерiмен айналысқаны үшiн айыптады. Оның айтуынша, алпауыт компания емдеу, курорттық орталықтарын ашқан, бөтен мекемелердiң қызметкерлерiн қайта дайындау, кәсiби шеберлiгiн ұштаумен де шұғылданған, тiптi, кiр жуатын, көбейту цехтарын да ашқан. Сiрә, пұлсыз елге бұлдануды биiк деңгейге көтерудi мақсат тұтса керек бұл компания.

Таяуда Үкiмет басшысы Даниал Ахметов мырза Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң алқа отырысына қатысып, көлiк инфрақұрылымының ел экономикасындағы рөлiн кезектi рет сарапқа салып, електен өткiздi. Елiмiздегi iшкi жалпы өнiмнiң өсуi 11 пайызды құрап отырғанымен, көлiк тасымалы мейлiнше кенжелеп қалғаны кезектi рет айқындалды. Қазақстан экономикасы үшiн аса маңызды бола тұра, етектен тартып келе жатқан бұл саладағы iлгерiлеу небары 9­ақ пайызға жетiп отыр. Сөйткенмен, “Құдаңнан түйе сұра, ұялғаннан бие бередi” деген қазақы қисынға жүгiнген “ҚТЖ” басшылығы Премьер­министрден бiрқатар жолаушылар вагондарын сатып алуға қаражат бөлуiн өтiндi. Оның үстiне, ұлттық компания басшысы Ерлан Атамқұлов мырза темiржол тарифтерiн көтерудiң қажеттiлiгiн тағы да жан сала дәлелдеп бағуға тырысты. Оның айтуынша, елiмiздегi басқа өнiмдердiң үздiксiз өсуiне қарамастан, темiржол тарифтерiнiң мөлшерi соңғы үш жылда бiр­ақ рет қаралған көрiнедi. Бұл осыдан бұрын да үнемi айтылып келген, жауыр болған сыл¬тау. “Қазақстан темiржолы” ұлттық компаниясының” басшылығы буынсыз жерге пышақ ұрудан жалығар емес, түптiң ­түбiнде дегендерiне жетiп, темiр жол тасымалының (жүк, жолаушылар) бағасы еселеп қымбаттарына әлден­ақ сенiмдi. Бүгiн-ертең қымбаттай қоймас, бiрақ елiмiздегi Президент сайлауынан кейiн­ақ iле­шала алпауыт компанияның айтқаны орындалуы ықтимал, нәтижесiнде темiржол мен сапар шеккен жолаушылар қызметтiң сапасыздығына ғана емес, жол ақының қымбаттауынан жаппай қан қақсауы сөзсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ