Қазақша күрестiң халықаралық одағы шаңырақ көтердi
Қазақша күрестiң халықаралық одағы шаңырақ көтердi
Иә, мешiн жылы елiмiзге бейбiтшiлiк пен береке, әр шаңыраққа, әрбiр адамға ырыс пен шапағат әкелсiн деп бәрiмiз iштей тiлегенiмiз рас.Оның жарқын айғағы — қазақ спортының желi биыл оңынан тұрып тұрғаны. Әлемдiк азиялық деңгейдегi әртүрлi жарыстарда қазақстандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, жеңiс тұғырларынан көрiнiп, бүкiл дүниежүзiнiң назарын өзiне аударуда.
Қазақстан спортына бас ию құрметпен қарау қалыптасты. Өткен жылдың күзiнде грек-рим күресiнен Алматыда әлем кубогы өткенi белгiлi. Мiне, содан кейiн Алматыдағы Балуан Шолақ бабамыздың атындағы спорт және мәдениет сарайында еркiн және грек-рим күресiнен, ауыр атлетикадан және дзю-до күресiнен Азия чемпионаттары өтiп, үлкен абыройға ие болдық. Бұл жерде осындай жауапты жарыстарды өте жоғары деңгейде өткiзе бiлумен қатар, спортшыларымыз жоғары спорттық жетiстiктерiмен де қуантпады ма бәрiмiздi.Әрине, мұның бәрi айтуға оңай, ал сол табыс биiгiнен көрiну жолында Қазақстан спортының тiзгiнiн ұстаған, елiмiздiң Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы Дәулет Болатұлы Тұрлыханов бастаған Қазақстан спортының жанашырлары, оның тұтқасын ұстаған зиялы азаматтардың жемiстi iстерiнiң нәтижесi екенi даусыз.
Солардың бiрi, бiрегейi — Серiк Адамұлы Төкиев мырза.
Серiк Адамұлы көптен берi ҚР-ның штаттағы ұлттық командалар және спорт резервi дирекциясының басшысы болып, Қазақстан спортының көсегесiн көгерту жолында өлшеусiз қызмет атқаруда. Бұл дирекцияның атқарар мiндетi сан-салалы, әрi жауапты. Спорттың барлық түрi бойынша ел құрамасының халықаралық жарыстарға қатысып, республика намысын абыроймен қорғап, тәжiрибе жинақтап шеберлiктерiн шыңдауға қамқорлық жасау, сондай-ақ командаларды, жекелеген спортшыларды қаржыландыру, атақты спортшылардың орнын басатын резервтер дайындау сияқты қыруар жұмыстарды жүзеге асырады.
Серiк Төкиев — спорт әлемiнде кездейсоқ тұлға емес, үлкен спорттың қазанында қайнап, ыстығы мен суығының өтiнде өсiп, ел ағасы дәрежесiне дейiн көтерiлген азамат. Мұндайда халқымызда «Болар iстiң басына, жақсы келер қасына» — деп жатпай ма?
Серiк Адамұлының шарапаты ерекше тиген спорт түрi, ол — қазақша күрес спорты. Мiне, осы күрестiң даңқын асырып, беделiн көтеру жолында осынау абзал азаматтың, белгiлi маманның жаңа iзденiстерге қарымды құлаш ұруы, iзденiстерi өзiнiң оң нәтижелерiн беруде.
Сәкеңнiң бар арманы қазақша күрестi халықаралық аренаға шығару болатын. Ол арманы орындалды. Биылғы жылдың мамыр айының аяғында Германияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өттi. Оған Қазақстаннан әртүрлi өнер мен мәдениет саласының өкiлдерi қатысып, шетте жүрген қандас бауырларымызбен сағына қауышты.Берлин қаласында өткен осынау ұмытылмас бас қосуда құлақ құрышын қандырған әсем ән шырқалып, құдiреттi күй төгiлдi. Қазақстан өнер-шеберлерi қандастарымызды өз шеберлiктерiмен тамсандырса, спортшылар футбол ойынынан, қазақша күрестен жарыс көркiн қыздыра түскен.Ең қуаныштысы, Еуропа қазақтарының барлық өкiлдерi бас қосып, әлемдiк Қазақ күресiнiң одағын құрып, шаңырағын көтердi.
— Олай болса, Сәке, сiздi барлық халқымызды әлемдiк Қазақ күресi одағының құрылуымен құттықтаймыз.
— Рахмет, бұл бәрiмiздiң ортақ қуанышымыз ғой.
— Бұл көптен берi көкейде жүрген арман емес пе едi. Сол әлемдiк Қазақ күресi одағының iргетасы берiк, мықты болып қалануы қашан, қалай басталып едi?
— Өткенге көз жiберiп, шежiре жолдарына тереңiрек үңiлер болсақ, қазақша күрестiң өсiп-өркендеу, даму жолдарының өзiндiк сыр-сипаттары бар.
Ең бастысы қазақша күрес — барлық күрестiң атасы деп текке айтылып жүрген жоқ. Күрес майданындағы атақтылардың, спортшылардың барлығы үлкен спортқа араласпай тұрғандағы алғашқы қадамдары қазақша күреспен тығыз байланысты екенi даусыз.
Қазақша күрестiң ауқымы, көкжиегi кең. Оны жетiк меңгерген адам өзге халықтардың күресiне еркiн түсе алады. Осындай ғажап күресi бар қазақ елiнде бүкiл әлем мойындаған даңқты балуандардың Ә.Айхановтың, Ж.Үшкемпiровтiң, Д.Тұрлыхановтардың шығуы әбден заңды құбылыс.
Қазақша күрес спорттық жекпе-жек түрi ретiнде толық танылып, елiмiзде ұлттық күрес федерациясының аясында өсiп-өркендеп келе жатқанына көп жылдың жүзi болды. Бiрақ әлемдiк деңгейге көтерудiң көптен берi сәтi түспей қойғаны өтiрiк емес. Өзiңiз айтып отырған қазақша күрестiң дүниежүзiлiк iргетасы өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президентi атындағы тұңғыш халықаралық турнирде қаланған десем қателесе қоймайтын шығармын.Сол жарысқа қатысқан Азия елдерiнен келген қандастарымыз қазақша күрестiң әлемдiк федерациясын құру жөнiндегi бiздiң ұсынысымызды қуана қолдаған болатын.
— Әрине, Германиядағы бас қосу үстiнде сан түрлi ой-пiкiрлер ортаға түскенi белгiлi. Дегенмен де ең басты мәселелер қандай тақырыптарды қамтыды.
— Ұлттық спорт түрлерi, оның iшiнде қазақ күресiне халқымыздың мәдениетiн қалыптастырушы құрал ретiнде көп көңiл бөлу шетелдiк қандастарымыз ғана емес, бiздiң өз арамызда да жетiспей жатқаны рас.
Басты мәселе, шетелдердегi қазақтар арасында көп жылдардан берi қазақша күрестен жарыс өткiзудегi басты қол байлау болған нәрсе, оның бiр жүйеге түспегендiгi. Шынын айтсақ, қазақ күресiнiң ережесi соңғы бес жыл көлемiнде бiрнеше рет өзгердi. Яғни, ереже жиi-жиi өзгерсе, ең алдымен балуандар мен олардың бапкерлерiне қолайсыз , сонымен қатар көрермен жұртшылықтың түсiнбеушiлiгiне әкелiп соғады. Күреске деген қызығушылықты төмендетедi.
Ұлттық қазақ күресiнiң дамуына, жандануына оның ережелерiн бар халыққа түсiндiруде, қалыптастырып тұрақты бiр жүйеге түсiрген Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушы Бауыр Жаналин мен Кеңестер Одағының және Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушы, қазақша күрестен мемлекеттiк жаттықтырушы Марат Жақыптар аталған мәселелер төңiрегiнде құрылтайда өз ойларын ортаға салды.
Осы отырысқа қатысқан әр елдiң өкiлдерiне (қандастарымызға) Қазақстан қазақша күрес федерациясынан арнайы ереже кiтапшалар, спорттық арнайы сыйлықтар табыс етiлдi.— Сонымен әлемдiк Қазақ күресi одағының iргетасы қаланып, тұсаукесер тарихи сәтiнiң өту салтанатының барысын өзiңiзден естiсек.— Бұл одақтың iргетасы Қазақстан Республикасының қазақша күрес федерациясының ұсынысы бойынша 2004 жылы Берлинде құрылды. Құрылтай жиыны 2004 жылдың 30 мамыры күнi өттi. Оған 12 елдiң өкiлдерi қатысты. Бұл ұйым әлемдiк Қазақ күресiнiң одағы (қазақша күрес) деп аталды. Қазiргi күндерi Еуропа, Азия құрлықтарындағы қазақтар қазақша күрес одағы арқылы басын бiрiктiредi.
— ресми тiлi: қазақша, ағылшынша- одақтың басқару орталығы, Алматы қаласы, Қазақстан- Бiрiншi жарғы 2004 жылдың мамыр айында Берлинде құрылтай қорының жиынында қабылданды.
Ал келесi құрылтайға Америка Құрама Штаттары мен Австралиядағы қандас қазақ бауырларымызды одаққа мүшелiкке тарту жоспарланған. Сонда одақтың төрт құбыласы түгелденедi.
— Сәке, олай болса, сiздiң әлемдiк Қазақ күрес одағының Президентi болып сайлануыңызбен қуана құттықтаймыз.
— Рахмет, бұл маған ғана көрсетiлген құрмет емес, бұл қазақ күресiне, Қазақ халқына көрсетiлген құрмет деп бiлемiн.
Одақтың құрметтi Президентi болып Қалдарбек Найманбаев, ал бас хатшы болып Бауыржан Жаналин бекiтiлдi.
Мiне, мұндай құрмет бәрiмiзге үлкен сенiм, әрi жауапкершiлiк жүктейдi. Шынын айтсақ, спорттық қозғалыс әлемдегi әлеуметтiк iрi қозғалыс әрi адамдардың бiр-бiрiмен жақындасып, өзара түсiнiстiк жағдайда қатынастарын дамыту құралы.Бұл орайда әлемдiк Қазақ күресiнiң одағы — ресми үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар қатарына жатады. Мерзiмдiк жұмыс iстеу әдiстемесi (тұрақты) жағырафиялық белгiсi (дүниежүзiлiк), мүшелiк ерекшелiгi (ұжымдық, әрi жекелей) кәсiби түрi (қазақша күрес), ұлттық санаты (әлемнiң барлық қазақтары).
Сонымен халықаралық спорттық бiрлестiк әртүрлi елдер мен құрылықтарда тұратын қазақ диаспоралары өкiлдерiнiң өзара келiсiмдерi негiзiнде құрылып, өз қатарына жаңа мүшелердi, олардың ұлтына, нәсiлiне бөлмей, көптеп тарта бермек одақтың өзiне ғана тән мiндеттерi бар. Олар, жарыс өткiзу ережесiн ойластыру, оның орындалуын бақылау, халықаралық жарыстарды ұйымдастыру мен жоспарлау, бiлiктi төрешiлер дайындау, олардың бiлiмiн көтеру, техникалық талаптарды жетiлдiру сияқты жұмыстар.
Бұны айтып отырған себебiмiз көпшiлiкке түсiнiктiрек болсын деген ой едi.— Қазақша күрес түрi бойынша әртүрлi деңгейдегi халықаралық жарыстарды өткiзу кестесi қалай ойластырылған.
— Ең бастысы жыл сайын Қазақстан Республикасының Президентiнiң жүлдесi үшiн қазақша күрестен дәстүрлi халықаралық жарысқа қатысу.
Бұл жарыс биыл да Алматыда өтетiн болады. Одақтың ең басшы органы Конгресс болып саналады. Конгрестiң сессиясы әр екi жыл сайын екенi белгiлi, олай болса сол сессия өтетiн жылы әлемдiк бiрiншiлiк ұйымдастырылады, яғни ең алғашқы әлемдiк дода 2006 жылы өтедi деген сөз. Оған дейiнгi аралықта Еуропа бiрiншiлiгi, Азиялық бәсекелер өз ретiмен өткiзiлiп отыруы толық жоспарланған. Одақ ресми жарыстарды дайындау барысында ұлттық федерациялармен тiкелей байланыста болып, оның жоғары дәрежеде өтуiн қамтамасыз ететiн болады.
— Шынын айтсақ, әлемдiк Қазақ күресiнiң одағын құру тарихи маңызды оқиға екенi даусыз. Берлин қаласында қандас бауырларымызбен кездесулер қалай өттi, сiздердi қалай қабылдады.Бәрiмiздi қызықтыратыны Еуропаның қандай елдерiнен қазақ диаспораларының өкiлдерiнiң қатысқандығы.
— Берлинде болған қауышу бiздер үшiн де, шетелдiк қандастарымыз үшiн де өте қуанышты, жылы лебiзде өттi. Ел ағалары, саясаткерлер және өнер өкiлдерiмен бiрге Германияда жауырыны жерге тимеген атақты балуандарымыз өз шеберлiктерiн көрсеттi. Қазақша күрестен жекпе-жектер үш салмақ дәрежесiнде өттi. Қазақстандық балуандар қарсыластарына дес бермедi. Әсiресе, ерекше бөле айта кететiн жәйт, 60 келi салмақта кiлемге шыққан 46 жастағы Алмас Мұсабековтiң бойындағы от-жалыны лапылдап тұрған, жастармен белдесулерiнде барлық қарсыластарын тiзе бүктiрiп, жеңiске жетуi ғажап көрiнiс болды. Спорт әуесқойлары КСРО-ның кезiнде сонау 80-жылдардың белесiнде самбодан Еуропаның чемпионы, әлем кубогының иегерi атанған Алмас Мұсабековтi ұмыта қоймаған болар деймiн. Ол қазiр Тараз қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығының директоры.
Қалған екi салмақта Жандос Дадабаев пен Шығыс Қазақстандық Руслан Қайролданов жеңiмпаз атанды.Еуропа елдерiнен келген өкiлеттiлер, қандастарымызды жақынырақ таныстыра кетсек артық болмас деп ойлаймын.Сонымен әлемдiк одақтың Меморандумы қабылданып, оған барлық өкiлеттiлер қол қойды.Меморандум:
Бiз Еуропа қауымдастығының қазақ азаматтары Қазақстан Республикасының қазақша күрес федерациясының өтiнiшiн қабылдай отырып, әлем қазақтарының ассоциациясының қазақ күресiнiң одағына мүше болуға келiсiм берiп, сол одақты құптаймыз.
Тiзiмi, қол қойғандары бар. — Кеңес Одағының кезiнде «түрi ұлттық, мазмұны социалистiк» деген айғай-сүреңмен жүрiп, халықтық ұлттық қасиеттердiң бiразынан қол үзiп қала жаздадық. Солардың бiрi — қазақша күрес. Сол сұрқия заманның теперiшiн көрiп, аянышты күй кешкен бекзат өнерiмiз «қазақша күрес» үшiн тәуелсiздiк арқасында арайлы таң атты.
Ендi, мiне қазақ күресi әлемдiк одақ құрып, дүниежүзiне тамыр жайды. Олай болса, одақтың дiңгегi мықты болып, шаңырағы аспандай берсiн деймiз, Сәке.
— Айтқаныңыз келсiн, әрбiр уығын әлем қазақтары қадаған әлемдiк Қазақ күресi одағы марқайып, әр күн сайын қадамы нығайып, қанаты қатая бермек.
Таңсұлу Алдабергенқызы