LG көтерген бастама
LG көтерген бастама
Осымен екiншi рет оңтүстiк астанамызда өтiп отырған бұл акцияның идясын LG компаниясы ұсыныпты. 5 маусым халықаралық экология күнiне орай ұйымдастырылған бұл акцияға 600-ге жуық адам қатысты. Бес команда бойынша қолдарына қалта ұстаған жас жеткiншектер әрбiр көшенiң бойындағы шашылып жатқан лас қағаздарды терiп алып, барлық адамдардың көзiнше өртеп жiбердi. Қала халқына арнайы үлгi болған жеткiншектердiң қолында әртүрлi үндеу қағаздары бар, арнайы ақ жейде мен ақ кепкалар киiнген.
Бұл акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – қала көшелерiн әртүрлi лас заттардан тазарту арқылы, тазалықты насихаттау. Осыған қарап, әрбiр қала тұрғыны өз үйiнiң аулаларын, аялдамаларды, тротуарларды таза ұстауға талпынатын болады. Онсызда қаптаған машиналардан шығатын улы газдар танауымызды тұншықтырып, ауа ластап жатқаны аздай, көше-көшенiң бойындағы лақтырылған қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Арнайы халықаралық экология күнiне негiзделiп жасалған бұл акция бiр жағынан сенбiлiкке ұқсайды. Бұл акцияға жалғыз LG компаниясы емес, бүкiл қала тұрғындары қатысуы тиiс. Сондай-ақ, бұл акция бiр жылмен ғана шектелiнбеуi қажет, жыл сайын осы бастаманың негiзiнде сенбiлiк өткiзу қолға алынса, нұр үстiне нұр болар едi.
Есенгүл Кәпқызы