Тағы да Баукең туралы
Тағы да Баукең туралы
Александр Бектiң ол жайында жазған “Волоколамское шоссе” романын сиясы кеппей жатып-ақ ағылшындар өз тiлiнде сөйлеттi. Баукеңнiң сондағы әскери тактикасын қарулы күштерi тәсiлдерiне ендiрген. Бостандық аралы Кубаның басшысы Фидель Кастро испан тiлiнде жарық көрген сол кiтапты әр солдаттың қолына ұстатып, Баукеңдi үлгi тұтты. Израильдiң Әскери Академиясында да оның соғыс әдiс-тәсiлдерiн талқылаған еңбектерi оқылады. Батырдың “Москва үшiн шайқас” пен “Психология войны” кiтаптарын Ресейдiң ардагер генералдары нағыз соғыс шындығы деп бағалады. Әлемге танылып, ұлтының мерейiн көтерген батырымызды бiз сол деңгейде қастерлей алдық па? Көз алдымызда жүргенде қадiрiн бiлмегенiмiз рас. Басқасын былай қойғанда, “Ұшқан ұя” романы баспада сүрленiп жатып шықты емес пе? Өмiрден өтiп кеткен соң да шырайын шығарып жатқанымыз шамалы.
Мiне, Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығы келе жатыр.Ресей қазiр зор дайындық үстiнде. Ал бiз Баукеңе Алматының 28 гвардиялық Панфиловшылар атындағы саябақтан ескерткiш ашамыз деумен күн артынан күн, жыл артынан жыл өткiзiп келемiз. Идея бар, нақты iс жоқ. Офицерлер үйiнен мұражайын да ашайық дегенiмiз қашан.Ол да сөз жүзiнде қалып қойды. Тым болмаса, Баукеңнiң әлi жарық көрмеген “Соғыстың соңғы солдаты” романын да басып шығара алмасақ, кiмге кiнә артамыз? Астанадағы кең көшенiң бiрiне Баукеңнiң аты берiлiп, еңселi ескерткiшi қойылса жараспай ма? Исi қазаққа ортақ, ұлттың рухын көтеретiн тарихи тұлғаға бүкiл облыс орталықтарынан ескерткiш орнатсақ артықтық етпес, сiрә. Ал бұған Үкiметтегiлер не дейдi? Әдеттегiдей тағы да үнсiз қалар ма екен?
Гүлнәр Мұқанова