Жаңалықтар

Өзбек «өз ағаң» болмай тұр

ашық дереккөзі

Өзбек «өз ағаң» болмай тұр

Ең таңданарлығы, осы оқиға­лардың барлығына бiздiң Үкiметтiң реакциясының тым бейжайлығы. Шекарадағы небiр инциденттер жауапсыз қалған. Керiсiнше, Өзбек­станның Қазақ­стандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Тұрдықұл Бутаяров бұл оқиғаларға өзiмiздi кiнәлi санап, айыптағаны бар. Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi мен Iшкi iстер мини­стрлiгi тек қарсылық нотасын жiберу­мен шектелiп отырған. Тiптi, халықтың сөзiн сөйлейдi деген депутаттар да бұған көз жұма қарап келдi. Тек 16-шы оқтан кейiн, осы Сарыағаш ауда­нынан сайланған Мәжiлiс спикерi Жармахан Тұяқбай Үкiметке алғашқы депутаттық сауалын жолдады. Бұдан кейiн мұндай оқиғаның қайталан­байтындығы туралы уәде берiп, Өз­бекстан жағы шығарып салды. Шы­ғарып салған емей немене, жыл өтпей тағы да кiсi өлiмiне ұласып отыр. Бұл жолғы оқиғаға байла­нысты, Өзбек құқық қорғау органдары тергеу iсiн жүргiзедi дегенмен қарапайым ха­лықты алдаусыратып қояды. Ал, өзбек­тердiң бұл оқиғаға орай берген түсiнiгi бұның алдындағылармен өте ұқсас.

«Шекарадағы тәртiптi бұзу­шыға қарсы атылған оқ шека­рашының өзiнiң қауiпсiздiгiн қорғау үшiн және қару-жарақты тартып алмақ болғаннан сақ­тану үшiн қолданылған. Әрi бiр-екi оқ аспанға атылғаннан кейiн барып, қарсы шығушыға бағытталған» деген түсiнiк­теменi Өзбекстанның Ұлттық қауiпсiздiк қызметi 3 маусымда мәлiм етiп үлгердi. Демек, сот iсi аяқталмай, кiмнiң кiнәлi, кiмнiң кiнәсiздiгi айқын­далмай жатып-ақ, Өзбекстан тарапынан ресми мәлiм­деме жасалып үлгерген. Бiр қызығы, Өзбекстан шекарасындағы инци­дент­тердiң бiр-бiрiне өте ұқсас өрбуi және оған деген түсiнiк­теменiң бiр жақ­тылығы. Бұл дегенiмiз Қазақстанның өз көр­шiлерiне ұлттық қауiпсiздiк тұрғы­сынан мығымдық таныта алмай отыр­ғандықтың салдары болса керек.

Айталық, бұған дейiнгi шекарадағы қайғылы оқиғадан көз жұмған қазақ­стандықтар 2002 жылдың 6 қара­шасында Жiбек жолы елдi-мекенiнiң тұрғыны 31 жасар Елмұрат Бектұрғанов Қазақстан шекарасынан 200 метр жерде атылды. Қасындағы аға­сының айтуы бойынша, олар жоғалып кеткен қойды қарап жүрген. Екiге бөлiнiп кет­кен ағайындылардың бiрi — ату ныса­насына ұшырап, екiншiсi оны жаралы күйiнде тауып алады. Ал, оқ атып, ерлiк жасап тастаған өзбек шекарашыла­рынан сұраған көмегi зая кетедi.

Осыдан тура бiр жыл өткенде дәл осындай оқиға қайталанады. Бағыс ауылының тұрғыны 36 жасар Бақдәулет Мағадәлиев те «қаңғыған» оқтың құр­банына айналады. Тергеу нәтижесi бiреу-ақ, оққа ұшқан адам өзi кiнәлi.

Егер, Қазақстан тарапынан Өзбек­станның бiр адамы мерт болатын бол­са, онда жағдай дәл осындай бейбiт түрде шешiлмесi қақ. Тiптi, еларалық жағдай ушығып, соғыс өртi тұтанба­сына кiм кепiл. Бiздердiкi жағдайды өте-мөте сабырлы шешемiз деу­мен-ақ, басындырып алғанға ұқсайды. Әрине, халықаралық қақтығыстарға жол бермей-ақ, өзiнiң де ақысын жегiзбеуi қажет қой.

Кейбiр сарапшылар болып жатқан оқиғалардың көбi — Өзбекстан Қазақ­станның алға шарықтап дамып кетiп жатқан­дығын көре алмаушылықтан өрбiп отыр дегендi айтады. Байқап отырсақ, бұл сөзде шындық жатқан сияқты. Мәселен, екi ел шекарасы айқындалмай тұрған кезде Өзбекстан тарапы осы iстiң тезiрек жүзеге асуына қамшы басты. Сөйтiп, өз дегенiне қол жеткiздi. Тiптi, 1956 жылы Өзбекстанға берiлген Бостандық ауданымен қоса, сол өңiрдегi Түркiстан ауылын да меншiктедi. Сөйтiп, шекараға алаба­ғандар тартылған кезде, Өзбекстан Президентi Ислам Каримов шекараның мәңгi ашық бола­тындығын, посткеңес­тiк елдердiң азаматтары бiр-бiрiне ешқандай кедергiсiз өте алатындығын айтты. Алайда, Астанада 2002 жыл­дың желтоқсанының соңына ала кез­десу өткiзiп қайтқан Ислам Каримов, Ташкентке қайта оралысымен, дәлiрек айт­сақ, 2002 жылдың 27 желтоқ­санында шекараны жауып тастау туралы жарлық түсiрдi. Ондағы ең басты айтылған себеп, Қазақстаннан Өзбекстанға сапа­сыз азық-түлiк әкелiнiп жатыр, эпидемия тарау қаупi бар дегенге саяды. Алайда, сарап­шылар бұның тек сыныққа сылтау болғандығын айтады. Өзбекстан шекарасын жабудағы ең басты мақсат — Қазақстанға келiп сауда жасап, күнiн көрiп жүрген жүздеген саудагер­лер­дiң аяғына шiдер салу. Сөйтiп, Қазақ­стан экономикасына ағылып жатқан салықты Өзбекстан экономика­сына қайтару болып табылған. Сондай-ақ, Қазақстаннан Өзбек­станға ұн әкелi­нетiн. Оның да жолын кесу қарасты­рылыпты, өйткенi, жергiлiктiлердi өз елiнiң ұнын сатып алуға мәжбүрлеу керек.

Жалпы, Өзбекстан экономи­ка­сы­ның бiразы Қазақстанға тәуелдi. Ең бастысы Өзбекстан тiптi көршiлерi арқылы да ашық теңiзге шыға алмай­тын әлемдегi 2 елдiң бiрi. Сондықтан да, географиялық-экономикалық тиiмсiз аймақта орналасқан Өзбекстан бұл өшiн көршiле­рiнен алып отырғанға ұқсайды. Мұндай оқиғалар тек қазақ-өзбек шекарасында ғана емес, қырғыз-өзбек шекарасында да орын алған. Қазақстан азаматтары Өзбекстан тер­риториясында миграциялық-картамен жүре алатын болса, қырғыздар виза­мен ғана кiре алатын дәрежеде.

Дегенмен, Қазақстан өзiнiң тым жал­пақшешей саясатының салдары­нан Өзбекстанды өзiмен санаспайтын деңгейге жеткiзген сыңайлы. Мәселен, кiп-кiш­кентай Түркменстан Өзбек­стан­ды өз орнына қоя бiлуде. Өткен жылдың өзiнде-ақ, Түркiменстан Өзбек­станды оның iшкi iсiне ара­ласып отыр деп айыптап, дипло­матиялық тұрғыда шу көтерген. Демек, дәл сондай деңгейде Өз­бекстанның бiзбен санаспауына Қазақстан өзi кiнәлi сияқты.

Есенгүл Кәпқызы