Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ХОЛДИНГТI ШЕТЕЛДIК БАСҚАРУЫ МҮМКIН

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ХОЛДИНГТI ШЕТЕЛДIК БАСҚАРУЫ МҮМКIН

Үкіметтің жаңадан тағайындалған басшысы Даниал Ахметов жыл басында жұмысты Мемлекеттік холдинг құру мәселелерін қолға алудан бастады. Қазақстанның ірі кәсіпорындарын біріктіріп, холдинг құру туралы идеяны Үкіметтің толғатқанына екі жыл болды. Бұл мәселе ең алғаш 2004 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың аузымен айтылған болатын. Бірақ осы күнде бұл холдингті құру мәселесінде әлі шикіліктер көп. Себебі бір орталыққа біріктірілу – ірі кәсіпорындардың қаржысын ортақтастырып, бір орталыққа есеп беруді көздейді. Шын мәнінде, Ұлттық компаниялар есептерінің жария болуын Парламенттің бұған дейінгі шақырылымының депутаттары Үкіметтен қанша талап етсе де, бұл талаптың орындалуына қол жеткізе алмаған болатын. Енді бұл мәселе Үкіметтің тікелей жауапкершілігінде.

Мұндай құрылымды жасақтауда басқа елдердің тәжірибесіне сүйенудің қажеттілігі туындайтыны түсінікті. Оның негізіне Еуропа, Азия, Солтүстік Америка мемлекеттерінің 13 холдинг жұмысы сарапқа алынған деседі. Холдинг жұмысын жолға қою жөніндегі тапсырыс халықаралық «McKіnsey&Company Inc» компаниясына берілген болатын. Шетелдік мамандар Мемлекеттік холдингтің құрылуы ұлттық компаниялардың жұмысына оң ықпал етеді десе де, бұл идеяға күмәнмен қараушылар да баршылық.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, мемлекет меншігінде қазіргі таңда оннан астам ұлттық компания, 166-ге жуық акционерлік қоғам, 509 республикалық мемлекеттік кәсіпорын және 4232 мемлекеттік қазыналық кәсіпорын бар. Мемлекеттік холдинг құрамына енетін компанияларға төрт түрлі шарт қойылады: инфрақұрылымдық саласы, табысы, тұрақты құрылымы және корпоративті басқаруды жақсарту мүмкіндігінің болуы. Бұл талаптарға жауап беретін үш компания – «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «КЕГОК» АҚ – бірінші кезекте холдингке біріктірілуі мүмкін. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазақстан электр желілерін басқару жөніндегі компаниясы» АҚ сияқты инфрақұрылымдық компаниялардың да холдинг құрамына енуіне қажетті алғышарттар бар.

Мемлекеттік холдингке бұлардан басқа нақты қандай компаниялардың кіретіндігі әзірге белгісіз. Холдингті құру жұмыстары осы жылдың алғашқы үш айында аяқталуы тиіс делінсе де, Елбасы «әуелі құрып алайық, ал оның құрамына кімдердің кіріп, кімдердің басқаратындығын сосын шешеміз» деді. Тіпті, осы құрылымды басқару шетелдік азаматқа жүктелуі мүмкін. Президенттің айтуынша, «шетелдік басқарған жағдайда құрылым жұмысы айқын да ашық болады». Қалай болғанда да, Үкімет басшысы мемлекеттік холдингтің басшылығы ұлттық компаниялардың ішкі шаруаларына араласпауы тиіс екендігін атап көрсетті.

Мемлекеттік холдинг құру туралы қарама-қайшы пікірлердің ара-тұра айтылып жүргеніне қарамастан, бұл идеяның қалай да жүзеге асатындығы анық болып қалды. Сондықтан оның барысын алдағы уақытта жіті қадағалап отыратын боламыз.

Гүлбиғаш Омарова