Дүбiрмен басталды, күбiрмен аяқталды
Дүбiрмен басталды, күбiрмен аяқталды
Құдай Оңтүстiкке қасиеттi аямай-ақ төгiптi. Түркi жұртының қарашаңырағы — Түркiстан, Үш жүздiң басын қосқан — Ордабасы, адамзаттың алтын бесiгi — Қазығұрт.
«Болашағы зор ел тарихын таспен жазады» деген. Сонау ықылым заманнан бүгiнге жеткен, тiптi, адам баласы жаралғалы берi бiрге жасасып келе жатқан бiр аңыз бар. Қазығұрт тауы жайлы әңгiме бола қалса, ол аңыз өзiнен-өзi тiлiңiздiң ұшына үйiрiле кетедi.Қазығұрттың басында кеме қалған,Ол әулие болмаса неге қалған…
Сан ғасырдан берi ауыздан-ауызға өтiп, халықтың санасында берiк қалыптасып қалған осынау анызды тұңғыш рет ХIХ ғасырда белгiлi ғалым Әубәкiр Диваев тасқа басыпты. Одан бертiнде Мағжан Жұмабаев жырына қосқан.
Қазығұрт — Абылай хан Сабалақ атанып, баурайында Төлебидiң түйесiн баққан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, басқа да қазақтың талай жайсаңдары кәусар ауасын жұтып, дәмiн татып, талай аялдаған шежiре тау. «Адам ата шоқысы», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбардың саусағы», «Пайғамбар атаның су iшкен жерi», «Ғайып Ерен, Қырық Шiлтен» сияқты аңыз жетегiндегi орындар сол тарихтың куәсi.Естерiңiзде болса, жыл басында Оңтүстiкте бiр игiлiктi iс қолға алынған болатын. Қазығұрт тауын туристiк кешенге айналдыру үшiн облыстық бюджеттен 24 миллион теңге бөлiндi. Оның 3 миллионына аңыздағы Нұх пайғамбар кемесiнiң макетi орнатылатын болды. Сөйтiп, бұл iс ерекше қарқынмен басталып кеткен-дi. Десек те, «байдың асын байғұс қызғанып», орыс тiлдi баспасөз құралдары бұл игiлiктi iстiң адымын аштырмауға тырысты. Олар Нұх пайғамбардың кемесi Қазығұртта емес Қап тауында қалғанын және тағы да басқа деректердi келтiрумен әуре болды. Бұған көптеген зиялы қауым өкiлдерi баспасөз бетiнде қарсы пiкiрлер жазды. Облыстағы «Киелi Қазығұрт» қоғамдық қоры (президентi Байдулла Қонысбек) бұл жөнiнде арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Қысқасы, зиялы қауым Қазығұртты қорғап-ақ бақты.
Мәселенiң мәнiсiн ендi түсiнiп жүрмiз ғой… Оқыған, тоқыған, зиялы қауымымыз кеудесiн тiк ұстап, Қазығұртымен мақтанып жүрсе, облыс шенеунiктерiнiң осынау пiкiр қақтығысынан кейiн мысы басылып, жүндерi жығылып қалған бiлем. Соңғы кездерi Қазығұрт тауы туралы, ондағы Нұх пайғамбардың кемесi жайлы әңгiмелер бәсеңсiп қалған-ды. Не iстелiнiп жатыр, қаржысы жеткiлiктi ме, баспасөз бетiнде жазылмады да, тiптi, билiктегiлер де әңгiме етпейтiн болды. Дегенмен де «Қазығұрттың әлi-ақ әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен қатынайтын киелi орынға айналады» деген тәттi арман елдiң қиялынан кетпей қалғаны анық. Сөйтсек, Қазығұрт туралы әңгiменiң қаптың аузын буғандай тиылып қалуының түбiнде жымысқы саясат жатқан сияқты.
Мына қызықты қараңыз… Бүкiл ел құлағын түрiп «Нұх пайғамбар» кемесiнiң монументi қашан ашылады?» деп елеңдеп жүргенде, бұл кешен әлдеқашан ашылып та қойыпты. Иә, иә облыс әкiмi Болат Жылқышиев бiрқатар ақсақалдардың басын қосып, 20 мамыр күнi еш дабырасыз кешеннiң лентасын қиған. Есiк-терезенi қымтап, жарықты сөндiрiп, ел-жұрттан тығылып тамақ iшкендей әсер қалдырған облыс басшысының бұл тiрлiгi көңiлге түрлi күдiк ұялататыны рас. Алғашында «кешеннiң құрылысы әлi бiтпеген шығар, Б.Жылқышиев «тойдың болғанынан боладысы қызық» деп мүмкiн тойды алдын ала бастап жiбердi ме?» деген дәме-ой келдi. Жоқ. Облыстық көркейту және аумақтарда құрылыс салу басқармасы бастығының орынбасары Ахметжан Сәбденовке хабарласқанымызда: «Кешеннiң құрылысы толық аяқталған, оған облыстық бюджеттен 29 миллион теңге бөлiндi» деген жауап алдық. «Қашан ашылады екен?» деп бiлмегенсiп әдейi қойылған сұрағымызға ол: «Қызықсыз ба, оны облыс әкiмi лентасын қиып, ашып қойған» деп жауап бердi. Бұдан кейiн ОҚО ақпарат басқармасының бастығы, белгiлi қаламгер Мархабат Байғұтқа телефон шалдық. «Бiрiншi мәрте естiп отырмын» деп таң қалды Махаң. Ендi «бiр бiлсе осылар бiледi-ақ» деген Қазығұрттың ұланы, Президент сыйлығының иегерi, жас ақын Бақытжан Алдияр да, тiптi «Киелi Қазығұрт» қоғамдық қорының басшылығы да бұл туралы жарытып ештеңе бiлмейтiндiктерiн айтты.
Сонда қалай? «Адамзаттың алтын бесiгi — Қазығұртты дүниежүзiне қалай танытамыз?» деп қаншама жылдардан берi тыраштанып, жар салып келемiз, ал, сол тiрлiктiң басты жемiсi iспеттес болған киелi таудың баурайында кешеннiң ашылғанынан алыстағылар түгiлi етектегi ел бейхабар. Тiптi, облыс әкiмiнiң үйiрiп қойып, лента қию салтанатына жолатпай қоюын қалай түсiнемiз?Негiзi облыс басшысы бұл күнi Қазығұртқа селолық тұтыну кооперативтерiнiң жұмысымен танысуға келген екен. Аудан әкiмшiлiгi бас-аяғы оннан астам обьектiнi көрсеткен. Соның бiрi болып «Нұх пайғамбар» кемесi монументiнiң ашылу рәсiмi жүр. Апырай, бағымызға бiткен Қазығұрттың қосақтың iшiнде көптiң бiрi болып кететiндей жөнi жоқ екенiн аудан әкiмi Әбдiмүтәлiп Көбеевтiң түсiнбегенi ме? Киелi ауданды бiрнеше жыл басқарып, дәм-тұзын татқан, қазiр облыс әкiмiнiң идеология жөнiндегi орынбасары қызметiн атқаратын Әли Бектаевтың да бұл iске салғырт, немқұрайлы қарағаны таң қалдырады? «Қазығұрт Алланың мейiрiмi түсiп, шапағатын шашқан тау екен. Нұх пайғамбардың кемесi қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсiң… Жемiсi көп, жерi көп, жер төресi мұнда екен, жiгiт көп, ерi көп, ел төресi мұнда екен» деп Асан қайғы бабамыз сүйсiнген тау емес пе бұл? Ата бабаларымыздың ұзақ сапарға шығар алдында, бiр үлкен iстi қолға аларда тәу етiп, бас иетiн киелi тау емес пе едi, бұл Қазығұрт ? Ақ түйенiң қарны осы кешеннiң тұсауы кесiлген күнi неге жарылмайды? Әншейiнде iшiнде адам айнала алмайтын шағын медпункттiң лентасын әспеттеп, жалаулатып қиятын Оңтүстiктiң «озық дәстүрi» Қазығұртқа келгенде неге адыра қалды екен?Көкейде сұрақ көп, күдiк бiреу-ақ. Құдай бiледi, облыс басшылығы сыпсың сөзден сескендi. «Дабыра етсек, тағы орыстiлдi басылымдар өре түрегелер» деген жымысқы ой олардың зәре-құтын алғандай. «Өз қолымен өзiн буындырыпты» деген осы шығар, сiрә… Сонда сонау ықылым заманнан бүгiнге жеткен киелi Қазығұрт жайлы аңыз-әңгiменiң облыс шенеунiктерi үшiн түкке тұрғысыз еткенiмiз, бұл елдiгiмiзге сын емес пе?
Қазығұртты бүйтiп қорлағанша, пайғамбардың кемесi Қап тауында қала салғаны жақсы едi ғой.
Дидахмет Әшiмханұлы