КҮЛТӨБЕНIҢ БАСЫНДА КҮНДЕ КЕҢЕС
КҮЛТӨБЕНIҢ БАСЫНДА КҮНДЕ КЕҢЕС
Каспийдiң мәртебесiне қатысты соншама мәрте өткiзiлiп отырған жиындардан байқағанымыз, бұл өкiлдердiң қай-қайсысының жасаған мәлiмдемелерi аса бiр салмақтылығымен ерекшеленбегенiмен, өз мемлекетiнiң мүддесiн, стратегиясын байқатып тұрады. Калюжныйдың сөздерi Ресейдiң ниетiн аңдатса, Сафаридың мәлiмдемелерi Иранның бiрбеткейлiгiнен хабар бередi. Тiптi, ресми Ашхабад өкiлi Бабаевтың өзi Түркiменстанның ерекше саяси бағытын байқатады. Ал бiздiң мемлекеттiң атынан мұндай жиындарда Сыртқы Iстер министрiнiң саны көп орынбасарлары кезегiмен ауыстырып қатысып отыратын. Көбiне-көп Әбусейiтовтың бойы қылаң берiп қалатын. Шырдабаевтың Каспий деген алынбас қамалға келiп соқтыққанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бiрақ, бiздiң пайымдауымызша, Каспий мәселесiнде Қазақстанның мүддесiн алға тартуы тиiс өкiлдердiң мүдде түгiлi, көлеңкеден аспайтынын байқаймыз. Рух жоқ. Жалтақтық басым. Ресей өкiлiнiң ығынан шыға алмай отырады. Бүкiл ұсыныс Ресейдiкi секiлдi көрiнедi де, бiздiң тараптың өкiлi бас шұлғудан әрi бармайды немесе бiздiң өкiлдер өз уәждерiн дербес ұсынудан жұрдай.Айтпақшы, отставкадағы дипломаттардың сөзiне сүйенсек, Каспий теңiзiнiң қайраңын ұлттық бөлiктерге бөлу жөнiндегi бастаманың да әу бастағы ұсынушысы Қазақстан болған екен. Бiрақ, қазiр өзiмiз куә болып отырғанымыздай, қоғамда бұл ойды толғатқан Ресей секiлдi пiкiр қалыптасқан.Каспий мәртебесiн анықтауға арналған бұл басқосулар пәлендей мәселе шешiп, жарытпағанымен, шетел ақпарат құралдары осы жиындарға үлкен мән бередi. Ал ақпарат құралдарының қоғамның қажеттiлiгiн қамтамасыз ететiн ақпараттар тарататындығын әрi Каспий мұнайы дегенде жұртшылықтың құлағы тiктей қалатынын ескерсек, бiздiң өкiлдiң Калюжныйдың сөзiне бас шұлғып отыратындығына барлығы куә болады.
Сол кезде, япыр-ай, ең болмаса, кiп-кiшкентай бейтарап Түркiменстан өкiлiнiң ұстанымына неге қарамайды екен деген ой келедi. Өзiндiк пiкiрi жоқ адамдар мемлекет мүддесiн қорғап қарық қылмайтындығы белгiлi. Қазақстан шенеунiктерiнiң бойында мемлекеттiк рух деген сезiм қашан қалыптасады екен? Ал бiздiң өкiл Калюжныйдың шекпенiнiң астына қашанғы жасырына бередi?
Өткен нөмiрiмiзде “ҚазМұнайгаз” басшысы Қарабалинның Ұлттық компания қызметкерлерiне “Halliburton” компаниясында тәжiрбиеден өттi деген сертификатты аса салтанатты жағдайда табыстағандығын жазған едiк. Ендi сол компанияның басына бұлт үйiрiлiп отыр. Осы компанияға қатысты тағы бiр шулы процесс жүргiзiлмекшi. Нысанада вице-президент Дик Чейни. Еркiн ақпарат таратуды басты мақсаты етiп алған “Judicial Watch” ұйымының қызметкерлерi Пентагонның электрондық почтасынан “Halliburton” компаниясының әрқилы әрекеттерi жайлы деректер тауып, оны “Time” журналының назарына ұсыныпты. “Құны бiрнеше миллиард долларға шақталған келiсiм-шартты “Halliburton” компаниясының иеленуi үшiн Дик Чейни мен АҚШ-тың қорғаныс министрiнiң орынбасары Пол Вулфовиц өзара ымыраға келген” делiнген “Time” журналына келген деректерде. Кенеуi кеткен Ирактың мұнай өндiру өнеркәсiбiн қалпына келтiрудегi процестерде осы компанияның қатысты болуы әуел бастан американ қоғамын дүрлiктiрген. Өйткенi, Чейни 1995-2000 жылдардың аралығында бұл компанияның бас директоры болған. Мемлекеттiк қызметке кеткеннен кейiн компаниядағы iстерiнен бас тартты деген ақпарат таратылғанымен, бұл мәлiметтiң шындыққа жанаспайтындығы айдан анық. Өйткенi, АҚШ билiк Олимпiндегi шенеунiктердiң өздерi қызмет атқарған мұнай компанияларымен аса жақсы қарым-қатынас жасайтындығы ешкiмге жасырын емес. Мысалы: “Шеврон” компаниясы өз атқарушыларының бiрi болған Кондолиза Райсты әлi күнге дейiн пiрiндей көредi.Айтпақшы, “Halliburton” басшылығы өзге түгiлi өз акционерлерiн орға жығуымен дабыра тудырған екен. Былтыр осы компаниядағы 20 шақты акционер 1998-2001 жылдың аралығында, яғни “Halliburton” мұнай алыбының басшысы Дик Чейни болып тұрған кезде бухгалтериядағы көз бояушылықтың көбейiп кеткендiгiн айтып, сотқа шағымданған.
“Қазмұнайгаздың” басшысы маңдайға басып жүрген ұлттық компаниямыздың қызметкерлерiн “Halliburton” мұнай алыбының базасында тәжiрбиеден өткiзгенi үшiн американ компаниясы өкiлiнiң алдында құрақ ұшып, елпең қағып, өзiн қоярға жер таппай қалған.Атышулы оқиғалардың арасында көлбеңдеп қалатын бұл компанияға аса жылы қараудың қажетi жоқ шығар. Әйтпесе, кiм бiлсiн?..
Дидахмет Әшiмханұлы