МАНДАТ ҮШIН“МАЙДАН”
МАНДАТ ҮШIН“МАЙДАН”
Ал, үшiншiлерiнiң қимылы тiптен ерек. Олар депутаттық мандатын сақтап қалудың қамы — билiк партияларына ену деп бiледi. Жалпы, соңғы кезде Мәжiлiстiң депутаттарының бiразы өз көзқарастарының тұрақсыздығын танытып алды. Парламенттегi «Отан» партиясының фракциясынан шыққан алғашқы депутат — Болат Әбiлов едi. Алайда, оның ұстанған ұстанымы мен «Отан» партиясының принциптерi сай келмейтiн болды. Сөйтiп, ол өз партиясынан шығатындығын мәлiмдедi. Одан көп уақыт өтпей жатып-ақ, отандықтар Әбiловтiң мандатына жармасты. Сөйтiп, Б. Әбiлов партиялық тiзiммен сайланған себептi, партия қатарынан шыққаны үшiн, депутаттықтан аластатылды.
Бұдан кейiн Парламент қабырғасындағы фракциядан-фракцияға көшу — «Асар» партиясының фракциясы жасақталған кезде орын алды. Мәжiлiс депутаты Ұзаққали Елубаев «Отан» партиясынан «Асарға» көштi. Мұнда да «Отаннан» «Асардың» күшi мығым боп, менiң мандатым сақтала ма?» деген ойдың қылаң бермесiне кiм кепiл.
«Отан» партиясы сьезiн өткiзiп, оған Елбасы өзi басшылық жасап, теледидардан көрермендерiмен тiкелей эфирде тiлдескен Нұрсұлтан Әбiшұлы Қазақстан халқынан сайлауда «Отан» партиясын қолдауын сұрағаннан кейiн, «асарлықтардың» кейбiрi, мысалы, Мәжiлiс депутаты Нұрдәулет Сәрсенов «Асардан» «Отанға» өттi.
Мәжiлiстегi ең аты-шулы оқиғаның бiрi «Коммунистер» фракциясының айналасында өттi. Алдымен бұл партияға Ерасыл Әбiлқасымов мүше болды. Содан кейiн Қазақстанның Демтаңдауы қоғамдық қозғалысының жетекшiсi Төлен Тоқтасынов ендi. (Кейiннен «Қазақстанның демтаңдауы» халықтық партиясы тiркелдi). Дәл осы сәттен олардың өзара ыдырауы басталды. Мәжiлiс депутаттары Ерасыл Әбiлқасымов пен Владислав Косаревтер партия қатарынан шығып кеттi. Әрi мұнысын Төлен Тоқтасыновтың Орталық Комитеттiң мүшелiгiне өткендiгiнен деп түсiндiрдi. Владислав Косарев жаңадан «Қазақстанның Халықтық коммунистiк» партиясын құрмақ ниетте болғандығын, құжаттарын Әдiлет министрлiгiне бергенiн бiз газетiмiздiң 27 мамырындағы № 22 санында айтқан болатынбыз. Нәтижесiнде Әдiлет министрлiгi бұл партияны тiркеуден бас тартыпты.
Бұған дейiн коммунистiк идеядан айнымаймын деп жүрген Владислав Косарев бұл күнде басқа фракцияға мүше болып шыға келдi. Анау-мынау емес, «Аграрлық» партияның фракциясына ендi. Ал, Коммунистердiң арасына жiк салған Ерасыл Әбiлқасымов Мәжiлiс спикерi Жармахан Тұяқбайға «депутаттардың фракциядан-фракцияға сабылуын қадағалайтын өкiлеттiгiңiз бар ма, жоқ па?» деген сауал тастады. Өкiнiшке қарай, төрағада ондай өкiлеттiлiк жоқ екен. Ал, қазақтың тұңғыш ғарышкерi Тоқтар Әубәкiров «депутаттардың бiр партиядан бiр партияға өтуiн — принципсiздiк» деп бағалайтындығын айтады («31 канал», «Информ бюро», 8 маусым).
Яғни, сайлау жақындаған сайын кейбiр депутаттардың табанының бүрi азайды. Қай партияға мүше болсам, мандатым сақталады деген ғана үмiтпен, өз принципсiздiктерiн танытып жатыр. Ал, ондай депутаттардан мемлекеттiк, ұлттық маңызы бар шешiм күтуге болар ма екен?
Есенгүл Кәпқызы