Сайымжан Еркебаев. Ит (әңгіме)

Сайымжан Еркебаев. Ит (әңгіме)

Сайымжан Еркебаев. Ит  (әңгіме)
ашық дереккөзі

Жазушы Сайымжан Еркебаев 1935 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданындағы Қурайлысай ауылында өмірге келген. Алматыдағы шет тілдері институтын бітіріп, бірнеше жыл Доссор кәсіпшілігіндегі мектеп-интернатта және туып-өскен жерінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1967 жылы «Жазушы» баспасынан «Алғашқы адым» хикаясы жарық көріп, Қазақ радиосының әдебиет редакциясына редактор қызметіне ауысып, әдеби ортамен етене араласып, кейін бірнеше кітаптардың авторы болды. «Жалын» баспасынан «Жолдар мен шақырымдар» романы, «Жарылған бүр», «Ауыл кештері» және «Жел өтінде» хикаяттары оқырмандарға жол тартып, ыстық ықыластарына бөленді. Оның аударма саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. М.Е.Салтыков - Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегісі мен Отто Шнайдерайттың «Иоганн Штраус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» деректі хикаятын қазақ тілінде сөйлетті. Оның «Менің Қожанәсірім келді де...» әзіл-оспақ кітабын көпшілік қауым жоғары бағалаған еді. Жазушы өмірден ертерек озды. Көзі тірі болғанда биыл сексен жасқа толар еді. Алайда артында шығармалары оқырмандарға көзайым болып қалды. Біз бүгін жазушыны еске ала отырып, «Ит» әңгімесін оқырмандармен қайта қауыштыруды жөн көрдік.

Қаңтарбайдың назары тротуар­дың шетінде ит ұстап тұрған адамға түсті. Үстінде шұбатылған ұзын пальто, аяғында күздің суық, жаңбырлы күні болса да, жаздың аптабында киетін, әр жерінде жел қағар тесіктері бар жеңіл бәтіңке. Біреуінің бауы жоқ, тілі салақтап жер иіскеп жатыр. Пальто мен бәтіңкенің аралығынан күс-күс жалаңаш сирақ көрінеді. Шалбарының балағы пальтосының ұзын етегінен екі елідей ғана артық. Басында түр-түсін ажыратып болғысыз, жапырайта киген қалпақ, ол маңдайына түсіріліп, төмен шөккен, жарбай түйенің майсыз өркешіндей мыжырайып қалған.

Ит шөкелеп отырған күйі көшенің екінші жағына көз тастап тұр. Тайыншадай ірі овчарка. Бірақ еті қашқан, екі бүйірі қабысып жатыр. Қабырғалары арса-арса, жүні жығылған. Тойғызып ұстаса, нағыз көкжал бөрінің өзі. Жалпақ қайыс қарғыға шынжыр бау тағылған, иесі шынжырдың ұшын білегіне орап алыпты.

Қаңтарбай осы көзге түскен қораш көріністі қызықтап өтіп кететін еді, бірақ итті адам ол қатарына жете бергенде:

– Асыл тұқымды овчарка, алыңыз, арзанға беремін, – деді.

Жоқ, Қаңтарбайға иттің қажеті шамалы. Рас, бала күнінде итті жақсы көрді. Аққоян деген дәу ақ төбеті болды. Шоқтығына отырғанда өзін де көтеріп кететін. Шағын поселкінің бар итін Аққоян бұрап соғатын, оны көргенде қандай мықты деген иттер де құйрығын қысып, тайып тұратын. Иттің күштілігінің арқасында Қаңтарбайдың да достары арасында беделі артты.

Қаңтарбайдың «Аққояндап» айқайлаған дауысы шыққаны ит төбелестіруге жиналғаны деп біл. Бір қора бала соңында, Аққоянды жетектеп, итімен алысып Қаңтарбай келе жатады. Екі иінінен дем алып, тершіген маңдайына шашы жабысып, пысылдай берген танауын қолының сыртымен бір сүртіп тастайды да, алып-ұшып ұмтылған Аққоянды босатып жібереді. Сол кездегі Қаңтарбайдың іс-әрекетін, қимылын бақылаған адам қызыққа кенелер еді. Аққоян емес, тап өзі төбелескендей күйге түсетін – бәйгеге ат қосқан мен итті төбелестірген бірдей ме деп қаласың. Жеңсе – мерейінің үстем болғаны. Ал Қаңтарбайдың мерейі әр қашанда үстем – Аққоян жеңіліп көрген емес.

Аққоянның қалай тістегені, қалай алып ұрғаны, жерге салып қалай домалатқаны келесі төбелеске дейін жыр болатын еді де, ол келесі әңгімемен ұштасатын, сүйтіп Аққоян әңгімесі үзілмей жалғаса беретін.

Бірақ жалғаса бермеді. Бір күні түйе саууға тұрған мамасы ботаның басын тарт деп Қаңтарбайды қораға ерте шықты. Қора бірталай жерде болатын. Орта жолға жете бергенде таңғы ауаны қақ айырған мылтық үні шықты да, артынша қаңсылыған ит дауысы естілді. Қаңтарбай атылған оқ өзіне тигендей денесі түршігіп тұра қалды. Бір пәлені сезгендей жүрегі атша тулады. Сол-ақ екен өзіне қарай қаңсылап шауып келе жатқан Аққоянды көрді. Қолындағы түйе сауатын мамасының шелегін салдыр еткізіп тақырға лақ­тырып тастап, Аққоянға қарсы жүгірді. Аяғына оралып жата қалған итін Қаңтарбай мойнынан құшақтай алғанда, Аққоянның тұмсығынан сор­ғалаған қан Қаңтарбайдың омырауын жуып кетті.

Бірақ бұл пәледен Аққоян аман қалды. Бірнеше тістерін оқ қиратып, аузы дорбадай болып ісіп, көпке дейін тамақ іше алмады. Қаңтарбай нан мен етті шайнап берді, сорпаны аузына қасықпен тамызып асырады. Сөйтіп екі ай дегенде Аққоян жарасынан азар тазарды. Бірақ мінезінде күрт өзгеріс пайда болды – Қаңтарбайдан қыл елі қалмайды, мектепке де еріп барып, ол оқитын кластың алдына жатып алатынды шығарды. Мұғалімдер қорқып, класқа кіре алмай, «итіңді жоғалт» деп талай рет Қаңтарбайды сабақтан да қуып жіберді. Бұнысы ештеңе емес еді, енді Аққоян кісіге қарайтынды шығарды.

Бір күні бәленбай жылдан көрші тұратын, қолынан талай дәм татқан Рысты деген әйелді Аққоян тал түсте талады да тастады. Жұрттың бәрі: «Аққоянның көзін құрту керек, ертең бәрімізді де мүгедек етеді», – деп дау-жанжал көтерді. Қаңтарбай шырылдап қарсы шықты, сүйікті итінен айрылғысы келмеді. Барлық пәле адамдардың өзінен екенін ол сезді. Тыныш, өз бетімен жүрген итті атып, өшіктірмегенде, ешкімге де тимейтін еді. Бірақ не пайда, көпшілік оны түсінгісі келмеді. Ашынған топ Аққоянның көзін бір күн болмаса, бір күні құртатынын Қаңтарбай білді. Сабақтан шығысымен итін қасына ертіп, аулаққа, далаға кетіп қалатын болды. Оңаша шығарып: «Сен кісілерді қабушы болма, қапсаң атып тастайды», – деп егіле отырып, талай ақыл да айтты. Үнсіз тыңдаған Аққоян бәрін түсінетін сияқты еді, бір күні өзі сабақта жүргенде тағы бір адамды талапты.

Көп тартыс, айқай-шу, айтыстан кейін Қаңтарбай Аққоянды өзі жетектеп апарып, бір темір бағанаға байлады да, жаутаңдаған Аққоянның көз қарасына шыдай алмай, екі құлағын басып, бақырып үйге қашты. Оның даусы мен мылтық үні бірге шықты. Аяулы итін өз қолымен атқызып, жас жүрегін жаралаған ол, содан кейін ит асырамай кетті.

 Мына итті сатып алмақшы емес, сонда да тоқтап:

– Неге сатасыз? – деп сұрады.

Ит иесі міңгірлеп, қапелімде жауап қайтара алмады. Қаңтарбай оның жүзіне көз жіберді. Сақал-мұрты өсіп кеткен, бір-біреуі кес­кен томардың түбіндей болып тұр. Оң көзінің алды көкпеңбек, терісі қалталанып, салбыр тартқан. Мұрны үсік шалғандай қып-қызыл, екі бетінің ұшынан да қызыл шақа тамыр талшықтары көрінеді. Алқа-салқа пальтосының омырауын қаусырынуға апарған қолының саусақтары да домбыққандай бір-біріне жуыспай қалт-қалт етеді. Қаңтарбай неге сатасыз деп сұрақты босқа қойған екен, неге сататыны айтпай-ақ көрініп тұр.

– Сіз мені айыптамаңыз, бұл – баламның күшік күнінен асыраған иті еді... Осыдан екі ай бұрын сол балам дүние салды, енді мына итті көрсем... балам есіме түседі де, көңілім бұзыла береді.. Ойлап-ойлап, ақыры итті сатып құтылайын деп...

 Қаңтарбай ит иесінің одан арғы әңгімесін естімеді, ернін жымқырып алдында тұрған кісіге тесіле қарады, оның қан-сөл жоқ солғын ерні, ойқы-шойқы ысталған сап-сары тістері жиіркеніш туғызады. Сол сылтау айтып жыбырлаған ерінді тіс-місімен опырайта аузының ішіне құлатып, бар пәрменімен салып өткісі келді. Сүйікті баласының көзіндей болған жалғыз итті құлқыны үшін сатқалы тұрған адам, бұдан бірнеше жыл бұрын Аққоянды атқан адамнан өткен жауыз болып елестеді.

– Неше сомға бересіз?

Оған иттің тіпті де қажеті жоқ, өзі пәтер жалдап тұрады, асырап-бағатын орын да табылмайды. Бірақ итті осы кісіден қалай да құтқарғысы келді.

Ит иесі де Қаңтарбай ит сатып алады деп ойлаған жоқ-ты, қуанғаннан ол да қалтырап, жансыз еріндері еркіне көнбей:

– Он сом берсеңіз болады, – деді даусы қырылдап.

Қаңтарбай қалтасына қолын салып жатып қарап еді, ол иесіне қарады. Қабағы түскен ит жанарынан терең мұңды, уытты ыза мен кекті аңғарғандай болды. Иесі ештеңе байқайтын емес, саусақтары қалтырап, Қаңтарбайдың ұсынған ондығын жөндеп ұстай да алмай, жерге түсіріп ады. Жердегі қызыл он сомға жармасқан саусақтар топырақты бірге уыстап, тырмысып жатыр.

Қаңтарбай ит шынжырын сатушының қолынан босатып, жетектей бергенде, ол тартынып қалды да бұрынғы иесіне қайта ұмтылып, арсылдап үріп-үріп жіберді. Сонсоң жалы тікірейіп біраз ырылдап тұрды да, Қаңтарбайдың жетегінде кете барды.

– Ит болмасаң осыны істерсің бе?! – деді кенеуі кеткен ерні азар жыбырлап сатушы.

– Ит болмасаң осыны істерсің бе?! – деді Қаңтарбай да. Бірақ ол бұл сөзді итке айтқан жоқ-ты.