«Сауда соғысынан» тайсалмаған Трамп

«Сауда соғысынан» тайсалмаған Трамп

«Сауда соғысынан» тайсалмаған Трамп
ашық дереккөзі
Дональд Трамп «Қытайдың экономикалық агрессиясына қарсы күрес» меморандумына қол қойды. Бұл дегеніңіз – Қытайға қарсы сауда соғысын жариялау. Пекин бұрын-соңды мұндай жағдайға тап болмаған. Жер жүзінде халқының саны жөнінен бірінші орын алатын Қытайдың экономикалық ахуалы әлемдік көшбасшылардың қатарында. Осыны ескерсек, Пекин Ақ үйдің бұл шешімін жауапсыз қалдырмайды. АҚШ президенті Дональд Трамп қытайлық алюминий мен құрыш импортына жоғары баж салығын бекітті. Бұған жауап ретінде Қытай да АҚШ-тың әдісін қолданып, америкалық тауарларға баж салығын арттыруы мүмкін. Ал Бейжің үшін өзге тауар жеткізушілерді табу аса қиындық тудырмайды. Шетелдегі Қытай инвестициясын дамыту ассоциациясы АҚШ әкімшілігінің ойланбай жасаған бұл қадамы Ресейдің мүмкіндігін арттырғанын айтады. «Қытай нарығы өте үлкен. Бізге жыл сайын міндетті түрде 90 миллион тонна соя керек. Егер АҚШ баж салығын көтерсе, біз Америкадан тауар жеткізбесек, онда өзге елдермен жұмыс жүргізуді ойластырамыз. Егер қателеспесем, Ресейден Қытайға жылына 1 миллион тоннаға жуық соя жеткізіледі. Сондықтан қазіргі уақытта мүмкіндікті қалт жібермей, Ресей соясын Қытайға көбірек импорттауды ойлау керек», – дейді Қытайдың шетелдегі кәсіпкерлікті дамыту ассоциациясының бас хатшысы Хэ Чжэньуэй. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы ең алдымен автонарықты тұралататын түрі бар. General Motors өткен жылы Қытайда рекордтық 4 миллион автокөлікті сатқанын мәлімдеді. Ал Tesla компаниясы тіптен қиын жағдайда қалатын сыңайлы. Өйткені компания Қытайда үш бірдей ірі зарядтық станцияны ашып үлгерді. Сондай-ақ, компания Шанхайда зауыт тұрғызуға енді ғана рұқсат алған еді. Оның үстіне, ережеге сай зауыт үлесі толықтай Америкаға тиесілі. Бүгінде бұл көліктердің сатылымы артып, компанияның кіріс көлемі 2 миллиард долларды құрады. Tesla Қытайдың өздері үшін табысты нарық екенін айтып отыр. Алайда қазір өздерінің электрокөліктерін көптеп шығарып жатқандықтан, Қытай Tesla көліктеріне аса құмартып отырған жоқ. Жалпы алғанда, АҚШ-тың Қытайға жылдық экспорты 140 миллиард долларды құрайды. Қытайға әкелінетін бір ғана соя бұршағының өзі 14 миллиард долларға бағаланса, Boeing компаниясымен 38 миллиард долларға келісім жасалған. АҚШ тарапының есептеуінше, Қытай баж салығының артуынан 60 миллиард доллар жоғалтады. Соңғы деректер бойынша, Қытай үкіметінің вице-премьері Хань Чжэн бүкіл сауда серіктестерін бір кеменің жолаушылары деп атап, сауда соғысы барлық тараптарға кері ықпалын тигізетіндігін қадап айтты. «Сауда соғысы ешкімнің мүддесіне жауап бермейді. Ол тек жағымсыз нәтижеге әкеліп соқтырады. Біз саудадағы протекционизмді бағдарсыз жол деп санаймыз», – деп мәлімдеді Хань Чжэн. Айта кетейік, вице-премьер өз мәлімдемесінде АҚШ-тың немесе Трамптың есімін атаған жоқ. Дегенмен өз сөзінде Қытай үкімет басшысының орынбасары барлық ғаламдық сауда серіктестерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, экономикалық жаһандануды ашық әрі бәріне бірдей табысты етіп жүргізуді ұсынды. Екі алпауыт мемлекет арасындағы сауда соғысының қаупі әлемдік нарықтың құлдырауына себепкер болуда. Бұл ретте АҚШ Қытайды әділетсіз сауда тәжірибесі үшін айыптайды. Яғни, Қытайдың әлемдік нарықта демпинг (бәсекелестерді ығыстырып шығару үшін тауарды әдейі арзандатып сату) жасауы америкалық тауарлар құнының қымбат болуына әсер етуде. Ал Қытай АҚШ-тың бұл айыптауымен келіспейді. Сондықтан Қытай вице-премьері Лю Хэ АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучинмен телефон арқылы тілдескенде Пекиннің өз мүддесін қорғайтындығын мәлімдеді. Осылайша, экономикалық жағдайы бойынша әлемде көш бастайтын екі мемлекет бір-біріне соңғы ескертулерін жасады. Ал ғаламдық сауда соғысын күткен әлемдік биржа күн санап құлдырап барады. Дональд Трамп Қытай экономикасының әділетсіздігін шектеулі тарифтер енгізу және қытайлық инвестицияны төмендету арқылы тоқтатпақ. Пекин АҚШ-тың бұл қадамына 128 импорттық тауардан тұратын санкциялық тізім арқылы жауап беруге ниетті. Жоғары баж салығы енгізілуі мүмкін тауарлар қатарында жеміс-жидектер, кептірілген жемістер, шошқа еті, шарап және дәндер бар. Яғни, Қытай сауда соғысын қаламағанымен, үнсіз бұғып қалмақ емес. Бірақ Қытай бұл қадамға қандай жағдайда барады? Тек АҚШ-пен өтемақылық келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ғана Пекин өз қадамын жасайды. Сондай-ақ, АҚШ президенті Қаржы министрі Стивен Мнучинге америкалық технологияны қорғау мақсатында 60 күн ішінде қытайлық компанияларға инвестициялық шектеулер әзірлеуді тапсырды. Қазіргі уақытта Еуроодақ та америкалықтармен белсенді келіссөздер жүргізуде. Ал Америка әкімшілігі бұл шаралардың сауда соғысы да, протекционизм де еместігін алға тартып отыр. Бірақ кейбір халықаралық сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың мұндай біржақты шешім қабылдауы әлемдік сауда шарттарын қайта қарауға әкеп соғуы ықтимал. Ал сарапшылардың тағы бір тобы Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайға Еуроодақ қосылатын болса, бұл ғаламдық сауда соғысына айналатындығын айтуда. Егер ондай жағдай орын алса, онда әлемдік сауда мен инвестиция жағдайының қиындайтынына және шектелетініне күмән жоқ. Бұл өз кезегінде сауда соғысына қатысқан мемлекеттердің саяси қарым-қатынасына да әсер етпей қоймайды. Тіпті, АҚШ-тың Қаржы министрі Стивен Мнучиннің де көңілінде күдік пайда болған секілді деп жазады батыс басылымдары. Киім және аяқ киім өндірушілер ассоциациясы, АҚШ фермерлік одақтары мен жоғары технологиялық  Apple, Intel және Boeing  сынды алпауыттар да наразылық танытуда. Өйткені олар үшін Қытай – басты тұтынушы. Ақ үйдің бұл бастамасына қарсылық танытушылар қатарына энергетиктер де қосылды. Құрыш пен алюминийге енгізілген баж салығының өсуіне байланысты сұйылтылған газ өндіретін компаниялар бағдарламаларының бір бөлігін тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Қытайдың күн батареяларына Трамп енгізген жаңа тарифтердің салдарынан күн сәулелік энергетикаға салынған миллиардтаған инвестиция құрдымға кетті. Дональд Трамп меморандумға қол қоймас бұрын Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинді құрметтейтінін, Солтүстік Корея ісінде Қытаймен серіктес болғанын бағалайтынын ескертті. Бірақ саудадағы тапшылық жағдайды ушықтырғанын айтты. Трамп дефицитті 375-504 миллиард доллар аралығында деп бағалады. «Қалай қарасақ та, бұл әлемнің кез келген мемлекеті үшін үлкен дефицит», – деді Ақ үй басшысы. Айта кетейік, өткен жылы АҚШ-тағы жалпы сауда тапшылығы 800 миллиард доллардан асқан болатын. Сонымен бірге, Ақ үй әкімшілігі Дүниежүзілік сауда ұйымына Пекиннің «дискриминациялық әрекеті» үшін шағым түсірмек. «Сіз Қытайға көлік кіргізу үшін 25 пайыз салық төлеуіңіз керек. Ал олар көліктерін сіздерге кіргізсе 2 пайыз ғана төлейді. Міне, олар Қытайды осылай қайта қалпына келтірді», – деді Дональд Трамп меморандумға қол қою барысында. Қаржы нарығының қатысушылары Дональд Трамп бастаған сауда соғысы активтер құнының төмендеуіне себепші болады деп қауіптенеді. Bank of America Merrill Lynch наурыз айының ортасында қаржы нарығындағы қорларды басқарушылар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесі бойынша, қорлардың 40 пайызындағы қор индексінің төмендеуі ықтимал екені белгілі болды. Трамп бұл шешімді 2017 жылдың тамыз айындағы америкалық мамандар жүргізген зерттеу қорытындысынан кейін қабылдады. Зерттеудің мақсаты – Қытайдың америкалық компанияларды авторлық құқығын, патенттерін және өзге де зияткерлік меншіктерін айырбастауға мәжбүрлеп жүрген-жүрмегенін анықтау. Яғни, олардың патенттерін алып, ақысына америкалық компаниялардың Қытай нарығына енуіне жол ашып беруге уәде етуі мүмкін деген күдікті болжамдар айтылған. Ал зерттеу нәтижесі Қытайдың құпия коммерциялық ақпарат алу үшін АҚШ компанияларына кибершабуыл жасағанын айғақтағандай болды. Айта кететін бір жайт, зияткерлік меншікке қатысты Қытайға АҚШ президенті Билл Клинтоннан бастап бірнеше әкімшілік айып таққан еді. Бірақ олардың ешбірі Пекинге қарсы шара қолданудан аулақ болған. Сайлау уақытында да Трамп бірнеше мәрте Қытай Халық Республикасын технология ұрлығы үшін айыптап, бұл іске нүкте қоюға және Қытаймен саудадағы дефицитті қысқартуға уәде берген.