Қару үнінен құлағы тұнғандар

Қару үнінен құлағы тұнғандар

Қару үнінен құлағы тұнғандар
ашық дереккөзі
АҚШ-тың Флорида штаты парламентінің төменгі палатасы жуырда мектеп ұстаздарына қару алып жүруге рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Оған дейін жобаны штат сенаты қарастырып, ұстаздардың полицияда арнайы тегін дайындықтан өтуі туралы түзетулер енгізіп, бекіткен. Жаңа заңда қаруды сатып алуға рұқсат етілетін жас мөлшерін 18-ден 21 жасқа дейін көтеру, шабуылға арналған қаруға шектеулер енгізу және оқу орындарындағы қарулы күзетшілердің санын арттыру да қарастырылған. Бұл заң жобасының қолға алынуына ақпанның 14-і күні Паркленд қаласында болған қайғылы оқиға себеп болды. Бұрынғы мектебіне барып ойран салған Николас Круз есімді жігіт 17 адамды мерт қылып, тағы бірнеше адамды жаралаған еді. Қанды оқиға Майамиден солтүстікке қарай 72 шақырым қашық жатқан Паркленд қаласындағы Марджори Дуглас атындағы жоғары мектепте болды. Броуард округінің шерифі Израель Скоттың айтуынша, қаза тапқан 12 адам мектептің ішінен, екі адам ғимараттың сыртынан және бір адам жапсарлас көшеден табылған. Мерт болғандардың арасында мектеп оқушылары мен қызметкерлері бар. Күдікті әуелі мектепке противогаз киіп, түтіндеткіш заттар алып кіріп, өрт туралы дабылды іске қосқан. Кейін адамдарға қару кезенген. Көп ұзамай полиция осы мектептің бұрынғы оқушысы, шамамен бір жыл бұрын нашар үлгерімі үшін оқудан шығарылған 19 жастағы Николас Круз есімді жігітті ұстады. Одан AR-15 винтовкасы мен көп мөлшерде оқ алынды. Флорида штатындағы қайғылы оқиға туралы дереу хабарланған АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына: «Флоридадағы сұмдық атыста құрбан болғандардың отбасыларына көңіл айтамын. Бір де бір бала, мұғалім немесе өзге кез келген адам америкалық мектепте өзін қауіпті жердемін деп сезінбеуі тиіс», – деп жазды. Көп ұзамай Трамп мектеп мұғалімдеріне өзімен бірге қару алып жүруге рұқсат беруді ұсынды. «Қарулы қылмыскерлерден қорғану үшін мұғалімдерге  жасырын түрде  қару ұстауға рұқсат беру керек. Олар арнайы дайындықтан өтеді. Және оны қарудан ада аумақта алып жүре алады», –  деді ол Ақ үйде Паркленд мектебіндегі атыстан зардап шеккендер және олардың туыстарымен кездесу кезінде. АҚШ президентінің пікірінше, егер атыс қаруын терең түсінетін оқытушы болғанда, сол шабуылды дер кезінде тоқтатуы мүмкін еді. Атыс қаруына бақылауды күшейтуге шақыратын Everytown for Gun Safety коммерциялық емес ұйымының дерегінше, соңғы екі ай көлемінде АҚШ мектептерінде атыс қаруын қолданған 18 оқиға тіркелген. Солардың жетеуінде адамдар мерт болған немесе зардап шеккен. Мәселен, өткен аптада Мэриленд штатындағы Great Mills High School орта мектебіндегі атыстан үш адам жараланды. Оқ тиген үш адамның арасында атыс бастаған күдікті де бар. Қалған екеуі – 16 жастағы қыз және 14 жастағы ұл бала ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қыздың жағдайы ауыр деп хабарланды. CNBS арнасының хабарлауынша, күдікті оқушы ауруханада көз жұмған. Ал қаңтар айының соңында Кентукки штатындағы жоғарғы мектептердің біріне 15 жастағы жігіт оқ жаудырып, нәтижесінде 2 оқушы қаза тауып, 17 адам жараланды. Қылмыскер оқиға орнында ұсталған. Кентукки әкімшілігінің хабарлауынша, Marshall County жоғарғы мектебінде болған қайғылы оқиғаның құрбандарының жасы  қылмыскермен шамалас болған. Қолдан жасалған қарудан оқ атқан жасөспірімнің мұндай іске неге барғаны белгісіз. Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиға таңертең сабақ басталардан бұрын болған. Қылмыскер мектеп алдында жиналған адамдарға қарай оқ жаудырғаннан кейін 15 минуттан соң полицияның қолына түскен. Жарақат алған оқушылар жергілікті медицина орталығында ем қабылдауда. Өткен жылдың желтоқсанында Нью-Мексика штатындағы мектептердің біріне жасалған шабуыл да қайғылы жағдаймен аяқталды.  Білім ошағына оқ жаудырған қылмыскер екі жас­өспірімнің өмірін қиды. Өзі де оқиға орнында мерт болды. Ресми ақпарат өзге зардап шеккендердің барын жоққа шығарғанымен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиға кезінде мектептің 15 оқушысы әртүрлі жарақат алған. Қайғылы оқиға Нью-Мексика штатындағы ацтектердің жоғарғы мектебінде болған. Осындай оқиғалар жиілегендіктен бүгінде АҚШ-та ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқа бастаған. Әсіресе, Флоридадағы 17 адамның өмірін жалмаған қанды қырғыннан кейін америкалықтар ұл-қызы сабақтан келгенше жанын шүберекке түйіп отырады. Мұндай оқиғалардың қайталанбауын қалаған АҚШ тұрғындары жуырда полицияға жаппай қару өткізу акциясын ұйымдастырды. Үйіндегі қаруын тәртіп сақшыларына тапсырғандардың бірі, Айдахо штатындағы Бойсе қаласы тұрғынының айтуынша, құқыққорғау органы қызметкерінің куәлігіне ие азаматтардан басқаларға қару ұстап қажеті жоқ. Акцияның келісі бір қатысушысы, Нью-Йорк қаласының тұрғыны AR-15 винтовкасын қақ ортасынан арамен кесіп жатқанын жергілікті телеарналар жарыса көрсетті. Ер азамат қарудың қауіпті қолға түскенін қаламағандықтан, біржола көзін жойғанды жөн көрген. Ал өткен аптаның соңында Нью-Йоркте 150 мыңға жуық адам қаруға қарсы шеруге шықты. Олардың қатарында қала мэрі Билл Де Блазио де болды. Шеруге шыққандар атыс қаруы мен оның иелеріне бақылауды күшейтуді талап етті. Сондай-ақ, «Біздің өміріміз үшін» акциясына Бостон, Чикаго, Хьюстон және Паркленд қалалары да қосылды. Наразы топ соңғы уақытта орын алған қайғылы оқиғаларды ел билігінің есіне салып, қандықол қылмыскерлердің қолынан жазықсыз балалар мерт болғанын ашына жеткізді. Қарулары жоқ екенін көрсету үшін олар қолдарын жоғары көтеріп, алақандарындағы «Оқ атпа!», «Жазықсыздарды жаралама!» деген жазуларды көрсетті. Үкіметтік емес ұйымдардың ақпаратына сәйкес, өткен жылы АҚШ-та жаппай оқ ату қылмыстарынан 3 мың 700 бала мен жас­өспірім көз жұмған. Екі адамнан артық қылмыскердің қатысуымен болған қанды атыстардың жалпы саны ‒ 328. АҚШ-тағы сырқаттың алдын-алу және емдеу орталықтарының мәліметінше, мемлекетте жыл сайын қарудан 33 мың адам қаза табады. Қару үнінен құлағы тұнған америкалықтар шеруден нәтиже шығар деген үмітте. «Жүздеген мың халық көшеге бекер шыққан жоқ. Бәрінің қалауы – бір. Билік қаруды сатып алу жасын 21-ге дейін көтереді және әскери қаруларды сатуға түбегейлі тыйым салады деп сенемін», ‒ дейді акцияға қатысқан Нью-Йорк тұрғыны Филиппа Мур.