Домалақ ене

Домалақ ене

Домалақ ене
ашық дереккөзі
Халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының 2008 жылы туғанына 100 жыл толғаны белгілі. Осы айтулы датаға байланысты бірегей тұлғаның отыз кітаптан тұратын көп томдық таңдамалы шығармалар жинағы «Өнер» баспасынан жарық көрген еді. Бәукең бүкіл саналы ғұмырында тек шындықты сөйлеп келген айтулы азамат, сондықтан ол кісінің жазғаны ақиқат екені анық. Жазушы шығармашылығының 26-томы «Шежіре» деп аталады. Осы аталған кітапта: «.... Бәйдібекті қашан келсе де шынайы көңілмен, ақ жарқын жүзбен қабылдап, одан бала көруді жасағаннан жалбарына сұраумен болған. Оың тілегі тәңірінің құлағына жетіп, ол жыл сайын Бәйдібекке бір ұл сыйлап отырған. Сөйтіп ол он жеті құрсақ көтерген.... Бәйдібек балаларына енші бөлгенде даланың қалыптасқан заңын бұзып, өзінің жақсы көрген сұлуының балаларына үлесті ерекше мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақ, кәрі құртаңын ғана береді. Бәйдібек мұнымен қоймайды, Домалақ Енені балаларымен бірге жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жыл өтеді, баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік далаға сыймай кетеді. Ал шалғай жайылымға кеткен Бәйдібек болса, үлкен жұтқа ұрынып, жоқшылықта қайтыс болады. Мұны естіген Домалақ ене балаларын жұмсап, әкелерін арулап жерлеткізеді, жылы болғанда асын бергізеді. Өзі қара жамылып, қалған ғұмырында қосағының қайғысын аза тұтуға шешім қабылдайды», – десе, біз Бауыржан Момышұлының пікірін айна-қатесіз шын деп қабылдаймыз. Алайда басқа жазбаларда Домалақ ененің жалғыз ұлы болғаны айтылады. Анық-қанығына жету үшін әлі де зерттей түсуді қажет етері сөзсіз. Домалақ ене жайлы аңыз да, шежіре де мол. Солардың бәрі де ұлы адамның мейірімділігін, инабаттылығын, кісілігін, кішілігін, аса биік парасаттылығын жан-жақты суреттейді. Осы орайда біз шежіреге тоқталуды жөн көрдік. Көптеген ескі қолжазбалардың ішінен, әсіресе бізді өзіне қызықтыра түскен айтулы ақын, қаншама дастан мен қиссаны жеке-жеке кітап етіп Қазан баспаларынан шығарған, Қыз Жібекті жырлаған Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы. Осы Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының Қытай Халық Республикасынан шыққан «Қазақ шежіресі» (1990 ж.) атты кітапқа Домалақ ене жайлы қызық дерек еніпті. Онда: «Бәйдібектен Жарықшақ туыпты. Тегінде Бәйдібек екі қатын алған екен. Үлкені Сары бәйбіше, кішісі Нұрбүбі деп аталады. Нұрбүбі домаланып жүретін домалақ адам болғандықтан «Домалақ ене» атаныпты. Сары бәйбіше тоғыз ұл туып, оның біреуі ғана үйленіп, одан бір қыз туған. Сол кезде пайда болған жұғымтал тамақ ауруынан қалған ұлдарының бәрі шетінеп кеткен екен» делінген. Жамбыл Жабаев Домалақ енені кемеліне келтіре жырлаған, бар жанымен емірене-елжірей толғаған. Халқымыз «Зер қадірін зергер біледі» дейді ғой, Домалақ ене сияқты «ел ырысы» атанған әулие жанды ақынның танып-білуі де тегіннен тегін емес. Жамбыл атамыздың «Домалақ ене» атты туындысы Сарбас ақынмен айтысу барысында туған әдемі тарихи дүние. Қарт жыраудың елдің-жердің, ата-бабаның түп-тамырын, тегін өте жетік білетіндігі бізді қатты қызықтырды. Жамбылдың Домалақ ене қадір-қасиетін әр қырынан алып, барынша көркем суреттеуі кім-кімді де таңқалдырады. Бақ пен құт қатар дарыған Бәйдібек бабамыздың көк алалы көп жылқысын тайлы-таяғын қалдырмай жау айдап кеткенде еш шығынсыз өз отбасына қайтарған Домалақ ененің заңғар бейнесі Жәкеңнің толғауында шынайы көрініс тапқан. Осы бір ауыр жағдайдың сәтті аяқталып, малдың аман-есен өзінің ақыиесіне қайтып оралуымен Бәйдібектің маңдайының бағы, жеке өзінің, ауылының, елінің құты өмірге қайта оралып, қайта түлегендей еді. Заңғар ақынның «Домалақ ене» туындысында Сары бәйбішенің сегіз ұлы болғанын, олардың әлгінде айтылғандай жұқпалы аурудан емес, жау қолынан қазаға ұшырағанын бар жанымен тереңнен тербеп толғайды. Жәкеңнің дәл осы пікірін Қытай Халық Республикасынан «Қазақ шежіресі». 1990 ж. Іле халық баспасы) жарық көрген мына бір мәлімет те қуаттай түскендей, онда былай делініпті: «Бәйдібектің бәйбішесінен алты ұл туған екен. Сол кезде қалың жылқысын жау шауып, елінің шама-шарқы келмей қаша жөнеледі. Сонда Бәйдібек бай Домалақ енені жұртқа тастап кетіпті. Жылқыны шапқан жау жұртта қалған Домалақ ененің қара қосына бұрылыпты. Домалақ ене оларға: «Ей, батырлар, маған малдың сілекейі үшін бір жылқы тастап кетпейсіңдер ме?», – деп талап қойған екен. Жортуылшылар: «Біз саған ұстап бере алмаймыз, қандай жылқы алсаң да өзің ұстап ал», – дейді. Домалақ ене басындағы күндігін алып, жүген-құрық түспеген бір құла айғырды ұстап алып қалады. Жортуылшылар кеткен соң, Бәйдібек алты баласымен артынан шауып келеді. Ескі жұртта қалған Домалақ ененің құла айғырды күнделеп байлап қойғанын көреді де, бұрылып келеді. Домалақ ене оларға: «Мен жылқының ішіндегі туын ұстап алып қалдым, әрісі жиырма күн, берісі он-он бес күнде жылқының тағалы тайы қалмай барлығы қайтып келеді. Оған әуре болып бармай-ақ қойыңдар. Тілімді алмасаңдар, өздерің жазымға ұшырап кетесіңдер», – дейді. Сары бәйбіше балалары бұл сөзге көнбей, қанша жолдастарымен жылқының артынан қуып кетеді. Алты алашқа биік қасиетімен танылған Домалақ ененің маңдайының ашылып, жұлдызының жарқыраған тұсын барлық шежірелер мен ескі құжаттар Бәйдібектің көкалалы көп жылқысының шашау шықпай жау қолынан аман-есен оралуымен байланыстырады. Сөз болған шежіреде Домалақ ененің жебеуімен құла айғыр кісінейді, жау шапқан жылқының бәрі қайтып келеді. Тарихты, тарихта болған жағдайды білу бәріміздің міндетіміз, расында бүкіл қазақ бір ата, бір анадан тараған ғой. Шынында, Домалақ ененің бүкіл тірлігін, өткен өмірін саралап, жан-жақты толық білген адам, бұрындары қазақтың ажырамас ауыз бірлігінің болғандығын, қазақ деген аузын ашса, көмекейі бүлкілдеп көрініп тұратын ақ көңіл, аңқылдаған жандар екеніне көзі жетер еді. Осы орайда ойымызға кемеңгер үйсін Төле бидің аталы бір сөзі түсер еді. «Қудың берекесінің басы таудай, арты қылдай, момынның берекесінің басы тарыдай, арты таудай, момын болайық, ағайын, ата-бабамызға момындық жарасқан», – депті жарықтық. Біздіңше, осы бір теңдесі жоқ тәрбие атадан балаға ауысып, сонау Домалақ енемізден бері қарай жалғасып жатуы да мүмкін ғой. Байқап қарасаңыз, қу мен сұмырай тез әлденеді, лезде дәулеттенеді, бір демде жонданып, сауырын сипатпайтын нағыз мықтының өзі болып шыға келеді. Алайда суалуы да, таусылуы да көзді ашып-жұмғанша өте шықпақ. Әрине, қасиет киенің мөлдір бастауы Домалақ енеміздің өзінде жатқаны әсте күдік тудырмайды, қаншама ғасыр өтсе де мүрдесінің жоғалып кетпей сақталып келгені, атының ұмытылмай асқақтап тұруы ғажап құбылыс, кейінгі ұрпағының үлкен мақтанышы, бақыты. Адам баласының шынайы арманы, артына жақсы ұрпақ қалдыру болса, бұл жағынан Бәйдібек пен Домалақ ене нағыз оңынан күн, солынан ай туған бақытты жандар дер едік. Қазанғап Байболұлының жазғандарына сәл көз жүгіртіп өтейік. Бұл кісі бүкіл саналы ғұмырын «Еңсегей бойлы ер Есім» мен «Үйсін Төле бидің тарихын» жазуға арнаған жылнамашы, шежіреші, тарихшы, өткен ақындар мен билердің, шешендердің сөздерін жанына мол тоқыған аса зерделі жан. Бұл ғұлама қария «бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен» деген халық аузында киелі сөздің бар екенін айта келіп, «Еңсегей бойлы ер Есімнің» кіріспе сөзінде: – Төле, – дейді, – ұраным, Қоғалы, – дейді, – тұрағым. Бақтиярдан ажырап, Бәйдібек бай, Жәнібек, Жалғыз ұлы Жарықшақ Домалақ деген ененің. Албан, Суан, Дулат боп Бөлініп бері шығамын, – деп толғайды. Дегенмен ел аузында Албан мен Суанның Дулаттан бөліне, шығыс жаққа қарай көшкенін әрқилы саққа жүгіртіп, жырдай қызық етіп айтатын жәйттер жеткілікті. Кейбір бейауыздар қасиетті көк өгізге өкпелеп кетті десе, қайсыбір қылжақбастар тіпті анайылау етіп баяндайды. Біз сөз етіп отырған Қазанғап Байболұлы «Төле бидің тарихы» атты дастанында:   ... Сол айтқан Жарықшақтың үшеу ұлы, Албан, Суан, Дулат деп айтар мұны. Енші алысқан жерлері Қазығұрт деп, Сөзі бар біреулердің мына түрлі, –   деп толғайды. Бір ана, бір әкеден туған үшеуінің өз алдына енші бөлісіп, ақ отау көтерген жері – қасиет тұнып, кие қонған Қазығұрттың бауыры екен. Иә, Бәйдібек байдың ұрпақтары ата қонысында өз алдына жеке-жеке ірге көтеріп, дербес өмір сүрмек болды. Мал-дүниені балдай тату үлесіп алғаннан кейін бір тұлпар орталарында бөліске түспей, басы артық қалып қойыпты. Осы жағдайды Қазанғап Байболұлы қызғылықты жырлайды: Бар малға ие табылып, Бір ат қалды ортада. Тұлпар-ақ еді киелі, Ала қашып Суан ер Бетке алды алыс дүниені. Араз болып Дулатқа Албан да көше жөнелді, – десе, бұл уақиғада шындық бар екені байқалады. Сондай-ақ, Дүйсенбай Сүттібай­ұлының Аққұс Сатыбалды баласының шежіресіне сүйене отырып жазған «Нұрила» атты дастанында ат үшін емес, малдың өрісіне таласып, Суан жер ауғанға ұқсайды. Бұл туындыда былай делінген:   Суанжан, жүрегіңде отты қайрат, Ініңді ренжітпе салып айбат. Жетісу шығысына қоныс салғын, Қайта сен шеттен келсе, жауды жайрат.   Көрші қонсаң Суанмен жаным Албан, Береке өздеріңе барлық қалған. Ұрпағы Бәйдібектің кең тарасын, Нұрила әжең соны еткен арман.   Ортаңғы ұл Суан еді, үлкені Албан, Семсердей өткір еді қайрап салған. Бұл сөзге өжет Суан көнбей қойды, Тым қатты інісіне көңілі қалған, – деп, ағайынды үшеуінің іштей бір-біріне қатты ренжісіп, сырттай дөң-айбат көрсетуіне басу айтып, ұлы анамыз Домалақ осылай толғайды, іші елжіреп ақыл-кеңесін береді. Біздіңше, ата-қонысқа таласып, бір-бірімен араздасып, айырылысқан деген тұжырым көңілге көбірек ұялайтын сияқты. Өйткені Бәйдібектен қалған қыруар мал мен дүние-мүлікке бола керіспеген болар деп ойлаймыз. Жарықшақтың үш ұлының үшеуі де өскен-өнген, жеткен-жетілген, көркейіп көктеген. Қасиетті қара шаңырақты ұстап, тапжылмай бір орнында отырғандықтан Дулат шарықтап гүлденген, сонымен бірге бұл атамыздың өнеге алатын ғибрат істері де жетерлік. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапқа сәл ғана көз жіберсек, онда былай делініпті: «Дулат тұқымының басқа Үйсіннен артықтығы да мейірімділігінде деп айту керек. Егер біздің заманымызға дейін Бәйдібектің, Зеріп пен Сыландының, Домалақтың бейітінің орны жоғалмай, ұмытылмай келе жатқан болса, сол осы Дулат, Ошақты тұқымының, оның әруақ сыйлағанының арқасы. Әйтпесе осылай мың жыл бұрын кім өтпеді, қандай хан, қандай сұлтан, қандай жампоз адам дүниеден кетпеді, соның қайсысының бейіті бүгін белгілі болып отыр», – делінсе, шынында бұл жағдай болашақ ұрпақ үшін оның қанатын шарықтатып кең жайған шығар?! Осы орайда жазушы Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда: «Ұлы анамыздың артында батыстан шығысқа, шығыстан батысқа созылып жатқан қыруар ұрпақ бар. Олардың ішінде ержүрек мықтысы да, осалы да жетіп жатыр» («Қара маржан», 1979 ж. 153-б.). Біз халық аузында кеңінен тараған бұл әңгімені атақты Мәшһүр Жүсіптің жазбаларынан алып отырмыз. Мәшекең нені жазса да қазақтың тарихына соқпай кетпеген, әсіресе, үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің ғибратты сөздерін, үлгілі, өнегелі істерін хаттап-қағаздап қалдырған. Әлгінде ғана айтқанымыздай Бәйдібек бидің үш әйелі болған, оның екіншісі сұлу Зеріп, ал Сыланды Жалмамбеттің әйелі, Жалмамбет Зеріптен туған. Бұл жайында «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапта бір тарихи дүние айтылады: «Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптің Азық елінің қызы екенін, өте сұлу адам болғанын қариялар айтып отыратын. Шешеміз атамыздан он үш жас кіші екен. Оның тапқан балаларынан қалған ұлы – жалғыз Жалмамбет. Шешеміз қартайып, өз ажалынан сексен бір жасында қайтыпты. Шешеміз қайтқанда Жалмамбеттің үшінші әйелі (тоқалы) Сыланды да дүние салыпты. Сондықтан екеуін Қаратаудағы Ұзынбұлақ өзенінің Кіші Бөгенге қосылар жеріне бірге жерлепті». Бір айта кететін мәселе, Домалақ ене мен Сыландының балдай тату достығы, екеуінің де Алланың ақ жолында айнымай-аумай ғұмыр кешуі дер едік. Сары бәйбішеден зәбір-жапа көрген Домалақты үнемі жақтап, арашалап жүретін Сыланды екен. Бірде осындай бір қатыгездік үстінде ол кісінің мұрны қанапты. «Сен мынаны төге салшы» депті Домалақ ене Сыландыға. Ол кісі далаға алып шығып, өзі ішіп қойыпты. Мұны сезген анамыз Сыландыға кейіпті: «Сен менің қанымды ішуге құмар ма едің?», – деп. Ол кісі қатты толқып: «Айта көрмеңіз, ондай сұмдықты, сіздің бойыңыздан бір керемет қасиетті байқаушы едім. Осы себепті қаныңызды итке иіскеткім келмеді», – депті тізерлей отыра қалып. Бұл жағдайға айран-асыр қалған Домалақ ене Сыландыға мейірлене қарап, бата беріпті: «Ағарып алдыма шықпа, қарайып артымда қалма, қою шаңның ішінде жүр», – депті. «Ат ауыздықпен су ішіп, ер етікпен су кешкен» қиын-қыстау кездің бәрінде де біздің халқымыз бір Аллаға сыйынған, жалынып-жалбарынып, бәле-жаладан құтқаруын өтінген. Осындай ауыр жағдайдың бірін 1932 жылы ашаршылықта Сауатбек Ұсаұлы былайша тебіреніп жырлайды:   Домалақ! Жылап жатыр балаң жүдеп, Қайғысы қайыр діннің қара түнек.   О, дәрих! Нелер қызық өтті заман, Қалмаспыз бұл пәледен есен-аман. Көмілмей сүйегіміз ит жеп кетсе, Құдайдың пендесі жоқ бізден жаман.   Деді ме төгілейін толғанымыз, Жетті ме уақыты ажал болжалымыз. Шыныменен тәніміз сыртта қалса, Үмбеті Мұхаммедтің болмадық біз, – деген өлең жолдарында кешегі қынадай қырылған қалың қазақтың қара тастан ауыр қайғы-мұңы жатыр. Осындай ауыр азапта майысқан адамзат баласы алдымен Алланы, содан кейін Анасын еске алады екен ғой. Домалақ ене тарихы қилы-қилы. Жақсы адам болған соң жоқтаушысы көп. Сол себептен де шындық пен аңыз бірге жүреді.  

Сәрсенбі Дәуітұлы,

филология ғылымдарының докторы