Бостан күнін бағалай білмегендер

Бостан күнін бағалай білмегендер

Бостан күнін бағалай білмегендер
ашық дереккөзі
Бұдан былай шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар, дұрыс жолға түспей, арақ ішетін болса, қайта түрмеге қамалатын болады. Жуырда мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатқа  сәйкес, адамдар мас күйінде жасайтын құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандарға алкогольді ішімдік ішуге толық тыйым салынбақ.   Сотта жазаланғандардың мерзімінен бұрын шартты түрде босау жөніндегі өтініштері жиі қаралады. Өткен жылдың тоғыз айында республика соттары дәл осындай 7108 материалды қарап, оның 64,2 пайызын қанағаттандырған. Тілектері орындалмай қалғандардың көбі шетелдік азаматтар. Жоғарғы Сот судьясы Ғазиза Мұсабекованың айтуынша, оларға бұл ретте Қазақстан Республикасында тұрғылықты жерінің болмауы кедергі болуда. Осының салдарынан шетелдік азаматтарға тиісті қызмет пробациялық бақылау жасай алмайды. Өйткені мұндай шара заң жүзінде бекітілмеген. Есесіне, жаңа заң мерзімінен бұрын еркіндікке шығатын қазақстандықтардың тәртібіне қатысты талаптарды тағы бір ережемен толықтырды. Заң жобасын талқылау барысында сөз алған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев: «Темір тордың ар жағындағы өзінің үлгілі тәртібінің арқасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығатындар бар. Олар бостандыққа шыққан соң белгілі бір уақыт жазасы біткенше, заңда көрсетілген нормаларды сақтауы керек», ‒ деді. Мәселен, шартты түрде босап шыққандарға түнде үйден шығуға, тиісті органдардың рұқсатынсыз ел аумағынан кетуге болмайды. Бұдан бөлек, заңға олардың тәртібін реттейтін тағы бір ереже енгізілмек. «Мас күйінде жасалатын және рецидивтік құқықбұзушылықтардың қосымша әдістері мен формалары орнатылады. Атап айтқанда, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға алкогольдік ішімдік ішуге толық тыйым салынады», ‒ деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев. Вице-министрдің айтуынша, бұл ережені бұзғандар бірден түрмеге тоғытылмайды. Ең алдымен учаскелік инспектор екі рет ескерту жасайды. Егер ол ескертуге құлақ аспаса, сот оны темір тордың ар жағына қайта жіберу мәселесін қарайтын болады. Учаскелік полицей адамның арақ ішкен-ішпегенін сараптама жасау арқылы анықтайды. Сақшылар көршілерден немесе бөгде азаматтардан шағым түскен жағдайда ғана мерзімінен бұрын босап шыққан адамды тексере алады. Тұрғымбаев атап өткендей, «ешкім ешкімді аңдып, ізіне түспейді». Елiмiзде жыл сайын колониялардан 10 мыңнан астам азамат бостандыққа шығады екен. ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, олардың үштен бiрi қайтадан қылмысқа барады. Түзеу мекемесінің теперішін көрсе де, еркіндікке шыққан соң ескі әдетіне басатындарға заң қатал, аяушылық жасамайды. Істі қараушы судья кінәліге үкім кесер кезде Қылмыстық кодекстің 14-бабындағы «Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады» деген қағиданы негізге алып, қатаң жаза тағайындайды. Қанша жерден тігісін жатқызып, жасырғымыз келсе де, ауыр санаттағы қылмыстарды қайта жасайтындар, түрмеге қайта түсуден қаймықпайтындардың көбейгені алаңдатады. Сондай деректерге қарап отырып, Абайдың «Адамды тәрбиелеуге болмайды деген кісінің тілін кесіп алар едім» деген сөзі бүгінгі заманның ауанына сай келмейді-ау деген ойға қаласың.

Екі қолға бір күрек табылмаса...

Өткен жылы Ақтөбеде баласын сатып, абақтыға қамалған келіншек тағы да қылмыс жасады. Мұндай қадамға ол түрмеге қайта түскісі келгендіктен барған. 2013 жылы баласын 700 мың теңгеге сатқан Ирина Журавлева 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 4 жыл темір торда отырғаннан кейін қалған мерзімін шартты түрде өтейтін болып, 2017 жылдың шілде айында бостандыққа шығады. Бірақ түрмедегі тіршілікке бойы үйренген әйел бостандықты жатырқайды. Екі қолға бір күрек таппай қиналған Ирина еркіндікке шыққан соң жаңа өмір бастаймын деген арманының орындаларына сенімі жоғалады. Ащы суға салына бастайды. 9 қараша күні әйел өзінің жалдамалы пәтерінде танысымен бірге ішімдік ішеді. Әбден масайған Ирина «102» нөміріне қоңырау шалып, «темір жол вокзалында бомба (жарылғыш зат) қойылған» деп жалған ақпарат береді. Ақпарат түскен соң, полицейлер 20 минут ішінде Иринаның мекен-жайын анықтаған. Ирина Журавлева кінәсін толық мойындап, судьядан істі ұзаққа созбай тез аяқтауын сұрады. Темір торға тезірек бару үшін лаңкестік туралы жалған ақпарат таратуға бел буған ол қылмыстық Кодекстің 273-бабы бойынша сотталып, қайтадан түрмеге оралды. Айтуынша, оның көздегені де сол болған. «Түрмеден шыққан соң жұмыссыз жүрдім. Денсаулығым жарамағандықтан, оның үстіне, құжатымда «түрмеде отырған» деген мөр болғандықтан, ешкім жұмысқа алғысы келмеді. 4 ай бойы Мәскеудегі тәтем күнкөрісіме ақша жіберіп тұрды. Қашанғы біреуге масыл боламын? Бір жылға дейін асырар, одан кейін ол да менен мезі болады ғой. Қайтадан түрмеге түсу үшін осындай әрекетке бардым», – дейді екінші мәрте істі болған әйел. Түрмеден шыққан азаматтар бостандықтағы өмірге бейімделе алмай, сарсаңға түсетіні рас. Өйткені олардың темір торда отырғанын естігенде алдарынан көп есік тарс жабылады. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін дені сау адамның өзіне кей жағдайда екі қолға бір күрек табылмай жатқанда, кезінде қылмыс жасап, істі болғандар үшін жұмыссыздық мәселесі тіпті өзекті. Өйткені темір тордың ар жағындағы бұйығы тіршілік адамға еркіндіктегі өмірдің дағдыларын ұмыттырады. Ұзақ уақыт түрмеде отырған адам кәсіби білім-білігін жоғалтады, еңбекке ебі азаяды, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті төмендейді. Сондықтан олар жаңа өмірге бейімделе алмай сенделіп, қайтадан қылмысқа ұрынуы ғажап емес. Демек, темір тор сотталушыны түзеп қана қоймай, түрмеден кейін өмір бар екенін ұмыттырмауы керек. Түзелгендер еңбекке араласқанда ғана қайта қатарға қосыла алады. Бүгінде еңбекке жарамды 18 731 сотталған бар екен, олардың 17 403-і ерлер, 1328-і әйелдер. Сол 19 мыңға жуық сотталғанның 12 655-і түзеу мекемелерінде жұмысқа тартылған. Десе де, бас бостандығынан айырылғандардың көбінің мамандықтары жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында түзеу мекемелерінде кәсіптік білім беретін оқу орындарының санын арттыру мәселесі жолға қойылған. Қазіргі таңда еліміздегі түзету мекемелерiнде 53 жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. Олар жыл сайын 2 500-ден астам жазасын өтеушіге кәсіп үйретеді. Бүгінде 47 кәсiби колледж базасында 2 600 мерзiмiн өтеушi еңбек нарығында сұранысқа ие 35 мамандық бойынша бiлiм алуда. Атап айтсақ, ағаш ұстасы, сантехник, электр, газ дәнекерлеушi, тiгiншi, аспазшы секілді мамандықтарды игергендердің қатары артып келеді. Темір тордың ар жағында жеке кәсібін ашып, өзге сотталушыларды еңбекпен қамтып отырғандар да бар. Мәселен, биыл Ақтау қаласындағы ГМ 172/6 түзеу мекемесінде 7 бірдей жазасын өтеуші жеке ісін бастады. Соның арқасында қазір қатаң тәртіптегі түрмедегілердің 75 пайызы ақылы жұмысқа орналасқан. PRI Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азия бойынша сотталғандар арасында бизнесті дамыту мүмкіндігін қолға алған тұңғыш мемлекет. «2014 жылы Халықаралық түрме реформасы PRI және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ішкі істер министрлігімен бірге «Колонияларда жұмыспен қамту-2017» түрме реформасының 2-ші форумын өткізді, онда сотталғандарды жұмыспен қамтуға қатысты заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін бірқатар маңызды құжаттар мен ұсыныстар дайындалды. Осыдан кейін бизнес субъектілері колонияларда жұмыспен қамту мәселелеріне белсенді түрде қызығушылық білдіре бастады. Қазіргі таңда олардың саны 8 есеге артқан. Кәсіпкерлер 1800 сотталғанды жұмыспен қамтамасыз етті, бұл «Еңбек» РМК-ның жұмысқа тұру көрсеткішінің үштен бірін құрайды», – дейді Азамат Шамбилов. Колониядағыларда негізінен металл, ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, құрылыс материалдарын жасау, тігін цехы жолға қойылған. Ал жалақы көлемі атқарылған жұмысқа байланысты 18-30 мың теңге аралығында. Жеке кәсіп ашып, еңбек дағдыларын игеру сотталушылардың қапастағы тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, бостандыққа шыққан соң да жаңа өмірге тез бейімделуіне көмектеспек. Біріншіден, жазасын өтеу кезінде жеке бизнесін жүргізу арқылы сот үкім еткен материалдық шығынды өтеу мүмкіндігін алады. Екіншіден, абақтыда бастаған бизнесті бостандықта да жалғастыруға болады, бұл бұрынғы сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау қаупін азайтады. Үшіншіден, бұл бұрынғы сотталғандар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетеді.

Шетелдік тәжірибеге көз жіберсек...

Дамыған елдердің көпшілігінде сотталушылардың кәсіптен қол үзбеуіне, қоғамдық қатынастардан жырақтамауына, жақындарымен үнемі байланыста болуына баса көңіл бөлінеді. Мәселен, Ұлыбританияда Virgin Group (Virgin Records, Virgin Airlines және т.с.с. бірлестіктер тиесілі) сияқты компаниялар қамаудағыларды жазасын өтеп жатқанда оқытып, кейін бостандыққа шыққанда жұмыс ұсынады. Аяқ-киім жөндеу, тігін шеберханалары, наубайханалар, тамақтану орындары негізгі жұмыс берушілер болып табылады. Мәселен, Ұлыбританиядағы атақты аспаздардың бірі Гордон Рамзи елдегі түрмелердің бірінде мейрамхана ашқан. Аспаз өз білетінінің бәрін сотталушыларға үйреткен. Бүгінде мейрамхананы жазасын өтеушілер басқарады. Норвегия колонияларында әр камера бір адамға арналған. Онда теледидар, радио, душ және бірнеше камераға арналған дәретхана бар. Сотталушылар ас үйде өз бетінше тамақ дайындай алады. Спортпен айналысуға жағдай жасалған. Өндірістік база жақсы дамыған. Колонияда азық-түлік дүкендері жұмыс істейді, сотталушылар ол жерден өздері тапқан ақшаға тауар сатып ала алады. Басты мақсат – сотталушының жеке бюджетін қалыптастыру дағдыларын жоғалтпау. Сондай-ақ, Норвегияда отбасымен кездесулерге ерекше мән беріледі. Сотталушыларды жақсы ата-ана болуға үйрететін арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады. PRI Халықаралық ұйымының бастамасымен Қырғызстанда да сотталушыларды қоғамдық өмірге бейімдеуге басым көңіл бөліне бастаған. Мәселен, өткен жылы елде 2 сынама жоба қолға алынды. Бірінші жоба бойынша Шу облысында 5-15 жыл аралығында жазасын өтеген 10 адам бизнес жүргізу және бостандықта ақша табу бойынша бастапқы тренингтен өтіп, тігін фабрикасын ашып, өзге азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етті. Қазір бизнестері сәтті дамып келеді, түрлі компаниялардан тапсырыстар алып отырады. Екінші жоба бойынша Ыстықкөл облысында 10 бұрынғы сотталушыдан топ құрылып, оларға құжаттарын қалпына келтіруде, зейнетақы немесе мүгедектікті рәсімдеуде әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетілді, 7 адам шағын кәсіпорындарын және шағын бизнесін ашты. «Біреуі шаштараз болды, екіншісі ұсталық цех ашты және т.б. Қазір Талас және Жалалабад облыстарында екі жобаны қолға алдық. Таласта мэрия пробация қызметімен және үкіметтік емес ұйыммен бірге бұрынғы сотталушыларға қайта әлеуметтенуге көмек көрсетуде, олар бизнес жүргізу бойынша мамандандырылған тренингтерден өтті, сонымен қатар, цехтарда жұмыс жасайды. Жалалабадтағы колонияда тігін цехын аштық, онда 20-дан астам сотталушы оқытылып, тұңғыш түрме Арт-клубын аштық. Ол жерде сотталушылар агрессиямен күрес және әлеуметтік дағдыларды қалпына келтіру бағдарламаларына қатысады», – дейді PRI Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов. Бұл шаралар түрмеден шыққан азаматтардың бостандықта екі қолға бір күрек таппай сенделуіне жол бермей, қайта жасалатын қылмыстардың алдын алары анық.