Юнус Эмре – көркем мінез жыршысы

Юнус Эмре – көркем мінез жыршысы

Юнус Эмре – көркем мінез жыршысы
ашық дереккөзі
Түрік ойшыл ақыны Юнус Эмре – Анадолыдағы түрік тілі мен әдебиетінің және сопылық ойшылдықтың ең ірі өкілі. Оның атақ-даңқы тек қана Анадолы аймағымен шектелмеген, түркітілдес мемлекеттеріне, сонау Балқан түбегіне, Мажарстан, Алмания, Америка сынды әлемнің көптеген елдеріне дейін жеткен. Юнус Эмрені жақсы түсіну үшін әуелі ақынның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктерін білу керек. Ол ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында, яғни Селжук мемлекетінің соңғы кезеңінде Анадолыда өмір сүрді. Ол кез – Анадолының ең бір қиын-қыстау кезеңі еді. Селжуктар билік еткен дәуірде, әсіресе Бірінші Алаеддин Кейкубат патшаның кезінде Анадолыда саяси тәртіп толығымен орныққан болатын. Кония, Сивас, Ерзурум сынды көптеген қалалар ғылым мен мәдениеттің орталықтарына айналған-ды. Алайда бұл кезең ұзаққа созылмады. Қияседдин Кейхусрев патшаның кезінде көптеген қиындықтар белең ала бастады. Сол тұста Анадолының басына бұлт үйірілді. Саяси талас-тартыстар, одан кейінгі моңғол шапқыншылығы, селжуктардың жеңілісі және т.б. факторлар Селжуктар кезеңін тоқтатып, Анадолыда Бейліктер кезеңінің басталуына жол ашты. Бұл – Түркістан мен сол аймақтың төңірегінен көшіп келген түркітектес халықтардың Анадолыға орналасқан кезі еді. Көшу процессі де оңайға соқпады, талай қан төгілді. Одан кейін крест жорықшыларының шабуылы басталды. Олар да Анадолыдағы талай тарихи байлықты, рухани жәдігерлерді қиратып кетті. Міне, осы келеңсіз жағдаяттар тек қана саяси және экономикалық мәселелердің туындауына жол ашқан жоқ. Сонымен қатар, теріс ағымдар мен құдайсыз сенімдердің кең етек алуына себепші болды. Осылайша, халық діни сенім-нанымынан күдер үзіп, ертеңгі күнге күмәнмен қарай бастады. Осы кезде Юнус Эмре түрік тілінде жырлап отырып, ана тілін толғаныстың (тафаккур) тіліне айналдырып, адам баласын жақсылыққа, сұлулыққа және турашылдыққа шақыратын сопылық мәдениеті арқылы ынтымақ пен бірлікті насихаттаған өте ықпалды ақын болатын. Анадолыдағы сопылық (тасаввуф) ағымының және түрік поэзиясының ірі өкілі, түркі әлеміндегі ақындардың ішінде тау тұлға ретінде мойындалған Юнус Эмренің өмірбаяны, қай дәуірде, қайда туғаны, өмір сүргені, қалайша ғұмыр кешкені және қайда қайтыс болғаны туралы жеткілікті мағлұматтар жоқ. Бұл туралы тарихи деректер айтарлықтай кем. Ал ақын турасында келтірілген деректер әрқалай. Сондай-ақ, ол туралы айтылған аңыз-әңгімелерді қосқанда, өмірбаяны әралуан болып келеді. Осы себептен ақын туралы әртүрлі көзқарастар қалыптасты, әртүрлі ақпараттар тарады. Бұған қарамастан, осы уақытқа жинақталған тарихи деректерге, соңғы зерттеу жұмыстарға және аңыз-әңгімелерге зер салып көргенімізде, Юнус Эмренің өмірбаяны туралы мынаны айтуымызға болады: Юнус Эмре 1240 (41) жылы туған. Туған жері туралы қалыптасқан көзқарас бойынша, Сиврихисар аумағында орналасқан Юнус Эмре ауылы, яғни Сарыкөй ауылы. Оның ұстазы Таптұқ Эмре де осы аймақта өмір сүрген. Ойшыл ақын Юнус Эмренің қайтыс болған уақыты 1320 (21) жыл. Ол туған ауылында жерленген. Кей деректерге қарай, ол Караман, Қыршехир, Бурса, Испарта, Орду, Маниса сынды он төрт жерде жерленген екен. Тіпті Әзірбайжанның КаҺ аумағында да кесенесі бар. Алайда бұларды қабірден көрі, сопылық тілімен айтқанда, «мақам» дегеніміз дұрыс-ақ. Юнусты сүйген ел-жұрты ақынға құрмет көрсетіп, өз жерлерін берген және ақынның атымен атаған. Бұл басқа да Юнустардың болуы ықтимал екендігін де көрсетеді. Халық ақыны туралы егжей-тегжей мәліметтердің көбісі аңыз-әңгімелерде айтылған. Осы тұста екі дерек көзін атауға болады. Біріншіден, Бекташи Уәлиятнамасы. Аталған дерекке қарағанда, Юнус ауылдың кедей тұрғындарының бірі. Қуаңшылық кезде ақын атақты әулие Қажы Бекташ Уәлидің дәргейіне барып, бидай сұрайды екен. Бекташи мектебінің негізін қалаған Қажы Бекташ Уәли ақын Юнустың жан-дүниесінің кіршіксіз таза екендігін байқайды. Содан оған бидайдың орнына рухани ілім ұсынады. Бірақ Юнус рухани ілімнің не екендігін білмегендігінен қайтадан бидай сұрайды. Кейін ауылына қайтқанда, қателескендігін ұғады. Әулиенің алдына қайта барып, рухани ілім сұрайды. Сол кезде Қажы Бекташ Уәли оны Таптұқ Эмреге жібереді. Юнус Таптұқ Эмренің дәргейіне келеді. Мән-жайын түсіндіріп, оның дәруіші болады. Ал Қылуети деректеріне қарай, ақын Селжук мемлекетінің астанасы Конияда білім алып, содан соң туған жеріне жақын Наллыханда би болған екен. Сол кезде атақты сопылық ілімінің ұстазы Таптұқ Эмремен танысып, би болудан бас тартып, шейхтің дәруіші болады және сопылық жолына түседі. Мұнда Қажы Бекташ Уәлимен болған кездесу туралы ешқандай мағлұмат келтірілмейді. Ойшыл ақынның бұдан кейінгі өмірлік оқиғалары екі бөлек аңыз-әңгімеде бірдей баяндалады. Ол жерде Юнустың Таптұқ Эмренің дәргейінде отыз не болмаса, қырық жыл қалатындығы айтылған. Ол өз ұстазына қызмет етеді. Ұстазы оған таудан отын тасытады. Қырық жыл бойы осы міндетті атқарып жүреді. Кемелденген шақта ұстаздың рұқсатымен және қалауымен ол ақиқатты жырлай бастайды. Кейін ұстазы оны Анадолының түкпір-түкпіріне исламдық білім мен ғылымды жайып, имандылықты үйретуге жібереді. Осылайша, Юнус көпті көріп, көп жерді аралап, оқыған жырлары арқылы ақиқатты уағыздайды. Содан айлар ағылып, жылдар жылжып өтеді. Ол ұстазын сағынады. Дәргейіне қайта оралады. Юнустың бойындағы кемелділікті байқаған ұстазы оны туған жері Сарыкөйге жібереді. Осылайша ақын өле-өлгенше өзі құрған дәргейінде шәкірт тәрбиелейді. Кейін осы жерде қайтыс болады. Аталған аңыз-әңгімелер Юнус Эмренің өмірбаяны, ғылым мен сопылық жолындағы ізденістері мен ақындығы, сапарлары мен қайтыс болуы туралы ақпарат беріп отыр. Аңыз-әпсаналардың көбісі шындықтан алшақ болғанымен, талдаудың нәтижесінде шыққан кейбір тарихи шындықтар Юнус Эмренің өмірбаянын көрсетеді деген ойдамыз. Юнус Эмре – исламдық сопылық идеясының негізінде туған ақын. Сондықтан ол үнемі исламдық ақиқатты жырлап өткен. Бұл идеяның негізінде Алла және адам сүйіспеншілігі жатыр. Ал осы сүйіспеншілікті өзек етіп алған сопылық идеясына қарай, Алла ғана жалғыз шынайы болмыс иесі. Барлық сопылар сынды Юнус та осы тұрғыдан ой қозғайды. Болмыс пен тіршілікті, өлім мен махаббатты, өмір мен ғаламды осы көзқарас бойынша жырлайды. Осы себептен ол Алла, иләһи махаббат, болмыс, жоқтық, өмір мен өлім сынды тақырыптарды көп қозғайды. Юнус Эмре – исламдық көркем мінездің жыршысы. Көркем мінездің кедергісі немесе дұшпаны – нәпсі. Сондықтан ол нәпсіні кемелдендіруге, толық адам болуға үгіттейді. Оның санасында барлық болмыс иелеріне сүйіспеншілікпен қарау арнайы орынға ие. Яғни ол адамға және ғаламдағы барлық тіршілік иелеріне махаббатпен қарауға үндейді. Осы себептен Юнус Эмрені «махаббаттың жыршысы» ретінде бағалайды. Оның махаббат философиясында жаратылысты Жаратушының құрметіне сүю, ренжітпеу, жақсылықты тілеу, азға қанағат ету, құлшылықты молынан атқару, дүниеқоңыздыққа ұрынбау, тәкаппарлықтан арылу сынды ақиқаттар орын алған. Юнус Эмре үшін басты мәселе – достық. Әуелі, Алламен, содан кейін жаратылыспен достасу, бейбіт өмір сүру, жамандық пен зұлымдықтан алыс болу сынды тақырыптар ақынның өлеңдерінде арқау болған. Ол – шынайы мұсылман ақыны. Ол бүкіл мұсылман жұртқа, тіпті барлық адамдарға бір көзбен қараған. Әсілі, дін өзара түсіністік пен сабырлылыққа, келісім мен үйлесімге және сүйіспеншілік пен махаббатқа негізделеді емес пе?! Ол құлшылықты о дүниедегі азаптан сақтану не болмаса сауапқа кенелу мақсатында атқаруға қарсы шыққан. Оның пікірінше, құлшылық тек қана Аллаға деген сүйіспеншілік үшін атқарылады. Юнустың ойынша, дәруіштік – бет-бейнені көрсететін сыртқы көрініс емес. Дәруіштік – Хақ Тағаланың жолында халыққа қызмет ету. Халыққа пайдалы болуды мақсат ету. Ол үшін адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, кемелділікке қарай ұмтылады, жүрегін Аллаға деген сүйіспеншілік сезімімен толықтырады, одан кейін тек қана ізгі амалдар жасайды. Юнус философиясындағы ең маңызды ұғымдардың бірі – адамды сүю. Шын мәнісінде, әлем әдебиетінің өзінде адамды соншалықты ұлықтайтын және сүйетін ақынды көру мүмкін емес. Батыстың гуманизм деп мақсат еткен ойдың дәрежесіне Юнус ғасырлар бұрын жеткен. Алайда оны батыстық көзқарастағы гуманист деп атау қиын. Өйткені гуманизмде адам баласын Құдайдың дәрежесінде дәріптеу бар. Юнус болса адамды керісінше Алланың ең көркем және ең керемет жаратылған тіршілік иесі болғаны үшін сүйеді. Сонымен қатар, гуманизмдегі адамдық құндылықтар – ежелгі грек және латын мәдениетіне негізделген Еуропаның адамдық құндылықтары. Юнус болса адамға ислам құндылықтары тұрғысынан қарайды. Сол сияқты Батыс гуманизмді өз аймағында іске асырып отырып, өзге дін және ұлттарға сүйіспеншілікпен қарамайды. Осы себептен Батыстың адамгершілік идеясы толық қалыптаспаған. Юнус Эмре болса жетпіс екі елге бірдей қарайды. Өйткені діні, тілі, ұлты кім болса ол болсын, бәрі адам және адам ретінде бәрі Алланың құлы. Осы сияқты көзқарастардың нәтижесінде Юнустың адамгершілік идеясы мен Батыстық гуманизм идеясы толық үйлеспейді. Юнустың адамды сүю идеясы исламдық тұрғыдан қолға алынғанда ғана мәні өседі. Ал бұл мәннің негізінде Алланың бар болу идеясы жатыр. Юнус Эмре барлық мұсылман жұртты тіпті адамзатты құшағына алғандай. Осы себептен оны тарикаттардан биік ақын ретінде бағалау керек. Оның ақындығы әрі ана тілі – түрікшеге мән беруі, тіпті қоғамдық ықпалы тұрғысынан келгенде, Түркістанның пірі – Қожа Ахмет Яссауи бабамызбен үндесетіндігін көреміз. Бұның басты себебі, Анадолыдағы сопылық ілімінің дамуы Яссауи дәруіштерінің арқасында жүзеге асқандығы. Юнустың да сол ілімді үйренгені айдан анық. Оның өлең-жырларына зер салғанымызда, арада 150 жылдай уақыт айырмашылық бола тұра Яссауидің ықпалы байқалады. Юнустың Қожа Ахмет Яссауидің кейбір өлеңдеріне жауап жазуы сөзімізді дәлелдей түседі. Ясауидің хикметтері мен Юнустың иләһилері мазмұндық жағынан бір-біріне ұқсайды. Алайда бұл ұқсастық өзара ықпалдастықтан емес, бір міндетті, бір миссияны арқалағандығын көрсетеді. Сопылық ілімінің екі өкілі арасындағы негізгі айырмашылық – Ясауидің өлеңдері дидактикалық сарында жазылса, Юнустың өлеңдері лирикалық сипат алады. Ақын Юнус Эмре – юнустанушы-ғалымдардың пікірінше, бұрынғы Анадолы түрік тілінің ең ірі өкілі. Ол – Қожа Ахмет Яссауимен Түркістанда бастау алған сопы медресесі поэзиясының Анадолыдағы негізін қалаушысы. Сол кездегі негізгі тілдер – араб және парсы тілдеріне мән бермей, түрік тілінде ғана ақиқатты жырлап өткен. Осылайша, сол кезден бастап, түрік тілін әдебиеттің тіліне айналдырған. Ал өлеңдерінде орын алған араб және парсы сөздері ислам мәдениетінің өкілі екендігін көрсетеді. Жалпы алғанда, өлеңдерінде өзге тілдегі сөздер аса көп емес. Тіпті сопылық (тасаввуф) сынды өзіндік ұғымы бар ой жүйесін түрік тілінде жеткізу арқылы Юнус тілдің дамуына да үлкен үлес қосты. Оның поэтикалық тілі барлық түркітектес халықтарына түсінікті.  

Мұстафа ӨЗЧЕЛИК,

жазушы (Түркия)

 

(Мақала  қысқартылып берілді)