Тұлғалы қаламгердің тосын сыры

Тұлғалы қаламгердің тосын сыры

Тұлғалы қаламгердің тосын сыры
ашық дереккөзі
  Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі интеллектуалдық прозаның белді өкілі Марал Ысқақбай – шығармаларындағы оқиғасының тосындығымен, астарлы ой айтуға бейімділігімен ерекшеленетін тұлғалы қаламгердің бірі. Оның «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Ғажайып бала», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты хикаяттары мен «Пенде ғұмыр» романы және «Шығарма шырайы – шындық» әдеби сын кітабы кезінде зерек оқырмандар мен зерделі зерттеушілер тарапынан жақсы бағасын алған туындылар. Сонымен бірге жазушының шығармалары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» секілді телеқойылымдар көрсетіліп, «Тамшы» атты көркем фильм түсірілген. Бұның бәрі жазушы Марал Ысқақбайдың қаншалықты қуатты қалам иесі екенін танытса керек. Маралды мен әуелі талантты қаламгер ретінде таныдым. Сырттай атын еститінмін, жазғандарын оқып, оқиғасы ойнақы және тосын, небір ұтырлы да ұтымды сөз кестесімен ой тұңғиығына шомдыра беретін қаламгерлік тәсілі таңғалдыратын. Өнебойы төпелеп те жаза бермейді. Әредік көрінсе де, оқушы көкейінен шықпай, ойланта да толқыта беретін әңгіме, хикаят, роман, тарихи зерттеулері жазушының кең ауқымды, сан салалы шығармашылық диапазонын мейлінше танытатын-ды. Және ешбір қаламгерге ұқсамай, өзіне ғана тән даралық соқпағымен «дарын» атты сәйгүліктің жорға желісімен келеді. Марал Ысқақбайдың кезінде жарық көрген бес томдық шығармалар жинағының төрт томына алпыс жылға жуық қаламынан шыққан прозалық дүниелері енсе, соның бір томы түгелдей әдеби сын, шежіре, тарихи-этнографиялық эсселерімен толыққан. Жазушының ұзақ жылдар бойына столға шегеленіп, саусақтары мүйізденіп, қаламының сырылы түн тылсымын бұзған зор еңбегінің жемісі еді бұл. Қалам иесіне бұдан артық қуаныш болмаса керек. ...Оқығалы бері естен кетпей, қораштау, қарапайым бейнесі елестейтін кейіпкері – Нәкәлім, «Көңіл жұбанышы» әңгімесінің кейіпкері. «Ұсқынсыз еркек кімге дәрі?» Өйткені ол топты жарып жүрмейді, той-томалаққа да ешкім шақырмайды. Бар күйкі тірлігі – үй іргесіндегі бағын баптау, су тасып, жеміс ағаштардың түбін қопсыту, көшпелі төсегін көтеріп, тап осы бақ ортасына түнеу. Басқа уақытта қоймаға қарауыл болу. Өзгеден айырмашылығы, қашанда қолы қалт еткенде нешеме жылдар өзіне жансерік болған ескі «Саратов» гармонын сызылта ойнатып, әуен ырғағында балқу. Кенет Нәкәлімді бір үйлену тойына шақырады. – Шақырылған баяншымыз келмей қалып, – дейді мұнтаздай киінген, ақсары толық әйел. Кежегесі кейін тарта, гармонын қолтығына қыстырып, амалсыз жүріп береді сол тойға. Мұның асты-үстіне түсе, бірі стақан толы арағын, бірі тұзды қиярын ұсына бәйек. Өзі де аянбады, гармонын құлаштай, жер тепкілей билететін орыстың небір құйқылжыған саздарын ойнатады-ай кеп! Көзі күйеу балаға түскенде, оның қазақы өңдес екенін аңғарады. «Қашан, қайдан көріп едім?», – деп алыстап кеткен бейнені іздей көңілі шарқ ұрады. «Николай, сенбісің? Сені көрем деп кім ойлаған», – деп бір аққұба орыс әйелі құшақтай алады мұны. – Дуняша, сен қайдан жүрсің?.. – Баламның үйлену тойына келдім, – деп жиырма жыл жүрегінің түкпірінде жүрген бір кездегі ғашығы ағынан жарыла, көңіл шырайына көлеңкесін түсірген со бір оқиғаның үзігін жалғап кетеді... ...Нәкәлім мен Дуняша бір деревняда өсті, қолынан етікшіліктен өзге дәнеме келмейтін әлжуаз әрсіз бала Дуняның шаруасы күйлі бай әкесіне барып жалданады. Жалғыз қыздары ерке, шолжың, тілі удай өткір, сұлу-ақ. Бозбала біткен соған ғашық. Нәкәлім олардың ысқырығына салам деп қыздан талай таяқ жейді. Қыз мұны қанша кекетсін, мұқатсын, жігіттің жүрегіндегі махаббат ұшқынын өшіре алмайды. Соғыс басталды, Нәкәлім бұл кезде он сегізге толып, көппен бірге ол да майданға аттанады. Дуняшаға хат жазады. Жауабын сарғая күте-күте, соғысты да аяқтайды, ақыры бір хат келеді. Хатта сезімнен ұшқын да жоқ, тек әке-шешесі өліп, жалғыз қалған жайы турасында жазылған. Нәкәлім Ағапанов қайткенмен үмітін үзбейді, салып-ұрып жетіп келген ғой. Ал осы кезде: «Рас, осынау жас ғұмырының ішінде бірнеше жігітке ғашық боп, құшағына алып, бауырына қысты. Жеңілтек желік емес, өмірлік жар іздеп, мына келте фәнидің соқпақсыз сапарында сүйеніш іздеп... Екі ортада аты шығып, соңынан қаңқу сөз ереді. Апайтөс, тұлғалы кербез жігіт Пірімқұл дейтін арманы еді, – ол да соғыста опат болады». – Міне, салы суға кеткен Дуняның енді Нәкәлімге қосылмауға амалы жоқтай кейпін жазушы осылайша шеберлікпен суреттейді. Араларына тағы бір сұлуша сумақай Стамбек атты жігіт килігеді. Нәкәліммен жұмыстас, әрі достар. Екеуінің үйлену тойын жасаймыз деп шабуылдап жүрген пысықай. Дос боп көрініп, аңқау, адамға сенгіш бейкүнә Нәкәлімнің арқасынан пышақ салуға даяр. Дуняша осыны аңғарғасын, тұңғиық ойға шомады: «Тұзы жарасып, Нәкәлім екеуі осы қалпымен отасып кеткен күнде де, қашан бетінен ажары тайып, базары тарқағанша, айналасындағы еркек атаулы әмсе бұған нәпсінің құлы ретінде ғана қарайды екен. Бұл – қорлық! Нәкәлімді қорлау... «Зерделі әйел бір түйінге келеді: «Көп отаса алмаспыз...» Дуня оның мойнына асыла кетіп, бетінен өпті. «Кешір мені, Коленька, алдай алмаймын. Адамның сезімі ақылға көнбейді екен. Осынша-ақ тырыстым, айыптама, жазғырма», – деген тостағаны мөлтілдеп». Табиғат шіркіннің ала-құла заңының және бір тармағын тап баса, суреткер жазушы адамның ішкі жан-дүниесі мен сырт келбет-ұсқыны үйлеспеген жағдайда оның жалпы өмірде де үйлесімі болмайды деген түйінге саяды. Дауласуға да болар, әйткенмен, жазушы идеясы осы.

* * *

...Әй, осы екеуі қосылса, шын үйлесім – гармония сонда болар! Қайдан қосылсын, сыбай-сылтаң бойдақ, әрі басы бос емес екеуінің де. Бірінің сүйіп қосылған жары, алтындай қос балапаны, сүйікті ісі, қызметі бар; ал екіншісінің табыскер, карьерада жолы оңтайынан келген күйеуі, сүйікті балалары, ата-енесі бар, жап-жақсы мансабы да бар, өзі – абыройлы, сұлу да сүйкімді». Тақырыбының өзі-ақ елең еткізер бұл – «Ғашық боп көрмеген келіншек» повесі. Оқиғаға оралым болған Қизат пен Бүбия. Ыстықкөлге демалуға кетіп бара жатып жолығады екеуі. Қизат суретші, асай-мүсейін әдейі үйіне тастап кеттім деп ойлайды, өйткені «заказбен» үлкен мекемеде жұмыс жасап әбден қажыған. Алаңсыз, тыныш тыныққысы келген. Аяқасты бүлінетінін қайдан білсін. Қырғыз келіншек Бүбия мен әпкесін көлігіне отырғызып, барар жеріне жеткізіп салғанда, жол бойында «...жасы отыздан анық аттағанмен, әлі де ашылмаған гүлі бардай сезілетін ұятты да ұя бұзбас әдемі келіншектің» сыр-мінезін сұңғыла суретші бірден аңғарған-ды. Санаторийіне келгесін ел қатарлы тыныш тауып демалудың орнына әйелдің суретін полотноға түсіруге әрекеттенумен әлек. Келіншектің демалып жатқан жеріне барып, оны осыған көндіреді. Бояуын бірде қалың, бірде жұқалтаң жағып, түрлі эскиздер жасап, ақыры портретін салып шығады. Екеуінің де махаббат күйігіне шырмалғанын, небір ішкі толқыныс, сезім иірімдерін авторы аса келісті суреттейді. Қызық, кейбір жазушы кейіпкерін сомдау үстінде, оның сырт келбетін немесе жан-дүниесін бейнелеу үстінде сол кейіпкерінің өзіне ұқсайтынын аңғармайды да. Сыншылар атақты классиктердің шығармаларын талдағанда: «Мынау автордың түсінігі, танымы, философиясы ғой» деп жатуы тегін емес. «Ғашық боп көрмеген келіншекте» – «...сұңғыла келіншек осынау жүріс-тұрысы сыпайы, бұйра шашты, атжақты аққұба жігіттің үйге де, түзге де жайлы мінезі барын анық бағамдаған» дейтін тұстағы суреттеме Маралдың өзінің кескін-кейпін, мінез-көркін, болмыс-тірлігін нұсқай бейнелегені ап-айқын. Өзге де – «Жойқан төбе», «Ұят туралы аңыз», «Ғажайып бала», тағы басқа қиял-ғажайып дүниесіне, астарлы терең философияға, қазақы күйкі тұрмыстан гөрі кең арналы әлеуметтік өреге оқушы қиялын жетелейтін туындыларына кезінде құлаш-құлаш сын-пікірлер айтылған-ды. Біз оларды қайталауды мақсат тұтпадық. Ардақты ақын Жұбан Молдағалиевтің бір ғана сөзін келтіре кетуді жөн көрдік. «...Бұған ассоциатика элементтерін, мифологиялық негіздерге сүйене отырып параболаны батыл қолданатын Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, М.Ысқақбаев, Т.Әбдіков творчестволарындағы ізденістердің жемісі айғақ болады. Бұл жазушылардың барлығының шығармашылығына ортақ нәрсе – кейіпкерлерінің жан-дүниесіне терең бойлап ене білу, олардың көкірегінде қордаланған рухани байлықтың әлеуметтік және азаматтық негіздерін тап басып тани білу дер едік». Марал Ысқақбай әлі де сексен атты сәйгүлік шабысында. «Сұлутөрдің сұңқары», марқая бергін!  

Шәрбану ҚҰМАРОВА,

жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері