Қазақтың бір үмітіне айналған банк

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» сатып алуға ниеттілердің қатары көп болғанымен, қарапайым халықтың баспаналы болуына көмектесіп отырған банкті сатуға қарсылық танытатындар да аз емес. 26 наурызда Мәжіліс депутаттары да банкті саудаға шығаруға қарсы екендіктерін білдірді. Халық қалаулыларының сөзінше, мемлекет есебінен төмен пайызды ипотекалық несие беріп отырған банк кәсіпкерлердің қолына түссе, қарапайым жұрт жеңілдіктен қағылуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта салымшыларының саны миллионнан асып жығылатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жекешелендірілсе, үйдің бағасы қымбаттап кетуі ықтимал. Өйткені банкті иелігіне алған кәсіпкерлердің басты көздегені – табыс.

«Банк басшылығын қолға алған инвестордың өз заңын, тәртібі мен ережесін енгізетіні сөзсіз. Сондықтан банкті жекешелендіруге қарсымын. Оны әлі де терең зерттеу керек. Содан кейін ғана ұтымды тұсын ескеріп, жағдайды халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріп барып жекешелендіру қажет», – деді депутат Омархан Өксікбаев. Өксікбаевтың сөзін әріптестері де құптап отыр. Өйткені олар көп табыс табуды көздейтін кәсіпкерлердің қарапайым жұрттың қалтасы тесіктігіне қарамайтынын жақсы біледі. Сонымен қатар, депутат мемлекетке табыс әкеліп жатқан тиімді мекемелердің де жекешелендіруге шығарылуын түсінбейтінін мәлімдеді. Айта кетейік, алдағы уақытта еліміздегі 7 ұлттық компания жекешелендірілмек. Тимур Сүлейменов биылдың өзінде ұлттық компанияның үшеуі ІРО-ға шығарылады, – деді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазақтелеком» акциялары орналастырылса, жыл соңына дейін «Қазатомөнеркәсіп» пен «Эйр Астананы» жекешелендіру жоспарланған. Қалған «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» компаниялары 2019-2020 жылдары жеке қолға өтуі ықтимал.

Оның үстіне, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеке кәсіпкердің қолына өтсе, банк салымшылары өз қаражаттарын жоғалтпасына кім кепіл?! Басшы ауысқаннан кейін банктің бағыты да өзгеріп, тіпті, жұртшылықты тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырған мемлекеттік бағдарламадан да бас тартуы ғажап емес. «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аталмыш банк арқылы жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы аталған бағдарламалар бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 8 672 пәтерден тұратын 145 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сондықтан баспанасыз босып жүрген қазақтың бір үмітіне айналған банктің мемлекет меншігінде қалуын құптайтындар көп.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов банктегі барлық жеңілдіктің сақталатындығын айтып, жұртты сендіруде. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» барлық жеңілдік сақталады және банк «Нұрлы  жер» мен «7-20-25» бағдарламасына қатысады. Жыл сайынғы 20 пайыздық  мемлекеттік  сыйақыны да қалдырамыз.  Егер инвесторлар осы талаптарға  келіссе ғана банкті сатамыз», – деп отыр Тимур Сүлейменов.

Министрдің сөзіне сенсек, банкті жекешелендіруден біраз пайда түседі. Ол ақшаның бәрі Ұлттық қорға салынады. Жаңа инвестордың келуімен корпоративті басқару жүйесі жақсарып, жұмыстың тиімділігі артады деген сенім бар. Ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тажияқовтың айтуынша, жекешелендіру кезінде банктің 49 пайызы инвесторға сатылса, акцияның 51 пайызы мемлекеттің иелігінде қалады. «Бүгінде инвестор әлі анықталмаған. Жоспар бойынша жылдың ортасында біз нақты инвесторды таңдап аламыз. Нақты ұсыныстарды алып, бәрін жан-жақты пысықтайтын боламыз», – деді Ғалымжан Тажияқов.

Негізінен, нарықта 2003 жылдан жұмыс істеп келе жатқан бұл қаржылық ұйымның өзге екінші деңгейлі банктерден тағы бір өзгешелігі, банктің жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекеттің еншісінде. Бірақ елімізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекешелендірілетіні туралы 2015 жылдан бері сөз болып келеді. Теңге еркін айналымға жіберіліп, дағдарыс күшейген сол жылы банк жекешеленетін компаниялар тізіміне енген болатын.

 P.S. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекешелендірілуін сынға алып, былай деді: «Қазір стратегиялық серіктес әкелеміз деп түсіндіріп жатыр. Серіктестің келгенінен біз не ұтамыз? Ол банкке құйған ақшасы үшін өз тәртібін енгізеді. Оның өз ережелері болады. Ал оның қандай ережелері болады? Біз оған нені рұқсат етеміз? Одан біз не жоғалтамыз, не табамыз? Қандай тәртіп, қандай нәтиже болатынын ешкім нақты айтпайды. Сіздер дүдәмал жауап бересіздер. Бұдан халық түк те түсінбейді».

 

Back to top button