Жаңалықтар

Жасанды дене  жасаған

ашық дереккөзі

Жасанды дене  жасаған

Қазіргі уақытта әлем ғалымдарын трансгуманизм идеясы ерекше қызықтырып, осы бағытта елеулі жұмыстар атқарылуда.  Мысалы, Ресей ғалымдары осы бағытта GF-2045 деп аталатын ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – адам мен оның ақыл-ойын жасанды дене мен миға ауыстыруды жүзеге асыру. Ғалымдардың болжамынша,  әлгі жасанды дене мен зерде ешқашан қартаймайды да, өлмейді де. Бұл тұрғыда еліміздің ғалымдары да әлемдік ғылым көшінен  тысқары қалып отырған жоқ. Атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары, маңыздылығы жағынан бұдан кем емес ғылыми жобалармен айналысуда. Университеттің химия және химиялық технология факультеті органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлердің химиясы мен технологиясы кафедрасының ғалымдары жүзеге асырып жатқан жобалардың бірі – гидрофильді, яғни суда еритін полимерлер негізінде жұмыс істейтін, жылдам эволюцияланатын нейрондық желілерді жасауға бағытталған. Атап айтқанда, мұндай желілер адам зердесінің пайда болуына алып келген үдерістерді модельдеуге қабілетті. Ал оларды жасау қазіргі күні өте көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Адам миының қалай құрылғаны және адам «зердесінің химиясы мен физикасы» немен анықталатынын  әлі күнге дейін ешкім егжей-тегжейлі білмейді. Осындай үдерістерді түсінбей тұрып, адамның жасанды денесі мен зердесін жасау жайында айтудың өзі артық. Бұл саладан хабардар көптеген мамандардың айтуынша,  ресейлік GF-2045 жобасының әлсіз тұсы да осында. Біздің ғалымдардың зерттемелері осы олқылықтың орнын толтырып, жоғарыдағыдай жобалардың шынайы жүзеге асуына мүмкіндік бере түспек. Бұның барлығы гидрофильді полимерлер  мен  олардың негізіндегі комплекстер саласындағы қазақстандық физика-химиялық мектептердің жинақтаған тәжірибе жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр. Дәл осы саладағы әлемдік рейтингте  қазақстандық ғылыми топтар алдыңғы орындарда тұр. Бұл тұрғыда әлемдегі экономикасы мықты дамыған елдердегі жетекші ғылыми топтардан еш кем түспейді. Осыған байланысты айта кететін бір жағдай, барынша беделді және әлем мойындаған Thomson Reuters ақпараттық компаниясының деректері бойынша (http://wcs.webofknowledge.com/RA/analyze.do), ҚР ҰҒА академигі Е.М. Шайқұтдінов құрған әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың полимерлер мектебінің өкілдері (Мун Г.А., Хуторянский В.В., Нуркеева З.С.) соңғы он жылдың бедерінде интерполимерлік комплекстер саласындағы әлемдегі  барлық ғалымдар мен мамандар арасында алғашқы  үш орынды  иеленді Бүкіл ТМД елдеріндегі бірде-бір ғылыми мектеп осы күнге дейін  мұндай нәтижеге қол жеткізбеген болар, сірә! Тіпті, әлемдегі  экономикасы мықты дамыған елдерде де мұндай ғылыми мектептер санаулы ғана. Әрине, осының барлығы ғылымның заманауи бағыттарын дамытуға мемлекет тарпынан жасалып отырған қамқорлықтың арқасында мүмкін болып отыр. Университет басшылығы да ғылым көшін алға сүйрейтін мұндай жобаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді.  

Перизат Үркімбаева