Қайғыға батқан Кемер

Қайғыға батқан Кемер

Қайғыға батқан Кемер
ашық дереккөзі
  25 наурыз Ресей тарихына қаралы жексенбі болып енді. Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша, Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығында тұтанған өрт 64 адамның өмірін жалмағаны анықталды. Түрлі жарақат алған 12 адам ауруханаға жеткізілсе, 10 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Қызыл жалын 25 наурызда тұтанып, 26 наурыз күні толық сөндірілді. Өрт басталғанда сауда орталығындағы адамдар қорыққандарынан терезелерден секіре бастаған. Оқиға орнынан хабар таратқан ақпарат құралдарының дерегінде апаттан қаза тапқандардың саны сәт сайын өсіп жатты. Бастапқыда 35, кейін 40 адамның қаза тапқаны хабарланған. Ал Ресей төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучков 26 наурызда апаттан қаза тапқандардың саны 64 адамға жеткенін мәлімдеді. Жалын шарпып, улы түтінге тұншығып, беймезгіл өлім құшқан жандардың арасында 43 бала бар. Ресейде 28 наурыз қаралы күн болып жарияланды. Кемерово қаласының қақ ортасында қоныс тепкен, атшаптырым аумақты алып жатқан «Зимняя вишня» – 14 дүкен, дәмхана, банктердің бөлімшелері, балалар орталығы, фитнес-орталық, кинотеатр, бассейн, ойын алаңы сынды ойын-сауық орталығында болатын нысандар орналасқан төрт қабатты ғимарат. Тергеу комитетінің хабарлауынша, өрт шыққан кезде орталықтың төтенше жағдайларға арналған қосалқы есіктері тарс жабық болғанға ұқсайды. Басқа да қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Орталық қызметкерлері тілсіз жаудың қоршауында қалған жандарды құтқаруға қауқары жетпей, өздері бас сауғалаған. Комитеттің дерегінше, өрт сауда орталығының ішіндегі кинотеатрда немесе балалар ойнайтын батут залында тұтануы мүмкін. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, бес адам ұсталған. Қамалғандардың арасында сауда орталығының бастығы, өрт басталған аймақты жалға алған адам бар. Олардың бірі – өрт дабылы қағылған кезде құрылғыны сөндіріп тастаған ЧOП қызметкері. Өрт салдарынан келген шығын 2,5 млрд рубльден асып түсті. Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев «Зимняя вишня» сауда орталығында мерт болғандардың отбасыларына миллион рубль (17500 доллар) өтем­ақы төленетінін айтты. Бейресми деректерге қарағанда, алапат өрт құрбандарының арасында Аман Төлеевтің 11 жасар немересі де бар секілді. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев елдің денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцоваға Кемеровоға барып, зардап шеккендерге көмек ұйымдастыруды тапсырғаны белгілі. Сондай-ақ, облысқа Ресей тергеу комитетінің 100-ден астам тергеушілері келіп, оқиғаның нақты себебін анықтауға кірісті. Кемерово қасіретінен кейін көпшілікті біздің еліміздегі сауда орталықтары, халық көп баратын басқа да нысандар төтенше жағдайларға қаншалықты дайын деген сауал толғандырғаны анық. Ауқымы дәл Ресейдегідей болмағанымен, осыған ұқсас қайғылы оқиғалар Қазақстанда да болды емес пе? Алысқа бармай-ақ, екі жыл бұрын Алматыдағы Almaty Towers бизнес орталығында болған өрт 6 адамның өмірін жалмағанын қалай ұмытарсың?! Онда да өрттен бас сауғалағандар жабық тұрған есіктен шыға алмай, тірідей өртеніп кеткен болатын. Басқа қалаларды былай қойғанда, Астана мен Алматы қалаларының өзінде сауда ойын-сауық орталықтарының саны қырықтан асып түседі екен. Мұндай орталықтарға қыдырып баратын адам қарасы көп, әсіресе, демалыс күндері бала-шағамен демалғысы келетіндер осындай орындарды жағалайды. Бейқам қыдырып жүрген мыңдаған адамның қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Бұл мәселе Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың назарынан тыс қалған жоқ. Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды. «Назар аударатын тағы бір мәселе, Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, көп адам қаза тапты, 60-тан аса. Оның 35-і балалар. Елбасы ресми түрде Ресей президентіне көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз қажет», ‒ деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Премьер-министрдің айтуынша, бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Блогерлер өз бастамаларымен сауда орталықтарына барып, эвакуацияға арналған есіктердің жабық-ашықтығын тексеруге кіріскен. «Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қолдануы қажет», ‒ деді Үкімет басшысы. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасынан кейін шұғыл жиын өткізген елорда әкімдігі Астанадағы сауда орталықтары мен адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесін талқылады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінде тәуекел деңгейі жоғары 117 сауда нысаны есепте тұр, оның 83-і сауда үйі, 9-ы сауда ойын-сауық орталығы, 25-і базарлар. 2017 жылы арнайы тәртіппен 46 тексеру жүргізілген. Олардың барысында эвакуация жолдарының болуы, жарық беруші электр желілерінің жағдайы, өртті анықтайтын автоматты жүйелердің жұмыс істеп тұруы, нысан ішінде және сыртта өртке қарсы сумен жабдықтау желілерінің болуы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының сақадай сай тұруы назарға алынған. Тоғыз ойын-сауық орталығының алтауы тексерілген. Үш орталықтан ереже бұзудың 32 фактісі анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 3 адам тартылып, айыппұл салынды. 2 орталықта аудит жүргізілген, ал 1 нысанға (Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалады. Биыл арнайы тәртіппен Астанадағы 50 сауда объектілеріне қатысты тексеру жүргізілмек. Мамандардың айтуынша, тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, эвакуация схемасы мен апаттық шығу жолдарына баса мән беріледі. Алайда тексеріс келеді дегенді естіген бойда жұмысының бәрін тәртіпке сақадай-сай қылып қоятын кәсіпкерлік нысандардан мін табу оңай ма? Көзбояушылық пен жауапсыздықтың ақыры жақсылыққа апармайтынына көзі жетсе де, өткеннің сабағынан қорытынды шығаруға асықпайтындар көп. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин де мойындап отыр. «Бізде мораторий халық көп баратын нысандарға қатысты емес. Сол себепті еліміздегі сауда ойын-сауық орталықтарында жоспарлы тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Ереже бұзғандар анықталған жағдайда оларды жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына береміз. Бұл жерде бизнестің жауапкершілігінің маңызы зор. Біз кәсіпкерлерді тексеріс болатыны туралы алдын ала құлақтандыруға міндеттіміз. Олар тексерушілер келгенге дейін кейбір кемшіліктерді жоюға тырысады. Тексеруші кеткеннен кейін күзет фирмаларының қызметкерлерін азайту арқылы қаржы үнемдеу үшін эвакуациялық есіктерді жауып қоятындар бар», – дейді ол. «Сақтансаң сақтайды» дейді қазақ. Айтып келмейтін апаттан қорғанудың жалғыз жолы – қауіпсіздік қағидаларын мұқият орындау. Теңге түгенделер, шығын өтелер, бірақ кісі өмірінің орны толмайтынын ұмытпайық.