Тасқынға таппай қарсы амал

Тасқынға таппай қарсы амал

Тасқынға таппай қарсы амал
ашық дереккөзі
  Дүйім жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқанда Шығыс Қазақстан облысындағы жұрт түн ұйқысын төрт бөлді. Әуелгіде Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Зайсан ауданының бірқатар елді мекендерін алған қарғын су Өскемен, Риддер қаласының іргесіндегі ауылдарға да келді. Биыл қыста қардың қалың түсуі және көктемнің алғашқы айында жауын-шашынның шамадан тыс жаууы да су тасқыны қаупін арттырмаса, сейілткен жоқ. Бүгінде қиындыққа тап болған өңір халқына еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жөнелтілуде. Алматы қаласының білім мекемелері де баспанасын су алған тұрғындарға арнап ұн, макарон өнімдері, күріш, қарақұмық сияқты азық түрлерін жинауға атсалысты. Бұдан өзге облыс орталықтарынан киім-кешек, төсек жабдықтары да жеткізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Әрине, қазақтың ауызбіршілігі осындайда анық көрінеді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, табиғаттың айтып келмейтін апатынан зардап шеккен ағайынға көмек қолын созып жатқан қайырымды жандар көп. Қазіргі кезде шығысқа Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысынан барған құтқарушы топ шұғыл іске кіріскен. Айталық, Алматы облысынан аттанған 19 құтқарушымен қоса, 3 арнайы техника, 15 мотосорғы, резина қайықтар, қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар, сүңгуірлердің киімдері жіберілсе, Оңтүстік Қазақстан облысынан 16 құтқарушы, 30 мотосорғы көмекке жұмылдырылды. Алайда осы аптада еліміздің бірқатар облыстарында қатты жауын-шашынның болуына және жылы температураның тұрақты сақталуына байланысты жазық аумақтарда су деңгейі көтеріліп, өзендер арналарынан асуы мүмкін екендігі айтылды. Әсіресе, қар қалың түсетін еліміздің шығысындағы кейбір елді мекендерді су басу қаупі басым. Тоқтаусыз жауған жаңбыр суы Ертіс өзенінің мұзын сөгіп, сең жүре бастаған. Егер еріген қар мен жаңбыр суы мұз кептелген арналардан асып, маңайдағы ауылдарға жетсе, жағдай мүлдем ушықпақ. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталғандай. Өңірдің 6 бірдей ауданы (Күршім, Зырян, Жарма, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай) мен екі қаласында (Семей, Өскемен) азаматтық қорғаныстың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, су тасқынының салдарымен арпалысуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мəліметіне сүйенсек, аймақта 600-ге жуық адам қауіпсіз жерге орналастырылды. Əсіресе, бұл тасқын Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы тұрғындарына ауыр тиюде. Ауданның тоғыз бірдей ауылында (Глубокое, Предгорное, Тархан, Прогресс, Алтай, Белоусовка) тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілді. Облыс əкімі Даниал Ахметов 24 наурыздың кешінде түнделетіп Глубокое ауданына барып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Айта кетейік, 24 наурызда аталған ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып, 406 адам (135-і – балалар) қауіпсіз жерге көшірілген-ді. Олардың бір бөлігі Глубокое кентіндегі жатақханаға, Белоусовка кентінің ауруханасына, Аграрлық колледжге, Предгорное ауылының №2 орта мектебіне, Прогресс ауылының №6 орта мектебіне, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылды. «Глубочанка өзені арнасынан асып, осындай жағдай орын алып отыр. 2 күннің ішінде арнайы комиссия барлық су алған үйлерді тексеруге кірісті. Кейбір жарамсыз боп қалған үйлердің мəселесі су қайтқан соң қаралмақ. Сол тексерулер нəтижесінде тұруға жарамсыз болған үй иелеріне басқа баспана немесе пəтер беріледі. Бүлінген үйлер жөнделеді», – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуінде. Д.Ахметовтің айтуынша, соңғы 3 тəулікте Глубокое ауданынан бөлек Өскемен қаласында 60 үйді, Катонқарағай ауданында 4 үйді су басыпты. Глубокое ауданында су алған үйлердің саны 163-ке жетіп, 566 адам қауіпсіз жерге көшірілген. «Екі күннің ішінде жауған жаңбырдың мөлшері үш айдың мөлшерінен асады. Глубокое ауданында су алған ауылдар да, Өскеменнің шетіндегі жеке секторлар да ойыс жерде орналасқан. Мезгілсіз жауын жібіп үлгермеген тоңның бетімен үйлерге жайылып кеткен. Бұған дейін Аягөздегі зардап шеккен отбасыларға барлығы 189 млн теңге бөлінді. Ал Өскемендегі тасқынның салдарын жоюға қала бюджетінен қосымша қаржы жұмсалуда», – деді облыс əкімі.

Соңғы 30 жылда болмаған апат

Шын мәнінде, өңірдегі су тасқыны қаупі күн сайын артып отыр. Облыс әкімі зардап шеккен елді мекенге барып қайтқаны сол-ақ еді, Шемонаиха ауданында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мұздың ерте сөгілуіне байланысты Үлбі өзенінде мұз кептелген. Азаматтық қорғаныс қызметінің барлық күштері мен құралдары күшейтілген режимде жұмысқа кіріскенге ұқсайды. Жалпы, Шығыс Қазақстан – қысы ұзақ өңір. Қар мен жауын-шашын да мөлшерден көп түседі. Сол себептен де қарғын судың жайылуы наурыз айы табалдырықтан аттаған сайын бетпе-бет келетін түйткілге айналған. Әрине, табиғаттың біз білмейтін сыры көп. Аяқастынан тосын мінез танытса да өз еркі. Алайда мән-жайды ерте біле апатты жағдайға дайын болмай қалатындар қайдан шығады? Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің мәлімдеуінше, мұндай көп су бұл аймақта соңғы 30 жылда болмаған екен. Соңғы күндері Шығыс Қазақстан облысы аумағында толассыз үздіксіз жауған жауын-шашынның мөлшері үш айлық нормадан асып кеткен. «Прогресс ауылында болып, тұрғындармен кездестім. Ауылдағы арықтардың барлығы суға толып тұр. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Отыз жылдан бері бұл алғаш болып тұрған жағдай. Таудан аққан су толастар емес, ал үйлердің барлығы төменде орналасқан. Жердің мұз болып қатқан қыртысы тым қалың, еріген қар суы топыраққа сіңбегендіктен, жердің бетімен ағып жатыр. Белоусовка, Предгорный ауылдарында, тіпті аудан орталығы Глубоковское ауылында да тура осындай жағдай», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Облыстағы көктемгі су басу жағдайын баяндаған әкім 481 тұрғын үйді су басқанын, олардың ішінде 236-сы әлі де суда тұрғанын мәлімдеді. «Глубоковское ауданында 175 тұрғын үйді, Шемонаихада 42, Өскемен қаласындағы 15 тұрғын үйді су басты. Су алған 14 үй қирады, Аягөз ауданында тағы да 19 үй құлағалы тұр. Өткен сейсенбіде біз ол жақта 13 үйді сатып алдық, қазір онда әкімшілік жұмыс істеп жатыр. Құлағалы тұрған қалған үйлерге де қаржы бөлінеді, сөйтіп біз жақын арада бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Оның үстіне қайырымдылық көмектер де келіп жатыр. Өңірде ауа райы қалыпқа келсе, бірден мәселені шешу шараларына кірісеміз», – деп мәлімдеді облыс әкімі. Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары туралы ақпан айында өткен Үкімет отырысында – көктемгі судың алдын алуға қатысты қыс қарсаңында 204 шара іске асырылғанын, инженерлік қорғау нысандарына – 12,56 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 6,16 млрд теңге жұмсалғанын, республика бойынша 108 қорған бөгеті салынып, бекітілгенін, 71 гидротехникалық құрылыс, 8 көпір, 12 автокөлік жолы жөндеуден өткізілгенін Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлімдеген. Қазақ-стан аумағында 1 665 гидротехникалық құрылыс бар екен. Биыл көктемгі су тасқынының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында ІІМ жалпы саны 14 мыңнан аса адам және 2 мыңнан астам бірлік техника құралдарын жарақтаған. Соған қарамастан, қауқарсыздық басым.

«Жарысқа қатысушыларға жалынды сәлем!»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аяғы жеткен елді мекендерге барып, баспанасын су шайған тұрғындармен кездесіп, жылы қабақ танытуға тырысты. Басына қиындық түскен адамға мейірімін төгіп, жағымды сөз арнасаң, соның өзі көмек. Өңір басшысының қария апаның алдында тізерлеп отырып, жағдайын сұрап жатқаны көптің көңіліне жылылық нұрын сепкендей болды. Алайда «жүз жақсылықты бір жамандық шайып кетеді» демекші, тұрғындарды кең спортзалға жинаған шенеуніктер қабырғадағы ұранды сөздер жазылған плакаттарды алып тастауға ақылы жетпеген сияқты. Қабырғадағы «Жарысқа қатысушыларға жалынды сәлем!» деп қазақша жазылған және «Привет участникам соревнований» деп орысша қайталаған ұранды жазуды көрген, қабырғасын шарасыздық бір-бірлеп сөккен бейшара жұрт не ойлады екен? Мына жақта халық баспанасын су басып, бар мүлкінен айрылып, өз қайғысымен арпалысып отырғанда, әлгіндей қабырғадағы жазулар шымбайына батпай ма? Бұл нағыз әдепсіздік емес пе? Бұған жергілікті атқамінерлердің аса бас қатыра қоймағаны да анық. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегеннің кері де. Әкімді зарыға күткен жұрт мұзды уақытылы жармаған шенеуніктердің қамсыздығын әшкереледі. Олардың айтуынша, бір метрлік тереңдіктегі мұзға тірелген су, өзен жағасындағы шамамен 6 метр биіктіктегі жардан асып кеткен сыңайлы. Сондай-ақ, тасқын басталған сәтте-ақ тұрғындар көпірдің шетін жырып, арнаны кеңейтуді ұсынса да, құлақ асқан ешкім болмаған. Облыс әкімі Даниал Ахметов те бұл жұмыстың тиімсіз ұйымдастырылғанын сынға алды. «Қауқарсыз техникамен жолды жырып болғанша қанша уақыт кететінін айтудың өзі қиын. Мына екі техниканың орнына үлкен экскаватор қойғанда жұмыс 10 есе жылдам жүруші еді. Осының бәрін баспен ойлап істеу керек болған. Түнде мына техникалардың орнына 2 үлкен экскаватор әкелінетін болсын», – деді әкім. Бірақ әу баста осының бәрін кім ойлауы керек еді? Облыс әкімі ме, әлде қолында техникасы жоқ өзгелер ме? Алайда өздеріне шаң жуытқысы келмеген атқамінерлер бұны тасқынның ерте басталғанымен байланыстырып отыр. Бұдан соң шенеуніктер қиындық құрсауында қалған тұрғындардың өздерін кінәлады. «Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында 200-ге жуық үйді су басты. Құтқарушылар жүздеген тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Көпшілігінің баспанасы құлап, тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Енді байбалам салудың жөні жоқ. Яғни тұрғындардың үйін жөндеп береміз немесе мемлекет есебінен пәтер беріледі», – деді жергілікті шенеуніктер.

«Айда тұрып жатқан жоқсыңдар ғой»

Шығыстағы су тасқынына қатысты сұраққа мәжіліс депутаты Владимир Божконың қайырған жауабы осы. Оның айтуынша, табиғи апаттан құтылу мүмкін емес, бұл Құдайдың ісі. Иә, Божко мырзаға су тасқыны мәселесі жат емес. Кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің тізгінін ұстаған оның да тығырыққа тірелген кезі көп болды. Алматы облысы, Қызылағаш елді мекенін қарғын су жайпап өткенде халықтың наразылығын талай естіген. Сондықтан да Божконың төтенше жағдайлар комитетін қорғаштауы бекер емес. Оның сөзіне сенсек, соңғы екі жылда көптеген су тоспалары салынып, жол жиектері бекітілген. Керекті техникалар жыл сайын жетілдірілу үстінде. Тіпті, шығыстағы су тасқынына ұшақпен су сорғыш техникалар жеткізіліпті. «Қазгидромет» те биыл былтырғыға қарағанда жақсы жұмыс істеп келеді екен. Мәселен, соңғы күндердегі ауа райының құбылу жайттары әлдеқайда дұрыс болжанған. «Сонда не жауын, не қар жаумауы керек пе? Әлде, далада өрт болмауы керек пе? Өздеріңіз ойлап көріңіздерші. Сіздердің пікірлеріңізге қарағанда, табиғат ешқандай өзгермеуі керек сияқты. Ал Үкімет, министрлік, жергілікті басшылық қалай жұмыс істеп жатыр?», – деді Божко мырза. Апта басында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов су тасқынына қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде өткен баспасөз мәслихатында су алған 500-ге жуық үйдің 236-сы қалпына келтіруге жарамды екенін, ал үйі жарамсыз тұрғындардың барлығына баспана берілетінін тілге тиек етті. Мұндай көмек Аягөз, Глубокое, Шемонаиха ауданы мен Өскемен қаласының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына көрсетілмек. Аягөз ауданында баспана сатып алуға қажет қаржы бөлініп қойған. Үйсіз қалған отбасылардың алды жаңа баспанасына көшіп те үлгерді. Мұнда 14 үй құлап, 19 үй апаттық жағдайға түскен болатын. Олардың орнына үй сатып алу үшін қайырымдылық қорлары мен резервтік қордан қаржы бөлінуде. Ал құлаған үйдің жер телімдері мемлекет меншігіне өтпек. Өңір басшысы төтенше жағдайлар департаментіне қосымша 289 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді. «Төтенше жағдай қызметінің өз ведомствосы бар. Дегенмен соңғы жағдайлар бұл қызметті әлі жабдықтармен толықтыру керектігін көрсетті. 289 млн теңге осы мақсатта бөлініп отыр. Қажет болса тағы бөлуге дайынбыз», – деді ол. Сейсенбі күні Үкіметтің селекторлық отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов су тасқынымен күреске қажетті құрал-жабдықтардың жетіспейтінін айтты. «Төтенше жағдайлар департаментінің бірде-бір құрал-жабдығы жоқ. Мысалы, мотопомпа. Жоспар бойынша ол облыста 249 болуы керек. Ал бізде 55-і ғана бар. Көшпелі мотопомпа норма бойынша 112 болуы керек. Ал бізде екеу ғана. Қайыққа тоқталайық, ол 69 болуы қажет. Ал бізде 14 қайық қана бар. Жол талғамайтын көлік, сал айдағыш 55 болуы тиіс, біреуі де жоқ. Осы жағдайға бейжай қарамайық. Биылғы жылдың басында 300 млн теңге жұмсалды. Қазір тағы 200 млн бөлдік. Бұл мәселені бірге шешуге мүмкіндік тауып берсеңіз...», – деді облыс әкімі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан көмек сұрап.