Тегін дәрі төңірегіндегі тартыс

Тегін дәрі төңірегіндегі тартыс

Тегін дәрі төңірегіндегі тартыс
ашық дереккөзі
  Елімізде әртүрлі созылмалы сырқаттар бойынша диспансерлік есепте тұрған 2,5 млн адам тегін дәрімен қамтылады. Бұл – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекеттің науқастарға жасап отырған қолдауы. Алайда ақысыз берілуі тиіс дәрілердің бәрі бірдей иесіне уақытылы жете бермейді. Емдеу мекемелері мұның себебін тендерден көріп, өздеріне кір жуытпауға тырысады. Шын мәнінде, науқастарға тегін берілуі тиіс емдік препараттардың 20 пайызы қолдан сатылады екен. Емделушілер арасында сауалнама жүргізіп, жүйенің жұмысына талдау жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осындай қорытындыға келді. Бүгінде республикада 49 ауру бойынша 400-ден астам дәрі 2,5 млн науқасқа тегін беріледі. Тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тегін дәрі созылмалы ауруларға, яғни жазылмайтын сырқаттарға, тек дәрінің күшімен ғана жүретіндерге беріледі. Мұндай аурулардың алғашқы тізімінде қант диабеті тұр. Екіншісі – артериялық гипертензия болса, үшіншісі онкологиялық және қан ауруларына берілетін препараттар. Алайда осындай ауыр дертке шалдыққан науқастардың көпшілігі өзіне тиесілі тегін дәріге қол жеткізе алмай жүр. Өткен аптада Үкімет отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өткен жылдағы қорытындысын жариялаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ақ халаттылардың біраз былығын әшкереледі. «Қазақстан халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шарттарын талқылау кезінде бірқатар жүйелі мәселелердің беті ашылды. Қаңтар-ақпан айларында министрлікке дәрімен қамтамасыз ету бойынша алты жүзден астам өтініш түскен. 2017 жылдың соңында тегін дәрілер алған бірнеше пациенттерге қоңырау шалынып, сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың нәтижесінде науқастардың шамамен 20 пайызы тегін дәрі-дәрмекті алмағаны белгілі болды. Алайда ақпараттық жүйеде бұл пациенттер тегін дәрілерді алған деп тіркелген. Министрлік қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, елдің барлық өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда жоспардан тыс тексеру жүргізуде», – деді министр. Елжан Біртановтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес 2019 жылы тегін медициналық көмектің жаңа моделі әзірленбек. Осыған сәйкес, 2018 жылдың 10 сәуіріне дейін министрлік әкімдіктермен бірге, бөлінген қаражатқа сәйкес 2019 жылы тегін берілетін дәрілердің нақты көлемі мен тізбесін қалыптастыру жұмыстарын жүргізеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық дәрілердің бағасын реттейтін заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. 2017 жылы отандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шарт жасалған болатын. 25 жаңа шарт отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарды сатып алу үлесін 48 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Нормативтік-құқықтық базаны кеңейту және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету барысында 18,2 млрд теңге үнемделді. Бұл қаражат дәрілік заттарды қосымша сатып алуға жіберіледі», – деді Елжан Біртанов. Өкінішке қарай, мемлекет сатып алған дәрілердің барлығы дерлік емделушілерге дер кезінде жетпейді. Тегін берілуі тиіс препараттарды сатып, дерттілердің қалтасын қағатын жекеменшік дәріханалар көбейген. Олардың мұндай қитұрқылықты қалай жасайтынын жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова айтып берген еді. «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін препараттар жекеменшік дәріxаналарда сатылады. Мұндай деректер көбейді. Тауар өндіруші компаниялар мен дистрибьюторлар өз араларында кикілжің тумас үшін бізге ештеңе айтпайды. Дегенмен бізге түскен мәліметтер тегін дәрілердің жасырын саудаға шығарылатынын айғақтайды», – деді комитет басшысы. Оның айтуынша, қазіргі кезде рецепттер электронды түрде беріледі. Ондай рецептер ауруханадан бірден дәріxанаға түседі. Алайда кей кезде науқастар дәріxанаға дер кезінде бара алмайды немесе препаратқа көңілі толмай, алмай кетеді. «Осындай себептер көп. Алайда дәріxанаға рецепт түсіп тұр ғой. Олар есеп жасаған кезде препаратты берілді деп көрсетеді де, қолдарындағы дәріні алаңсыз сата береді», – деп атап көрсетті Л.Бұйрабекова. Фармация комитетінің төрайымының сөзін «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары Арнұр Нұртаев та растады. Оның айтуынша, тегін берілуге тиіс дәрілер сатылымға шығарылған жүзге жуық дерек анықталған. «2017 жылы екі миллионға жуық дәрінің рецепті берілген. Екі миллион рецептің тиісті адамына толық көлемде жеткен-жетпегенін тексеру үшін бірталай уақыт қажет. Министр науқастарға берілген барлық рецепт бойынша сараптама жүргізуді тапсырды. Әзірге жүзге жуық дәріні бермей қалу оқиғасы расталды. Тексеру әлі де жалғасады. Айыптыларды тиісті органдар анықтайтын болады», ‒ дейді А.Нұртаев.

Науқастар өз құқығын білмейді

Тұрақты есепке алынған жүрек талмасы, қант ауруы және басқа да созылмалы дертке шалдыққандарға тегін берілуге тиісті дәрілер бүгінде қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған. Алматы, Астана қалалары мен облыс орталықтарында есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмек айқай-шудың арқасында түгелдей болмаса да жартылай беріліп жатады. Ал аудандар мен ауылдарда тегін дәрі туралы армандай да алмайды екен. Мысалы, Павлодар облысы, Железинка ауданынан хабарласқан Нұрахмет Күшікбаев деген зейнеткер жүрек талмасы ауруымен есепте тұрған күннің өзінде тегін дәріні түсінде де көрмепті. Ауылдағы, аудандағы дәрігерлер аузын құрғақ шөппен сүртіп, ондай дәрілер бізде атымен жоқ дейтін көрінеді. Еліміздің өзге аймақтарындағы тұрақты дәрігерлік есепте тұрған науқастар да дәріні өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Мемлекет берген мүмкіндікке қол жеткізе алмай жүргендердің бірі – маңғыстаулық Анна Чалабаева. Қызы Роза Бекжанова 3-ші топтағы мүгедек. Жүрегіне ота жасатып, сал ауруына шалдыққалы дәріге тәуелді. Ай сайын 25 мың теңге зейнетақысы дәрі-дәрмектен артылмайды. 5 жылдан бері Ақтау қалалық №1 емханасында диспансерлік есепте тұрса да, соңғы 2 жылда тегін дәрі алып көрмепті. Елімізде 13 аурудың емі үшін республика бюджетінен, 36 сырқатқа қатысты жергілікті бюджеттен қаражат тұрақты түрде бөлінсе де, жүрек дертіне шалдыққан науқас мемлекеттің қолдауынан қағылып келеді. Денсаулығы дімкәс, дәрінің күшімен әупірімдеп әрең жүрген дерттілердің үстінен күн көріп, дәрілерін сатылымға қоятындар Маңғыстауда да аз болмай шықты. «Қызым дәрімен күн көріп отыр. Жүрегіне ота жасатқалы бері қанды сұйылтатын дәріні үзбей қабылдайды. Тапқан-таянғанымыздың бәрін сол препаратқа жұмсаймыз. Дәріханаларға барсам, рецепт бойынша тегін дәрі жоқ деп қайтарады», ‒ дейді Анна Чалабаева. Қалтасы қағылған науқастың анасы өңірдегі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетіне шағымданған. Комитеттің Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары Дәулет Тағыбаевтың айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша Анна Чалабаеваның шағымында көрсетілген уәждері орынды деп табылған. Яғни, науқастың тегін дәрімен қамтамасыз етілмегендігі расталды. «Дәрі бар, бірақ дәрігер оны жазбаған. Алайда дәрігер науқастың өзі дәріден бас тартты деген уәж айтады», ‒ дейді департаменті басшысының орынбасары. Бақылаушы орган мамандарының айтуынша, бұл жалғыз Роза Бекжанованың басындағы жағдай емес. Дәріханалар арасында бармақ басты, көз қыстылық көп. Арызданушылар болмағандықтан, оларға тексеру жүргізу заңсыз. Әр адам өз құқығын білсе, мемлекет ұсынған тегін дәріден қағылмайды. Қызының жағдайын айтып келген Анна Чалабаеваның шағымы сөзімізге дәлел бола алады. Жүрек дертіне шалдыққан науқастың мәселесі оң шешімін тапты. Тегін дәріні тағайындамаған учаскелік дәрігерге 70 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды. Емхана басшысы да жазасыз қалған жоқ.

               Генериктің сапасы қандай?

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы тағы бір түйткілді мәселе – тегін дәрілер тізіміндегі препараттардың сапасы. Бүгінде дәрілік заттар түпнұсқа және генерик болып екіге бөлінеді. Тендер арқылы келетін дәрілердің көбі генерик дәрілер, яғни негізгі әсер етуші дәрінің көшірме нұсқасы. «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары Арнұр Нұртаевтың айтуынша, екі дәрінің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Қауіпсіздігі, тиімділігі жағынан бірдей. Мемлекеттік тапсырыс арқылы көбіне генерик дәрілердің келу себебі – оның бағасы әлдеқайда арзан. Бірақ науқастардың айтуынша, дәрігерлер оларға мемлекеттен тегін берілетін дәрілер тізіміне енген препараттарды пайдаланбай, оның тұпнұсқасын немесе оған баламалы өзге дәрілерді сатып алуға кеңес береді екен. Сонда гәп неде? Генерик дәрілердің сапасыздығында ма, әлде науқасты тегін дәріден бас тартқызып, оны сату арқылы пайдаға кенелгісі келетіндердің қитұрқылығында ма? Бұл сауалды «СК-Фармация» компаниясының бөлім басшысы Батыйхан Алдановқа қойдық. Оның айтуынша, қалпына келтірілген генерик дәрінің тиімділігіне күмән келтірмесе де болады. «Дәрігерлердің науқастарға басқа дәріні жазып беру себебі, олардың санасында түпнұсқа дәрілердің әсер етуі жоғары деген түсінік қалыптасып қалған», ‒ дейді Б.Алданов. Қалай десек те, еліміздегі науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіндегі жүйесіздік талайды қажытты. Мемлекеттік тапсырыс жүйесімен жұмыс істегелі, мемлекеттік сатып алуды тендерге таңып қойғалы осы бір түйткілді мәселені ешбір министр шеше алмай келеді. Қазіргі министр Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласын толық цифрландырмайынша, түйткілдің түйінін тарқату мүмкін емес. «Мәселе дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарламаудан туындайды. Дәрі-дәрмектер сатып алу уақытына, науқастар санына қарай жоспарланып бөлінеді. Жыл бойы науқас саны өзгеріп отырады. Бүгін бір дәрі болса, ертең басқа препарат керек. Осыған қатысты жоспарлауда қиындықтар туындайды. Ал ең негізгі мәселе – бүкіл жоспарды біз қағазға жазамыз. Жыл сайын аймақтар министрлікке бума-бума қағаз жібереді, елімізде бір жарым мыңнан астам мекеме бар, содан 1200 дәрі-дәрмектің тізімі келеді. Соның салдарынан алдын ала жоспарлауда бірқатар қиындықтар туады. Бұл мәселені шешу үшін денсаулық сақтау саласындағы барлық қағаздарды цифрлық деңгейге өткізуіміз керек, яғни ақпараттандыру қажет. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ведомство басшысы. Демек, мемлекет бөлген тегін дәріге қол жеткізіп, дертіне шипа табу үшін науқастар жүйенің цифрланғанын күтуі керек. Еліміздегі емдеу мекемелерінің барлығы жаңа технологиямен жабдықталса, көпті алаңдатқан мәселе шешіліп кетеді дегенге сенгің-ақ келеді. Алайда техникада пайдакүнемдік пен тойымсыздыққа тоқтау қоярлық қауқар қайда? Көңілге медеу қылатынымыз – биыл 26 ақпанға дейін 151,59 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 1037 аталымы сатып алынған. Бұл – медициналық ұйымдардың жалпы қажеттілігінің 88 пайызы. Жаман көрсеткіш емес. Мемлекет сатып алған дәрілер діттеген жеріне жетіп, науқастардың дертіне дәру болса игі.