"Жаңа әлемге жол саламыз"
"Жаңа әлемге жол саламыз"
Кеше Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV съезі басталды. Оның жұмысына қатысу үшін Қазақстанның барлық аймақтарынан 1500-ге жуық дарынды жас келді. Салауатты өмір салты мен сапалы білім алуды, еселі еңбек пен инновацияны қалайтын, егемен еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуі жолында қажырлы да белсенді қызмет етуге тастүйін дайын жасампаз жастардың осы жолғы басқосуы да Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға болды.
«OPEN SPACE» ‒ ЖАҢА ФОРМАТ
Мемлекет басшысы жастар саясатына әрдайым ерекше мән беріп келеді. Елбасы төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы да егемен еліміздің келешегі саналатын жастардың мәселесіне ешқашан бейжай қараған емес. Қазақстандағы көшбасшы партия биылғы жылды «Жас Отан» жылы деп белгілеуі ‒ осы сөзімізге айқын дәлел. «Жас Отан» ‒ тәжірибесі жылдан-жылға толығып, қанаты қатайып келе жатқан ұйым. Оған осы съезд барысында тағы да бір көз жетті. Қазақстандық жастардың жігерлі де белсенді әрі іскер екені олардың күнделікті жұмысынан айқын байқалып отыр. Елбасы қоғамдық өмірдің барлық саласында жаңғыру мен жаңару жүріп жатқанда, осы үрдістің алдыңғы легінде жастардың табылуы керектігін баса айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы талап-міндеті қаншалықты жүзеге асты? Бұл бағытта не істелді, не істелмек? Оны жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері қандай? Жастар ұйымы тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне жол ашатын қандай басым бағдарламаларға ерекше назар аудармақ? «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті съезінде жастар да, олармен тең дәрежеде тілдесіп, пікірсайысқа түскен спикерлер де ел өміріне қатысты осындай өзекті мәселелер жайлы емен-жарқын ой-пікір алмасты. Бұл басқосудың бір ерекшелігі – қатысушылар «тапжылмай отырып тыңдауға тиісті» ұзын-сонар баяндамалар болған жоқ. Бәрі еркін. Ойыңды, пікіріңді ашық айтуға болады. Қағазға шұқшиып, жазып бергенді ежіктеп оқитын баяндамашы да болған жоқ. Рас, съезд болған соң атқарылған жұмыстарға байланысты есеп берілуі керек. Соның өзін «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев қағазға қарамай-ақ, топтың ортасына шығып, еркін түрде жеткізді. Керек кезінде сұрақтарға да жауап беріп жатты. Бұл – «Open space” форматы. Негізі, айта кету керек, Елбасының «Нұр Отан» партиясының қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмасынан кейін «Жас Отан» жастар қанаты алдымен орталық кеңсенің жұмысын түбегейлі өзгертіп, «Open space» форматында жұмыс істеуге көшкен болатын. Бұл – Жастар ұйымы қатып қалған қасаң қағидалардан қашты деген сөз. Осы формат съезд жұмысында да айқын көрініс тапты. «ЭКСПО» Конгресс орталығы бүкпесіз пікір алысудың ашық алаңына айналды. Әңгіме өзегі болған тақырыптар да өзекті ‒ «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация», «Салауатты ұлт». Бұл мәселелер Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да, әлеуметтік мәселелерді қамтыған Үндеуінде де ерекше айтылғаны мәлім. Соның орындалуына қазақстандық жастар да лайықты үлес қосуға ұмтылып отыр. Бұл ретте Қазақстанның аймақтарында республика көлемінде таратуға тұрарлық баянды бастамалараз емес екен.ЖАСТАР – ЖАҢҒЫРУ ЖАРШЫСЫ
«Жас Отан» жастар қанаты жаңғыру мен жаңалықтың жаршысы болып отыр. Жастар заман ағымынан қалыс қалмай, тәуелсіз мемлекетіміздің қарқынды өсіп-өркендеуіне үлес қосуы үшін алдымен олардың басын қосып отырған ұйымның өзінде серпінді серпіліс, оң өзгеріс орын алуы тиіс екені айдан анық. Бұл бағытта нақты қадамдар бар. Соның бірі – кезекті съездің алдында «Жас Отанның» тарихында елеулі орын алған демократиялық оқиға. Елеулі болатын себебі ‒ ұйымның жоғары өкілетті органы болып саналатын Орталық кеңестің мүшелері тұңғыш рет ашық сайлау арқылы сайланды. Бұл сайлауға еліміздің әр түкпірінен 363 жас үміткер өз кандидатураларын ұсынды. Ашық онлайн-сайлау өтіп, оған «Жас Отанның» 164 мың мүшесі белсене қатысты. Сайлау екі кезең бойынша өткізілген. Бірінші кезең осы жылғы қаңтар айының 18-і мен 25-сі аралығын қамтыды. Үміткерлер «Жас Отан» Жастар қанатының әлеуметтік желі парақшаларында көрсетілген сілтеме бойынша алдымен тіркелуден өтіп, 25 қаңтар мен 8 ақпан аралығында үміткерлер #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған бейнежолдауына байланысты 5 000 лүпіл жинаулары қажет еді. Бұл ретте әлеуметтік желі қолданбайтын үміткерлердің де мүддесі ескерілгенін айтуға тиіспіз. Олар қол жинау арқылы кем дегенде 500 адамның қолдауына ие болуы міндетті болған-тын. Жаңаша өткен сайлауға еліміздің барлық облыстарының жастары бейжай қарамай, белсенді түрде қатысты. Олардың қолдауына ие болған үміткерлер екінші кезеңнің сынағына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл кезең 10-24 ақпан аралығын қамтығаны белгілі. Осы уақыт ішінде қолдауға ие болған үміткерлерге онлайн дауыс беру өтіп, оған «Жас Отан» ұйымының мүшелері түгелдей қатысты. Оның нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдары мен ұйымның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланғанын көпшілік көрді. Сонымен бір айға созылған сайлау нәтижесі бойынша 16 үміткер жеңіске жетіп, «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесінің мүшесі болып сайланған. Олардың арасында жас кәсіпкерлер, еріктілер қозғалысының белсенділері, өнер саласында еселі еңбек етіп жүрген жастар да бар. Мәселен, Орталық кеңеске Алматы қаласынан «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сайланды. − Елбасы бастамасымен «Нұр Отан» партиясында үлкен жаңғыру жүріп жатыр. Осы кезекте, «Жас Отан» да қалыс қалмай, ұйымда өзгерістер бастау алды. Орталық кеңес мүшелерінің ашық сайлауын өткізудегі мақсат – өз пікірін еркін айта алатын жастар қоғамын құру, – дейді «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев. Кеңестің ұйым қызметіндегі рөлі «Жас Отан» Жарғысында көрсетілген. Сайланған Кеңес мүшелері 16 аймақтық филиалдың төрағаларымен бірге жұмыс атқаратын болады. Ал Орталық кеңесті «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев басқарады. Кеңес мүшелері төрт жыл мерзімге сайланған. Олар бірінші кезекте қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеуге тастүйін дайын. «Орталық кеңес демократиялық жолмен сайланды. Жастар саясатында бірінші рет онлайн дауыс беру болды. Бұл – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жасаған қадамдарымыздың бірі. Сонымен әр аймақтың көшбасшысын жастар өздері анықтады. Сайлаудың ашық және әділ болғанын сеніммен айта аламын. Біз кез келген жастың ұсынысын тыңдап, бірге жұмыс жасауға дайынбыз», ‒ дейді «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЖАЛҒАСАДЫ
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыруға байланысты сессия Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтіп, «Жас Отан» Жастар қанатының съезіне қатысушылар өздерінің көзқарастарын бүкпесіз ортаға салды. Оның жұмысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы қатысты. М.Әшімбаев Елбасының аталған бағдарламасы аясында бүгінге күнге дейін ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да кең көлемде жүргізуді жоспарлап отырған болып шықты. Әлбетте бұл игілікті істен «Жас Отан» Жастар қанаты да қалыс қалмайтыны сөзсіз. Әсіресе, жастардың туған елге, жерге деген патриоттық сезімдерін жану үшін ел-жер тарихына ерекше мән берген абзал. Жастардың осы тақырыптағы әдебиеттерге қызығушылығын арттыру қажет. Ол үшін арнайы кітаптарды көбірек шығарған абзал. Қазірдің өзінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, «Туған жер» және тағы да басқа бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткен. «Нұр Отан» партиясы осы игілікті істі ары қарай жемісті жалғастыруды жоспарлап отыр. ‒ Рухани жаңғырудың басты мақсаты – бабадан мирас болған асыл мұраларымызды дәріптеу, ұлттық кодымыз бен құндылықтарымызды сақтау және халықты ортақ мүддеге ұйыту. Бұл арнайы заң немесе қаулымен шешілетін жұмыс емес. Ол үшін ұлтымыздың бар қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл ретте «Жас Отанға» сана ашықтығының аясын кеңейту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, еңбекқорлық сияқты міндеттер жүктеледі. Әр жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани және мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс, ‒ деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызы неде? Осыны қалың жұртшылыққа, жастарға жан-жақты түсіндіру ләзім. Бұл ауқымды жұмыс. Бір-екі басқосу өткізу немесе кітап шығару арқылы бітетін тірлік емес. Бұл үшін жан-жақты әрі табанды жұмыс жүргізу қажет. Осыған «Жас Отан» жастар қанаты ерекше мән бергені жөн. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай ойларын ортаға салды.ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫМЕН ЖАСАЛҒАН
Елімізде жастардың кəсіпкерлігі жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қамқорлық жеткілікті. Сондықтан болса керек, жас кәсіпкерлер Қазақстан экономикасында маңызды орынды иелене бастады. Алдағы уақытта да белсенді әрі табысты жас кәсіпкерлер қатары арта түсетіні анық. Өйткені олар қолға алған істің жақсы болуы үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Тек істің көзін таба білген жөн. «Қазақстанда жасалған» деген тақырыпта өткен сессияның жұмысына қатысушылардың пікірі осындай. Әрине, жас кәсіпкерлердің жұмысы жемісті болуы үшін олар мемлекеттік органдармен, даму институттары және əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорацияларымен қоян-қолтық араласа жұмыс істегені жөн. Көп жағдайда осындай ортақ күш-жігер байқала бермейді. Осының салдарынан жас кәсіпкерлердің ерекше құлшыныспен қолға алған ісі алға баспай, тауы шағылып, меселі қайтады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін мемлекеттік органдармен, даму институттары және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен бірлесе отырып, күш-жігерді интеграциялау тетіктерін табу қажет. Осы арқылы жастарды кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға бағдарлап, тіпті мүдделі етуге де болады. Интеграция тетіктестері жас кәсіпкерлерге бəсекелес ортада бизнес жүргізуге тең мүмкіндік береді. Рас, кəсіпкерлік қызмет негіздерін оқытудың да орны бөлек. Өйткені қажетті білімсіз істің алға басуы мүмкін емес. Осы ретте «менторлар» институтын құрудың маңызы зор. Бұл ‒ кәсіпкерліктің қыр-сырын, ұңғыл-шұңғылын үйрететін мектеп. Жастар кəсіпкерлігі саласындағы StartUp жобаларға да жан-жақты консультативтік қолдау көрсету де артық болмайды. Жас кәсіпкерлердің қызықты бизнес идеялары да аз емес. Соған жергілікті билік назар аударып, лайықты демеу жасалса, табысты жас кәсіпкерлердің қатары сөзсіз артар еді. Ауыл жастарын да кəсіпкерлік дағдыларына оқыту қажет. Олардың бизнес-жобаларын көтермелеу керек. Сонда ғана жастар ауылда тұрақтап, шағын және орта кәсіпкерлік өркендейтін болады. Қазір ауыл жастарының көбі кәсіпкерлікпен айналысу үшін қалаға кетуге мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, жастарға кəсіпкерлік негіздерін тегін оқытып, осы салаға байланысты олардың сауаттылығын арттыру және жас кəсіпкерлердің имиджін көтеру арқылы «Қазақстанда жасалған» өнімдер мен бұйымдардың да қатары артатын болады. Бұл қазақстандық жастардың қолымен жасалған тауарлар болар еді. Сондықтан осыған ерекше мән берген жөн.