Жастықтың жалауы – жасампаздық

Жастықтың жалауы – жасампаздық

Жастықтың жалауы – жасампаздық
ашық дереккөзі
Жастар – ел дамуының қозғаушы күші. Келешегіміздің кемел болуы өскелең ұрпақтың жасампаздығына, білім-білігі мен ерік-жігеріне тәуелді. Сондықтан мемлекет жастар саясатына баса көңіл бөліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтарды меңгеруге, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деген сөзінің астарынан жас ұрпақтың келешегі мен ел ертеңі сабақтасып жатқаны айқын аңғарылады. Кеше, 28 наурыз күні Астана қаласында басталған «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі жасампаз жастардың егеменді еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуі жолында қызмет етуге дайын екенін көрсетті. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жастармен тікелей байланысты бірқатар мәселелердің басын ашып айтты. Ұлттық сананы кемелдендіру, ұлттық бірегейлікті сақтау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, білімнің салтанат құруына жол ашу және сананың ашықтығын қамтамасыз ету ең алдымен жас буынға міндет болары анық. Тіпті, латын әліпбиіне көшу бастамасына жастардың жасампаздығына деген сенім серпін болғаны белгілі. Елбасының айтуынша, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатқандықтан, жас буын үшін мұнда ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Бұл жерде де Елбасы латын әліпбиіне көшу сияқты стратегиялық маңызды бастамада жас буынға үлкен сенім артатынын аңғартып тұр. Осы орайда, біздің жастар осыншама ұлттық һәм мемлекетшілдік парыз-міндеттерді орындауға дайын ба деген сауал туады. Жалпы, қазіргі жастар кімдер? Олардың мақсат-мұраты не? Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңына сәйкес, еліміздің 14 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтары жастар санатына жатады. Бүгінде Қазақстанда дәл осы жас аралығындағы азаматтар саны 5 миллионға маңайлаған. Соңғы демографиялық санақ көрсеткіштері жастардың есебінен республиканың түкпір-түкпірінде қазақылану процесінің оңтайлы жүріп жатқанын аңғартты. Қазіргі таңда елімізде жалпы халық саны 18 миллионнан асса, оның 12 миллионнан астамы – қазақ ұлтының еншісінде. Статистикаға сүйенсек, қазақтардың орташа жасы – 26-27 жас. Көңіл қуантатын жайт, мектеп түлектерінің 80 пайызға жуығы ЖОО-ның қазақ бөлімдеріне түсуде. Алматыда «Жастар үні» қоғамдық бірлестігі қалалық әкімдіктің қолдауымен жүргізген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесінде жастардың 79 пайызының – қазақ тілінде, 18 пайызының – орыс тілінде, 2 пайызының басқа тілдерде сөйлейтіні белгілі болды. Көрсеткіштер ел астанасында да ахуалдың оңалып келе жатқанын аңғартады. Қазақ тілінің болашағына сенетін ата-аналар бүгінде балаларын қазақ балабақшалары мен мектептеріне беруді құп көреді. Соның арқасында ірі қалаларда жастардың сұранысына сай мемлекеттік тілде қызмет көрсететін мектепке дейінгі білім ошақтарына, ерте дамыту орталықтарына сұраныс артып келеді. Десе де, Жастар саясаты туралы заңның олқылықтары да жоқ емес. Ең әуелі, бұл заң жас ерекшеліктері тым алшақ азаматтардың мәселесін біртекті шешуді көздейтінін аңғармау мүмкін емес. Себебі, 14-15 жастағы жасөспірім мен 29 жастағы қалыптасқан маманның өмірлік ұстанымдары мен сұраныстары әрқилы. Әлеуметтік зерттеулер де жастардың басым бөлігінің мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардан бейхабар екенін аңғартқан. Бүгінде елімізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, «Қолжетімді баспана – 2020», «Болашақ», «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» мен 2011-2015 жылдарды қамтыған «Саламатты Қазақстан» сияқты бағдарламалар бар. Өскелең ұрпақтың кемел білім алып, білікті маман атануына, отау құрып, бақытты отбасының іргетасын қалауына, ұрпақ өрбітіп, Қазақстанның демографиясын ілгерілетуіне барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, жастардың бойында көрсем, білсем деген құлшыныс, еңбек етуге, елге адал қызмет етуге деген ынта болуы керек. Жастар саясаты туралы сөз болғанда көңілді күпті ететін мәселенің бірі – қоғамда отбасы құндылықтарының әлсіреуі. Әлеуметтанушылар елімізде жастар арасында ажырасу саны көп болған соң, ең алдымен жас отбасыларды демейтін, әлеуметтік түйткілдерін шешетін кешенді іс-шаралардың қажеттігін алға тартады. Бұл орайда Алматыда жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесі екі бағытта іс-шаралар кешенін жүргізуді ұсынады: «Біріншіден, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша нәтижелі жобаларды жүзеге асыру керек. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясындағы «Жастар тәжірибесі» жастардың жұмысқа тұрып кетуін қамтамасыз етпейді және 6 айлық төленетін еңбекақы көлемі Алматы қаласы жағдайында жастарды қызықтырмайды. Екіншіден, Алматы қаласы жастарының басты әлеуметтік мәселесі – тұрғын үйдің болмауы, жатақханалардың жетіспеуі, жалға алу құнының жоғарылығы». Баспана мәселесі жастардың көпшілігін сарсаңға салған түйткіл екені жасырын емес. Өсіп-өнсем дейтін жастардың жолын үй-күйдің жоқтығы бөгейді. Тұрғын үй мәселесінің өзектілігі артқандықтан, Елбасы жуырда Қазақстан халқына ұсынған бес әлеуметтік бастамасының алғашқысын «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп атады. Соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін біраз шаруа атқарылды. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Әлі күнге дейін пәтер жағалап жүрген отбасылар көп. Бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін  Елбасы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін беретіні анық. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Демек, Елбасы айтқандай, көптеген жастың арманы ақиқатқа айналады. Президенттің үшінші бастамасы да жастардың келешегін кемел етуге бағытталған. Жоғары білім алудың қолжетімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бағытталмақ. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік берері сөзсіз. Бұған қоса, әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыру үшін студенттердің білім алуынан бөлек, тұратын жерінің жайлы болуына да жағдай жасалуы тиіс. Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының басым бөлігі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 470 мың жастың 204 мыңы басқа қалалардан келген, яғни баспанаға мұқтаж. Олардың көпшілігі пәтер жағалауға, оқуға шалғайдан қатынауға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуға тапсырма берді. Қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындары мен колледждер жатақхана салуға ыңғайлы жер қамдап, жергілікті әкімдіктермен ақылдаса отырып, құрылыс қамына кірісуде. Тапсырма жүйелі орындалса, алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығының біржола шешілеріне сенім мол.