Жаңалықтар

Шымкентте жасырын казино табылды

ашық дереккөзі

Шымкентте жасырын казино табылды

Еліміздің Бурабай мен Қапшағайдан өзге өңірлерінде казиноға түпкілікті тыйым салынғанына бірнеше жылдың жүзі болса да, жасырын ойынхана ашу деректеріне тоқтау болмай тұр. Заңсыз казиноның бірі Шымкент қаласында анықталып, көзі жойылды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шымкент қаласындағы «Самал-2» шағын ауданында заңсыз ойынхана жұмыс істеп тұрғаны туралы шұғыл ақпарат түскен. Басқарма қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмыстары барысында аталмыш шағын ауданындағы үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеп тұрған казино бар екені анықталды. Ойынхананы Арыс қаласының 21 жасар тұрғыны ашқан. Жас жігіттің ойынхана жұмысын жүргізетін рұқсат қағазы жоқ. Тәртіп сақшылары айғақ ретінде «Покер» ойынына арналған үстел, әртүрлі номиналдағы 900 фишка және 90 мың теңге тапты. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, заңды шешім қабылдау үшін іс құжаттары облыстық мемлекеттік кіріс департаментіне жолданды. Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылдың 1-сәуірінде ойын бизнесіне салынған тыйым бойынша, Қазақстанда казино мен ойын автоматтары Ақмола облысында Щучье ауданында, Алматы облысында Қапшағай су қоймасының оң жағалауында ғана орналасуы тиіс. Республиканың басқа аймақтарында ойын орындарынан тек букмекерлік конторалар мен тотализаторларға ғана рұқсат етілген.