Павлодарда "Серпін" бағдарламасымен оқығандардың 70 пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған

Павлодарда "Серпін" бағдарламасымен оқығандардың 70 пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған

Павлодарда "Серпін" бағдарламасымен оқығандардың 70 пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған
ашық дереккөзі
 «Мәңгілік ел жастары индустрияға! Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Павлодарда білім алған жастардың 47-сі немесе 70 пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған. Бұл туралы әлеуметтік-мәдени  мәселелер жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Алекпарова айтты, деп жазады  pavlodarnews.kz. "Аталмыш мемлекеттік әлеуметтік бағдарлама өңірімізде 2014 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда облыстағы жеті колледжде бес оңтүстік аймақтан 474 студент білім алады. Студенттер тегін баспана, шәкіртақы, қысқы және жазғы киім-кешекпен, сондай-ақ қысқы демалыс кезінде үйіне барып-келуге жолақымен қамтамасыз етіледі", - деді Сәуле Алекпарова. Оның айтуынша, түлектердің алғашқы легімен 2017 жылы  67 адам оқу орнын аяқтаған. Бүгінгі таңда 40 адам немесе 59,7 пайызы жұмыс істеуде, үшеуі жоғары оқу орнында білім алуда, біреуі Отан алдындағы борышын өтеуде, тоғызы декреттік демалыста және 14-і  еңбекпен қамтылмаған. Нәтижесінде  түлектердің ішінен 14-і ғана немесе 21 пайызы Павлодар облысында қалған. Олардың ішінде 11 адам жұмысқа орналасса, үшеуі жоғары оқу орнында білім алуды жалғастыруда. Бесеуі Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында жұмыс істейді және біреуі әскер қатарына жіберілген. " "Жастардың  өз өңірлеріне кетуіне  баспананың жоқтығы себеп болып отыр. Биылғы жылы 174 адам  техникалық және кәсіптік білім беру  орнын аяқтайды. Түлектерді алып қалу мақсатында колледждің әкімшілігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдерімен,  кәсіпкерлер және   жасотандықтармен кездесу өткізуде", - дейді Сәуле Алекпарова.