Наурыз жалпыхалықтық мерекеге айналды ма?
Наурыз жалпыхалықтық мерекеге айналды ма?
Әдетте Григориан күнтізбесіндегі жаңа жылға бір, тіпті бір жарым ай бұрын дайындалатынымыз белгілі. Кей өңір басшылары елдің алдына түсіп, қала көшелерін ерте безендіріп, шырша шамын уақытынан бұрын жағып мәз болатын. Ол ол ма, қайбір жылы Павлодар қаласы әкімдігінің 38 миллион теңге жұмсаған «мақтаныш» шыршасы өртке оранғанда, талай жұрт есіл ақшаның әп-сәтте күлге айналғанына күйінгенмен, қолды сілтеп, «пұл болмасаң, күл бол!» деген.
Дәл осындай дарақылық пен ысырапшылық, даңғойлық пен науқаншылық қасиеттердің қанымызға сіңіп кеткені соншама, өткен күннен сабақ алуға асықпадық. Ал Тәуелсіздік алған 26 жылда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын жалпыхалықтық деңгейде атап өте алдық па? Бұл туралы мәселе көтермеген ақпарат құралы сирек. Мереке сайын тақырыпқа тұздық еді. Бірақ елімізде өзгерген дәнеңе жоқ сияқты. Биыл өзгеріс бола ма өзі, қалай? Оған негіз де жоқ емес.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мерекелер жайында өткен отырыста «ешқандай жабық киіз үй болмасын» деген тапсырма берді. Аймақ басшысының пікірінше, мұндай жағдайда киіз үйлер неге жабық, оның ішінде кімдер тамақтанады деген сұрақтар пайда болады. «Барлығы ашық болуы керек. Киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, салт-дәстүрлерімізді айқындап тұруы тиіс. Есікті жауып алып, тығылып тамақ ішудің қажеті жоқ. Ол жерде көп балалы аналар, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдарға тамақ берілуі тиіс. Таңертең құрылған киіз үйлер түстен кейін асығыс жығылып жатады. Мереке бір күнде бітіп қалмайды. Барлық отаулар мереке күндері толық аяқталғанша тігіліп тұруы керек. Және бір де бір көше жабылмасын», – деді өңір басшысы Қ.Ақсақалов.
Облыс әкімінің сөзінің жаны бар. Бұған дейін әлгіндей ақшаңқан киіз үйлерге тек шенеуніктер мен сыйлы қонақтар ғана бас сұға алатын. Қарақұрым халық аяқтан тік тұрып, тегін концерт тамашалағанына мәз боп тарайтын-ды. Сонда ұлық мерекенің негізгі нышаны не? Әкім-қаралардың тойып тамақ ішіп, тоқмейілсуі ме? Әрине, мұндай жайттар кім-кімнің болса да көңіліне кірбің ұялататыны рас. Содан болса керек, соңғы кезде Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтуге байланысты ащы пікір, тұшымды ой еркін айтыла бастады.
Ыстық бауырсақ, тәтті құрт
Шын мәнінде, Ұлыстың ұлы күнін балалардың асыға күтетін мерекесіне айналдыруға не кедергі? Тіпті, Григориан күнтізбесіндегі жаңа жылға ерте қамданатын білім мекемелері де соңғы жылдары Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге келгенде сараңдық танытып жүрген. Биыл мектептер мен балабақшада Наурыз мейрамын кеңінен тойлауға рұқсат етілді. Тіпті, бұрын мектептің алаңында бір-екі сағатқа ғана созылатын ұлттық мереке әр сыныпта жеке аталып өтілуде. Бұрынғыдай наурыз көженің дәмін татып, баға беріп қана қоймай, оның жасалу жолы, дайындық кезеңі, бәрі-бәрі оқушыларға тәптіштеліп түсіндірілмек. Әрине, Ұлыстың ұлы күні қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынсыз өтпейді. Балалар арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, мәре-сәре боп жатса, несі айып? Биыл, әсіресе балабақшалар ұлттық мерекеге ерекше көңіл бөлуде. Бүлдіршіннің бойына ұлттық тәрбиенің негізін қалайтын әрі сіңіретін балабақша десек, бұл ретте мектепке дейінгі мекемелерге жүктелетін міндет көп. Жақында Алматы қаласындағы балабақшада өткен Наурызға қатысып, төл мейрамның кең көлемде аталып жатқанына қуандым. Ұлттық нақышта киім киген кішкентай бүлдіршіндердің мәз болып, асыр салғанын көрсеңіз ғой! Бірінен соң бірі аналарына жүгіріп кеп: «Анашым, менің киімімдегі ою деп аталады екен ғой. Оны бізге апайымыз айтты. Біз түрлі ою қиып, қағазға жабыстырдық...», – деп сыбырлап қояды. Шынында да, балалардың григориан күнтізбесіндегі жаңа жылды асыға күтетіні рас. Тіпті, мұны өзіміз әсірелеп: «Балам, Аяз атадан не сыйлық алғың келеді? Немесе Аяз атаға керекті дүниелеріңді сұрап, хат жаздың ба?!», – деп сендіріп бағамыз. Осы әрекетіміз арқылы, біріншіден, баланы алдаймыз, екіншіден, жаңа жылды әспеттеп-ақ бағамыз. Егер Ұлыстың ұлы күнінде отбасы мүшелері бір-біріне, туыстарына сыйлық беруді әдетке айналдырса, балаларға Қыдыр ата беретін батаны жаттатқызса, ұлттық тағамның түрлерін таныстырып, жасалу жолынан хабардар етсе, нағыз тәрбие осы емес пе?! Ұлттық тағам демекші, әлгі балабақшада балақайлардың бір қолындағы бауырсақты тістелеп, екінші қолындағы құртты сорып жүргеніне сырттай сүйсіндік. Ал наурыз көжені жапа-тармағай таласып ішкен түрлеріне қарап, көзіміз тағы қуанды. «Білесің бе, көжеде жеті түрлі тағам бар. Келіңдер, бәріміз бірге санайық», – деп кішкентай қаракөз қыз мұрнын бір тартып қойып, бүлдіршіндердің бәрі қосылып, көженің құрамындағы қоспаларды дауыстап санай бастады. Қандай әсерлі көрініс! Мұның бәрі баланың салт-дәстүрге қаныққан ұлтжанды азамат болып өсуіне септігін тигізетіні айдан анық. Тек жатжұрттық мейрамнан гөрі, ұлттық төл мерекемізді ұлықтауға келгенде тартыншақтамасақ болғаны. Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы №29 балабақша меңгерушісі Гүлмира Сайлауханқызының айтуынша, биыл Наурыз мейрамына деген ынта-ықылас ерекше. «Бұрын Ұлыстың ұлы күнін жаңа жыл сияқты атап өтпейтін едік. Биыл сол олқылықтың орнын толтыруға күш салдық. Мәселен, балабақша ауласында әр топ бір ауыл болып, көрініс қояды. Бүлдіршіндер Қыдыр атаның кім екенін тани түседі. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсетеді. Одан бөлек тәрбиешілер ұлттық тағамдар – бауырсақ, наурыз көжені таныстырады. Қысқасы, ерекше той қып өткізсек деп отырмыз. Меніңше, алдымен ата-ананың санасы өзгермей, бала қалай өзгереді? Жаңа жылда «бүйтейік, сөйтейік» деген құлшыныстарын осы Наурыз мейрамында көрсетсе, қанекей?! Сондықтан Наурызды жалпыхалықтық мерекеге айналдыру – отбасы тәрбиесінен бастау алу керек», – дейді.Түркітілдес мемлекеттердің ортақ тойы
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаевтан түркітілдес елдерде Наурыз мейрамын ата өту барысын сұрағанымызда, «Наурыз мейрамы онсыз да – жалпыхалықтық мереке. Біз өзімізден гөрі өзге халықтың дәстүрін ұлықтауға әуеспіз. Жаңа жылды асыға күтетіндер Наурызды дәл солай күтпейді, атап өтпейді. Ұлық мереке әр үйде тойланса, отбасылық дәстүрге кіріксе ғана, халықтық мерекеге айналады. Яғни, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін тойлайтын мереке – жалпыхалықтық деңгейге көтеріле алады. Бала кішкентайынан өз ұлтының дәстүрін бойына сіңіруі керек. Егер бала титтей кезінен бірнеше тілде сөйлесе, ол баладан қандай азамат шығады? Әлемде тәуелсіз мемлекеттер ішінде өзге тілде сөйлейтін ұлт – қазақтар ғана. Айналып келгенде, бәрі тілдік, ұлттық мәселеге байланысты», – дейді. Асқар Тұрғанбаевтың айтуынша, түркітілдес мемлекеттер ішінде Ұлыстың ұлы күні Әзірбайжан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанда халықтық деңгейде тойланады. «Мысалы, Әзірбайжанда Наурыз мерекесінен бұрынғы төрт сәрсенбіні әр тақырыпқа арнайды. Айталық, бір сәрсенбіні – от, екіншісін – су, үшіншісі – жер, төртінші – топырақты дәріптеп, әр сәрсенбіде әртүрлі салт жасалады. Түркі халықтарына тән жоралғы – от жағу. Бұл түркі халықтарында зороастризм дінінен бұрын болған. Ал негізгі дәмі – жеті түрлі тағамнан жасалған наурыз көже», – дейді ол.Алматының қашанда жөні бөлек
Басқа өңірді кім білсін, Алматыда Наурыз мейрамы атаусыз қалған емес. Былтыр да әсем шаһарда Наурыз тақырыбына арналған инсталляциялар орнатылып, «Мүшел» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүріндегі «Самалық», «Түлік жыры» сияқты ән-жырлар орындалған еді. Ал Атлеттер қалашығындағы мерекелік қойылымда алаң тұтастай жаңа қонысқа қонған қазақ ауылын елестетіп, кіреберісіне ежелгі үлгідегі қақпа орнатылып, оның екі жақ шетіне көне күйме үстіне тігілген 2 киіз үй тігілді. Мереке өтетін алаңға «шамдал», «қос», «көне сауда арбалары», «таңбалы тастар», «тарих тегершігі» атты инсталляциялар және ұлттық нышандағы әртүрлі мүсіндер қойылды. Ал биылғы Ұлыс тойы бір ай атап өтілмекші. Яғни, 22 наурыз бен 22 сәуір аралығында қала тұрғындары мен қонақтары небір тәрбиелік мәні зор шараларға куә болмақ. Мерекенің алғашқы күндері «Бауырсақ», «Наурыз көже», «Күріш» фестивальдері ұйымдастырылып, негізгі мерекелік шаралар мегаполистің бірнеше алаңдарында 22-25 наурыз аралығында сағат таңғы 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жалғасады. Мысалы, Астана алаңында жыл сайынғы дәстүрлі үлкен мерекелік концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі өтеді. Жалпы, бұл күндері алаңда 6 киіз үй тігіледі, 14 инсталляция («кереге құрақ», «қос», «абылайша») орнатылады, балалар және спорт орындары, Орта Азияның қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары үшін 17 аймақ, сауда шатырлары, фудкорттар, 1200 орындық көрермендер мінбері ұйымдастырылуда. ТМД-ның 6 елінен және Түркиядан 500-ден астам артистер мен 1500 еріктілер қатысатын мерекелік концерт отшашуға ұласады. 2016 жылы түркітілдес ұлттардың ұлық мейрамы ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енген-ді. Бұл бастамаға 12 ел қолдау білдірді. Олар – Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түркіменстан және Тәжікстан. Түрлі ұлт және ұлыс өкілдері жаңарған Панфилов көшесінде киіз үй тігу, қыш, керамика, киізден, мехенеден бұйымдар жасау бойынша арнайы шеберлік сыныптарын өткізеді. Сонымен қатар алтын жіппен бұйым тігу, ортеке, сырмақ, зергерлік бұйымдар мен шыны жасау өнері де таныстырылмақшы. Бұлардан өзге театрландырылған «Көш керуені» жүріп өтеді. 22 наурызда Т.Жүргенов атындағы академия жанындағы сахнада өтетін концерттік бағдарламада студенттер өнер көрсетсе, қаланың жоғары оқу орындары арасында «Ән бәйге» атты авторлық ән конкурсы, «Биле-биле» көңіл көтеретін шарасы мен «Әз Наурыз Алатау алабында» атты театрландырылған қойылым болады. Осы күні Атлеттер ауылындағы бағдарлама кезінде спорт секциялары мен «Disco стиліндегі Наурыз» концертіне қатысушылар үшін түрлі ұтыстар мен байқаулар өтеді. Қазақ күресінен, джиу-джитсудан, таэквондодан, каратэден, бокстан жарыстар ұйымдастырылып, спортшылар түрлі әдістерді көрсетеді. Музыкалық студия үзілістер кезінде домбырадан күй шертеді, хоккей академиясы нағыз хоккей матчын өткізеді. Бұдан өзге эстафеталар, үстел теннисі, үрленген батут, армреслинг, арқан тарту, обруч, арқанмен секіру, асық ату, аниматорлардың қатысуымен түрлі шаралар, шыңға өрмелеу, садақ ату, боулинг, дартс ойындарынан топтық жарыстар мерекенің көркін қыздырмақ. 24 наурызда Жібек жолы көшесі бойындағы сахнада өтетін «Наурыз-Думанда» сағат 11:00 ден 17:00-ге дейін ҚР Суретшілер одағы шеберлері мен жас суретшілердің біріккен пленэрі ұйымдастырылады. Ал сағат 19:00-21:00 аралығында – «Open air cinema», яғни Ш.Аймановтың ретроспективті кинолары мен Қазақстанның материалды емес мәдени мұрасы болып табылатын «Қыз Жібек», «Ортеке», «Киіз басу», «Қорқыт Ата мұрасы: Эпикалық мәдениет және музыка», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Кесте», «Асық ату» және басқа фильмдері көрсетілмекші. 25 наурызда қала тұрғындары мен қонақтары буккроссинг – мәдени мұра мен кітап көрмесі, «Кітап Fest» көрмесі, сондай-ақ, «Open air cinema» аясында «Керамика өнері» (Өзбекстан), «Жібек тоқу» (Өзбекстан), «Аспалы арқанмен жүру» (Өзбекстан), «Көк бөрі» (Қырғызстан), «Салт-дәстүр әндері» (Қырғызстан), «Монғолдың дәстүрлі үстел ойындары» (Моңғолия), «Моринхур – монғолдың қыл пернелі аспабы» (Моңғолия), «Салт-дәстүр әндері» (Тәжікстан) т.б. фильмдерін тамашалай алады. Ал аспаздық шеберлік сыныптарында Әзірбайжан лавашта күріш пісіруді, пахлава мен боялған жұмыртқаны, Түркия шпинатты бөректі, лукумды, Түркіменстан шөректі, пишмені, чападты, күлшені, тәттілерді, Ауғанстан жеті жемістің тосабын, Өзбекстан сүмалак пен «Наурыз көжені», Иран боялған жұмыртқалар мен құрғақ жемістерді, кәуапты, Тәжікстан тәтті күрішті, Үндістан «тандай» сусынын, Азия ас мәзірі wok-кеспені, ұйғырдың асын, грузиннің хачапуриін, ал қазақтың ас мәзірінен «Наурыз көже», бауырсақ, қаттама пісіріледі. 23 наурызда «Алматы Аренада» өтетін «DIDCO стиліндегі Наурыз» атты үлкен концертке әлемге танымал Baccara, Kevin Mccoy Ex Bad Boys Blue, Londonbeat, Ottawan, Sounds оf Boney M Sheyla Bonnick, Secret Service, Joy, Arabesque Original Michaela Rose өнер көрсетеді. Ең бастысы, 22-23 наурызда Ұлыстың ұлы күні мейрамы қаланың 40 медиабордынан көрсетіледі. Оnline трансляцияны Халықаралық ақпараттық технология университетінің студенттері жүргізеді. Алматы қалалық Мәдениет басқармасы негізгі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатын «Астана» алаңы мен Панфилов және Жібек жолы көшелерінде, сондай-ақ, «Алматы Аренадағы» Атлеттер ауылында көрсетілім жасау барысында цифрлық қала жүйесі Smart cityді дамыту және халықтың қандай мәдени шараны қалайтынын анықтау үшін алғаш рет медиабордтарда төрт дрон мен видеокамералар қолданатынын жеткізді. P.S. Көрнекті тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама» деген екен. Ендеше, ұлық мерекені жалпыхалықтық деңгейде атап өту – бізге аманат.