Шұбаттың дәмі бал татып...

Шұбаттың дәмі бал татып...

Шұбаттың дәмі бал татып...
ашық дереккөзі
Алматылықтар арасында шұбатпен танымал болып отырған  «Дәулет-Бекет»  шаруашылығы жайлы республика жұртшылығы кеңінен хабардар.  Еті мен сүті тағам әрі шипалы болып саналатын түйе шаруашылығымен жүйелі түрде айналысып келе жатқан осы шаруашылық басшысы Сыдық  Дәулетов мырзамен хабарласып, өз ойымызды айтқанда, осы бір ерлі-зайыпты түйешілерді қуана атады. Осылайша халықтық мереке, жаңарудың бастауы саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында бақташылықтан басқармалыққа дейін көтерілген Мәлік Өтеубаев пен оның жары, бүгінде сауыншылар тобын басқаратын Тамара Орынбекқызынан мерекелік сұхбат алуға асықтық. – Біздің шаруашылықтың қалай басталып, аяғынан қалай тік тұрғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан талай рет айтылып жүр, оны оқырман да, көрермендер де жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Іскер азамат, білікті басшы Дәулет Әбуұлымен бірге сонау «балапан басына, тұрымтай тұсына» кете жаздаған қиын кезде осы бір тірлікті бірге бастадым, – деп бастады әңгімесін Мәлік Өтеубаев. – 2001 жылдары ел экономикасы құлдырап, тәлтіректеп тұрған, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі де неден басталып, қандай жолға түсерін білмей, жұмыс орындары жабылып, керісінше сауда-саттықтың өршіп, небір мықты мамандардың өзі қытайдың ала дорбасымен сауда жасап, ол қолдарынан келмегендері сол дорбашылардың тауарларын таситын арбакештерге айналып шыға келмеді ме?! Біз де сол тұста, Дәулет Шәрипасымен, өзім келіншегім Тамара екеуміз және бір жұмысшымызбен осы бір қиын да ауыр, мал шаруашылығының аса бапты қажетсіне бермесе де, өте жауапкерлікті талап ететін түйе шаруашылығын бастап кеттік. Талмай еңбектенудің, бір-бірімізге деген сенімнің арқасында «сенікі-менікі», не болмаса «маған аз, саған көп» деген пиғылды жиып қойып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, білекті сыбана кірістік. Мен түйе бақтым. Әйелім сауыншы. Күн-түн демей, адал еңбек еттік. Соның арқасында, бүгінде қандай жетістікке жетсек те, маңдай тер, адал еңбегіміздің де нәтижесі болар деп ойлаймын. Дәукеңнің де сенімі болар, осылай отбасылық қызмет жасауымызға ықпалы зор болды. Одан жаман болған жоқпыз. Он жылдай бақташы болдым. Ол кезде жоғалған малды жаяулап, бертін ат тізгініне қол жеткен кездері атпен іздесек, қазір осы шаруашылықтың бір саласын басқарып отырған жайым бар. – Жоғалған мал демекші, өзіңді әріптестерің жоғалған малдың құмалағына қарап, қай жерден қашан өткенін біліп, ізіне түсетін қасиетіңді мақтанышпен айтты... – Ол менің ғана емес, жалпы қазақтай данышпан халықтың болжамы дер едім. Түйе – көп бапты қажет етпейді, қысы-жазы далада, жайылымда, өрісте. Негізгі қорегі – жантақ, алабота, ащы қурай болғандықтан, азық іздеп жүріп, талай рет жоғалған тұстары да болды. Ондай сәттерде, әрине, ізіндегі құмалағының түр-түсінен қай кезде, қай жерден өткенін байқайсың. Сөйтіп, тіпті бірнеше ай бұрын жоғалған малдың ізіне түсіп, табуға болады. Бірақ үйренген жерінен, күнделікті өрісінен аса алыстай қоймайды. Маң-маң басқан қасиетті жануарды бағып-баптаудың қиындығымен қатар, жайлылығы да бар. Түйе жүнінің қырқылған алғашқы айларда болмаса, суыққа өте төзімді жануар. Оның тағы бір ерекшелігі – аптап ыстықта апта бойына сусыз тіршілік ететіні, сондықтан да оларды жазда күніне екі рет, ал қыстың күндері бір-ақ рет суғаруға болады. Ойсылқара жайлы әңгіме болғанда, әрине, міндетті түрде оның сүтінен дайындалатын шұбаттың сусындық, шипалық қасиеттерін айтпай кетуге болмайды. Сондықтан да сауыншылар тобының жетекшісі Әуезова Тамараны әңгімеге тарттық. – Алғаш бес түйеден басталып, бес-ақ адам жұмыс істей бастаған осы шаруашылықта бүгінде жетпістен астам кісі тәп-тәуір тұрақты жалақымен жұмыс істеп отырса, екі жүздей адам жанама-жалдама қызметтер істеп, өз нәпақасын тауып, өмір сүріп жатқанын айтпауға болмас. Ал осы тірліктің басы-қасында жүрген, кәсіп пен нәсіптің иесі Сыдық Әбуұлы жайлы да ұзақ әңгіме айтуға болар еді. Ол кісінің бұл асуға қалай жеткені бүгінде өз қарамағындағыларға ғана емес, бүкіл елімізге жақсы таныс. Нүктесі қойылмайтын ол сыр мен жырды айтып бастарыңызды қатырмай-ақ қояйын,– деп әдемі жымиған Тамара ханым әңгімесін әрі қарай сабақтай жөнелді. – Түйе сүтінің құрамында А, В1, В2 және С витаминдері бар, олармен қатар, май – 5.5-6 пайыз, 4.0-4.5 – ақуыз, 5.0-5.5 – қант, 0.6-0.8 пайыз минералды заттарға бай, құнарлы сусын. Оның үстіне сиыр сүтіне қарағанда, түйе сүтінің құрамында бактерицидтік қасиеті жоғары болғандықтан, ол ұзақ сақталады. Мәселен, бөтелкелерге құйылған сусынның сақталу мерзімі тіпті алпыс тәулікке дейін жетеді. Шұбаттың адам денсаулығына пайдасы бұрын да айтылып келсе, бүгінде әбден зерттеліп-зерделеніп қабылданған тұжырым. Әсіресе, өкпе, асқазан сырқаттарына таптырмас ем. Түйе екі жылда бір боталайтын «жайбасар» жануар. Биылғы жылы боталайды деген 800 түйеміздің жартысы боталады. Негізінен, бір сауыншыда бес түйеден болса, боталаған кезде күніне бес рет сауамыз. Жаңа туылған ботасы уызға әбден тойғанша, әл жинағанша алғашқы бір айда тіпті саумаймыз да, біртіндеп сауыла бастайды. Таңғы сағат бесте алғашқы сауын; сосын өріске жіберер кезде, яғни сағат тоғызда екінші сауын; жас босанған аруаналар өрістен ботасын іздеп ерте келеді, сол кезде үшінші сауын; түс мезгілінде, осы уақытта ботасынан айырып алып қаламыз. Соңғы сауым кешкі сағат 10-11-де, ал ботасы қатайған сайын сауын мезгілі азая береді. – Қазақта «түйедей болмай...» деген сөз бар, шынында, қорқыныш сезімі болмай ма? – Әрине, алғашқы жылдары тіксініп, теуіп жіберетіндей қорқатынмын. Бертін келе қолымыз да, көзіміз де, өзіміз де үйреніп кеттік. Жалпы кез келген жануарды төлін көзіне көрсетіп қойып, не болмаса иітіп алу үшін бірінші емшекті сорғызып барып сауады ғой. Қорыққаныңды сездірмеу керек, сонда ғана қиындық туғызбайды. – Бір түйеден қанша литр сүт сауылады? – Ол енді түйенің жаратылысына байланысты. Алды он литр, ал жалпы орта есеппен әрбір түйе жеті литрден аса сүт береді. Әуелде шағын ғана шаруа қожалығынан басталып, іргелі заманауи шаруашылық деңгейіне көтерілген «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығында тәулігіне бес тоннаға дейін шұбат өндіріліп, бір Алматының өзінде 168 сауда нүктелерінде сатылады. Еліміздің басқа өңірлерінде де сатылуын қамтамасыз етуде. – Әңгімелеріңізге рахмет! Наурыз құтты болсын!        

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ