Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздері аяқталды

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздері аяқталды

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздері аяқталды
ашық дереккөзі

Араға 19 жыл салып, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу жөніндегі келіссөздерді сәтті аяқтады. Бұл туралы ДСҰ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Ұйымның жұмыс тобы өзінің 10 маусымдағы отырысында ДСҰ-ның соңғы 20 жылдағы қызметі үшін "ең күрделі сын" болған келіссөз жүргізу процестерін аяқтағанын мәлімдеді. Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылдың 29 қаңтарында өтініш берген болатын. Содан бері ұзаққа созылған келіссөздер еліміздің халықаралық ұйымның мүшелігіне қабылдану туралы үмітін алыстатқан еді. ДСҰ баспасөз қызметі таратқан ақпарат күдіктің бәрін сейілтті. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы туралы жобасы 22 маусымда ресми түрде бекітіліп, ДСҰ-ның 161 мүшесі ресми түрде шешім қабылдауы үшін Бас кеңеске жіберілмек. "Мен ДСҰ мүшелері мен Қазақстан Республикасының үкіметін осы тарихи оқиғамен құттықтаймыз – бүгін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздері аяқталды. Қазақстанның ДСҰ-ға кіргенін тағатсыздана күемін", – деді ұйымның бас директоры Роберту Азеведу. Ұйым Қазақстанмен келіссөз жүргізудің неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірді. Баспасөз хабарламасында Қазақстанның ДСҰ құрамына кіруіндегі күрделілігі мен бірегейлігі республиканың Еуразиялық экономикалық одағына мүшелігімен байланысты тарифтер туралы келісім жасасудың қажет болуымен байланыстырылған.