Саакашвили сайлауға түсе ме?

Саакашвили сайлауға түсе ме?

Саакашвили сайлауға түсе ме?
ашық дереккөзі
Соңғы кезде Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің есімі ел аузынан түскен емес. Тіпті, әлемдік ақпарат құралдары оның әрбір қадамын аңдып отыр. Ол ол ма, танымал саясаткердің өзі де кейбір әрекеттері арқылы қоғамды шулатып жүретіні тағы бар. Саакашвили әуелі президент Эдуард Шеварднадзені қолдаған саяси тұлға ретінде Грузия парламентінің құрамына кірді. Кейін Грузия президентін сынап, оппозиция қатарына өтті. Ал 2003 жылы қолдарына раушан гүл ұстап, парламенттің ғимаратын басып алған күштермен бірлесіп коалиция құрып, билік баспалдағын аттаған еді. Саакашвили президент болған тұста елде экономикалық реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, жемқорлыққа қарсы күрестің үздіксіз жүргізілгені белгілі. Расында, Саакашвили билікке келген соң, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен «заңдастырылған ұрылар» институтының өкілдері аяғын тартып, Грузияда қылмыс деңгейі мен жемқорлық біршама азайды. Полиция және басқа да құқық қорғау органдарына қатысты радикалды реформа жүргізілді, ол күрестің нәтижесі де болды. Экономикада да біршама оң өзгерістер орын алды. Халықтың ерекше қошеметіне бөленген басшы екі мерзімге президенттікке сайланса да, бүгінде неге бас сауғалап кетті? Ол Украина мемлекетінің ішкі саясатының басты тұлғасына қалайша айналды? Әрине, Саакашвилидің өз елінде қол жеткізген жетістіктерін, Грузия қоғамын бір қадам болса да, батыстық демократия стандарттарына жақындастыра түскен батылдығын құптаушылар көп болғанмен, басқа елде билікке ұмтылуын түсіну қиын. Мәселен, Саакашвили әуелгі кезде Украинаның қазіргі президенті Порошенкомен саяси альянс құрды. Тіпті, Одесса облысының губернаторы болды. Ал қазір ше? Үнсіз күресетіндер көп... Жақында Саакашвили Грузия билігіне оралу туралы мәлімдеме жасады. Грузияның «Рустави 2» арнасынан бейнеүндеу жасаған ол биыл күзге белгіленген президент сайлауына дайындалуға шақырды. Саакашвили жақтастарын «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясына топтасып, өзге де оппозициялық партиялармен бірігуге және президент сайлауына ортақ үміткер таңдауды ұсынды. Михаил Саакашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының негізін қалаған болатын. Бұл партия елде 2012 жылғы парламент сайлауына дейін тоғыз жыл билікте болған. Саакашвили Грузиядан 2013 жылдың қарашасында Георгия Маргвелашвили президент болғаннан кейін кеткен еді. Ел билігі Украинадан бұрынғы президентті бірнеше рет экстрадициялауды сұраған. Грузиядан кеткеннен кейін Михаил Саакашвили Одесса облысының губернаторы болды. Осыдан кейін Украина президенті Петр Порошенко оны жұмысынан босатқан еді. Ал 2018 жылдың ақпанында украиналық шекара қызметі оны Польша аумағына шығарып жіберді. Ол Нидерландтар еліне өтіп, Еуроодақта өмір сүру мен қызмет етуге рұқсат алды. Грузияда экс-президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы премьер-министр Георгий Квирикашвилиді «ұлт мүддесіне опасыздық танытты» деп айыптап, отставкаға кетуін талап етті. Мұндай талапқа премьердің Мәскеумен тікелей келіссөз бастауды ұсынып, Ресей билігіне үндеу жасауы түрткі болған. Ал таяуда «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы жетекшілерінің бірі, Украина ұлттық полициясының бұрынғы басшысы Хатия Деканоидзе Грузия үкіметін басшысымен қоса түгелдей отставкаға жіберу қажет деп мәлімдеді. Ол Мәскеу және Абхазия мен Оңтүстік Осетия басшылығымен тікелей диалог өткізуге әзір екенін айтып, Ресей билігіне үндеу жасаған грузин премьерінің ісін сорақылыққа балаған. «Цхинвалиде өлтірілген азаматымыз Арчил Татунашвилидің сүйегін ата-анасына бермей отырған кезде бізге дұшпан Ресеймен «мәймөңкелесіп» отырғандықтан премьер-министр кетуі керек», – деп мәлімдеген Деканоидзе сол кезде. Грузия билігіндегі бітіспес дау Саакашвилидің елге оралуына кедергі келтіре ме, жоқ па, белгісіз. Осыдан біраз уақыт бұрын елдің премьер-министрі, миллиардер Бидзина Иванишвили үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған Саакашвили Грузияға оралса, оған «түрмеде ыңғайлы орын дайындалғанын» мәлімдеген еді.