3 млн теңгеге әжетхана салған Жетісай әкіміне сот үкімі шықты
3 млн теңгеге әжетхана салған Жетісай әкіміне сот үкімі шықты
Парамен ұсталған Жетісай қаласының экс-әкіміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мақтаарал аудандық сотының судьясы Сейілхан Мұсабековтың айтуынша, бұрынғы әкім Байдуалы Базарбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен («Пара алу») айыпты деп танылды. Ол жаза ретінде 12 млн теңге айыппұл төлеу міндеттелді. «Айыппұлды бір ай мерзімде төлеуі тиіс шенеунік бүгінгі күнге дейін 4 млн теңгесін төлеп қойды. Қалған соманы 15 сәуірге дейін төлеуге міндеттелді», - деді Сейілхан Мұсабеков.
Еске салайық, өткен жылдың қаңтар айында Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласында 3,1 млн теңгеге заманауи үлгідегі қоғамдық әжетхана салып, оны салтанатты түрде ашқан Жетісай әкімі Байдуалы Базарбаев оңтүстікқазақстандықтар арасында «танымалдылыққа» ие болған еді. Ал 2018 жылдың 20 ақпаны күні ол 200 мың теңге пара алу кезінде ұсталды.
Анықталғандай, әкімдік қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы жекеменшік балабақшалардың бірін тексеріп барғанда бала саны құжатта көрсетілгендей 125 емес - 75 болған. Ал оған әкімдік тарапынан «Балапан» бағдарламасы арқылы 125 балаға ақша төленіп келген. Осы кемшілікке орай әкімшілік қызметкерлері акті толтырып кеткен. Артынша балабақша иесі Жетісай қаласының әкімі Байдуалы Базарбаевқа осы істі жылы жауып қоюды сұранған. Бұған әкім бастапқыда 500 мың теңге сұраған. Екі тарап «саудаласып», ақырында 200 мың теңгеге келіскен. Ол кепіл ретінде құны 13 млн теңге тұратын үйін қойып, үйқамаққа алынған болатын. Экс-әкім тергеу барысында пара алғанын мойындады. Сондықтан қылмыстық іс тез арада қаралып, үкім шығарылды.