Жаңалықтар

Ақтөбеде 7 мұғалім жалған дипломмен шәкірт тәрбиелеп келген

ашық дереккөзі

Ақтөбеде 7 мұғалім жалған дипломмен шәкірт тәрбиелеп келген

Ақтөбе облысында жалған дипломмен білім беріп жүрген мұғалімдер қолға түсті. Облыстық прокуратураның мәліметтері бойынша, қолға түскендер мұғалімдер саны – 7. Бұл туралы "Tengrinews.kz" сайты хабарлады.

Мұндай заң бұзушылықтар Ақтөбе облысының Ырғыз және Қобда ауданында орын алған. Ырғыз ауданының ауылдық мектептерінде қызмет етіп жүрген 3 мұғалімнің қолында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ал Қобда ауданында 4 мұғалімде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университтің дипломы бар. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, дипломға заңсыз жолмен қол жеткізген ұстаздар география, математика, орыс тілі және еңбек пәндерінен сабақ беріп жүрген. Қазір заңсыз әрекетке барған мұғалімдер заң алдында жауап береді. «Бұл фактілер бойынша прокуратура тарапынан қылмыстық істер қозғалған болатын, бүгінгі таңда барлық кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Анықталған Қобда ауданындағы 4 факті бойынша бүгінгі таңда мемлекетке 2,5 млн теңге көлемінде шығын келтірілген, бұл шығынды өтегені үшін кінәлі тұлағаларға қылмыстық іс қысқартылған болатын», – дейді  облыстық прокуратура басқармасының басшысы Маратбек Мырзамұратов. Мұндай жағдай Ақтөбе облысында былтыр да орын алған екен, ол кезде Хромтау ауданында 4 мұғалім жауапқа тартылыпты.