Ардагер журналиске көрсетілген құрмет
Ардагер журналиске көрсетілген құрмет
Әлі есімде. Біз 1966 жылы жазда жетінші сыныпты бітірдік. Жүзімдік бөлімшесінде қыстық мал азығын дайындау науқаны қызып жатқан. Қол күші жетіспейді. Бөлімше меңгерушісі Әбілдабек Шардарбеков бізге қос ат жеккен мажар арба беріп, шабындықтан жақын маңдағы мал қораларына шөп тасытты. Жетекшіміз Шернияз ақсақал. Қосымыз – ауылдан төрт-бес шақырым жердегі Әжімахан талының жанындағы қызыл там. Он бала ала жаздай еңбек етіп, үлкен екі мая шөп жинадық. Сол кезде Серікбай Тұржан республикалық «Қазақстан пионері» газетінің жас тілшісі еді. Оның тамыз айында газетте «Қолғанаттар» деп аталған шағын мақаласы жарық көрді. Мақала біз туралы жазылған. Сол мақаланы «Дружные ребята» газеті орыс тіліне аударып жариялапты. Газет Кеңестер Одағының барлық республикаларындағы пионерлер газеттеріне тарайды екен. Еңбекақымызға оқулықтар мен мектеп үлгісіндегі киімдер сатып алдық. Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталды. Бір күні үлкен үзілісте мектеп директоры Ертуған Қалтаев барлық оқушыларды сапқа тұрғызып, жанында тұрған Әбілдабек Шардарбековке сөз берді. Ол жазда бөлімше еңбеккерлеріне көмек берген бізге өз атынан алғыс жариялап, қолындағы пәпкісінен белінен буылған 150 хат алып, директорға ұсынды. Хаттар біз оқитын сегізжылдық мектептің пионерлер ұйымына Ресей, Белоруссия, Украина, Эстония, Латвия, Литва, Кавказ республикаларындағы пионерлер ұйымдарынан бағытталған. Олар біздің бастамамызды қызу қолдап, келер жылдың жазында өздерінің колхоз, совхоздарына көмек беретіндерін жазыпты. Солай біздің бастама бүкіл Одақ көлемінде қолдау тапқан. Егер Серікбай Тұржанның «Қолғанаттар» мақаласы болмағанда, Одақ көлеміндегі пионерлер ұйымдарына осындай қозғалыс тудырмас еді.
Серікбай Тұржан кейін аудандық «Алғабас» газетіне корректорлық жұмысқа қабылданып, санаулы жылдардан соң сатылап өсіп, редакторлық қызметке дейін көтерілді. Уақыттың, қоғамның өзгерістеріне қарай газеттің мазмұнын да оқырмандар талабына сай жаңартып қана қоймай өзінің әдеби туындыларымен де өзгелерге үлгі бола білді. Аудандағы журналистика мамандығын қалаған қаншама талапкерлерді тәрбиелеп шығарды. Әсіресе академик Сәбит Мұқанов өлеңдерін жоғары бағалаған ақын Орынбай Тайманов туралы тыңнан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, белгісіз шығармаларын халқымен қайта қауыштырды. Сазгер Шәмші Қалдаяқовпен аудан шаруашылықтарын аралаған бір апта күндерінен жазған естеліктері де оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленді. Аудандық газетті он бес жылдан астам уақыт басқарып, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын алды. Қаламгердің соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Үйлеспеген сөз бен іс», «Артық шығын ауылда да бар», «Аталы сөз – ақсақалдан», «Ысырапшыл дәстүрден арылайық» және басқа да күрделі мәселелер көтерген мақалалары көпшіліктің көкейінен шықты. Жуырда Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танағозов пен Мұқаддас Нақыпбеков бастаған аудандық мәслихат Серікбай Тұржанның жетпіс жылдық мерейтойын Жастар сарайында атап өтіп, ардагер журналистің ауданға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, зор құрмет көрсетті. Республика аудандарындағы басшылар жергілікті журналистерді ылғи осылай құрметтеп жатса, қанеки.