Жаңалықтар

Алаш сарбазы – ардақты ат

ашық дереккөзі

Алаш сарбазы – ардақты ат

Сарбаздар сапында тұру – әрбір ер жігіттің арманы. Дұрысы, бұрын солай болатын. Қазір тепсе темір үзетін жастағы бозбалалар арасында әскерге барудан ат-тонын ала қашатындар да табылады. Ал Отан алдындағы әскери  борышын өтеуге ниеттілердің денсаулығында кінәрат көп. Елдің ертеңі, қазақ жұртының қорғаны болуы тиіс жастардың көпшілігі әскерге жарамсыз болып жатса, айбынды армиямыздың келешегі қандай болмақ? Жыл сайын елімізде әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылатыны белгілі. Күз және көктем мезгілдерінде әскери комиссия өкілдері Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті жігіттерге бір парақ қағаз таратып, үй-үйді аралайды. Апта басында Қарулы Күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің өкілдері арнайы жиын өткізіп, әскердегі жағдайды түсіндірді. Жиында белгілі болғандай, биыл еліміздің әскер қатары 35 мың сарбазға толығады екен. Оның 17 мыңнан астамы осы көктемде әскерге баруы тиіс. Бірақ сарбаз атанатындардың нақты саны медициналық тексеруден кейін ғана белгілі болады. Себебі әскерге шақырылғандардың көпшілігі денсаулық жағдайына байланысты сарбаз атану мәртебесінен айырылады. Жыл өткен сайын әскер қатарына шақырылғандар арасында ауру-сырқаулар артып келеді. Мамандардың айтуынша, жас жігіттердің денсаулығын тексергенде, шақырылғандардың төрттен бірі әскерге жарамайтын болып шығады. Оның ішінде ең көп кездесетін сырқат түрі – хирургиялық аурулар. Одан кейінгі орынды терапиялық аурулар алады. Тіпті, сарбаз атануға ниетті азаматтардың кейбірінің жүйкесі сыр беріп, миы шайқалған. Ең қиыны, сол азаматтар осы сырқаттарын әскери бөлімшеде медициналық тексеруден өткенде ғана біледі екен. Мысалы, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында ақтаулық жастардың көбі әскерге жарамсыз болып шықты. Мұнда армия қатарына шақырылған 3000 жігіттің тек 397-сі ғана әскерге жарамды деп танылған. Олардың басым көпшілігі медициналық тексерістен сүрінген.  Бүгінгі балалар компьютердің алдынан шықпайды. Теледидар алдында да шамадан тыс отырады. Көз ауруларының көбеюіне осы себеп. Виртуалды әлемге құмар балалар смартфон мен компьютерге телміріп өседі. Олардан сұрмерген тәрбиелеу қиын екені сөзсіз. Смартфондарды қандай қалыпта болмасын, қолдануға ыңғайлы жасалуы жас өркендердің омыртқасының қисық бітуіне де әсер етеді. Одан туындайтын түрлі дертті айтпағанда, сапта сымдай тартылып тұруы тиіс жауынгер сымбатына бүкірейген жауырын мін болары анық. Соңғы жылдары денсаулық сақтау мекемелерінде жаңа технологияға негізделген құрал-жабдықтардың кең қолданысқа енуіне орай компьютерлік диагностикадан өткен жастардың ағзаларында ми, омыртқа, жүрек-қан тамырлары дерттерінің белгілері бар екендігі жиі анықталуда. Сондай-ақ, газдалған сусындарды шамадан тыс ішіп, гамбургер, чизбургер, донер-кебаб секілді дайын өнімдерді талғамай жеу де асқазан-ішек жолдарының ауруын асқынтып жіберген. Мамандар қазіргі жастардың дені дене шынықтырумен тұрақты айналыспайтынын айтады. Уақытында дәрігерге қаралмайды. Сайып келгенде, көп азаматтардың денсаулығынан кінәраттар табылады. Оның үстіне, бүгінде көптеген ата-аналар да бұрынғыдай балаларын әскерге жіберуге асық емес. Мұның да себебі бар. Күн сайын орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, жан түршігерлік оқиғаларды естіген ата-ана үміт еткен баласын әскерге жіберуге қайдан ниетті болсын?! Теледидар мен ғаламтордан естіп-білген жайттар жүрегін шайлықтырған қай ата-ана баласын әскерге жібере қояр дейсіз?! Жасыратыны жоқ, әскери борышын өтеп жүріп, түрлі әлімжеттік істердің құрбанына айналып, бірқатар сарбаздың туған жеріне мүрдесі қайтты. Дені сау жігіттердің кейбірі әскери қызметтен жалтарып, ал денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылған жігіттердің көбі керісінше армияға баруға ұмтылып жатады. Өйткені мерзімді әскери міндетін өтеп келгендерді жалдамалы әскерге немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдайды. Бүгінгі күні Қарулы Күштер құрылымындағы жауынгерлер мен сержанттардың 70 пайызы келісімшарт бойынша, ал қалған 30 пайызы мерзімді әскери қызмет бойынша міндетін атқарып келеді. Ал әскерде борышын өтеп жүрген әрбір сарбазды қамтамасыз етуге жылына 1 млн 600 мың теңге жұмсалады екен. Ал биылғы жылға шамамен 60 миллиард теңге арналған. Қорғаныс істері саласы мамандарының мәліметінше, соңғы 15 жылда елде әскерден жалтарғаны үшін сотталған азаматтар болмаған. Десек те, ел қорғаудан қашатын жастар жазасыз қалмақ емес. Әскери комиссия тексеруінен өткеннен кейін борышын өтеуден қашқан азаматтар 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Жалған құжаттар жасатып, өтірік ауырған жандар да жауапкершілікке тартылады немесе 1000, 3000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салыну мүмкін. Қазақ жігітінің мойнында бір міндет бар. Ол – Отан үшін қызмет ету, Отан үшін от кешу. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді қазақ халқы.  Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір жігіттің биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан да әр жігіт Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жігіттерді әскерден қашуға емес, соған ұмтылуға тәрбиелеуі тиіс.