Қысылған қауымға көмекке келді
Қысылған қауымға көмекке келді
Биылғы көктем Шығыстағы қауымды ерекше сынға алды. Облыста қызыл су жайылған елді мекендердің қатары күрт көбейді. Баспанасы су астында қалып, қиын жағдайға тап болған ағайынға көмек қолын созу – азаматтық парыз. Қайырымдылықты адамгершілік негізі деп білетін нұротандықтар алғашқылардың бірі болып қызыл судан зардап шеккендерге қол ұшын беріп, гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті.
«Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы гуманитарлық көмек жинайтын бес орын ашты. Мұндай орындар Өскемен, Семей, Аягөз қалаларындағы партия филиалдарының ғимараттары мен «Жас Отан» жастар қанаты өкілдіктерінде бар. Өңір тұрғындары жылы киімдер, резеңке етік, бұзылмайтын азық-түліктерді осы орындарға әкелуде. Атырау, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарындағы партия филиалдары да партиялықтардың бастамасына үн қосып, зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету жұмысына кірісіп кетті.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлеріндегі халық қайғысына немқұрайлы қарай алмайтын нұротандықтар Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестерімен байланысып, қандай көмек керек екенін анықтауда. Сонымен қатар арнайы есепшот та ашылды, қазіргі кезде партия мүшелері зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мақсатында меценаттармен, кәсіпкерлермен, бизнес өкілдерімен және басқа да қайырымды азаматтармен байланыс орнатып, қиналған қауымды тығырықтан тезірек шығару тетіктерін қарастыруда.